Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Қазақстан шоудан кенде емес. Түрлі тұрмыстық шоуларды былай қойғанда, телеарналардағы шоулардың есебінен жаңылатын күйге жеттік. 1990 жылдардың аяғы, 2000 жылдардың басында «Хабар» мен «Хабар-2» эфиріндегі «Азамат» , «Майдан» ток-шоулары көрерменге таңсық көрініп еді. Келе-келе бәріне бой үйренді, заңдылық деп қарайтын дәрежеге еттік.
Ток-шоу жалпы Ресей телевидениесіне, одан бері біздің елімізге батыстан келіп жетті. Шындығында, дәл қазір ток-шоу жанрында ерекше жаңалық ойлап табу қиын. Ішінара формасы өзгеріп тұрмаса, бәрінің өзегі бір.
Бүгінде Қазақстандағы эфирлік және кабельдік арналардың бәрінде дерлік ток-шоу бар. Әр арна өз мүмкіндігіне сай әлеуметке қызықты, маңызды мәселені күн тәртібіне шығарады, талдайды. Телевидение заңдылығы бойынша, кез келген хабар (жаңалықтан басқасы) шамамен 1- 1,5 жыл өмір сүреді. Одан әрі не мүлде тарихқа кетеді, не аздаған формалық өзгерістермен, кейде атауын да мүлде жаңартып, аудиторияға қайта оралады. Бұл тұрғыдан келгенде «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы «Айтуға оңай» ток-шоуының ғұмырлы болғанын ерекше атауымыз қажет. Әуелде дәл сол 1- 1,5 жылға жоспарланған жоба эфирден түспегелі 2 жылдан асты. Бұл ток-шоудың шығармашылық тобының жанкешті еңбегінің жемісі екенін ашып айтқанымыз дұрыс. Егер өзекті тақырыптар көтерілмесе, жоба баяғыда жабылып қалған болар еді. Демек, Қазақстанда әлеуметке қатысты мәселе көп және әлі қаншасы эфирге шығуға сұранып, кезегін күтіп тұр.
Көрермен ретінде соңғы жылдары жұртты елең еткізген үш ток-шоуды айтуымызға болады:
1. «Айтуға оңай». Бұл бағдарламада ең бірінші Бейсен Құранбектің жүргізушілік харизмасы көзге ұрады. Газет-журналдарда, телеарналарда ысылған тәжірибелі журналист бағдарлама қонағының көңіліндегісін тап басады, ауа жайылтпайды, ток-шоу тізгінін бір сәтке босатпайды. Бейсен мырза өзінің бір сұхбатында: «Айтуға оңай» маған супертанымалдылық әкелді», – депті. Қазір қазақстандық көрермен алдына не қойса, соны талғамай жұта беретін аудитория емес. Демек, Бейсен өз аудиториясын тәрбиелей алды. Айтқанына сендірді. Сондықтан да бағдарламасы өміршең. Ток-шоу мақсаты – біреудің мәселесін шешіп, қалтасына ақша салып беру емес, қоғамдық пікір тудыру. Бұл тұрғыда «Айтуға оңай» өз мақсатына жетіп отыр. Дегенмен бағдарламаға бір жаңалық керек. Өйткені, бір формада эфирде үзіліссіз 2 жылдан астам уақыт жүру оңай шаруа емес.
2. «Мүмкін емес». «Еларнада» Дәурен Бабамұратов жүргізген осы ток-шоу қоғамдағы талай былықтың бетін ашты. Жалпысында, қазақ – «сыртқы түгін қампайтып, арығын білдірмеуге» үйренген халық. Анасын ұрып өлтірген, өгей баланың тағдырымен ойнаған, т.б. адами келбеттен айырылған «хайуандардың» шынайы сипатын осы бағдарлама ашып көрсетті. Бір қарағанда, қоғамның мерездерін жайып салу аудитория үшін тым ауыр сияқты. Бірақ өз жарамыздың бетін өзіміз аршымасақ, ол өлі етке айналып, өзімізді өлтіруі мүмкін ғой. «Мүмкін емес» осындай ірі мәселелер көтерді, ең бастысы, тағдырларды арқау ете отырып, төмен деңгейге, отбасылық айқай-шу деңгейіне түскен жоқ.
3. «Айтылмаған әңгіме». 31 телеарна бұл ток-шоуды 2013 жылдың қараша айында қолға алды. Аз ғана уақытта бағдарлама жұрт күтетін хабарға айналды. Мұнда жүргізуші Аман Тасығанға қатысты жұрт пікірі әлі де түрліше. «Көп жағдайда кейіпкер Аманның өзі үшін жаңалық болып отырады» деген пікірдің де жаны бар. Дегенмен «Айтылмаған әңгіме» дәл қазіргі сипатында да өте жақсы. «Қытайды жылатқан қазақ әншісі», «Кім бірінші олимпиада чемпионы?», «Адамдар, кешіріңдер...» сияқты бағдарламалар екі, тіпті үш рет қайталап көрсетілді. 31 арна директоры Бағдат Қожахметов бұл бағдарламаның бірінші шығарылымының өзін 6 мен 54 жас аралығындағы көрермендердің 13,8 %-ы қарағанын айтып өтті. Бағдарлама кейіпкерлері ретінде Еуропадан – Мұстафа Өзтүріктің отбасы, Мәскеуден Әлжан Жармұхамедовтың келуі «Айтылмаған әңгіменің» бәсін көтеріп кетті. Дегенмен бір ғана назымыз бар. Кей хабарларына керекті нүкте қойылмай қалатын сияқты. Мысалы, «қазақтың тұңғыш олимпиада чемпионы кім?» дегенге сол бойы жауап айтылмады. Жүргізуші Жақсылық Үшкемпіров пен Әлжан Жармұхамедовті әншейін қол алыстырып, шығарып салды.
Көршілерде «Пусть говорят» мықты
Ресейде әр ай сайын елдегі үздік ток-шоу анықталып тұрады. Анықтау талаптары да өте қарапайым. «Яндекс» іздеу порталы арқылы мынадай үш шарт орындалады екен:
1. «Яндексте» қаншалықты көп ізделді?
2. Ресейлік интернет-басылымдарда аталу жиілігі.
3. Ізделу аймағы (Ресей аймақтары бойынша)
Осы талап бойынша Андрей Малахов жүргізетін «Пусть говорят» ток-шоуы бірнеше айдан бері көш тізгінін еш бағдарламаға бермей тұр. «Яндекс» іздеу порталында бұл ток шоу «смотреть Пусть говорят» деп 239 563 рет сұрастырылған. «Пусть говорят 2013» деп 206 804 рет ізделген, «Пусть говорят все выпуски» деп 48 082 рет қаралған, «Пусть говорят с Андреем Малаховым» деп көрермендер 14 275 рет іздеген.
Екінші орында – «Жди меня». Бұл іздеу хабары 10 жылдан бері эфирден түскен жоқ. «Яндекс» бойынша оны іздеушілер «Жди меня официальный сайт» деп – 17 458 рет, «бесплатно, Жди меня» деп 19 788 рет сұрастырған.
Үшінші орында – «Давай поженимся». Лариса Гузееваның шоуы да «Яндекс» бойынша іздеудің алдыңғы сапында.
Дәл осы «Яндекс» телевизиялық шоуларға ТМД елдері ішінде Беларусь тұрғындарының көптеп қызығатынын да анықтапты. 9 464 000 тұрғыны бар Беларусьтан әр 1 мың адамға шаққанда 0,61 адам «Яндекстен» ток-шоуларды іздейді екен. Ресей тұрғындары – екінші (143 400 000 адам, әр 1 мың адамға – 0,34). Үшінші ретпен Украина тұр (45 590 000 адам, әр 1 мың адамға 0,29 адам). Қазақстанның көрсеткіші – төртінші.1697 000 адамның әрбір мың адамына шаққанда 0,14 адам «Яндекс» бойынша ток-шоулар іздейді екен.
Біздің аудиторияға қандай ток-шоу керек?
Бір қарағанда, қазақстандық аудитория ток-шоулардан кенде емес. Дегенмен түрлі интернет-форумдарды қарастыра отырып, мынадай қажеттіліктер туындап отырғанын байқауға болады:
а) Қазақ және орыс тілдерінде қатар жүргізілетін ток-шоулар қажет. Өйткені, бір ту астында өмір сүріп жатқандықтан, екі тілді аудитория да екеуіне ортақ мәселелердің талқылануын күтеді екен. Әдетте қазақ тілді ток-шоулардың көпшілігінде орыс тілді қонақ сөзі аударылып беріледі. Бұл дұрыс та. Дегенмен мәселе ортақ болғасын, оны тыңдағысы келетін орыс тілді отандастарымыз да бар болып шықты. 7 арнадағы Майя Бекбаеваның «Выход есть» ток-шоу осы бағытты ұстанып та жүр. Бірақ көп жағдайда студияға келген қазақ тілді қонақ орысша сөйлеуге тырысады. Майя да бетін қақпайды. Бір жолы баласы Сирияға атттанып кеткен ана дәл осы ток-шоуда сөз алып, көп нәрсе айтқысы келді. Алайда тілі жетпеді. Артынша қазақшаға көшті. Демек, таза қазақ тілінде хабар тарататын «Қазақстан» арнасынан өзге арналар бұл тәжірибеге жүгініп көруге болады. «Айтылмаған әңгіме» ток-шоуында да қос тіл қатар қолданылатын тұстар бар.
ә) Орыс тілді аудитория да ток-шоуды қажетсінеді. Алексей Шахматов КТК арнасында жүргізетін «Наша правда» ток-шоуы көбінесе «сарыжағал» сипат алып кетеді дейді форумшылардың бір бөлігі.
Әрине, мұндай мәселеге назар аударуға да болар еді. Алайда Қазақстанда тұрған соң, ауасын жұтып, суын ішіп, ұрпақ өрбітіп отырған соң, қазақ тілін еркін біліп, кез келген әлеуметтік мәселені қазақ тілінде шешкенге не жетсін...
Есей Жеңісұлы