Гүлмәрия Барманбекова: «Кемпірбай ақыннның ұрпағымын деп оқуға түсіп кеттім»

Oinet.kz 06-08-2019 1165

15894826_1710518155875815_5365255444219937845_n.jpg

Гүлмәрия Барманбекова, тележурналист

Мектеп қабырғасында оқып жүргенде өте белсенді, озат оқушылардың бірі болдым. Жыл сайын мақтау қағазын алатынмын.  Мүмкін бала арманым  болар жатсам тұрсам құдайдан сахнаға шығатын әртіс болсам деп сұрандым. Сегізінші сыныпты бітірер кезде мектеп директоры  «Сенен мықты мұғалім шығады», – дегесін, педучилищеге түсуге бел будым. Сонымен 1965 жылы Тараз қаласындағы  Абай атындағы педагогикалық училищеге құжат тапсыратын болдым. Сонда ұстаздарым Тәшкенбай ағай мен Дүрдәна тәтей үйіне шақырып алып   «Мұндай сегіз грамота ешкімде жоқ. Тірі жанға ұстатушы болма! Тура директордың өз қолына тапсыр!» деп айтқандары есімде.Ұстазымның сөзі заң: директордың өз қолына тапсырамын деп, құжаттарымды қабылдау комиссиясына көрсетпей қойдым. Ол орнында жоқ екен, әжептәуір күттік. Бір уақытта еңгезердей алып біреу есіктен кіріп келе жатты. «Бұл кісілер неғып отыр?» – деді бізді көріп. «Мына бала құжаттарымды директорға ғана тапсырамын деп болмай отыр». «Кір онда!». Анамды ауызғы бөлмеде қалдырып, өзім кірдім. Төрде отырған директор таудай болып көрінді. Бір қағаздарға шұқшия қалыпты. Аздап қаймығайын дедім. Көзінің астымен ұрлана қарағанын байқап қойдым. Үнсіз. Дереу өзімді қолға алдым. Ауылдың қызы оңай шағылатын жаңғақ деп кім айтыпты. Көрсін, кім келіп тұрғанын алдына дедім де мақтау қағаздарымды жаймен ғана сөмкемнен бір-бірлеп шығарып, директордың алдына жайып жатырмын. «Қараңыз!». Иегіммен меңзеп қоям. Қасымды сәл керіңкіреп маңғаздана қалдым. Оның өңі ептеп жылынайын дегендей. Күлімсірей басын шайқап: «М-м-м! Осының бәрін өзің оқып алдың ба, жоқ әкең қойға сатып алып берді ме?». «Оны педучилищеге түсіп оқығанда білетін боласыз!» деп, тақ ете қалдым. «Педучилищеге түскенде де осылай оқисың ба?». «Қабылдамасаңыз, сізге серт, оқымасам, маған серт!». Директор қарқылдап күліп жіберді. 

...Қойшы әйтеуір, «дай хлеб» дегеннен басқа бір ауыз орысша білмейтін «Просто Мария» – Гүлмәрия ақыры педучилищені  қызыл дипломмен бітіріп шықтым. Қоштасу кешінде баяғы директор Достай Еселбаев: «Мен де, Гүлмәрия да сертімізде тұрдық», – деп, төрт жыл бұрынғы эпизодты қайта жаңғыртып, дүйім жұртты ду күлдіргені есімде. 

Училищені бітіргесін ҚазМУ-ге түскім келді. Сөйтсем  қызыл дипломы барлар ҚазМУ-ге екі-ақ сабақтан емтихан тапсырады екен. Екеуінен де «5» алсаң – жұлдызыңның жанғаны. Біреуінен «4» алсаң, сорым қайнады дей бер.  Алғашқысы- шығарма жазудан міндетті мүлтіксіз орындадым. Енді, міне, қазақ әдебиеті мен қазақ тілін қосып, ауызшы емтихан жүріп жатыр. Педучилищеде қазақ тілін бүге-шігесіне дейін «кемірткені» мұндай абырой болар ма?  Грамматикалық талдау. Емтихан алушылар тақылдаған қара қызға дән риза. Қара торы, жазық маңдай, ұзын бойлы, әдеміше келген ағайдың дөңгелек көздері сүйсінгеннен одан сайын дөңгелене түскендей болып көрінді. Әдебиетті жатпай-тұрмай оқып, бір кітапты түгел жаттап алғам. Енді міне «5» деген бағаға ие болғалы тұрмын.  Ол үшін арнайы емтихан комиссиясының төрағасын шақыртып, қосымша сұрақ қоюы шарт екен. «Сайрап тұр ма?» – деді төраға келісімен. «Сайрап тұр!». Емтихан алушылардың бірі апай екен, ол да жаны қалмай қостап жатыр. Мұндай зерек баланы сирек кездестіретінін де айтып қалды. «Онда, қой «бесті!». Төраға шығып кетті. Қосымша сұрақ қоймады. Мұнысы несі? Дөңгелек көз ағай жан-жағына жалтақтай берді. Кенет бір нәрсе есіне оралды білем, маған тесіле қарады. Алдында жатқан тізімге шұқшия түсіп: «Осы сен қыз... Фамилиям Кемпірова дедің бе?». Өзі даусын созып, тәптіштеп сөйлейтін қызық кісі екен. Тағы не боп қалды екен?! Менде зәре жоқ. Іштей бағасын қоймай ма тезірек деп тұрмын. «Осы сен өзің Кемпірбай ақынның ұрпағынан емессің бе?». Кемпірбай ақыны кім еді, тағы?! Бітті шаруам! Дәп осы құрып кеткір қосымша сұрақ бүткіл тағдырымды шешеді-ау менің! Кім біледі, болсам болармын деп ойладым іштей. Соншама жылдамдықпен санамды шарлап өткен үрей тасқынын тұншықтырып тұрып: «Иә!» дегенімді байқамай да қалдым. «Бә-әсе, бә-әсе! Өзім де сезіп едім! Асылдың тұяғы!». Ағай жерден жеті қоян тапқандай қуанды. Қолын шапалақтап жіберуге шақ тұр. Көз шарасына күн ұялағандай. Ерекше нұрланып кетті. «Сен оқымағанда бұл университетте кім оқиды?!». Сөйтті де, қаламының ұшын қатты басып тұрып, «5» қойып берді. Осылайша  студент болдым да кеттім. Кейін білсем, әлгі кісі Сұлтанғали Садырбаев екен.

Айнұр Асанқызы,

Мұрағаттан, 2016 ж

Сатыбалды Нарымбетов, кинорежиссер: «Бекмаханов Кенесары ханды зерттеймін деп 25 жылға сотталған»
Оңғарбек Алхаров, фотограф: «Селфидің арқасында ақымақтар, құр мақтаншақтар көбейіп кетті»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу