Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Қазақстан егемендік еншісіне тигеннен кейін әрбір салада реформа жүргізуге мәжбүр болды. Экономика, білім, әскер, ауыл шаруашылығы... тағысын тағылар. Қазір айтуға оңай, ал сол кезде мемлекет басшылығы шұғыл шешімдер қабылдауға мәжбүр болды. Соңғы 18 жылда елімізде жүргізілген реформалардың барлығын тізіп шығу мүмкін емес. Сондықтан, ел тарихындағы ең айтулы реформаларға тоқталғанды жөн санадық.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ең маңызды міндеттердің бірі – жүйелік экономикалық реформалар жасау еді. Жетпіс жыл бойы жоспарлы экономикамен өмір сүріп келген елді бірден нарықтық жүйеге көшіру, әрине, мүмкін емес. Сондықтан күрделі реформаларды жүргізу бірнеше кезеңге созылды.
Өзгеріс
Алғашқы кезең 1991-1993 жылдардың аралығын қамтиды. Бұл кезде ұлттық валюта жоқ бола тұра мемлекеттегі экономикалық қарым-қатынастарды өзгертуге тура келді. Экономиканың жағдайы толықтай дерлік Үкіметтің қабылдаған шешімдеріне тәуелді болды. Өз кезегінде министрлер кабинеті макроэкономикалық құбылыстарға әсер етуге қауқарсыз еді. Елде бұрын-соңды болмаған инфляция тіркелді. Азық-түлік бағаларының қымбаттау индексі 1992 жылдың қорытындысы бойынша 3060 пайызды, 1993 жылы 2265 пайызды құрады.
Қалыптасу
Экономикалық реформалардың екінші кезеңі 1993 жылдың қараша айында, ұлттық валютаның енгізілуімен бірге басталды. Дәл осы кезде мемлекеттің өзіндік макроэкономикалық саясатының бет-бедері қалыптаса бастады. Яғни, бірінші кезекте салық, бюджет және банк жүйесі, сонымен қатар сыртқы экономикалық байланыстар секілді маңызды салаларды реттейтін нормативтік-құқықтық база қалыптасты. Үкіметтің жүргізген антиинфляциялық шараларының арқасында мемлекет тұңғыш рет қаржылық жағдайды тұрақтандыру бағытында оң нәтижелерге қол жеткізді. Тұтынушылық бағалардың индексі 1994 жылы 1258 пайызды құраса, 1995 жылы 160,3 пайыз, 1996 жылы 128.7 пайызға дейін түсті. Төл валютамыз – теңге де тұрақталуға бет бұрды. Алғаш рет бюджеттің дефициті азайды. Тағы бір жетістік – елдегі кейбір кәсіпорындар экспортқа тауар шығаруды қолға алды.
Тұрақтылық
Экономикалық өзгерістердің үшінші кезеңі 1997-2000 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер тұрақталды, ішкі жалпы өнімнің көлемі өсе бастады. Жыл сайын шетелдік инвестициялардың көлемі артып отырды. Осы кезеңде дүние жүзі елдері Қазақстанды нарықтық экономикасы бар мемлекет ретінде таныды.
Шетелдік инвестицияны тарту – кез-келген ел үшін экономиканы дамытудың ең тиімді де маңызды қадамдарының бірі. Сырттан инвесторларды шақыру әсіресе біздің ел үшін өте маңызды мәселе болды. Тәуелсіздікті енді алған мемлекетке шетелдік компаниялардың күдіктене қарағаны анық. Сондықтан осы бағытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен заңнамалық тұрғыда айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Шетелдік компаниялардың біздің елге келіп жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар жасау Үкіметтің алдына қойылған негізгі міндеттердің біріне айналды. 1994 жылы «Сыртқы инвестициялар туралы» Заң қабылданып, онда сыртқы инвесторлардың құқықтары анықталды. Арада үш жыл өткенде «Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» және бір Заң қабылданып, онда Қазақстанға капитал құйған шетелдік компанияларға берілетін жеңілдіктер мен артықшылықтар бекітілді. Осы саладағы жұмыстарды реттеу үшін арнайы мекеме де құрылды. Шетелдік инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында сыртқы істер министрлігінің құрамында инвестициялар жөніндегі комитет ашылды.
Осы бағытта атқарылған жұмыстар алғашқы жемістерін бере бастады. 1997 жылы Алматыда тұңғыш рет инвесторлардың саммиті өтті. Оған әлемнің көптеген елдерінен 160-қа жуық компания өкілдері қатысты. Содан бергі кезеңде Қазақстанға келетін сыртқы инвестицияның көлемі тек артып отырды. Еліміз әлемде инвесторлар үшін ең тиімді әрі қолайлы мемлекеттердің біріне айналғаны күмәнсіз.
Дербес меншік-дербес саясат
Қоғамдық сананың өзгеруіне түрткі болған ең ауқымды реформалардың бірі – жекешелендіру науқаны екені сөзсіз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының «жабайы кезең» деп аталуы көбінесе нақ осы жекешелендіруге қатыстырылып айтылады. Себебі, бұл нағыз дағдарыс пен қарама-қайшылыққа толы уақыт болды. «Қызыл империяның» бодандығынан босап, азаттықтың алғашқы жылдарында ұлттық сананың өрлеуімен қатар қоғамдық өмірдің барлық саласын меңдеген дағдарыс та көрініс берді. Гиперинфляция, бағаның шарықтауы, көптеген кәсіпорындардың талан-таражға түсуі, дефицит – сол кезең көбінесе осы тектес сөздермен сипатталатыны рас.
1992 жылы бар-жоғы бірнеше ай ішінде азық-түлік тауарлары 4 есе қымбаттап шыға келді. Кәсіпорындар мен қарапайым азаматтардың жинақтары құнсыздануы да күтпеген жағдай еді. Жағдайды уақытша болса да тұрақтандыру үшін карточкалық жүйеге көшуге мәжбүр болды. КСРО-ның ыдырауынан ең әуелі Қазақстан мен Орта Азия елдерінің экономикасы зардап шекті. Себебі, Ресей, Украина мен Балтық жағалауы елдеріндегідей емес, бізде дайын өнім шығаратын кәсіпорындардың саны өте аз еді. Отандық экономиканың сыртқа деген тәуелділігі өте үлкен болатын. Жан басына шаққандағы табыс жөнінен бұл елдер Орта Азия мемлекеттерінен көш ілгері болатын.
КСРО экономикасындағы Қазақстанның ролі қанбай болғанын түсіну үшін мына дерекке назар аударсақ жеткілікті. Оны өзімізде өңдеудің орнына басқа елдерге шығарумен шектелдік. Мәселен, Қазақстанда өндірілген мұнайдың 70 пайызы, темір рудасының 55 пайызы, қара металлдың 46 пайызы және негізгі химия өнімдерінің 54 пайызы шетелге шығарылды. Сол уақытта республика сырттан әкелінетін, жан басына шаққандағы халық тұтынатын тауаларды өндіру бойынша бұрынғы КСРО-ның 15 республикасы арасында 12-ші орынды иеленді. Тағы бір дерек: КСРО заманында мемлекеттік кәсіпорындардың 90 пайыздан астамы экономикалық тұрғыдан өзін өзі ақтамайтын өндіріс ошақтары болды. Былайша айтқанда, республика өз күшімен қажеттілігін өтей алмайтыны анық еді. Сондықтан, жаңа республиканың алдында маңызды өзгерістер жасау міндеті тұрды.
Тәуелсіздік алғалы еліміздегі ең даулы да қарама-қайшылыққа толы тақырыптардың бірі – жекешелендіру мәселесі екені даусыз. Сөз реті келгенде айтай кетейік, бұл Қазақстанға ғана емес, социалистік жүйеден нарықтық экономикаға өткен барлық елдерге тән. Дегенмен, Чехия мен Польшаға қарағанда Қазақстанның жағдайы анағұрлым күрделі болатын. Себебі, біздегі жекешелендіру жұмысы мемлекеттік институттар құрумен бір мезгілде жүргізілді. Батыс инвесторлары Шығыс Еуропа елдеріне қаржы құюға дайын тұрса, есесіне Қазақстанды олар «жабайы ел» ретінде қабылдағаны рас.
Жекешелендіруге келгенде әр мемлекет жеке-жеке саясат ұстануды жөн көрді. Айталық, көршілес Өзбекстан мемлекеттік меншіктен айырылғысы келмеді. Мұндай үрдіс Белоруссияда да байқалды. Кейінгі жылдар көрсеткендей, бұл қате ұстаным болды. Жекешелендіру ісін неғұрлым ерте бастаған мемлекеттерде шағын және орта кәсіпкерлік соғұрлым жылдам дамитынын экономист мамандар мойындады.
Әйтсе де, жекешелендіру кезінде айтарлықтай қателіктерге жол берілгені де ақиқат. Алғашында жұртқа таңсық көрінген инвестициялық купондар шықты. Дегенмен, қорларды басқарушыларға кәсіби біліктілік пен қаржы талаптары қойылмағандықтан жекешелендірудің алғашқы жылдары сәтсіздіктерге толы болды. Кәсіпорындар тоқтады немесе қоймаларды толтырумен болды. Халық тұтынатын тауарларды өндіру үздіксіз қысқартылды. Бос қалған сөрелер ұсыныс пен сұраныстың сәйкес еместігін көрсетті. Оңдаған мың адамдар жұмыссыз әрі күн көріске қажетті қаржысыз қалды. Халықтың көкейінде түңілу мен билікке деген сенімсіздік пайда болды.
Елімізде жекешелендіру реформасы төрт кезеңде өткізілді. Әр кезеңнің өзіне тән ерекшеліктері мен міндеттері болғанымен, олар бірін-бірі толықтырып тұрды.Ұзақ жылдарға созылған процесс 1991 жылдың 22 маусымында «Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру туралы» Заңның қабылдануынан басталды. Оған сәйкес мемлекеттік органдар кәсіпорын ұжымынан тек тиісті өтінім келіп түскеннен кейін ғана шешім қабылдайтын болды. Яғни, барлығы тек ынталы түрде, ұжымның шешімі негізінде жүргізілді. Сонымен қатар тұрғын үйлерді жекешелендіруге қатысу үшін төлем құралы ретінде тұрғын үй жекешелендіру купондары тегін ұсынылды. Бір купонның құны сол кездегі рубльге пара-пар болды. Республикада біртіндеп қызмет көрсету нарығы қалыптасты. Жекешелендірудің бірінші кезеңінің нәтижелері меншік иелері тобын қалыптастырушы кәсіпкерліктің дамуына түрткі болды. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша 1991-1992 жылдар аралығында мемлекеттік мүліктің 4771 обьектісі қайта құрылды. Жекешелендірілген кәсіпорындардың жалпы санының 60 пайызын бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету, коммуналдық шаруашылық және басқадай обьектілер құрады. Соның басым бөлігі сауда (29,6 пайыз) және тұрмыстық қызмет көрсету (25,8 пайыз) обьектілерінің үлесіне тиді.
Жаппай жекшелендіру
1993-1995 жылдардың аралығында мемлекет жекешелендірудің екінші кезеңінжүргізді. «Жаппай жекешелендіру» деген ұғым осы кезеңге қатыстырылып айтылады. Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің Ұлттық бағдарламасы қабылданды. Бұл құжатты бүкіл жекешелендіру үрдісінде ең күрделі кезеңге айналып, жаппай етек алған жекешелендірудің екінші кезеңін жүзеге асырудың басы деп санаған жөн. Қысқа мерзім ішінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында 6 мыңнан астам нысанды жекешелендіру жүзеге асырылды. Халықтың санасы өзгере бастады.
Екі жылдан бері бос тұрған дүкендердің сөрелері азық-түлік тағамдары және басқа да қажетті тұтыну тауарларымен қайтадан толыға бастады. Дәрі-дәрмектер нарығы дамуға бет бұрды. Қазақстандықтар бірте-бірте жеке меншік секторға өтіп, сауда-саттық жасауға үйрене бастады. Жаппай жекешелендірудің кемшіліктері де аз болмады. Кәсіпорындармен қатар балабақша, мәдениет клубтары секілді қоғамдық маңызы бар мекемелер де арзан бағамен жекеменшікке сатылып жатты. Дегенмен, мемлекеттің ұстанған бағыты дұрыс болып шықты. Тоқырауға ұшыраған ірі кәсіпорындар, атап айтқанда, «Карметкомбинат», «Жезқазғанцветмет» секілді өндіріс ошақтары тоқтап, қарызға белшесінен батты. Ал оларға жәрдем беретіндей мемлекеттің мүмкіндігі болмады. Ірі кәсіпорындардың жекеменшікке сатылуының арқасында шетелдік инвесторлар тартылып, нәтижесінде ірі зауыттардың тіршілігі қайтадан жандана бастады. Әсіресе, металлургия саласына «Mittal Steel», «Самсунг» секілді танымал инвестрлардың келуі бүкіл отандық экономикаға оң әсерін тигізді. Нәтижесінде тұңғыш рет 1995 жылы өнеркәсіп өндірісі 13, 6 пайызға өсті.
Мемлекеттік жекешелендірудің үшінші кезеңі (1996-1998 жылдар) стратегиялық тұрғыда маңызды салаларды қамтыды. Атап айтқанда, энергетика мен мұнайгаз салаларында жекешелендіру жұмыстары қолға алынды. Дегенмен, алдағы кезеңдерден ерекшелігі - әр салада жекешелендірудің арнайы бағдарламалары түзілді. Сондай-ақ, бұл әлеуметтік саланы – денсаулық сақтау, білім беру, ғылым мен мәдениет салаларын қоса алғандағы секторлық бағдарламаларға көшудің кезеңі болды. Үш жыл ішінде барлығы 14800-ден астам мемлекеттік меншіктегі мекеме жекешелендірілді.
Қазақстан экономикасындағы жағымды құбылыс та осы кезге тап келді. 1996-98 жылдарда ірі өнеркәсіп орындарын сатып алуға қабілетті отандық толыққанды инвесторлар қалыптаса бастады.
Мемлекеттік жекешелендірудің соңғы, төртінші кезеңі 1999 жылы басталды. Мұндағы басты мәселе – мемлекеттік меншік республикалық мен коммуналдық болып екіге бөлінді. Облыс әкімдеріне коммуналдық меншіктегі нысандарды жекешелендіруге құқықтың берілуі жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізу ісіндегі елеулі қадамдардың бірі болды. Бір ғана 1999 жылдың өзінде 953 акционерлік қоғам мен серіктестіктердегі мемлекеттің үлесі коммуналдық меншікке өткізілді. 1999-2000 жылдарда мемлекеттің иелігіндегі 6688 нысан сатылды. 2005 жылы мемлекеттік ынсандарды сатудан бюджетке 11 миллиард теңгеден астам қаржы түсті. Ал, жалпы 1991-2005 жылдар аралығында елімізде 40 мыңға жуық нысандар жекешелендірілді. Осыдан бюджетке түскен табыс 334 миллиард 216 миллион теңген құрады. Бұл қаржының 68 миллиард теңгесі Ұлттық қорға аударылды.