Сәкен Майғазиев, әнші: «Түсімде ылғи қалың көрерменді көретінмін»

Oinet.kz 30-07-2019 961

7272903.jpg

Уайым-қайғысыз, алаңсыз өткен қайран балалық шаққа саяхат жасасаң, қайта оралғың келмейді. Кіндік қаным қазақтың талай дарынды ұлдарын дүниеге әкелген киелі Созақ өңірінде  тамды.  Бүгінде ортамызда ойнап-күліп жүрген анам он құрсақ көтерген. Мен отбасында тоғызыншы ұлмын. Өнер қаннан дариды емес пе?! Әкем Қордабай кезінде ауыл арасына белгілі күйші болған. Генерал Асқаров, жазушы Мұхтар Әуезовтің тағы да басқа атақтылардың көзін көрген. Мұхтар аға Созақ өңіріне келген кезде әкем қасында күй тартып жүрген екен. Ал анам медицина саласында қызмет етті. 

Бес-алты жасымда Созақтан Шу ауылына көшіп бардық. Бала кезімнен тай-құлындай тебісіп өскен Бағдат есімді досым бар еді. Жүктерімізді көлікке салып, көшіп бара жатқанымызда Бағдаттың  көлікке жармасып «Мен де Сәкенмен бірге Шуға барамын» деп мені қимай жылағаны есімде. 

Денемде қал көп болғандықтан бала күнімде «Қалдыбек» атандым. Жастайымнан өнерге бейім болдым. Неге екенін қайдам, дауылпаз ойнауға сондай құмар болдым. Әр түрлі шыны құтыларды жинап алып ағаштың бұтағымен соларды даңғырлатып жүретінмін. Одан қала берді сөредегі бар кітапты бірінің үстіне бірін қойып соларды ұрдым. Кейіннен дауылпазды ұруға кәдімгідей машықтанып алдым. Тіпті тойларға шығатын болдым. Әлі есімде үшінші сыныпта болуы керек өзге өнерпаздармен бірге көрші ауылға тойға бардым. Менің міндетім дауылпазда ойнау. Сонда бойым дауылпаздан көрінбейді де, әйтеуір ұрып жатқан қолдарым ғана байқалады. Сол кезде 150 сом тұратын кішкентай Рекорд деген теледидарлар енді шығып жатса керек. Той иесі маған сыйлық ретінде соны берді. Бұл менің алғашқты табысым болатын.  Алайда қайтарда көлігіміз бұзылып, екі күн дегенде үйге әзер қайттық. Әбден уайымдап отырған әке-шеше, бауырларымды сонда теледидармен қуантқанмын. Алтыншы сыныптан бастап ұдайы тойларға шығып жүрдім. Ән айтпаймын, тек барабанда отырамын. Жексенбі күндері мүлдем босамаймын. Әкемнің бір айлық табысы 100 сом, ал анамдікі 70 сом болса мен аптасына 50 сом әкеліп тұрдым. Қазір ойлап қарасам сол кездің өзінде мен той бизнесті бастап кеткен екенмін ғой.    Шаң-топыраққа аунап өскен біз асықты әбден ойнадық. Асық жинап, бояп, оған  қорғасын құюдың өзі бір өнер. Ауыл балаларының сүйікті ойындарының бірі футбол. Ол кезде тор жасап, қақпа қою деген түсінік жоқ, екі жаққа тас қоямыз болды. Бәрінен де қиыны доптың табыла бермейтіндігі. «Ойбай пәленшенің үйінде доп бар екен, кеше қаладан әкеліпті» деген сыбысты естісек болды дереу сол үйге доп сұрауға барамыз. Теледидардан футбол көріп отырып, ойыншылардың доптарды бірінен соң бірін алмастырып жатқанын көріп «шіркін, бізде де осындай доп болса ғой» деп армандадық. Әйтеуір, барымен базар деп жамау-жамау доппен де футбол ойнадық. Мектепте баскетболды тәп-тәуір ойнадым. Бойым  ұзын болмаса да шеңберге допты дәл түсіретінмін. Допты шеңберге қабырғаға өрмелеп барып салудың шебері болдым. Кейіннен бұл «Сәкеннің бросогы» деп аталып кетті. 

Өздеріңіз білетіндей Оңтүстіктің жазы ыстық болады. Аптап ыстық күндері, әсіресе түстің кезінде  шомылуға кетіп қаламыз. Сонда  аға-әпкелеріміз бізді соңымыздан қуып, ұстап алады да ұрысып үйге ертіп келеді. «Күнге күйіп кетесіңдер, одан да ұйықтаңдар» деп үйдің кішкентай бұзықтарын жатқызып қояды. Далада небір қызықтар қалып бара жатқанда қайдағы ұйқы. Есік-терезені сығалап сыртты аңдимыз. Әпкелеріміз бізді ұйықтатып тастап өздері қауын-дарбыз жеп отырады. Осылайша бір-бірімізді аңдып жүріп, ұйқыға кетеміз. Осы күнге дейін Алланың құдіретіне таң қаламын. Көзім ілінсе болды орындарынан түрегеп тұрып қол шапалақтап жатқан қалың көрерменді, халықты көретінмін. Бұл да болса Жаратқанның маған берген аяны болар.  

Мектепте тәртіпті, жақсы оқушылардың бірі болдым. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрдім. Кітап оқуды жақсы көретінмін. Балаларға арналған қазақ, әлем әдебиетін түгелі таусытып шықтым десем қателеспеймін. Әр жексенбіде кітапханадағы Баян апайға барып үш-төрт кітапты қолтықтап кетемін. Бір аптада соның бәрін оқып, орнына тағы да үш-төрт кітап әкетемін.   

Мектепті бітірген соң өнер-білімнің қайнаған ортасы Алматыға Қалижан ағаммен  бірге келдім. Бұл 1992 жылы болатын. Чайковский атындағы музыкалық колледжге оқуға тапсырып едім, нота білмегендіктен түсе алмадым. Ауылдан келген бала нотаны қайдан білсін. Бір жылдан кейін Ж.Елебеков атындағы республикалық  эстрада-цирк колледжіне тапсырдым. Құдай оңдап, нота білмесек те дауылпазда ойнай алатын қабілетімнің арқасында студент атанып кеттім. Кейіннен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында білім алып, магистартурасын да тәмамдап шықтым.   

Кезінде ұшқыш болуды қиялдаған балалардың бірі мен едім. Қазір анамның жүз жасында төрт көзіміз түгел жиналып отыруды армандайтын болдым.   

Мұрағаттан, 2017 ж

Мөлдір Бақытжанқызы: «Мен жолы болған әншімін»
Бақыт Шадаева: «Мен нағыз «южанкамын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу