Қазақстанда қандай машиналар құрастырылады?

Oinet.kz 25-12-2009 1473

abd9c40de2ee9be20e4e31cd6114b0b7-big.jpg

Қазіргі таңда елімізде автокөліктің бірнеше түрі шығарылады. Отандық өнеркәсіп ресейлік ВАЗ-2123 «Нива»-мен қатар шетелдік «Шкода» және «Шевроле» секілді маркалардың автокөліктерімен де мақтана алады.  Бұған дейін республикадағы автокөлік шығарушы орталық ретінде Өскемен қаласы саналып келсе, енді бұл атаққа  Қостанай қаласы да таласпақ. Жуырда ғана мұнда «СангЙонг» атты кореялық жол талғамайтын көліктерді шығару қолға алынды. Әрине, көлік шығарудан еліміз Ресей және Украинамен тайталаса алмаймыз. Бұл елдердегі автокөлік өндірісі Кеңес одағы тарағаннан кейінгі кезеңде жоғары деңгейде дамығаны белгілі.

Қазақстан  автокөлік шығаруды 2002 жылы бастаған. Алайда, қазақ автокөлігінің тарихы бұдан да ерте басталады. Анығын айтсақ, отандық темір тұлпарды сонау 1992 жылы шығаруға мүмкіндігіміз бар еді. Бір емес, бірнеше жоба қолға алынғанымен, ешқайсысы да жүзеге асқан жоқ. Енді осының себептеріне тоқталып,  өткенге саяхат жасап көрсек.

1992 жыл

Кеңес одағы заманында елімізде көлік шығару жайлы сөз де қозғалмаған. Отандық экономикаға тек шикізат өндірушінің ролі ғана берілген. Автокөлік шығару жайлы алғашқы бастама 1992 жылы көтерілді.   Үкімет нарықты игеру жайлы конкурс жариялап, оған «Volvo», «Audi» және  «Fiat» секілді әлемге танымал компаниялар қатысты. Алғашқы екеуі тек жеңіл автокөліктерін шығаруды ұсынса, итальяндық «Fiat» оған қоса тағы шағын жүк көліктері мен микроавтобустар жасау жобасын ала келді. Әлбетте, Қазақстанға көліктің барлық түрі қажет болды, сондықтан таңдау Италиядан келген фирмаға тоқталды. Оның үстіне, «Фиаттың» жеңіл  көліктері  жаман емес. Шағын, қалада жүруге қолайлы, әрі жанармайды да мейлінше үнемдейді. Қысқасы, бұл  компания еліміздегі нағыз монополистке айналуға барлық мүмкіндіктерді алды. Алғашқы жоспар бойынша, жылына 300-400 мың дана автокөлік шығару көзделді. Олардың дені, дәлірегі   250 мыңы жеңіл автокөлік болуы тиіс еді. Көп ұзамай өндіріс орындары да табылды. Жеңіл авто Павлодар трактор жасау зауытында, ал жүк көліктерін Петропавлдағы ауыр машина жасау зауытында шығару туралы шешім қабылданды. Назар аударыңыз, шетелдік көліктердің қозғалтқыштарын да Қазақстанда шығару жоспарланды. Онымен Петропавлдағы шағын литраждық қозғалтқыштар зауыты шұғылданатын болып келісілді. Ол кезде ТМД кеңістігінде шетелдік көліктердің қозғалтқыштары мүлдем жасалынбайтын.  Мәскеуден шақырылған эксперттік комиссия жоғарыда аталған зауыттардың мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі тексеріп, бармақтарын көрсетті. Бұл жоба тек ойдағыдай жүзеге асса деңіз!

 1992 жылдың маусым айында Мәскеуде қазақ Үкіметі мен «Фиат» компаниясы өкілдерінің арасында келіссөздер басталды. Павлодар трактор зауытының негізінде шағын литраждық көлік  шығару жоспарланды. Тіпті алғашқы қазақ көлігінің моделі де таңдап алынды. Ол – «Фиат Панда» дейтін Еуропаға кеңінен таралған «темір тұлпар» болатын. Сондай-ақ, 1,2-3,5 тонна аралығында жүк көтеруге қабілетті көліктерді де шығару мүмкіндігі қарастырылды. Екі жақтың пікірінше, Қазақстан жылына мұндай жүк көліктердің 25-30 мың данасын шығара алады екен.

Қысқасы, тірлік әуелгі жоспарға сәйкес атқарылғанда, еліміз сонау 1996 жылы-ақ автокөлік шығарушы мемлекетке айналар еді. Басқа қосалқы бөлшектерді айтпағанда, қозғалтқышты да отанымызда жасаудың мүмкіндігі зор болатын. Ол үшін қажетті шикізат та, жоғары білікті мамандар да жеткілікті. Оның үстіне,  кейбір зауыттар аккумулятор, электр кабельдері мен басқа да көптеген қосалқы бөлшектерді шығара алатын. Яғни, 90-шы жылдардың басында Қазақстан автокөлік шығаруға қажетті барлық материалдық-техникалық базаға ие еді.

Үкімет жалғыз «Фиатпен» шектелмей, сол 1992 жылы жапондық «Хонда» компаниясымен бірлескен кәсіпорын құруды да көздеді. Мамандардың пікірінше, Өскемен машина жасау зауытында жылына «Хонда-Цивик» атты жоғары сұранысқа ие көліктің жыл сайын 50 мың данасын шығаруға мүмкіндік болған. Бұл бағытта да келіссөздер жүргізілді.

1995 жыл

Отандық автокөлік индустриясының тарихындағы екінші кезең 1995 жылы басталды. Осы кезеңде елімізге әлемнің көшбасшы компаниялары көптеп бас сұға бастады. Сондағысы – тиімді жобаларды жүзеге асыру. Дәл осы жылы тұңғыш өндірістік жүйе іске қосылды.

1995 жылы «Ақтөбесельмаш» зауытында «Chrysler» маркалы 30 пикап көліктері шығарылды. Қосалқы бөлшектер Түркиядан әкелінді. Отандық  «темір тұлпардың» сол кездегі бағасы 28 мың АҚШ долларын құрады. Алайда, онсыз да дағдарыс орын алған заманда  мұндай қымбат бағаға көлік алатындар табыла қоймады. Бірнеше айдан соң кәсіпорын жұмысын тоқтатты.

Үкіметтің назары тағы да Павлодар трактор зауытына ауды. Алайда бұл жолы бұрын жоспарланған «Фиат» емес, «Chrysler Pickup» шағын жүк көліктерін  шығару көзделді. Сол жылғы ресми мәлімдемеден үзінді келтіре кетейік: «Қорытынды шешім қабылданған соңғы екі айда зауыт алғашқы жүк көліктері мен шағын автобустарды шығаруға әзір. Бұл көліктердің бағасы 14 400 АҚШ доллары шамасында болады, бұл Америкадағы бағадан  екі есе арзан». Алайда, бұған  қарамастан жоба сол күйі жүзеге асқан жоқ. 

1995 жылы елімізде «Алғаавтомотор» консорциумы құрылды. Жаңа компания министрлер кабинетіне сол баяғы Павлодар трактор зауытының негізінде General Motors компаниясының көліктерін шығарудың техникалық-экономикалық негіздемесін ұсынды. Жоспарға сәйкес, көліктер сол жылы-ақ жасалуы тиіс болатын. 

Консорциум басшылары төрт түрлі модельді шығарғысы келетінін  жасырмады. Олардың арасында – «Chevrolet S-10 Blazer», «Chevrolet S-10 Pickup», «Chevrolet Astro», «Chevrolet Sportvan». Жоба бойынша зауыт жылына  50 000 дана темір тұлпар жасауы тиіс еді. Әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі саналатын General Motors компаниясы барлық қажетті қосалқы бөлшектерді жеткізіп отыруды мойнына алды. Уақыт өте  бұл бөлшектерды Қазақстанда шығаруды көзделді.

Бұл жұмыстармен қатар «Алғаавтомотор» ел көлемінде сервистік орталықтарды ашуға да ниеттенді. Әуелі 5-6 орталық құрылып, кейіннен олардың санын тіпті 200-ге дейін жеткізу көзделген. Консорциумның бизнес жоспарына сүйсінген ел Үкіметі бұл компанияны 7 жылға дейін салық төлеуден босатуға да уәде берді. Жобаның жалпы құны 309 миллион АҚШ долларды құрады. «Шевроле» пикапының бағасы 14 400  доллар деп бекітілді.

Дегенмен, жоғарыда аталған жобалардың бірі де сол күйі  жүзеге аспады. Бәлкім, тәжірибе жетіспеушіліген бе, әлде серіктестердің өз мінддеттерін тиянақты орындамауынан ба? Қалай болғанда да, Қазақстан ТМД кеңістігінде автокөлік шығаратын жекетші мемлекетке айналу мүмкіндігін мүлт жіберіп алды. Тоқыраудан бірте-бірте шыға бастаған Ресей экономикасы шетелдік алпауыт компанияларын шақыра бастады.

Американдықтар және  еуропалықтармен бірлесіп жұмыс жасау жоспарлары жүзеге аспаған соң отандық автокөлік саласы назарын Ресейге аударды.  Тағы бір қағазда бар, өмірде жоқ жобаны тілге тиек етсек. Ресейдің "АМО-ЗиЛ" фирмасымен "Целинсельмаш" зауытында бірлесе отырып  самосвал шығару жөнінде келіссөздер жүргізіле бастады. Ақмолаға көрші мемлекеттен тек шасси ғана жеткізілетін болып келісілді. Қалған қосалқы бөлшектердің барлығын отандық өнеркәсіп саласы беруге тиіс еді. Солай болды да. Зауытқа бірнеше айға жететін қосалқы бөлшектер жеткізілді, алайда жоба күтпеген жерден кедергіге тап болды. «Целинсельмаш" зауыты  "АМО-ЗиЛ" компаниясының алдындағы қарызы күрт өсіп кетті. 10 миллиард рубльге бағаланған жобаның тағдыры нәтижесіз аяқталды.  

   Тағы бір отандық кәсіпорын – «Қостанайдизельдің» болашағы Ресей үкіметінің шешіміне тәуелді тұғын.  Бизнес жоспарға сәйкес, қазақстандық кәсіпорын Ресейді «УралАЗ» зауытына қозғалтқыш жасап беретін болды. Жобаны  40 пайызын Қазақстан, қалған 60 пайызын ресейліктер қаржыландырылады деп келісілді. Алайда, Қазақстан өзіне тиесілі міндеттердің барлығын орындағанымен,  «УралАЗ» зауытына арналған «Дойц» дизель қозғалтқыштары сол күйі конвейерден шыққан жоқ. 

1995 жылы қолға алынған тағы бір жоба жайлы бірер сөз. Павлодар трактор зауытында енді Шкода-Фаорит көліктерін шығару көзделді. Алайда, тәп-тәуір басталған келіссөзде тығырыққа тіреліп, ақыры жоба басталмай жатып-ақ тынды. Кім білер, сол кездегі үкіметтің мүшелері табандылық танытқанда біз Қазақстанда жасалған «Фиат», «Шкода» жеңіл автокөліктері мен «Шевроле» джипімен жүйткіп жүретін бе едік. Әттең...

1996 жыл

Бірнеше сәтсіз жобалардан соң отандық автоөндіріс «үзіліс» алды. Тек 1996 жылдың жаз айында «Достық-интеравто» компаниясы ел-жұртты дүрліктірді. Ақпарат құралдарында «қазақстандық кәсіпорын «LG International» компаниясымен автокөлік жасап шығаратын зауыт құру жайлы келісім-шартқа отырды» деген сыңайдағы хабар таратып, сүйінші сұрады. Дайындық шараларына жарты жылдай уақыт кеткен соң ақыры 1997 жылы тұңғыш отандық көлік -  «Киа Спортейдж» атты темір тұлпардың тұсау кесері болып өтті. Ырым етіп, жаңа көлікке «Тұлпар» деп  ат берді. Жобаның ұйымдастырушылары жылына 40 мың джип көлігін шығаруға бел буды.  Болашақта автокөлікті «Ақтөберентген» немесе Павлодар трактор зауытында жинау көзделді. Бірақ, оған дейін «Тұлпарларды»  уақытша Алматыдағы шағын кәсіпорындардың бірінде шығаруға тура келді. Ол кездегі  меже – жылына 5-6 мыңдай көліктен аспайтын. Жоба жетекшілерінің айтуынша, кейінгі жылдары конвейерден жалғыз «Киа Спортейдж» емес, сұранысқа ие басқа да көліктерді шығару, атап айтқанда «Clarus», «Sephia», «Avella» секілді әлемде өзіндік орны бар модельдерді игеру көзделді. Өкінішке қарай, енбәрі жарты жыл ішінде бұл жобалар көкке ұшты. Себеп: компания несие берушілердің алдында қарызға белшесінен батты. Осыдан соң «Тұлпар» «тұсауланды», жоба тоқтады.

1997 жыл

Келесі «таңдай қақтыратын» жобаны жұртшылық бір жыл тағатсыздана күтті. Бұл жолы «Семей қаласына «Hyundai» компаниясының өкілдері келіп, мұнда автокөлік өндірісін дамыту мүмкіндіктерін қарастырды. Кореялық бизнесмендер  Семейде  жақсы материалдық база бар екеніне көз жеткізіп, осында  көлік  шығаруға болатынын айтты» деген сыңайдағы ақпараттар еліміздің түкпір-түкпіріне лезде тарап кетті. Жұрт бұған сенді. Оның үстіне, Қытай мен Ресейдің шектесетін жерде көлік шығару қай жағынан алғанда тиімді көрінді. Бірақ, неге екені белгісіз, кейін «Хюндай» компаниясының жобалары Семейден Ақтөбеге қарай «қоныс аударды». 1997-жылдың соңында «Тұлпар» өндірістік консорциумы мен шетелдік инвестор - «Хюндай» компаниясы келісім-шарт түзіп, оған сәйкес Ақтөбеде «Хюндай-Акцент» көлігін шығару жайында тоқтамға келді. Алдыңғы жылдардың оқиғалары «маңдайға тигендіктен» бе, әйтеуір, бұл жолы жаңа бизнес-жобаның аясында жылына қанша автокөлік  шығарылатыны жайлы ешкім тіс жармады. Журналистерге айтылған жалғыз ақпарат – 1997 жылдың соңына дейін кемі 200 «Хюндай-Акцент» жасалатын болды.  Бірақ, алғашында бұл бастамаға күмәнмен қараған жұрттың күдігі бір ай өтпей жатып-ақ расталды: бұл жоба да мұның алдындағылар секілді сәтсіз аяқталды. Ақтөбелік «Хюндайларды» сол күйі көре алмадық. 

Әрине, отандық автокөлік индустриясының осындай  «даму қарқынына» қарай отырып, көпшіліктің көкейінде «неге өзге мемлекеттердегі жобалар ойдағыдай жүзеге асады да, өзімізге келгенде іс насырға шабады? Отандық автокөлік болады ма, жоқ па?» деген сұрақтардың  пайда бола бастағаны заңды. Оның жауабын тағы бес жыл күттік.

2002 жыл

2002 жылдың 6 қыркүйек күні қазақстандық басылымдар мен телеарналар «жыл соңында, дәлірегі, 15 желтоқсанда ВАЗ-21213 «Нива» автокөлігін шығаратын  зауыт іске қосылады» деген хабар таратты.  «Шынымен бе? әй, қайдам», - десіп жатты осыны естіген жұрт. Дегенмен, екі айдан соң қазақстандықтар Өскеменде шығарылған «темір тұлпарды» тамашалап, бірін-бірі құттықтап жатты. Дегенмен, құттықтайтындай жөн жоқ та секілді, себебі, «Нива» автокөлігі моральдық тұрғыда ескірген, әлемдік стандарттарға жауап бермейтін модель.

Қазақстандық «Ниваның» тарихы 2000 жылдан бастау алады. Ресей автоөндірісінің алпауыты «ВАЗ» акционерлік қоғамы мен «Бипэк-Авто» бірлескен кәсіпорын ашу жайлы келісімге келеді. Алайда, жобаны жүзеге асыру үшін Үкіметтің арнайы қаулысы қажет болды. Бұдан соң «Бипэк-авто» елімізде жыл сайын  20 мыңға жуық  «ВАЗ» автокөліктерін сатудың эксклюзивті құқығына ие болды. Инвестициялардың көлемі шамамен 42 миллион долларды құрады. Одан соң Өскеменге чеихиялық инвесторлар келді. Біраз уақыттан бері мұнда «Шкода»  мен «Шевроле»  автокөліктері түр-түрімен шығарылуда.  Алдағы уақытта зауыттың өнімдерін Сібір, Алтай және Қиыр Шығыс пен Орталық Азия нарықтарында сатылмақ. Таяу болашақта зауыт жылына 120 мыңға дейін автомобиль шығаратын болады. Ал оған салынатын инвестиция көлемі 150 миллион АҚШ долларын құрайды

Қазақстан автоөндірісінің алдағы уақытта да дамуға мүмкіндігі  бар. Кореялық «ССангЙонг» компаниясының келуі осының айғағы. Одан бөлек елімізде ауыр жүк көлігі мен автобустарды шығару бағытында да жұмыстар жүргізілуде.  Көкшетаудағы «Камаз инжиниринг» акционерлік қоғамының «КамАЗ 55-111», «КамАЗ 55-115» көліктері мен автобустар шығару ісін жақсы меңгеріп алғандықтан болашағынан зор үміт күттіретін жобалардың біріне айналғанын да мойындау қажет. Сонымен бірге қазір Семейде Кореяның автобустары құрастырылуда. Ал келер жылдарда Қазақстанда ресейліктердің «Паз» маркілі автобустары мен беларустықтардың «МТЗ» тракторларын да шығару жоспары бар.

Шымкентте иесіз жолды кім жөндейді?
Тәуелсіздік алған соң Қазақстан қандай қиындықты бастан кешті?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу