Ақын Тәжіметов: «Қызым «Желтоқсан көтерілісінің» ызғарына ұрынды»
XX ғасырдың басында қазақ жерін билеп, төстеген Голощёкин мен Сталиннің тұсында қазақ халқы өз тарихындағы аса ауыр кезеңді басынан өткерді. Тыныш жатқан көшпелі қазақтарды басынып, орыстар ойына келген саясатты жүргізді. Алдымен қазақтар «қужақ» деп атап кеткен, қатыгездігімен танылған Филипп Голощёкин байларды қудалап, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп, күшпен малдарын тартып алды. Мұның ақыры 1932-33 жылдары орын алған ашаршылықа әкеп соқтырды. Сол жылдары 2 миллион 500 мыңнан астам қазақтан айырылдық. Біздер 1723 жылдары жоңғар шапқыншылығы кезіндегі «Ақтабан шұбырынды» мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де дәл мұндай қырғынға ұшыраған жоқпыз. Қазақтың соры мұнымен де бітпеді. Сталиннің солақай саясаты ақазақты қынадай қырды. Қазақтың қамын ойлаған зиялылардың барлығын халық жауы етіп, талай адамдардың тағдырын ойыншық етті. Қарсы келген ер азаматтардың бәрін қырды, атты, жойды. Олардың ұрпақтарына, туған-туыстарына, тіпті көз таныс достарына дейін қудалып, күн көрсетпеді. Осындай Кеңестік нәубеттен көзі ашылмай, жастайынан азап тартқан, бүгінде 80 жасты алқымдаған Ақын атамыздың да әкесі сол репрессияның құрбанына айналған. Бүгінде Шымкент қаласында тұратын Ақын атамен жанына батқан жарасын тырнау үшін емес, сырласу үшін әңгімелескен болатынбыз.
- Ақын ата, Cталиннің солақай саясатының құрығына ілінген әкеңіздің өмір жолы қалай өрілді, жалпы ол қандай адам еді?
- Ата-бабам өз заманының дәулетті, бай кісілері болған. Атам Арап Арыс қаласында мешіт салдырып, балаларға мұсылманша сауат аштырған. Үш рет қажылыққа барған. «Ақмешіт» деген жерде асыл тұқымды жылқы өсіріп, патшаның Арыс, Ташкент, Түркістан, Черняевка, Әулиета, Верный қалаларындағы атты әскеріне жылына мыңнан аса жылқы сатып отыраған. Әкем де мал шаруашылығымен айналысқан, сауаты да болған. 1932 жылы елді жаппай ашаршылық жайлаған кезде Торғай облысынан талай жұрт Оңтүстікке ағылады. Оның ішінде әкем және оның інісі Пәкентай да болды. Арыс қаласына келген олар сол жерден әкелерінен қалған малдарының көмегімен «Еңбекші», «Талапты», «Қоғалы» колхоздарын ұйымдастырып, халықты аштықтан құтқарады. Әр үйге өздерінің малдарын бөліп береді. Алайда, қазақтың көре алмаушылық қасиеті олардың түбіне жетті. Бір үзім нан таба алмай отырған заманда малдарын өз қаным, қазағым деп үлестіріп беріп, асқан жомарттық танытып жүрген әкем мен інісін өз ішіндегі адамдары «бұлар шонжардың тұқымдары, байдың балалары, халық жауы» деп ұстатып жібереді. Ол байларды кәмпескелеп, көзі ашық, көкірегі ояу қазақтардың барлығын ұстап, түрмеге қамап, жұрттың үрейін ұшырған зұлмат жылдар еді ғой. Шенділерге жағымпаздық танытқандар ақыр соңында әкем мен інісіне жала жауып, темір қапастың арғы жағынан бір-ақ шығарды. Сөйтіп, 1937 жылы бір күннің ішінде ағайынды екеуін «Албастысайда» атып тастаған. Сол кездің өзінде Оңтүсітк Қазақстан облысының өзінен 120 мыңдай адам атылған екен. Әкем бақилық болған кезде мен анамның құрсағында едім. Сондықтан, анам АЛЖИР-дің апанынан аман қалды.
- Әкем сауатты кісі болған деп қалдыңыз. «Халық жауы» деп жала жабылуына сол да себеп болған шығар?
- Ия. Ол кезде әйтеуір әр нәрседен ілік іздей берген ғой. Әкем өз әкесінен араб, парсы тілдерін үйренген, аударма ісімен де айналысқан. Анамнан және көзін көргендерден естуім бойынша, әкем ұлы Абайдың әкесі Құнанбаймен дос болған екен. Бірде Құнанбай Меккеге қажылыққа баратын сапарында 50 түйе керуенімен әкемнің үйіне келіп, Меккеден «Тақия» деген керуен сарай салдырғалы бара жатқандығын айтып, оны қасына ертіп алады. Әкем 30 түйе керуенімен Құнанбай екеуі сапарға аттанады. Арада 15-17 жыл өткенде алға қойған мақсаттарын жүзеге асырып, елге діндар болып оралады. Одан кейін әкемнің молдалығы да болған. Дұғасының күштілігі сондай құтырған, қызылшамен ауырған және көз тиген балаларды, шаян, құрт, жылан шаққан адамдарды да дем салып емдеген. Ол заманда дәрі, дәрігер деген болмаған, адамдар ауру жақындарын арқалап, молдаларға қаралатын болғандықтан, әкемнің үйінен жұрттың қарасы үзілмеген. Әкем түрмеде жатқанда маған күзетші болып істеген бір кісі мынадай қызық оқиғаны айтып берген еді. Түрмеде әкем жатса да намазын ешқашан қаза етпеген көрінеді. Бірде дәрет алып отырса әлгі күзетші Василий құманын теуіп жіберіпті. Сонда су төгілмек түгілі, бір тамшы су жерге түспеген екен. Сол оқиғалардан кейін түрмедегі адамдардың барлығы әкемнің тегін адам еместігіне көздері жеткен. Бірақ, бұл қаситетін көпшік жерде жасырып жүрген, өйткені орыстар молдаларды дүмше, көзбояушы деп айыптап, маза бермеген.
- Осы жағдайлар сіздің өміріңізге қаншалықты әсер етті?
- Әкеміз атылған соң анамның Арыс қаласынан бір қадам аттап шығуына рұқсат етпеді. Негізі төрт ағайынды болатынбыз. Менен үлкен екі әпкем ашаршылықтан қайтыс болған. Артында ұрпақ қалсын деп бірінші кезекте ағам екеуміздің қарнымызды тойдырып, анам бар тапқанын біздің аузымызға тоса берген. Ал, екі қызға беретін азық болмаған соң олар аштан ажал құшты. Кейіннен халық жауының балалары ретінде ағамды Ташкенттегі балалар үйіне, ал мені Арыстағы балалар үйіне жіберді. Сол жерден оныншы сыныпты бітіріп, анамның жанына келдім. Кейін Шымкент қаласына оқуға түсіп, бітіріп шықтым. Бірақ, алдымнан қашанда «халық жауының баласы» деген сөзден құтыла алмадым. Партияға да өтпедім. Колхозда жиналыс болатын болса, бізді «халық жауының әулеті» деп шақырмайтын, тіпті жолатпайтын. 1970 жылы әкем ақталып шыққан соң ғана партия қатарына алындым. Осымен бәрі бітті ғой дегенімде, партиядан тағы да шығып қалдым.
- Неліктен?
- Кеңес өкіметінің солақай саясаты қызым Гүлмираны да айналып өтпеді. Ол 1986 жылы Жамбыл жеңіл өнеркәсібі технологиялық институтының Алматы филиалында 1-ші курста оқып жүрген. Д.Қонаевтің қызметтен кетіп, Колбиннің келгеніне наразы болған ол да 8 қызды ұйымдастырып 18 күні алаңға шығады. Жасақшылардың озбырлығы күшейіп, жастарды итке талатып, қыздарды шашынан сүйреп, желтоқсанның ызғарында суық су шашқан соң, олар бас сауғалап, 12 қабатты үйдің подъезіне тығылады. Кезінде әкемізді ұстап бергендей, қызымды да орыстардың қыспағынан қорыққан сатқындар «нашақор, маскүнемдер, біздің мазамызды алып жатыр» деп құзырлы органдарға хабарлап, ұстатып жібереді. Содан қызымды қамап қойды. Тергеу жұмыстары жүрді, ұрды, соқты. Бұл хабарды ести сала күйеуім екеуміз Алматыға бардық. Өйтіп-бүйтіп милиция лейтенантының жазып берген бір жапырақ қағазы арқылы қызымызды қапастан шығарып алдық. Шымкентте Отырар ауданындағы Темір бекетінде әпкеміз тұратын. Гүлмираны соның үйіне апарып, ер балаша киіндіріп, шашын қидыртып, үйден шығармай, тығып жүрдік. Содан бірден қызымды комсомолдан, институттан шығарып жіберді. Сол оқиғадан кейін қызым тұйық болып кетті. Әлі күнге дейін жан баласымен ашылып сөйлескен емес. Желтоқсанның ызғары бізге де кесірін тигізді. Әйелім облыстық онкологиялық диспансерде дәрігер еді, оны «бұзақы қыз тәрбиеледің» деп жұмыстан босатты, ал мен партия мүшелігінен, қызметімнен айырылдым. Ұзақ уақыт жұмыс таба алмадым. Достарым, ағайын-туыс, көрші-қолаңдарымның барлығының бізге деген көзқарастары өзгеріп, хабарласпай, тіпті амандаспайтын халге жетті. Тәуелсіздік жылдарынан кейін ғана жағдайымыз оңала бастады. Қызым тұрмыс құрып, Алматыға кетті. Қазір балалы-шағалы. Он жыл өткен соң баяғы институтына қайта қабылданып, бітіріп шықты ғой, әйтеуір. Бірақ қанша жыл өтсе де, ол жылдар ұмытылмақ емес.
- Зұлмат жылдардың бәрі артта қалды, тәуелсіздік туы желбіреген бүгінгі күнге деген көзқарасыңыз қандай?
- Аллаға шүкір, қазір еліміздің жағдайы жақсарды. Өз заңымыз, өз құқығымыз бар. Бірақ, тоқшылық заман келген соң, сол жылдары құрбан болған қазақтың нағыз жанашыр азаматтарын естен шығарайын дедік. Әкеме, жастайынан жесір қалып, ашаршылық, репрессия, соғыстың бәрін көрген анама да осы күнге дейін ешқандай құрмет көрсетілген жоқ. Менің де көзімді ашқаннан көріп келе жатқаным аштық, соғыс, қудалау. Кеңес өкіметінен мен де, әулетім де еш жақсылық көрмей өтті. Жарым екеуміз ең аз зейнетақыны аламыз. Үйдегі апаңның да соңғы жылдары денсаулығы сыр беріп жатыр. Бірақ, балаларымның аман-есен жүргендігіне қуанамын. Үш қызым, бір ұлым бар. Үш қызым да Алматыда, үйлі-жайлы. Келінім, немерелерім бар. Осы көрген күніме шүкіршілік айтамын. Тек келер ұрпақ мұндай қиыншылдықтарды көрмей өссе екен деп тілеймін.
- Сұхбатыңызға рахмет. Сізге ұзақ ғұмыр тілейміз!