Ермек Дәрменов: «Үлкен футбол балалар спортынан басталады»

Oinet.kz 07-08-2009 944

Screenshot_12.jpg

Ермек Дәрменов, футболдан Олимпиада ізбасарларын даярлайтын балалар мен  жасөспірімдердің мамандандырылған облыстық спорт мектебінің директоры:

- Кезінде «Ордабасы» клубын басқардыңыз. Қазір балалар мен жасөспірімдер футболын дамытумен шұғылданып жүрсіз. Қай салада жұмыс істеген қиын? 

- Жұмыстың жеңілі болмайды деп ойлаймын, себебі, кез-келген қызметтің өз салмағы, жауапкершілігі болады. Дегенмен, балалармен жұмыс істеудің жауапкершілігі көбірек. Өйткені, қанаты енді ғана қатып жатқан жасөспірімдерге уақытылы тәрбие беріп, спортқа баулымаса оның кейіннен футболды үйренуі, шеберлігінің шыңына жетуі кеш болады. Оны «Ордабасы» клубында басшы болып жүргенімде де байқадым. Кейбір балалар қабілеті жоғары әрі  талантты  болғанымен, допты қалпына келтіру немесе қапталдан шабуыл жасау кезінде шеберлігі жетіспей жатқаны көрініп тұрды. Сол себепті балаларға тәрбие беру ісін қадағалау керек және жақсы, білікті жаттықтырушылар қажет. 

- Қайбір жылы шымкенттік жас футболшылардың сонау Италиядағы халықаралық жарысқа қатысып, үшінші орын жеңіп алғаны жан-жақты жарнамаланып еді. Содан бері не өзгерді? Шымкенттік жас футболшылар қандай табысқа жетіп жүр? 

- 2003 жылы Италияға балаларымыз  арнайы шақырумен барған. Ал, қазір  қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты алыс шетелге шыға алмай  қалдық.  Дегенмен, Өзбекстан, Ресей, еліміздің өзге облыстарына жиі барып тұрамыз. Жақында ғана Ресейден  жақсы хабар алдым. Біздің 1997-жылғы балаларымыз Омск қаласындағы халықаралық додада бірінші орынды жеңіп алды.   

- Сол 2003 жылғы футболшылар мен қазіргі жас жеткіншектерді  салыстырып көріңізші. 

- Үлкен айырмашылық бар. Себебі, осыдан 5-6 жыл бұрынғымен салыстырғанда қазіргі талап мүлдем басқа. Дүниежүзіндегі футболдың деңгейі өскендіктен қойылатын талап күшейтілді. Оның үстіне, көршілес облыстардағы футбол деңгейі де өсіп келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің оп-оңай жеңіп жүрген командалар қазір күшейіп кеткен. Сол себепті бір орында тұрып қалмас үшін көп ізденіп, еңбектену керек. Жас жеткіншектеріміздің шеберлігі жоғары екенін мынадан байқауға болады. Былтыр күзде өткен ірі жарысқа алматылық «Цесна» клубы да қатысты. Еліміздің жасөспірімдер құрама командасы осы «Цесна» клубының негізінде жасақталатыны белгілі. Мұнда Қазақстанның барлық облыстарынан жиналған талантты балалар жаттығады. Сол «Цеснамен»  ақтық кезедсуде  біз тең дәрежеде ойнадық. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмай, пенальти тебуден ғана мүлт кеттік. Жеңіліс тапқанымызбен  білікті мамандар бірауыздан жақсы пікірін айтты. Әсіресе  ұлттық құрама команданың бас бапкері  «Қазақстанның жас футболшыларын даярлайтын бірден-бір аймақ – Оңтүстік» деп жоғары баға бергеніне риза болдым. Тағы бір мақтанарлықтай жаңалығымыз, республикалық футбол федерациясы арнайы іріктеу жүргізіп, оқу-жаттығу үшін 25 баланы Бразилияға аттандырды. Сол топтағы 3 бала – біздің мектептің түлектері. 

- Олардың  Латын Америкасына  аттанғанына жарты жылдай уақыт болды. Жағдайлары қалай екен? 

- Біз жиі хабарласып тұрамыз. Қазір олар Сан-Паулу қаласының құрама командасының сапында бразилиялық құрдастарымен тең дәрежеде өнер көрсетіп жүр. Әрине, алғашқы кезеңдерде қиналыңқырады. Бөтен ел, тілін, дәстүрін білмейді. Қазір үйренді. Біз қазіргі таңда спорт мектебіміздегі жаттықтыру ісіне көп  көңіл бөлудеміз. Жуырда Әуелбек Дербісбаев деген жаттықтырушымыз Англияның ең атақты футбол орталықтарының бірі -  «Астон Вилла»  клубының жұмысымен танысып, оқып, тәжірибе алмасып қайтты.  Бір қызығы, ағылшындардың алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Онда да өзіміздегідей балалар жаттығады, бапкерлер жұмыс істейді. Тәрбие ісі  де ұқсас. Қазір біз де еуростандарт бойынша тәрбиелеуге көштік. Дегенмен, Астон Вилланың кейбір өзгешеліктері бар. Әсіресе,  жас футболшы жоғары топқа, яғни, спорт шеберлігін шыңдау кезеңіне  өткенде.  Біз де  соған қарап өз кемшіліктерімізді түзеудеміз. Басты кемшілігіміз, бастауыш топтардағы балалар алғашы жылдарда  жақсы нәтижеге жеткенімен, жасы үлкейген соң футболшыларды жоғалтып аламыз. 

- Неге?

- Бізге оқу-жаттығу  тәртібін өзгерту қажет. Түсіндіру үшін  қарапайым мектеппен салыстырып мысал келтірейін. Баршамызға белгілі, бастауыш сыныпқа түскен баланы бір мұғалім тәрбиелейді де, орта сыныптарда ол басқа мұғалімдерге тапсырылады. Жоғары сыныптарда күрделі пәндер басталғанда, педагогтар және ауысады. Әғни, оқу процесі үш кезеңнен тұратындықтан, мұғалімдерінің ауысқаны заңды. Міне, сонда ғана жақсы нәтиже шығады. Бастауыш сынып мұғалімі 10-11 сыныптарға дәріс беретінін естіген адам күлмей ме? Өкінішке қарай, отандық балалар мен жасөспірімдер  футболындағы жағдай осындай. Бізде алғашқы дайындық тобы, оқу-жаттығу тобы және спорттық шеберлік тобы бар. Бірақ, бір жаттықтырушы баланы дайындық тобынан сонау спорт шеберлігіне дейін алып жүре береді.  Демек, бір адам үш саланы бірдей игеруі тиіс. Бұл мүмкін емес. Сол себепті қазір біз оқу-жаттығу процесіне айтарлықтай өзгерістер енгізудеміз. Бұл жүйе Еуропада бұрын қолданылып келді. Қазір шетелдіктер жаңа стандартқа көшкен. Ал Қазақстанда  еуростандарт бойынша  тәрбие жұмысын қолға алған бірден-бір аймақ – Шымкент. Сондай-ақ, іріктеу жұмыстарына көбірек көңіл бөлгеніміз жөн. Әсіресе, ауылға назар аудару қажет. Себебі, талантты жастар ауылда көп. 

- Осыдан біраз бұрын бір айтылып, артынша ұмытылып кеткен жоба  «Намыс» корпорациясы туралы не айтасыз?

- «Намыс» корпорациясы – облыстық дене шынықтыру басқармасының функцияларын қайталау сияқты. Немесе, қазір республикалық  футбол федерациясының ашып жатқан футбол академиясына ұқсас дүние. Академияның мақсаты – талантты балаларды жинап, тәрбиелеп, соңында кәсіби футбол клубтарына сату. Оның үстіне, «Намыс» мемлекеттік емес, жекеменшік корпорация ретінде құрылады деп күтілген. Яғни, қалай да табыс түсіруі тиіс. Әрине, бұл орындалмайтын нәрсе.  Негізі, корпорацияның болғаны жақсы. Бірақ, осы жобаны жүзеге асыру әлі ертерек деп есептеймін, себебі, бізде қажетті база жоқ. Өзіңіз ойлап қараңызшы, «Намыс» ашылды делік. База қайда? Балалар қайда жатады? Сапалы алаң жеткілікті ме? Бұған көп қаражат қажет. Балаларды стадионға шығарып ойнатудың өзіне әжептеуір шығын кетеді. 3-4 топ күнделікті жаттығатындықтан алаң тез тозады. Оны қалпына келтіру көп қаржыны керек етеді.  

