Шымкентте медакадемияны жабумен мәселе шешілмейді
Өткен жылдың қараша айында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласына арналған республикалық кеңес өтіп, сол жолы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының атына өткір сын айтылған еді. Содан бері «оқу орнын парақорлық жайлап, Шымкентте бітірген дәрігерлерді ешкім жұмысқа қабылдағысы келмейтін күйге жетіпті» деп Президенттің өзі қатты сынға алған медициналық академияда дүрбелең мен дүрлігу басталып көпшіліктің көзқарасы екіге жарылу салдарынан айтыс-тартыстың, дау-жанжалдың жалыны әлі басылмай тұр. Алдымен ректор Орынбай Дайырбековті қызметінен босатып, қатаң шара қолдануға кіріскен денсаулық сақтау министрілігі бұл оқу орнын жабу жағын, сөйтіп орнына фармацевтикалық мамандарды даярлайтын білім ошағын қайта құру мәселесін ойластырып жатса, бұған келіспейтіндер, медициналық академияны сақтап қалуға мүдделілер де өте көп. Облысымыздағы елге сыйлы ардагерлер қауымы мен денсаулық саласында ұзақ жыл тер төгіп зейнеткерлікке шыққан байырғы дәрігерлердің мемлекет басшысының атына хат жолдап, оқу орнының жабылмауы сұрануы осның айғағы. Таяуда денсаулық сақтау министрінің орынбасары Елжан Біртанов арнайы ат басын бұрып қызу пікіталасқа толы тағы бір жиын өткізді.
-- Біз сіздермен бір кемедеміз, -дейді ол. – Сіздермен қайта-қайта кездесудегі мақсатымыз оқу орнын қалайда жабу емес, қосымша ақпараттарға қанығу. Денсаулық сақтау министрлігінің ұйғарымымен арнайы комиссия құрылып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының материалдық-техникалық базасын, профессор-оқытушылық құрамын тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Ондағы мақсат -- оқу орнын фармацевтикалық мамандарды даярлайтын оқу орны етіп қайта құру мүмкіндігін зерттеу. Оқытушылардың, ата-аналар мен студенттердің де ой-пікірін бірнеше рет тыңдап, оның қорытындылары туралы үнемі үкімет пен денсаулық сақтау министрлігіне баяндап келеміз. Алдын ала жасалған жобалар да жоқ емес.
Елді сабырға, түсіністікке шақыра отырып сөйлеген вице-министр Елжан Амантайұлы ұзағынан көсілді. Ұққанымыз, оқу орны жабылған жағдайда бірде-бір студент немесе ұстаздар қауымы далада қалмайды екен. Ұстаздарға өтемақы төленіп, барлығын да жұмыспен қамту мәселесі шешімін табатын болады. Қайта даярлау курсынан өткісі келетіндер үшін де жан-жақты жағдай жасалғалы тұр. Өзге өңірде оқуға мәжбүр болған жағдайда студенттер ең алдымен жатақханамен қамтылмақ. Әлеуметтік қолдау негізінде ақылы бөлімде оқитын шәкірттерге де грантқа ауыстырылатын мүмкіндік қарастырылуда. Мұндай жағдайда үкімет 1498 студентті тегін оқытуды міндетіне алады. Бұл бірінші жоба.
Екінші жоба бойынша академия Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрамына енгізілмек. Қазір бұл оқу орнының материалдық-техникалық базасы күшейген үстіне күшейе түсіп, медицина мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп отыр. Облыс орталығында үлкен клиникасы болса, қасиетті Түркістан қаласында тағы бір соңғы үлгімен салынған клиниканың іске қосылуы жақын. Студенттер алысқа барып оқуға қиналады десе, осы жобаның іске асырылуына күш салынбақ.
Бұл екі жоба бойынша да Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі тарапынан барлық шығын есептелініп, оған қаржы бөлу жағы алдын-ала қарастырылған. Бұл жан-жақты ұсыныстарды қарау барысында жасалып отырған долбар ғана. Осы долбар негізінде денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жоба жасалып, үкіметке жолданатын болады. 1-мамырға дейін. Әрі қарайғы шешім шығару үкіметтің құзырында.
Облыс басшысы Асқар Исабекұлы осы мәселе төңірегінде министрлікке үш бірдей үшбу хат жолдапты. Онда қазіргі оқып жатқан студенттердің оқуын осы оқу орнында бітіруіне қолғабыс жасауын сұраныпты. Бұл ұсыныс та бір «вариант» ретінде қаралмақ. Қалай болған күнде де өтірік-өсекке, алып-қашты әңгімелерге жол беруге болмайды.
Е. Бекмұратов, Медициналық академияның оқытушысы, ғылым докторы, профессор:
- Президентімізді бәріміз де жақсы көреміз, сол себепті де сайладық. Елбасының саясатын толық қолдаймыз. Менің ойымша Президенттің айналасындағы адамдар толыққанды, нақты, дұрыс ақпарат бермей отыр. «Екі мың студент емдеу факультетінде кешкі бөлімде оқиды екен» деген мәлімет шындыққа мүлдем сәйкес келмейді ғой. Ондай келеңсіздік болған да емес, болмайды да. «Диплом сатылады» деген әңгіме де өтірік. Барлық медициналық мекемелерде біздің оқу орнын бітіргендер жұмысқа қабылданбасын деген жазу тұр дегенге келіспейміз. Жыл сайын өткізілетін мамандар жәрмеңкесінде біз дайындаған мамандарға деген сұраныстың жоғары екеніне көз жеткізуге болады. Шәкірттеріміздің арасында алыс-жақын шетелдерде беделді қызмет етіп жүргендер жетерлік. Студенттердің «біз осылай кете береміз бе, біздің құқығымызды кім қорғайды, оқу орнының басшылары қайда?» деген секілді әңгімелердің туындап отырғанына қынжыламыз. Бұған ректорымыз да, проректорымыз да үндемейді. Ректор «оқу орнын жабуымыз керек, президенттің айтқанын орындауымыз тиіс» дейді. Өтірік айтсам, міне, ректордың өзі алдымызда отыр. Сонда біздің жағдайымызды кім ойлайды? Біздің сұранарымыз: қазіргі оқып жүрген студенттер осында бітірсін, ол уақытқа дейін ұстаздар қауымы да өзіне лайықты жұмыс тауып алады.
...Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы кәсіподақ ұйымының төрағасы:
-Президенттің айтқанын орындау керек, орындаймыз да. Бірақ, дәл қазіргі жағдайда не істеу керек? Шауып тастау керек пе? Бұл оқу орнында отбасылы студенттер де дәріс алады. Олар ертең басқа қалада қалай күн көрмек? Міне, осыны жақсылап ойланғанымыз дұрыс. Егер нақты жабу керек болса, бірте-бірте, біртіндеп іске асыру керек. Сонда барлығы да рет-ретімен орнын табады. Байырғы ұстаздар да, жас мамандар да, студенттер де. Бұл оқу орнын ашу, қазіргідей жағдайға жеткізу жолында қаншама адамның тері төгілді, еңбегі сіңді. Енді бір күнде құрта салуға болмайды. Оның үстіне дәл бүгінгідей кадр тапшылығы кезінде. Мамандардың жетіспеушілігі салдарынан оқу орнымыз маманмен қамтамасыз ететін үш облыс, яғни Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында ана мен бала өлімі көбейіп, аурушаңдық артып барады. Алматы, Астанада оқып келген мамандарды шалғай ауылдарға тарту өте қиын. Ал ауылдарда ауру асқынып барады. Сол жағын да назардан тыс қалдырмау керек. Мен оқу орнының дәл қазір жабылуына қарсымын. Мен ұжыммен біргемін, кемеден қашқан егеуқұйрыққа ұқсағым келмейді.
Оңтүстік Қазақстан Медицина Академиясы жоғарыда айтылған үш облыстың медицина саласына маман даярлайды. Облыстың бетке ұстар азаматтарының Президенттің атына жазылған үндеуінде Оңтүстік Қазақстан облысында 700, Жамбыл облысында 400, Қызылорда облысында 300-дей маман жетіспейтіндігі айтылған. Кейбір шалғай ауылдарда дәрігер түгілі фельдшер де тапшы. Ал осы өңірлерде соңғы 5 жылда аурушаңдық 5,6 пайызға артса, ана мен бала өлімі де жылдан жылға көбейіп барады. Әліге дейін үйінде босану үстінде көз жұмған аналар кездеседі. Ал бұл академия осы өңірлерге қажетті медицина мамандарының 54 пайызын ғана дайындай алады екен. Алдын ала жасалған сараптамаға сенер болсақ, алдағы екі жылда екі мың маманға дейін жетіспеушілік сезіледі екен. Академия дайындаған мамандардың 60 пайызы ауылдық жерлерге жұмысқа орналасады деген мәлімет бар.
Әрине, Академияның оңтүстік өңірі үшін қажет екені анық. Алайда, жоғарыда айтылған ана мен бала өлімінің, аурушаңдықтың артып жатқандығы маман жетіспеушілігінің ғана салдарынан деп айту қиын. Бұл жерде дәрігерлер біліксіздігінің де себебі бар. Оның үстіне Академияда парамен ұсталғандардың бар екені де жасырын емес. Сол себепті сапаға көңіл бөлуді оқу орны оқытушыларынан бастаған жөн секілді.
Облыстың денсаулық саласын басқарып отырған Әнуарбек Маймақов тарапынан Академия төңірегіндегі дауға бейтарап саясат танытатыны байқалды. Оның «апам да жақсы, атам да жақсы» деген сыңайдағы көзқараспен жалпақшешейлікке салынуы түсініксіз. Ешкімге де, елге де жаманатты болғысы келмей бейтарап саясат ұстануынан кім не ұтады? Елдің, жергілікті тұрғындардың денсаулығын ойлауға ең алджымен жауапты адам сол емес пе?
"Рейтинг" газеті