Ерболат Нұрмаханов: «Индустриалды аймақтарда мамандар даярлау дамуға бастайды»

Oinet.kz 14-07-2019 1032

Screenshot_10.jpg

Ерболат НҰРМАХАНОВ, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты

Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты  Қазақстан халқына арнаған 2015 жылғы 30 қарашадағы Жолдауында «Бізге техникалық кадрлар дайындау жүйесін барынша дамыту қажет. Техникалық және кәсіби білім беру инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс. Бұл үшін Германиямен, Канадамен, Австралиямен және Сингапурмен кадрлар дайындау орталығын бірлесіп құру керек. Олар бүкіл еліміз үшін техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің моделі болады» деді.  Н.Назарбаев Үкіметке 2017 жылдан бастап жүзеге асатын «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасын жасауды тапсырған болатын. Елбасының аталған тапсырмасын өңірде жүзеге асыруды қолға алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кәсіпкерлермен өткізген келелі кеңесте кадр тапшылығын жоюдың тың тәсілін ұсынды. Бұл Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ерболат Нұрмахановпен болған сұхбатымыздың өзегіне айналды.

– Ерболат Жақыпұлы, сіз билік партиясының тізімімен сайланбаған депутаттың бірісіз. Осы тұрғыдан алғанда облыста атқарылып жатқан жұмыстарға сырткөз болып баға беріп көрейікші...

– Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев айтқандай, барлық мемлекеттік мекемелер Шымкентте болғандықтан жұмысымыз да, проблемамыз да ортақ. Сондықтан сіз ойлағандай ел сенімін ақтауда менің қалалық мәслихаттың депутаты ретінде билік партиясында болуым міндетті емес. Және артықшылығымыз бен кемшілігімізді айту үшін сырткөз болудың қажеті де шамалы. Жаңа әкімнің жұмысына әзірге баға бере алмаймын. Менен өзгелер де сондай пікірде деп ойлаймын. Әйтсе де Жансейіт Қансейітұлының аяқ алысы, әрекеттері жұртты қуантып жатқаны анық. Облыс әкімі болып тағайындалғанына бір ай әлі толған жоқ. Бірақ солай екен де тосылып қалмай өңірдің кәсіпкерлерімен, зиялы қауымымен, басқа да сала мамандарының басын қосып, кеңейтілген келелі кеңестер өткізіп үлгерді. Өзі айтқандай жұмыс күнінің екінші жартысын кәсіпорындарды аралап көріп, олардың мүмкіндіктерін барынша іске қосып, жетілдіруге кірісіп те кетті. Кәсіпкерлермен өткізген кеңейтілген алқалы жиында облыс басшысы кадр тапшылығын жоюдың тың әдісін ұсынды. Ол – индустриалды аймақтарда техникалық маман даярлайтын колледждердің ыңғайластырылған филиалдарын ашу. Бұл біз бұрыннан айтып жүрген дуальді оқытуды толығымен жүзеге асыру болып табылады. Білім берудің мұндай үрдісі дамыған мемлекеттердің барлығында да бар. Бұл шынында да оқытудың 60-70 пайызы практикалық оқытуға жұмсалатын, өндіріс барысында болашақ маманды шыңдайтын тиімді тәсіл. Өйткені біздің техникалық мамандар даярлайтын коледждеріміз дуальді білім беру жүйесіне көштік дегенімен өндірістерімізге қажетті мамандарды оқытып шығара алмай жатқаны жасырын емес. Сосын амалсыз кәсіпкерлер қажетті мамандарды өз қаржыларына шет елдерде оқытып алуға ұмтылуда. Меніңше, индустриалды аймақтарда шағын колледждер жұмыс істей бастаса, кәсіпкерге де, білім беру мекемелеріне де пайдалы болады. Тіпті мұны Елбасымыз Жолдауында Үкіметке міндеттеген, келер жылдан басталатын «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасын іске асырудың алғшарттары десек те болатын шығар. Бұған дейін де талай бастамалармен республикаға үлгі болған Оңтүстік бұл салада да көш бастауы, өнегелі болуы мүмкін ғой.

– Бұрынғы елшінің облыс әкімі болғалы бері елшілермен кездесуінде білім беруде озық елдермен тәжірибе алмасуға ден қойып жатқанынан хабарымыз бар...

– Иә, оның Білім министр болғанын да ұмытпауымыз керек. Облысымызда Англия, Франция мемлекеттерінің жоғарғы және арнаулы оқу орындарымен мұғалімдер даярлау қолға алынуда. Өзіңіз айтқандай, өткен аптада облыс әкімі Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Франсис Этьен бастап келген бір топ делегаттармен кездесу барысында мектеп пен жоғары оқу орындарының мұғалімдерін аталған елге тәжірибе алмасуға жіберу жайын қарастыратынын айтты. Мұндай ізденістер Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасымен облыс орталығында да қолға алынып жатқанын айта кету керек. Кешегі аптада ғой деймін, қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай мен қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева Кэмбридж университетінің профессорларымен кездесті. Олардың құрамында білім саласындағы халықаралық эсперттер де болды.  Облыс және қала деңгейінде өткізілген екі кездесудің мақсаты бір – облыстағы білім жүйесін жақсартып, заман талаптарына сай мамандар даярлайтын ұстаздардың білімдерін жетілдіру. Егер кездесулердің нәтижелері расымен жүзеге асар болса, болашақта кадр тапшылығы болмауы керек.

– Кадрдан қадір қашқан заманда барлық мәселе мұнымен ғана бітпейтінін сіз жақсы білесіз ғой...

– Дұрыс. Десек те облыстың дамуы үшін жасалып жатқан жағдайларды ешкім жоққа шығара алмайды. Сол мамандар орналасатын жұмыс орындары жан-жақты қарастырылуда. Мемлекет басшысы  «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты  Жолдауында «Экономикалық өсімнің өңірлік драйверлерін қалыптастыру маңызды. Барлық инвестициялық жобалар тікелей өңірлерде жүзеге асырылады. Сондықтан, 6 макроөңір – Оңтүстік, Солтүстік, Орталық-Шығыс, Батыс, Алматы, және Астана үшін жеке бағдарламалар жасау қажет. Ірі өңірлік жобалар айналасында шағын және орта бизнесті дамыту керек. Сондықтан, кәсіпкерлікті қолдаудың «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы макроөңірлердің инвестициялық бағдарламаларының бір бөлігі болуы тиіс» деп тапсырма міндеттеген болатын. Таяуда өткен кәсіпкерлермен кездесуі барысында облыс әкімі өңірді өркендетудің 20-30 жылдық даму жоспарын жасауға тапсырма берді. Меніңше бұл облыста артқарылар шаруаларды жүйелеудің тіиімді тәсілі болады деп ойлаймын.

– Мамандар даярлау туралы әңгімемізге қайта оралсақ, бұл тұрғыда кәсіпкер ретінде сіздің де ізденісте жүргеніңіз байқалады. Бірақ, оның негізі арнаулы оқу орындарынан бұрын мектептерде қалыптасады емес пе?

– Әрине, біз ең алдымен олардың іргетасы қаланатын мектептегі білім беруді дұрыс жүйелеп алуға тиіспіз. Ол үшін балалардың білім алуларына барлық жағдайларды жасауымыз керек. Мұны сөз еткенде біз тағы да Елбасымыздың Шымкент қаласын еліміздің үшінші мегаполисіне айналдыру туралы тапсырмасын негізге аламыз. Мемлекет басшысының аталған тапсырмасынан  кейін облыс орталығын дамытудың бас жоспары бекітілгенін бәріміз жақсы білеміз. Бас жоспарға сәйкес аумағы ұлғайған Шымкент тұрғындарының саны соңғы ресми дерек бойынша 904 мыңды құрады. Еліміздегі әрбір бесінші сәби Шымкентте дүниеге келетінін ескерсек, Құдай қаласа келер жылы туу көрсеткіштерімен-ақ миллионер қала атанамыз. Ұрпақ мәселесі сөз болғанда біз міндетті түрде олардың болашағына алаңдаймыз. Қатарларынан кем болмай, қайта алды болсын деп барлық жағдайды жасауға ұмтыламыз. Бұл ретте ең алдымен бізге үшінші мегаполисте балабақша мен мектеп мәселесін барынша шешуіміз қажет. Өкінішке қарай, Шымкентте кейіннен қосылған елді мекендерді айтпағанның өзінде бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ. Мен сайланған Шымкенттің Абай ауданына қарасты №8 сайлау округінде Ақниет, Самал-3, Ынтымақ шағынаудандары орналасқан. Бұл бұрынғы айналма жолдың бойы. Отыз мыңға жуық халық тұрады. Орташа есеппен үш мыңнан асатын оқушы мекендейді. Радиусы төрт шақырымды құрайтын аумақта мектеп пен мемлекеттік балабақша салу қарастырылмаған. Жоқ. Соның салдарынан балалар көршілес шағынаудандардағы мектептерге қатынап оқуға мәжбүр. Тіпті оларды тасымалдау мәселесі де толық шешімін таппаған. 

Бас жоспарға сәйкес Шымкентте көптеген жұмыстар атқарылып жатқанынан жұрт хабардар. Күнделікті өмірде естіп-біліп, көріп те жүр. Күні кеше облыс әкімі қаланы аралап, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Ақжайық шағынауданындағы №59 жалпы орта мектептің қосымша құрылысын, Қайнарбұлақ саяжайындағы 1200 орындық мектептің құрылысын аралап көрді. Нысанның сапасын қадағалаған аймақ басшысы құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтап, онда қолданылатын құрылыс заттарының баланың денсаулығына зиянсыз болуы қажеттігін ескертті. Сонымен бірге, әкім өңірімізде әлеуметтік нысандарды салу жұмыстарына кәсіпкерлерді көптеп тартып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту керектігіне тоқталды. Жекеменшік ғимараттары бар азаматтарға «Балапан» бағдарламасының екінші деңгейі бойынша шағын балабақшалар ашуға мүмкіндік жасау керектігін айтты. 

Облыс әкімі барған бұл екі шағынаудан Самал-3 пен Ақниетке көршілес орналасқан. Демек, оларда да балалар мектепке сыймай жатыр деген сөз. Сайлаушыларым менен бір балабақша мен бір мектеп салып беруге ықпал етуімді талап етеді. Ата-аналар қатынап оқитын білім ұялары алыстау болған соң балалары сабақтан үйлеріне оралғанша алаңдап отырады. Ал, үшінші мегаполистің тұрғындары осылай жанын шүберекке түйіп өмір сүруі керек пе?

– Сонда үш мың оқушы мекендеген аумақта мектеп салу мүлдем қарастырылмаған ба?

– Солай болған. Сосын мен Ақниет шағынауданында қала аумағында қалып қойған айналма жолға жақын орналасқан тойхананың маңындағы игерілмеген бес гектар жерді коммуналдық меншікке қайтарып, сол жерге мектеп пен балабақша ғимараттарын салу мәселесін қарастыруды сұрап, қалалық жер қатынастары бөліміне жазбаша түрде депутаттық сауал жолдадым. Бірақ, бөлім басшысы Қасымбек Сайлауов қажет деп таппады ма, әйтеуір менің 13 шілдедегі хатыма жауап келген жоқ. Сосын қалалық білім бөліміне депутаттық сауал жолдадым. Бөлім басшысы Жанат Тәжиева ол жерде ондай қиыншылық бар екенін білетіндігін, жер мәселесі шешілген жағдайда бірден қалалық әкімдікке ұсыныс тастайтындығын, қаржы қарастырылса алдағы уақытта мектеп салынатын шығар деп әдемілеп сырғытпа жауаппен құтылды. Арада бір айдан астам уақыт өткенде, дәлірегі 26 тамыз күні қала әкімі №1789 қаулы шығарды. Онда қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қ.Сайлауовқа Самал-3 шағынауданындағы 1200 орындық және Ақниет шағынауданындағы 900 орындық мектептердің құрылысына бөлінген жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтарып, тиісті құжаттардың 30 қыркүйекке дейін білім бөліміне ұсынылуын қамтамасыз етуді міндеттеген. Бұған байланысты күні кеше Ж.Тәжиевамен де, Қ.Сайлауовпен де жолықтым. Ақниеттегі мектеп мәселесіне қатысты білім бөлімі тарапынан алдағы уаықтта әкімдікке ұсыныс беріледі. Бәрі ойдағыдай болса, білім ұясының құрылысы келсі жылы басталуы тиіс. Сайлауовтың айтуынша қала әкімінің тапсырмасымен қаулыда көрсетілген жерді қайтару бойынша жұмыстар жүріп жатыр. алдағы уақытта онда мектеп пен балабақша салынуда. Сонда Ынтымақ, Ақниет, Самал – 3 шағынаудандарының  тұрғындарына арналып 2 мектеп, 1 балабақша бой көтерейін деп тұр.

Жалпы, қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлының ұйымдастырушылығын, іскерлігін мойындауға тиіспіз. Елге болса деген оймен қолға алған бастамаларын, жаңашылдықтарын қолдауымыз керек.

Сұхбаттасқан Асылбек ҚҰНАНБАЙҰЛЫ,

Мұрағаттан, 2016 ж

Құрмаш Маханов: «Сурет салудан облыстық жарыста жүлдегер атандым»
Жаңыл Асылбекова: «- 3 деген баға алғанмын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу