Сатыбалды Нарымбетов, кинорежиссер: «Бекмаханов Кенесары ханды зерттеймін деп 25 жылға сотталған»
Сатыбалды Нарымбетов, кинорежиссер
Жақында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда жазушы, белгілі кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» фильмінің Шымкенттегі тұсаукесері өтті. Жерлестерінің алдында қызын ұзатқандай толқыған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «бұл менің туған өлкем алдындағы алғаш есеп беруім» дейді.
«Мұстафа Шоқай» кинокартинасын қоспағанда тарихи тақырыпқа бұған дейін бойлап көрмеп едім. Мұстафаны түсірер кезде көптеген мұрағаттарды ақтарып, тарихи деректерге қанық болдым. Қазақ тарихында біз білмейтін ақтаңдақтар көп екен. Соның бірі Абылай ханның соңғы ұрпағы Кенесары хан туралы докторлық диссертация қорғаған белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың өмір жолы. Бүгінде жасы тоқсанға келген тарихшының жары Халима апамыз бен үлкен ұлы Ерікпен жақсы таныспын. Соңғы кинокартинамды түсіріп болған соң Халима апамыздың маған бір кездері сыйлаған тарихшының тағдырына әсер еткен дискуссиядағы стенограммасы есіме түсіп кетті.Міне, бәрі содан басталды. Фильмдегі көптеген көріністер сол Халима апамыздың айтқандары мен құжаттарға сүйеніп түсірілді. Түсірілім барысы өте сәтті аяқталды. Фильмге тағыбір өзек болған оқиға, ол досымның саяжайындағы жағдай. Бірде жақын досымның саяжайына қонаққа бардым. Онда жаңадан көршілер қоныстанып жатыр екен. Неге екенін қайдам айнасы бар шкаф үйге кіргізілмей сыртта қалып қойды. Сонда қанден ит айнаға қарап өзінен-өзі шәуілдеп үре кетті. Сонда маған мынадай ой келді. Демек бұл ит айнаны бірінші рет көріп тұр. Айнаның арғы бетіндегі бейнесін танымаған ит бөтен итке үріп тұрмын деп ойлайды. Міне, біздің қазақ та Бекмахановқа солай жасады. Тарих – халықтың айнасы. Ал Бекмаханов сол тарихты ұлтымызға ашып көрсетті. Өз тарихын танымаған қазақ «бандит» болған Кенесарыны насихаттады деп өзіне тап берді. Фильмдегі айтар ойым осы еді. «Аманат» - менің тарих алдындағы перзенттік парызымның бірі»,- дейді ағынан жарылған режиссер.
Фильмнің желісі бірнеше уақыт аралығын қамтиды. Нақтырақ айтсақ, қазақ даласындағы ХІХ ғасырдың орта тұсы — Кенесары ханның тәуелсіздік жолындағы күресі, ХХ ғасырдың ортасы және 50-жылдардың басы көрсетілген. Алаш арысы Бекмаханов ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшысы Кенесары Қасымұлының ерлігін зерттеймін деп неше түрлі пәлекетке ұшырайды. Оның докторлық диссертациясын мәскеуліктер бір ауыздан қолдап, небәрі 35 жасында доктор атағын бергенімен, өз қазағы оны құрдымға кетірді. Қызғаныштың қызыл етімен 5 күнге созылған дискуссияда Бекмахановты әріптестері қаралайды. Бұл іс соңында сот процесіне ұласады. Одан қала берді КГБ қызметкерлері тарихшының әрбір қадамын аңдып, жақындарына, дос-жарандарына да зиянын тигізеді. Соңында зерттеулері үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылады. Фильмде тоталитарлық жүйенің құрбанына айналған Бекмахановтың ащы тағдыры суреттелген. Басты рөлдерде Берік Айтжанов (Ермұхан Бекмаханов), Қарлығаш Мұхамеджанова (әйелі — Халима), Санжар Мәдиев (Кенесары хан), Әзиз Бейшеналиев (КГБ қызметкері), Ерден Тілемісов (журналист) ойнайды. «Басты рөлге лайықты актерді мен іздеген жоқпын. Өйткені Мұстафа Шоқайды түсіріп жатқанда Берік эпизодттардың бірінде ойнады. Сонда болашақта талантты актерға арнап образ жасаймын деп өзіме уәде еткен едім. «Аманаттың» сценариін жазып жатқанда менде Берік Халима Бекмахановаға ұнамай қалады ма деген қорқыныш болды. Бірақ Халима апамыз керісінше актердің марқұм күйеуіне ұқсайтынын айтып, қуанып қалды», -дейді кинорежиссер.
Фильмде Бекмаханов жайлы мақаласын жариялай алмай алмай жүретін тағы бір персонаж - журналист Рамазан Думан бар. Режиссердің айтуынша ол ойдан шығарылған образ емес екен. «Астанада Думан Рамазан деген журналист бар. Ол қазақтың соңғы ханы Кенесары жайлы кітап шығарған. Мен тек оның аты мен фамилиясының орнын ғана ауыстырдым»,- деді автор.
Көрнекті ғалымның өмір жолы арқылы тарихтың біраз беттерінен сыр шертетін кино қазіргі таңда АҚШ-та көрсетіліп жатыр. Бұған дейін Барселона, Германия, Польша жұртшылығының назарына ұсынылса, көктемде Токио көрермендері тамашалайтын болады.
Сіз не дейсіз?
Дулат Исабеков, жазушы:
«Аманат» фильмі Сталиннің өлімімен аяқталуы керек еді
Жалпы, Сатыбалдының кәсібилігіне күмән келтірген емеспін. Режиссердің қолынан кино түсіру келеді. Нарымбетов - Француз кино өнері академиясының Жорж Сэдуль сыйлығының иегері. Мұндай марапатқа Кеңес Одағы көлемінде небәрі 5 режиссер қол жеткізген.
Ал фильмге келетін болсақ түсіру техникасы өте жоғары. Бірақ әттеген-айлары бар. Мәселен фильм 1952 жылмен аяқталады. Меніңше 53 жылмен, яғни Сталиннің өлімімен және Бекмахановтың түрмеден босатылуымен аяқтау керек еді. Бекмахановты көзіммен көрген адаммын. Бостандыққа шыққаннан кейін бізге ҚазҰУ-де сабақ берген. Кинокартина ішкі нарық үшін жаңалық бола қоймас. Себебі репрессия тақырыбы бізге таңсық емес. Ал шетелдіктер үшін фильмде біраз танымдық дүниелер кездеседі. «Аманат» арқылы олар қазақтың ғалымдары болғанын, Ресей үкіметі тарапынан репрессияға ұшырап, азапты ғұмыр кешкендерінен хабардар бола алады. Ал кинодағы түрмедегі азаптау көріністері Голливуд үшін мүлдем жаңалық емес. Себебі олардың эпизодттары бұдан да қорқынышты. Фильмдегі тағы бір кемшіл дүние Кенесарының дәуірі. Өз басым кинодан ханның кіммен соғысып жатқанын, әскерінің қайда жорыққа кетіп бара жатқанын түсіне алмадым. Кенесары оқиғасын толықтыра түскенде нұр үстіне нұр болар еді. «Біткен іске сыншы көп» демей ме, дегенмен іштегі ойды жасырып қала алмаймын. Фильмде КГБ қызметкерін қырғыздың актері Азиз Бейшеналиев сомдапты. Мен ол актердің «Мұстафа Шоқайды» сомдағанына да қарсы болып едім. Қазақта одан өзге талантты, мықты актерлар жеткілікті ғой. Сатыбалды бұл туындысына да қырғызды таңдапты. Тағы бір айта кетерім қазақтың ана тілінде түсірілген тамаша фильмін орысшаға аударудың қажеті шамалы еді. Қанша дегенмен аудармада айтар ой толық ашылмай қалады.
Сөзімді түйіндесем «Аманат» - классикалық үлгіде түсірілген өмірбаяндық фильм. Қазақ киносының ішіндегі озық фильмдердің бірі болады деген сенімдемін.
Мұрағаттан, 2016 ж