Әкім Көшербай көшпесе көпшіліктің мәселесі шешілмейтін түрі бар
Табиғаты тамаша Төлеби ауданындағы Бадам өзенін жағалай жайғасқан Тоғыс деген ауылда және оған қанаттас қоныстанған Мұнай барлаушылар қалашығында жалпы 5000-ға жуық тұрғын тұрады. Қалашықта 450 пәтерді құрайтын 27 көпқабатты үй бар. Міне осы көпқабатты үйлердің канализациясынан шығатын шайынды сасық су өзенге құйылып жатыр.
- Әжетханалардан шыққан сасық судан зардап шегіп қор болғанымызға бақандай бес жыл толды. Жел үнемі біз жаққа соғады. Дастарханда отырып, тәбетің ашылып тамақ та іше алмайсың. Әсіресе кешкі мезгілде сасық иіс қатты мүңкіп кетеді. Шайынды судың өзеннен басқа құйылатын жері жоқ. Жаз мезгілі жақындап күн де жылынып келеді. Ертең балалар суға шомылып жүріп, су ішіп қоятыны сөзсіз. Жұқпалы ауру тарататын сапасыз суды жұтқан баланың денсаулығына әсері болмайды деп кім айта алады? Өткен жылдың өзінде ауылдағы екі баланың денесін жаман жара басып кетіп, қатты қиналды. Жергілікті әкімдерге неше мәрте айттық, нәтиже жоқ. «Шешеміз, қарастырып жатырмыз» деп шығарып салады. Депутаттық мандатты иеленгенше «қатырамыз, тас қыламыз» деп уәдені үйіп-төккен жергілікті халық қалаулыларымыз да қол ұшын беруге жарамай отыр, -- дейді Р.Бейсенова, Г.Төреханова, Р.Құдайбергенова, К.Бурсуковский және басқа бір топ ауыл адамдары ашына сөйлеп.
Өзенге жақындау тұста шайынды су жиналатын арнайы шұңқыр бар. Сасық су сонда жиналып, арнайы насос арқылы тиісті орынға төгілу керек. Алайда, насостың істен шыққанына біршама уақыт болып қалды. Жиналған су шұңқырдан асып, өзенге құйылып жатады. Жаңбыр жауған күндері, тіпті, көбейеді.
- Бұл канализация бұрын мұнай барлаушы мекеменің балансында болатын, -- дейді ауыл әкімі Батырхан Әшетов. – Сонау 1958 жылы салынған. Соңғы жылдары қараусыз қалып қойғаны рас. Кейін ол «Мұнайшы» ауылдық тұтынушылар кооперативіне өткенімен, мардымды ештеңе істей алмай отыр. Насос істен шыққан, құбырлардың да әбден тозығы жетті. Бұл мәселе күн сайынғы бас ауруымызға айналды. Оны жөндеу қолымыздан келмейді. Өткен жылдың қараша айында аудан әкімінің шешімімен аудандық «Ленгір таза су» коммуналдық кәсіпорнының меншігіне өткен болатын. Насосты жөндеп, құбырларды қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен 15 миллион теңге шамасында қаржы қаралып жатыр екен. Сол қаражат аударылса, мәселе шешілуі тиіс.
Тозығы жеткен канализация құбырлары бүгінде әр жерден жарылып, тесіліп, шайынды су өзенге құлайды. Жерге де сіңеді. Ұйыққа айналған шұңқырлар да бар. Оның ішінде не жоқ десеңізші. Сасық иіс мұрынды жарады. Кейбір тұстан сасық су жер астынан бұлақ болып та шығып жатады. Бұл суды малдың ішпеуі мүмкін емес. Ал ол малдың сүті, еті ішіп-жеуге қауіпті екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. «Мәселеге тиісті азаматтардың мойын бұруы үшін ВИЧ індеті секілді міндетті түрде адам өліп, үлкен дабыраға ұласуы керек пе? Ол кезде тым кеш болатынын неге түсінбейді басшылар? Олардың жаны ашымаса, бұл келеңсіздікпен күресуді біз де тоқтатпайтын боламыз» деп белді бекем буып отыр жәбір көрген жергілікті тұрғындар. Иә, құс екеш құс та балапанын қауіптен қорғайды емес пе? Ал бұл жерде бүкіл ауыл азаматтарының тағдыры таразыға түсіп тұр. Бір ауыл десек, шындыққа жанаспауы мүмкін. Өйткені, Бадам өзені Шымкентті қақ ортадан кесіп өтетін Қошқарата өзеніне, Қошқарата Арысқа құяды. Ал өзендердің жағасында қаншама халық тұрады. Сонда әр ауылдан өзенге осыншама қоқыс, зиянды заттар тастала берсе, өзен ауру ошағына айналып шыға келмесіне кім кепіл? Неге бұлай? Тұрғындардың өтінішін орындамай аудан әкімі Батыр Көшербай қашанғы созбалаңға сала бермекші? Әлде өзі таза ауа жұтып, таза су ішіп жүрген соң әкім әжетханадан шыққан сасық судың мәселесіне алаңдамайды ма? Әйтеуір әкім Батыр Көшербайды сол ауылға көшіріп апарып көрмесе көпшіліктің мәселесі жуық арада шешілмейтін түрі бар.
Шадияр Молдабек