Төраға мықты ма, жоқ, Бөрі-аға мықты ма?
Жамбылда ана мен баланың жағдайы қиын болып тұр. Негізі өткен жылдың соңында облыста сыбайлас жемқорлыққа байланысты үлкен жиын өтіп, денсаулық сақтау саласының мәселесі арнайы қаралған-ды. Сол жиында Тәртіптік кеңестің төрағасы Әзімхан Сатыбалдин облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Вадим Овсянниковты әбден бұрышқа тықса, Бөрі-ағамыз, яғни, облыс әкімі Бөрібай Жексембин керісінше басқарма бастығына ара түсті. Ақырында Бөрі-аға мен төраға «сіз-біз» деген сыпайылықты жиып қойып, жиналыс үстінде сөзбен «ұстасып», әңгіме «жиналыстан шығып тұр...» мен «…мен неге шығамын, сіз бен біздің құқығымыз тең, шықпаймын...» дегенге дейін барды. Былайша айтқанда екеуі де қайтпады, екеуі де бір-бірінен тайсалмады. Шынында Ә. Сатыбалдин мырзаның шырылдайтын жөні бар, өйткені соңғы кездері елдің бұл салаға деген сенімі азая бастаған-ды. Денсаулық сақтау саласындағы қаржылық былықтарды былай қойғанда ана мен бала өлімінің көбеюі, дүниеге келген жас нәрестені сату оқиғасы мен Тараз қаласы ауруханалары бірінің босағасында дәрігерлер ешқандай медициналық көмек көрсетпегендіктен есімі елге танымал бір ағамыз жантәсілім еткені бұл саланың бетімен кеткенін көрсетпей ме?! Осыдан кейін Ә. Сатыбалдин денсаулық сақтау басқармасы бастығының көпшіліктік тыңдауын өткізуді ұсынып, Овсянниковтың мәселесін майшаммен қарауға кірісті. Төрағаның мәселені төтесінен қойып, бар жәйтті жасырмай, шындықты бетке айтқанына ел кәдімгідей іші жылып қалғанын жасыруға болмас...
Одан бері қыс өтіп, көктем шықты. Сол кезде облыс әкімі мен Тәртіптік кеңес төрағасының бетпе-бет келіп қалғанын ел біразға дейін әңгіме қылып, ұмыта алмай жүрді. Бірақ, артынша облыста «Лексустар» мәселесі бой көтерді де, жоғарыдағы әңгіме бірте-бірте көмескілене бастады. Естеріңізде болса, облыс әкімшілігі 5 «Лексус» қызметтік көлігін сатып алып, мұның соңы біраз дау болғанын «Жас Алаш» газеті бетінде де жазғанбыз. Сол 5 «Лексусты» таратуда облыс әкімі Бөрібай Жексембин аяқ астынан мырзалық танытып, алғашқысының кілтін Тәртіптік Кеңестің төрағасы Ә. Сатыбалдинге тапсырды. Қалған төртеуін облыс прокуроры Ә. Кәрім мен облыс әкімі аппаратының жетекшісі Серғали Айдапкелов және облыс әкімінің екі орынбасары иемденді. Бұл тактикалық жүрісті қай данышпанның ойлап тапқанын қайдам, бірақ әкімшіліктің бір оқпен екі қоянды атып түсіргені анық еді. Әрине, «облыстық бюджеттің қаржысына Тәртіптік кеңестің төрағасы мен облыс прокуроры неге қызметтік көлік мінеді?» деген әңгіме айтылмай қалған жоқ. Төраға арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, болған тірліктің бәрі заңды екенін дәлелдеп, арызданушылардың аузына құм құйды. Мейлі ғой... «Байдың асын байғұс қызғаныптының» керін келтірмей, бәлкім шынында бәрі бір облыста еңбек етіп жатқан соң, араларында дорба емес, бір жорға жүргені айып емес шығар. Бірақ, дәл осы жағдайдан кейін Әзімхан көкемнің даусы баяғыдай зорайып шықпайтын болды. Көпшіліктің көкейінде «темірдей тәртіпті талап етуі тиіс Тәртіптік кеңестің төрағасы кезінде Овсянниковты не үшін жиналысқа салды, енді қазір не үшін үндемей отыр, бұл мәселенің соңы не болды?» деген сұрақтар қалды. Рас, Тәртіптік кеңес төрағасы «ана мен баланың өлімі көбейіп кетті» деп В. Овсянниковты ортаға сала алмайды. Төраға да өз міндетіне сай мемлекеттік қызметкерлердің заң бұзбауын қадағалайды. Бірақ, ана мен бала өлімінің көбейгені, Овсянников отырғанда медицина саласының шырайы ашылмайтыны, бәрі-бәрі сол Сатыбалдиннің былтырғы өткен жиналысында айтылмап па еді?! Сол кезде Овсянниковтың Тәртіптік кеңесте терлеуіне тура келген. Одан бері бұл саланың жұмысы кері кетпесе, ілгерілеген жоқ. Ендеше төраға неге үнсіз отыр? 2008 жылы облыста 5 ана өлімі тіркелсе, биылғы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде 6 ана өлімі орын алды. Облыста денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамыту мәселесі өте баяу жүруде. Қазіргі таңда облыстағы ауруханалық төсек қорын реттеу, стационарлық ұйымдарында уақыт талабына сай ауруханалық менеджментті енгізу сияқты шаралар денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қолға алынбай отыр. Облыстағы медицина мекемелерінің 80 пайызға жуығы жекеменшік ғимараттарды жалдап отыр. Сондықтан олар не ғимаратқа жөндеу жүргізе алмайды, не озық үлгілі медициналық құрал-жабдықтарды орната алмайды. Осының салдарынан облыста жұмыс істемей, қаңтарылып тұрған құрал-жабдықтар да бар. Облыста бұл салада қалыптасқан қиын жағдайды еліміздің денсаулық сақтау министрі ашына айтып, тіпті облыста осы мәселеге байланысты арнайы жиын өткізу қажеттігін білдірді. Бұл жолы министр Жақсылық Досқалиевтің алдында басқа емес, облыс әкімі Бөрібай Жексембиннің өзі жауап беретін шығар.
Тура жүріп, тура сөйлейтін облыс прокуроры, генерал Ә. Кәрім де алғашқы тоқсанның қорытындысында медицина саласы бойынша тарқатып ештеңе айтпады. Әлгінде бұл тактикалық жүрісті қай данышпанның ойлап тапқанын қайдам дедік қой, бәлкім сәйкестік шығар, облыс прокуроры «Лексусты» тақымына басқан соң артынша облыс әкімі аппаратының жетекшісі С. Айдапкеловтың ұлы сонау қияндағы Мойынқұм ауданынан тоғыз жолдың торабындағы Шу ауданына прокурор болып ауысып келді. Осыдан кейін «Лексус» деген жорға екі ортаға жол ашып, екі жақтың қабағын жібіткен-ау» деп ойға қалатының анық... Дәл қазір В. Овсянников денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерді жасырып, кейбір баспасөз беттерінде «жетістіктерін» жариялап-ақ жатыр. Әрине, қол жеткен жетістікті ешкім ұрламайды, бірақ шындықты жасырып қалу – қылмыс істеумен пара-пар тірлік. Жергілікті бір тәуелсіз газетте жарық көрген бұл саланың кемшіліктері туралы оқысаңыз, жағаңызды ұстайсыз. Тегінде шындықты біреуге дорба беріп те, жорға беріп те жасырып қала алмайсың. Өйткені ел бәрін көріп отыр. Осыны түсінетін басшы қайда?!.
Оралхан ДӘУІТ,
Жамбыл облысы