Шымкентте иесіз жолды кім жөндейді?
Шенеуніктер «Жол картасы” бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы жырлаудан қолы тимей жүргенде Шымкент қаласының іргесіндегі Қарабастау, Жалын, Жұлдыз ауылдарының тұрғындары шұрық-тесік жолдың азабын тартып келеді. Алайда, мәселе қаржы жетіспеушілігінен емес, басқаға тіреліп тұр. 5 ауыл мен бірнеше ірі кәсіпорын пайдаланатын жолдың иесі кім екені белгісіз. Басқасын айтпағанда көшенің тіпті аты да жоқ. Кезінде Шымкент мұнай өңдеу зауыты өз қажеттілігіне арнап салған көше 90-шы жылдардан бері қараусыз қалған. Зауыт шетелдік инвесторлардың қарамағына өткен соң жергілікті билік жолды өз балансына алуға асықпаған. Сол жолдан қазірге дейін қалғаны – ойқы-шойқы шұңқырлар. Амалы таусылған жергілікті тұрғындар жәрдем сұрап шенеуніктерге бармай ма? Алайда, барлық мекемелерден алған жауабы біреу: бұл жол біздің балансымызда емес.
- Бұл жолмен 15 мыңдай халық күнделікті қатынайды, еккен көкөністерін, басқа да өнімдерін қалаға жеткізеді, - дейді Қарабастау ауылының тұрғыны, «Талап» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Оңалбай Сүйерқұлов. - Ол аз десеңіз, көшенің стратегиялық маңызы бар, себебі оны айналма жол ретінде қолдануға болады. Біз Сайрам ауданы мен Шымкент қаласы әкімдіктеріне хат жазғанымызбен, ешқандай нәтиже шықпай отыр. Барлығының айтатыны бір: жол бізге қарамайды, сондықтан оны жөндей алмаймыз. Меніңше, бұл мәселені шешу тек облыс әкімінің қолынан келеді.
Тұрғындар ғана емес, осы маңда орналасқан кәсіпорындардың мыңдаған жұмысшылары да қараусыз жолдың азабын арқалап келеді. Бұл мекемелердегі кәсіподақ ұжымдары тиісті органдарға арнайы хатты бір емес, бірнеше рет жазғанымен, қыбыр еткен жан жоқ.
Осыдан біраз бұрын Шымкент мұнай өңдеу зауыты Сайрам ауданынан Шымкент қаласына өтті. Бұған байланысты зауыттың маңындағы жолды да қалалық әкімдіктің балансына беру жайлы бастама көтерілген болатын. Алайда, күтпеген жерден мәселе тығырыққа тірелді. Қалалық әкімдіктегілер жолды дәл мынадай тозған күйінде алудан бас тартып отыр. Бұл жайында Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкері Ерубай Құралбаевқа хабарласқанымызда мынадай жауап алдық:
- Бұл жолды бізге өткізбекші болған, бірақ көшенің жағдайы нашар болғандықтан әкімдік қабылдамады. Оны қаланың балансына өткізуден бұрын жөндеуден өткізу керек. Білуімше, ұзындығы 7 шақырым. Әр шақырымды жөндеуден өткізуге шамамен 20-25 миллион теңге шығын кетеді.
- Ол көшенің аты қандай өзі?
- Онысын білмедім. Жұлдыз поселкесіне апаратын жол деп атайтын болуы керек.
Есесіне, облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Әбілсейіт Рабаев басқаша пікірде. Оның сөзіне сенсек, жолды Шымкент қаласының балансына өткізу ісі жақын арада шешілетін түрі бар.
- Осы мәселеге байланысты арнайы комиссия құрып, қала әкіміне ұсыныс бердік. Жақын арада Шымкент қаласы бұл көшені өз балансына алуы тиіс. Желтоқсан айында бұл мәселе шешімін тапса, көшені жөндеу мәселесін жоспарлы түрде келесі жылы жүргіземіз. Оған шамамен 100 миллион теңге шамасында шығын кетеді.
- Бірақ, қалалық әкімдіктегілер жол жөнделмейінше қабылдаудан бас тартып отыр емес пе?
- Жасыратыны жоқ, ондай қарсылық болған. Бірақ, өзіңіз ойлаңызшы, иесіз жолды кім жөндейді? Ешкімнің балансында жоқ көшеніің жағдайын кімнен сұраймыз? Иесіз жолды Шымкент өз балансына алған соң қаржы қарастыруға мүмкіндік туады.
Дегенмен, шенеуніктердің арасындағы «футбол» ойыны қашанға дейін жалғасатынын ішіміз ептеп сезеді. Әне-міне дегенше, тағы уақыт өтеді. Қараусыз көшенің жөнделуі «Жол картасы» бағдарламасына ілікпей қалмай ма деген де қауіп жоқ емес. Тіпті, Шымкенттің балансына өткеннің өзінде де қараусыз қалған жолдың жағдайы дұрысталатынына сенім аз. Онсыз да қаржы тапшылығын сезіп отырған қалалық бюджеттен қосымша 100 миллион теңге шамасында қаражаттың табыла қоятынына күмәніміз бар.