Мөлдір Бақытжанқызы: «Мен жолы болған әншімін»
- Мөлдір, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдап, кәсіби әнші атандың. Ендігі жоспарың қандай?
- Алматы - өнер, мәдениеттің ошағы. Қолға дипломды алғасын осында қалуды ұйғардым. Қазір ару қала Алматыда шығармашылық жұмыстармен айналысып жатырмын. Оқып жүргенде де шығармашылықтан қол үзгенім жоқ. Сол аралықта Лондонға, Парижге, Мәскеуге гастрольдік сапарлармен барып жүрдім. Енді бар уақытымды, энергиямды өнер жолына сарп етудемін. Алла жазса жеке альбом және бейнебаян түсіруді жоспарлап жүрмін.
- Жақында «Ұнатамын» атты эстрадалық бағытта жаңа бейнебаяның шықты. Бұлбұл үнді опера әншісінің эстрада бағытына ауысып кеткені көптеген тыңдармандар үшін күтпеген жаңалық болғаны рас. Ендігі бағытың қандай болмақ?
- Мен тоғыз жасымнан бастап операмен кәсіби түрде айналысып келе жатқан әншімін. Сондықтан менің операны тастауым мүмкін емес. Шынымды айтсам бала күнімнен бастап операға қалай қызықсам эстрадаға да солай бүйрегім бұрып тұратын. Тіпті, эстрада жанрында әндер жазғанмын. Оны тек үйде өзім шырқап жүретінмін. Содан бір күні анам «Әндеріңді неге өзің айтпайсың?» деп қолқа салғасын эстрадаға бет бұра бастадым. Өнердің қыры көп. Дегенмен опера мен эстрада екі бөлек әлем. Алайда маған екі жанрда да ән салған ұнайды. Алдағы уақытта екеуін де қатар алып жүрмекпін.
- Өнер жолында кімді үлгі тұтасың??
- Жалпы мен өте әсершілмін. Барлық танымал әншілердің маған ұнайтын тұстары бар. Іздеген қасиеттерімнің барлығы бір адамның бойынан табылуы мүмкін емес. Сондықтан да олардың барлығы мен үшін үлгі.
- Продюссерің бар ма?
- Мен өзімді жолым болған әншімін деп санаймын. Өйткені менің продюссерім – анам. Әлемді қанша шарласаң да анаңдай жанашыр, қамқоршы жан таппайсың ғой.
- Опера әншілері елімізде емес шетелде көбірек бағаланып жатады деген пікірге қосыласың ба?
- Бұл пікірмен келісуге болады. Алайда бұл опера әншілерімізді отандастармыз бағаламайды деген сөз емес. Тек атақты опера театр, сахналардың көбісі шетелде орналасқан. Соңғы кездері еліміздегі Астана, Шымкент секілді ірі қалаларда опера театрлары ашылып, халықты қуантуда. Бұл операның Қазақстанда дамып келе жатқандығын білдіреді.
- Шетелге жиі сапарлайтын жастардың бірісің. Әлемнің қай бұрышы саған ерекше әсер етті?
- Осы уақытқа дейін көптеген қалаларда болдым. Бәрі де өз алдына бір ерекше әлем. Дегенмен маған Лондонның ауа-райы ұнайды. Қатты суық емес, жазы да жайдарлы. Ал Испанияның халқы қазақтарға ұқсайды екен. Сондай жайдарлы, қонақжай.
- Дауысыңды, сырт келбетіңді қалай күтесің?
- Дауыс ерекше күтімді талап етеді, онсыз болмайды. Әсіресе ұзақ жасқа дейін ән айтатын болсаң ерекше күтім керек. Мысалы кәсіби әншілердің өзіне күніне 2-3 сағаттан астам дайындалуға болмайды. Ал енді ғана ән айтуды бастап келе жатқан әншілерге 15 минуттан артық дайындалмағаны дұрыс, өйткені дауысқа ауыртпашылық салуға болмайды. Дауыс- өте нәзік келеді, ол да зат секілді тозады. Ұйқың дұрыс қанбаса да даусың дұрыс шықпайды. Әнші деген спортшы сияқты, әрдайым формада болуы керек. Ал сырт келбетімді бір қалыпта ұстау үшін арнайы диета ұстанбаймын. Тек тым тойып тамақ жемеу керек, салауатты өмір салтын ұстанамын.
- «Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды» демекші, өзіңе сөз салып жүрген сері жігіттер бар шығар? Жалпы Мөлдірдің көңілінен қандай жігіттер шығады?
- Шынымды айтсам қазір бар ойым шығармашылықта. Сондықтан дәл қазір тұрмысқа шығу ойымда жоқ. Мен кейде адамдарды түсінбеймін. «Болашақ жарымның бойы ұзын болса екен, көзі қара болса екен» деп сипаттап жатады. Ғашық болсаң бұл талаптардың барлығы «жайына» қалады емес пе?!. Себебі ғашық болсаң оның кемшілігін көрмейсің. Сондықтан маған мынандай жігіттер ұнайды деп алдын ала айта алмаймын.
"Рейтинг" газеті