Шынәлиев Шымкенттен кетті ме?
Соңғы аптада республикалық ақпарат құралдарын «Еркебұлан Шынәлиев Ақтөбеге ауысты. Бұдан былай осы облыстың намысын қорғайтын болды» деген ақпарат шарлап кетті. Бұл хабарды көріп-естіген жұрт алғашында сенер-сенбесін білмей қалғаны рас. Кейін бұл ақпаратты «Қазақстан» ұлттық телеарнасының спорт жаңалықтарынан да көрсетті. Ақтөбеде жарық көретн «Диапазон», «Эврика» газеттері де бұл жайлы жарыса жазып, оқырмандарынан сүйінші сұрады. Есесіне шымкенттіктердің арасында «Сиднейден кейінгі сегіз жыл ішінде олимпиададан жүлдемен оралған жалғыз шымкенттік боксшыдан көз жазып қалғанымыз ба, сонда?» десіп, аң-таң болғандар аз болған жоқ.
Ақтөбелік басылымдардан ұққанымыз, Еркебұлан Шынәлиев жаңа жаттықтырушысы Әлімбек Балмағамбетовтың көмегімен биыл күз айында Италияның Милан қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындыққа кіріскелі тұр. Сондай-ақ, «Диапазон» газеті Еркебұланмен бірге Ақтөбеге жұбайы Сәбина мен інісі Орынбасардың да келіп, қалада пәтер жалдап тұрып жатқанын да мәлім етті. Дегенмен, «Шынәлиев шымкентке қайтып оралды» деген сыбысты да құлағымыз шалып қалды. Осы және басқа да ақпараттың ақ-қарасын айыруға талпынып көрдік.
Сонымен...
Алдымен ақпараттың анық-қанығын білу үшін Ақтөбелік белгілі жаттықтырушы, осы облыстың құрама командасына жетекшілік жасап жүрген маман Әлімбек Балмағамбетовке хабарластық.
- Негізі, Шынәлиевтің Шымкенттен Ақтөбеге аусуына қатысты келіссөздерге менің қатысым жоқ. Оған араласуға да асықпаймын. Бұл іспен Ақтөбе облысының бокс федерациясы шұғылданып жатыр. Шынәлиев бізге келіп он күндей жүрді. Бірнеше рет жаттығу өткіздік. Алайда, қазір нақты шешім қандай болғанын айта алмаймын. Әрине, олимпиада жүлдегерінің Ақтөбеге келіп, біздің намысымызды қорғағанын құптаймын. Себебі, бұл жас боксшыларды ынталандыра түседі. Біздің жас талаптарға үлгі алатын көшбасшы керек болды. Шынәлиевті таңдағанымыз да содан. Ақтөбелік бокс мектебінің ең жұлдызды өкілі - Галиб Жаффаров. Әуесқойлар арасында әлем чемпионы атағын жеңіп алған аз ғана қазақстандық боксшылардың бірі. Жалпы, сырттан боксшы шақыру оңай. Ал, оны шақырып алып, шын мәнінде тәуір нәтиждеге қол жеткізу әлдеқайда қиын. Бір жағынан алғанда, Еркебұланның өзіне де мықтап тұпы жаттығу өткізу қажет болып тұр. Оның Бейжің олимпиадасынан қола жүлдемен оралуы - кеше күннің ісі. Осыған қарап, Шынәлиев Лондон олимпиадасына міндетті түрде қатысады деп ешкім айта алмайды. Шынәлиев өзінің мықтылығын әлі де дәлелдеуі. Оның үстіне жаттығу жүргізбегеніне де біраз уақыт болды. Салмақ та қосып үлгерді. Сондықтан, бұрынғы деңгейіне шығу үшін біраз уақыт кетеді. Ал, жалпы, менің ойымша, Шынәлиевтің қай облыстың намысын қорғайтыны аса маңызды емес. Ең бастысы, халықаралық додаларда еліміздің намысын қорғай білсе болғаны.
Ақтөбе облыстық бокс федерациясының президенті Архимед Мұхамбетовпен хабарласуға мүмкіндік болмады. Себебі, ол кісі сонымен қатар Ақтөбе қаласының әкімі болып табылатындықтан, тығыз шаруалары мол. Десек те, жергілікті басылымдарға берген сұхбатында былай деген:
- Бұған дейін сырттан боксшыны тартудың жемісін көрдік. Мәселен, олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов бір кездері Ақтөбенің намысын қорғаған. Осының арқасында облысымызда жастардың арасында боксқа деген қызығушылық күрт артты. Осыны есте ұстап, осындай қадамға екінші рет баруды көздедік. Шынәлиевті шақыруымыз да сондықтан.
Еркебұланның өзін Шымкентте, дәлірегі қалалық №1 спорт мектебі директорының кабинетінен таптық. Шынәлиев – осы мектептің түлегі екені белгілі.
-Ақтөбеден оралғаныма үш күндей болды. Ұсыныс түскен соң бардым, Ақтөбенің жағдайын көрдім. Ауа райы ұнамады. - дейді Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері. – Ол жаққа кетсем айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмайтыныма көзім жетті. Жаттығу жүргізіп, шыңдалуыма Ақтөбеден гөрі маған Шымкент қолайлы.
-Ақтөбеліктердің саған берген уәдесі қандай болды?
-Ешқандай уәде берген жоқ. Кейін, жетістіктерге қарай болады деп шешілген.
-Ал Шымкенттегі бапкерлер не деді?
-Мен Ақтөбеге біржола кетемін деп шешкен жоқ едім. Бапкерлер «барып, көріп кел. Шешім қабылдайтын өзің» деді.
-Ал, басқа қалалардан, Астана, Алматыдан осы тектес ұсыныстар түскен бе еді?
-Ондай да ұсыныстар болды. БЬірақ, ешқайсысы көңілімнен шықпады.
-Қазіргі жоспарың қандай?
-Ең бастысы – жаттығуға толыққанды кірісіп, бабыма келуім керек. Одан соң халықаралық жарыстарға қатысуға дайындық жүргізу.
Ақтөбенің ауа-райына келгенде Еркебұлан бұрынғы пікірінен айныған секілді. Себебі, Ақтөбеде жарық көретін «Диапазон», «Эврика» газеттерінде Шынәлиевтің «Маған Ақтөбе маған өте ұнайды. Ақтөбенің намысын қорғауға дайынмын» деген сөздері келтірілген. Осы жөнінде Шымкент қалалық №1 сопрт мектебінің директоры Талғат Пошымовтан пікір сұрадық. Шенеунік әңгімесін Шымкент қаласы басшылығының бұрынғы уәдесінен бастағанды жөн көрді.
-Еркебұланға пәтер береміз деген уәде бар еді. Жуырда сол уәде орындалды. Бұл жайлы маған Еркебұланның өзі айтты. Ал, Ақтөбеден ұсыныстың қашан түскенін білмеймін, шамасы 2 айдай уақыт бұрын болса керек, - деді бізге Талғат Пошымов. – Біз Еркебұланның кетуіне рұқсат бергеніміз жоқ. Оның кететінін тек соңғы мезетте ғана білдім. Өзімен де, анасымен де сөйлестім. Менің өзімнің жеке пікірім, ол жақтағылар үйіп-төккен уәдесін орындамаған секілді. Бірақ, басқа да мәселелер боулы мүмкін. Бәлкім, Шынәлиевтің қазіргі жағдайы ақтөбеліктердің көңілінен шықпауы да ғажап емес. Өзі 81 келі салмақ категориясында жүргенімен, салмағы 88-90 келіге дейін жетіп қалған кез де болыпты. Еркебұланның қазіргі салмағы қалыпты – 84-85 келі. Бұл жақсы көрсеткіш.
-Енді. Шынәлиев Шымкентте қалатын болды ма, жоқ па? Нақты шешім қабылданды ма?
-Нақты шешім қабылданды. Еркебұлан Шымкентте қалады. оның үстіне ол өзінің жаттықтырушысы Мырғазы Айтжановқа үйреніп те қалған. Ал, ақтөбелік бапкерлер көңілінен шықпаған секілді. Басқа жаттықтырушыға үйренуге де уақыт керек қой.
-Мырғазы Айтжановтың өзі не дейді? Ренжіп жүр деп естідік...
-Иә, ол кісі біраз ренжіп жүрді. Қазір Айтжанов Қытайда. Бұл күндері ол елде Азия чемпионаты өтуде. Айдың ортасында Шымкентке оралады деп күтілуде. Оның пікірі сол кезде белгілі болады. Меніңше Айтжанов пен Шынәлиев жаттығуларын жалғастыра түсуі мүмкін.
Облыстық спорт саласының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген азаматтың бірі (аты-жөнін көрсетпеуін өтінді) бұл жайында былай дейді:
-Меніңше, Еркебұлан балалық жасады. Ақтөбе жақтан хабарласқан азаматтар алтын береміз деп уәдесін үйіп-төккен ұқсайды. Алайда, Еркебұлан жаттығумен шұғылданбағанына жарты жылдай уақыт болды. Бұрынғы бабында емес. Оның үстіне салмағы да көбейіп кеткен. Осыдан болса керек, ақтөбеліктер ойланып қалды. Егер Еркебұлан осы уақытта қандай-да бір жарысқа қатысып, жүлдемен оралғанда ақтөбеге ауысып қояр ма еді, кім білсін.
Еркебұланның Шымкентке оралуына қатысты әзірше Ақтөбеден ешқандай ресми ақпарат шыққан жоқ. Қазір Шынәлиев ұзақ үзілістен кейінгі жаттығуларына кірісіп те кетті. Дегенмен, алдағы уақытта өтетін дүбірлі додаларда қай облыстың намысын қорғайтыны да белгісіздеу болып тұр.