«Хаммердің» қожайыны - Қытай
Атақты көлік маркасы, Америка елінің негізгі символдарының біріне айналған «Хаммер» көлігін Қытай сатып алды. Қаржы дағдарысына төтеп бере алмаған «Дженерал Моторс» компаниясының «Хаммер» атты тармағы банкротқа ұшырап, ақыры сатылуға шығарылды. Әйгілі сауда белгісі үшін қытайлар мен үнділер таласқа түсіп, нәтижесінде «Сычуань Тенгжонг» атты көпшілік үшін белгісіз компания жеңімпаз атанды. Яғни, бұдан былай «Хаммер» – қытайлардың меншігіне айналды. Сарапшылардың пікірінше, келісім-шарттың құны жарты миллиард долларды құрады. Соңғы мәліметтерге қарағанда, қазір қытайлық бизнесмендер тағы бір танымал бренд – швециялық «Вольво» компаниясын сатып алуға ниет танытып отыр. Осы қарқынмен кете берсе, алдағы 5-10 жылда Қытай әлемнің ең мықты автомобиль шығаратын державасына айналуы бек мүмкін.