- Үлкен футболға  ойыссақ. Шымкенттің футбол мектебі мықты деп мың жерден  қайталай бергенімізбен, облыстың намысын қорғайтын «Ордабасы» клубы ұлттық біріншілікте 6-орыннан жоғары сатыға көтеріле алмай-ақ қойды. Тіпті 12-14 орындарға тұрақтап, премьер-лигадан ұшып кете жаздады. Есесіне, «Ақтөбе», «Тобыл» секілді солтүстіктің клубтары еурокубок ойындарына тұрақты түрде қатысып, жанкүйерлерін қуантып жүр. Оның себебі неде?

- 2005 жылы «Ордабасы» клубы чемпионатта 6-орында аяқтады. Сол кездегі құрамдағы ойыншылардың басым бөлігі шымкенттік жігіттер еді. Ал, енді  сіз айтып отырған «Тобыл», «Ақтөбе», «Локомотив» командаларын алып қарайық. Жергілікті ойыншылары бар ма? Жоқ.  Кілең легионерлер мен басқа облыстан келген ойыншылар. Көпшілігі өзіміздің оңтүстіктің жігіттері. Айталық, «Тобылдың» 50 пайызы, «Ақтөбенің» 70 пайызы сырттан келген ойыншылардаң жасақталған. Нұрғалиев, Асанбаев, Тәжібаев – бұлардың барлығы шымкенттіктер. Оған аса ренжудің қажеті жоқ. Кім жалақыны көбірек төлейді, футболшы сол жерге барады. Біздің командамыз 7-8 орындарда жүріп, есесіне шымкенттік футболшылардың басқа командалардың сапында халықаралық деңгейде көрініп жүруі біздің абыройымызды асқақтатады емес пе? Қазақстандық клубтарды алып қарасақ, біздің облыста ғана жергілікті ойыншылар көп ойнайды. Басқа облыстағы командалардың жағдайы басқаша. 

- Бұндай саясаттың жемісі қандай болмақ? Өзіміз тәрбиелеген ойыншылар басқа клубтардың намысын қашанғы қорғайды? Одан да біз де сырттан легионер шақырып, чемпиондыққа таласқанымыз жөн емес пе?

- Түркияның мысалын келтірейін. Осыдан 15-20 жылдай бұрын түрік футболы аса бағаланбайтын. Қазір «Галатасарай, «Фенербахче», «Бешикташ» секілді суперклубтарды білмейтін жан жоқ. Мұндай табысқа  түрік бауырларымыз қалай жетті? Олар әр қалада, әр ауылда футбол алаңдарын салды. Яғни, өз елінде спорт базасын нығайтуға қомақты қаражат бөлді. Балалар футболына айрықша назар аударылды. Нәтижесінде 2002 жылғы әлем чемпионатында Түркия елінің құрамасы жартылай финалға дейін жетті. Тағы бір мысал, көршілес Ресейде ай сайын 200-ге жуық стадион салынуда. Бұл саясаттың жемісін қазірден-ақ көруге болады. Ресейде футболға деген алабөтен қызығушылық бар. Ел құрамасы Еуропа чемпионатының жартылай финалына жетті, «Зенит», «ЦСКА» клубтары УЕФА кубогының жеңімпаздары атанды. Ал, бұл ауқымды жұмыстардың барлығы балалар футболынан басталуы тиіс. Бізді де алдағы уақытта үлкен жеңістер күтіп тұрғанына сенемін. 

Әңгімелескен Жандар Наурызбайұлы

Жамбыл облысында түрмеге адам сыймай жатыр
Созақтағы хан мазары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу