Тендерден теңге сауу енді тоқтай ма?

Oinet.kz 09-05-2009 997

Тендер –теңге сауудың көзі, оңай олжаның нақ өзі, сыбайлас жемқорлықтың нағыз бастау алатын ордасы екені баспасөз бетінде жиі қозғалып жүр. Мемлекеттік сатып алуға байланысты заң бұрмалаушылық, бұра тартушылық төңірегінде қанша мәрте шу шығып, талай жауапты адамдар құқық қоғау органдарының құрығына да іліккенімен бәрібір келеңсіздіктердің жолын кесу тиылмай тұр. Тендерден теңге сауу жалғасын тауып жатыр.  Не істеу керек? Облыстың жаңа әкімі Асқар Мырзахметов жаңаша бастама көтергеніне көпшілік үлкен үміт артып отыр. Бұл қандай бастама? Айтайық.  Тендерді өткізуде сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында мемлекеттiк сатып алудың бiрыңғай ұйымдастырушыларына өзгерiстер енгiзiлдi. Мәселен, республикалық бюджеттен бөлiнетiн нысаналы трансферттер мен облыстық бюджет қаржысы есебiнен қаржыландырылатын облыс әкiмдiгiне тиесiлi заңды тұлғалар және мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорындар, шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорындар үшiн тауарлар, тағы да басқа нысаналы трансферттер бойынша  облыстық қаржы басқармасы айналысады.  Бiлiм беру, мәдениет, дене шынықтыру және спорт нысандарын салу бойынша мемлекеттiк сатып алудың бiрыңғай ұйымдастырушысы болып облыстық құрылыс басқармасы бекiтiлдi. Әкімнің бастамасы жемқорлықтың жолын кесіп, бастаған тірлігі баянды болсын дейміз. Бірақ бұған әркімнің әр қилы көзқарас танытуы заңдылық. Сонмен...

Нұрлан Сейтжаппаров, облыстық мәслихаттың депутаты: 

- Бұл шараның  қандай нәтиже беретінін айту қиын. Жемқорлық осындай бір ғана қадаммен шешіле салатын мәселе емес. Кеме бар ма теңіздегі, соны тот басып кетсе не болады?

- Суға батып кетеді. 

- Міне, біздің бүгінгі қоғамның жағдайы сондай. Барлық саланың түкпір-түкпірін  тот басып кеткен. Сондықтан, осы шара қабылдағаннан өзгеріп кетуі мүмкін емес деп ойлаймын. Әрекет жасау керек, әрине. Жаңа әкім келді. Оның бастамалары  нәтижесін беріп жатса жақсы. 

- Айталық, лингафон кабинеті, физика, химия, биология пәндері кабинеттерін жабдықтау ісі қаржы басқармасына берілді. Бұған не дейсіз?

- Қаржы басқармасындағылар мектепке ненің керектігін қайдан білсін? Бұл жерде жалғыз амал – арнайы комиссия құрып, оның құрамына мамандарды кіргізу керек. 

- Конкурстық комиссияларды бұдан былай орынбасарлар емес,  басқарма бастықтарының өздері басқаратын болды. Бұл жауапкершілігін арттыру үшін жасалған қадам деп түсіндірілді. 

- Комиссия төрағалығына бастығын қой, немесе орынбасарын қой – одан не өзгереді? Ештеңе де өзгермейді. Бұдан нәтиже шықпайды. 

- Жалпы, мемлекеттік сатып алуда сыбайлас жемқорлықты қалай жоюға болады?

- Ол өте қиын, себебі оның мың жолы бар. Мемлекеттің қаржысын ұрлаймын деген адам қалайда жол табады. Негізі, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның сапасы өте төмен. Мәселен, құрылысқа қатысты кім арзан баға беретін болса, сол тендерді ұтуып алуы керек деген талап бар. Мен айтамын –  100 миллион теңгеге салып беремін деймін.  «Мен 110 миллионға саламын» деп сен шығасың. Үшінші біреу келеді де «мен 50 миллионға барлық жұмысты бітіріп беремін» дейді. Құны 100 миллион теңгелік құрылысты 50 миллионға еш уақытта сала алмайсың ғой. Ал ол тендерді жеңіп алған соң «баға өсіп кетті» деген  түрлі себеп-сылтауларын айтып, ақырында мемлекетті 200 миллион теңгеге түсіреді. Заңның өзінде шикілік бар. Мысалы, бұрын облыста құрылысқа қатысты екі мекеме бар еді. Ал қазір ше? Құрылысшылардан сұрап көрші, крандары бар ма? Техникасы бар ма? Қолында он екі де бір сайманы жоқ мекемелер тендерді жеңіп шығады.   

Рахым Тәңірбергенов, облыстық мәслихаттың депутаты. 

-Әркім тендерді сала-сала бойынша өткізуі дұрыс деп есептеймін. Мемлекеттің сатып алу конкурсы  ашық өтіп, бюджеттік қаржының шашырамай, тиімді әрі көзделген мақсатқа жұмсалғаны жөн. Өз басым тендерге қатысып жүрген адам емеспін. Енді тендер өткізудің негізгі жауапкершілігі облыстық қаржы басқармасына жүктеліп отыр. Бұл тендердегі былық-шылыққа тосқауыл қоюдың орнына ауруды асқындыратыны анық. Оған қоса басқарма бастықтары тендердегі комиисияға орынбасарлары еемес өздері қатысса жауапкершілігі күшейеді деу де далбаса. Бұрын бастықтар тендерді өзіне қолайлы адамдарына жеңіп беруі үшін  орынбасарлары арқылы от көсеп отырған ғой. Енді өз қолымен көсейді, түсіндің бе? 

- Әдетте тендер наурыз айында өтетін. Бұл жолы тым созылып кеткен секілді. Қаржының игерілмей қалу қаупі бар ма? 

- Әрине, қауіп бар. Мысалы, мектептерге азық-түлік, ауруханаларға дәрі-дәрмек  жеткізу деген сияқты салалар бойынша тендерді  қаңтардың ортасына дейін өткізіп қою керек. Ол болса әлі күнге дейін өткізілген жоқ. 

- Ертең не болады сонда?

- Ақша біреудің қалтасына кетеді, басқа түк те болмайды.  

- Осы  мәселені депутаттар неге көтермейді?

- Мен бұл мәселені өткенде  мәслихатта қозғадым ғой. Бірақ, әріптестерім қолдамай қойды.  Қолдағандар болды, алайда,  ұсынысымды дауысқа салмады.  

- Ренжімейсіз бе?

- Әрине, ренжимін. Осындай қиын-қыстау кезеңде мемлекеттік қаржының дұрыс игерілуін барынша қадағалаудың орнына үнсіздік танытуымыз ұят-ақ.  

 Клара Әліпова, «Азаматтық Альянс» ассоциациясының төрайымы: 

- Бұл енді қолға алынып жатқан жаңа әкімнің жаңа бастамасы болғандықтан, қорытындысын көрмей, білмей ешқандай баға бере алмаймын. Менің ойымша, қаржының бір жерден берілуі дұрыс та шығар. Бірақ, бағыттар бойынша жұмыс істейтін комиссиялардың құрамына міндетті түрде мамандар кіруі тиіс. Айталық, үкіметтік емес ұйымдардың қазіргі жай-күйін толық білмейінше, олардың ұсынған жобаларына баға беру мүмкін емес. Өкінішке қарай, ішкі саясат басқармасынан басқа органдар бұл жайлы ештеңе де білмейді. Негізі, қаржының қайдан түсетіні  біз үшін бәрібір. Ең бастысы, бұл мәселемен сауатты, мән-жайды білетін азаматтар шұғылдануы тиіс. Барлық салаға бірдей көзқараспен қарауға болмайды, әр бағыттың өзіндік ерекшеліктері болады. 

Бізді алаңдататыны – тендерді өткізу мерзімінің тым кешіктірілуі. Егер біз қаржыны  мамыр айының басында алып, жұмысқа кірісіп кеткенімізде, бәлкім мемлекеттің қаржысын жылдың соңына дейін толық игеруге үлгерер едік.  Ал қазіргі жағдайда не істейтінімізді білмей отырмын. Тендер әлі  жарияланған да жоқ. Алғашында ішкі саясат басқармасы тендерді жариялап, артынша уақытын бірнеше рет созды. Кейін тіптен жойылды. Осындай «чехарданы» мен әлі көргенім жоқ. 

Комиссия төрағалары болып басқарма бастықтарының тағайындалуынан ештеңе де өзгермейді. Ең бастысы, сол комиссия дұрыс жұмыс істеп, ондағы мүшелері білікті мамандар болса жеткілікті. 

Қайбір жылы мынадай оқиға болған. Мектепке азық-түлік жеткізу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, онда бұл тендерді киім тігумен шұғылданатын фабрика жеңіп алды. Масқара ғой. Тендерді жеңіп алған соң не істейді? Азық-түлік жеткізумен айналысатын фирманы жалдап, екі ортада жоқ жерден табыс тауып отырды. Осындай жағдайларды болдырмау үшін тиісті шаралар қабылдау қажет. Тендерге құжат өткізген мекеме ең әуелі конкурсқа қатысу құқығына ие болуы тиіс. Яғни, тиісті базасы болуы қажет. Үкіметтік емес ұйымдарға келер болсақ, кей жағдайда құрамында жалғыз-ақ қызметкері бар ұйымдар да жеңімпаз болып танылып жатады. Олар ештеңені де тындырмайды. 

  Қайрат Сапарбаев, облыстық мәслихаттың депутаты: 

  -Менің ойымша, мектеп, аурухана құрылысы секілді күрделі жобалар бойынша тендерлер облыстық құрылыс басқармасының құзырында қала берсін.  Ал, құны 200 миллион теңгеге дейінгі кішігірім мемлекеттік сатып алу конкурстарын  аудан әкімдері өткізгені жөн. Бұлардың қатарына негізінен  мектеп, аурухана секілді мекемелерді жөндеуден өткізуге байланысты тендерлерді жатқызуға болады. Неге? Қазір барлығының айтып жүргені – жұмыссыздық. Ауылды жерде  жұмыссыздардың саны қанша екенін  Шымкентте отырған шенеуніктерден гөрі ауданды басқарып отырған азаматтар әлдеқайда жақсы біледі. Ауыл тұрғындары  жұмыс іздеп облыс орталығына келмейді ғой.  Сондықтан, бұл істі аудандарға берген жөн.  

Мемлекеттік сатып алуды негізінен  қаржы басқармасына беріп қойғанына ренжудің реті жоқ. Себебі, мемлекеттік сатып алуды бір орталықтан жүргізген тиімді. Сонда әркім ойына келген бағаны көрсететін әдетін қояды.

"Рейтинг" газеті

«Самал» базарындағы өрт бақталастықтан туды да?
Шымкентте медакадемияны жабумен мәселе шешілмейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу