Түркістанда патриоттық әндер байқауы өтті
24-10-2022
Құрмаш Маханов, әнші, сазгер
Қайран, балалық шақ адамның алаңсыз жүрген бақытты кезеңі екен. Ата-ананың мейіріміне мұқтаж әр баланың өз әлемі болады. Ол мына жалған дүниенің арпалысынан бейхабар пәк әлемде өмір сүреді. Менің де осындай пәк балалық әлемім Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Өрнек ауылында өтті.
Балабақшаға барып жүргенімде йығына сөмкесін асылып, қолына оқулық ұстаған балаларға қатты қызығатынмын. Мектепке баруға сондай құштар болдым. Ол кезде мектепке жеті жастан қабылдайтын еді ғой. Ал менің жасым алтыда. Жасың жетпейді дегенді бала деген түсінуші ме еді. Мектепке барамын деп әке-шешемнің миын әбден жеген болуым керек. Олар директормен сөйлесіп, әйтеуір, мені партаға отырғызыпты. Содан сөмкемді арқалап мен де мектепке бардым. Сөйтсек сабақ оқу деген мен ойлағандай қызығатын нәрсе емес екен. Бір айдан кейін қызығушылығым басылды ма, шаршадым ба, қайтып мектепке бармай қойдым. Балабақшам жақсы екен ғой деп, сонда қайтып оралдым.
Басқасын қайдам, ауыл балаларына ата-ана шектеу қоя бермейтін. Құрдастармен асық, ләңгі ойнап, асыр салып жүре беретінбіз. Арасында үй шаруасына қолғабыс етуге де уақыт табамыз. Ең қызығы, қой бағу еді. Көктемнің кезі болатын. Әкем жас қозыларды қойлардан бөлектеп берді де, қойды өзі айдап әкетіп, төлдерін маған тапсырып кетті. Қырдың басына бардым да, қозыларды жайып жібердім. Құр отырғанша кітап оқып, уақыт өткізейін деп көк шөптің үстіне жайғаса кеттім. Ана кітаптағы оқиғаның ішіне кіріп кеткенім соншалық, қозыларды мүлдем ұмытып кетіппін. Бір кезде жан-жағыма қарасам жайылып жүрген қозылардың бірі де жоқ. Айналаны бір шолып өттім. Көрінбейді. «Қап, әкем ұрысатын болды ғой» деп үйге қобалжып әрең жеттім. Келсем іздеген қозыларым үйге қашып келіп қалыпты. Сонда әкемнің майлы құйрықтан жақсылап сабағаны есімде.
1979 жылы бірінші сыныпқа аяқ бастым. Ол заманда орыс тілінің дәуірлеп тұрған шағы ғой. Ертеңгі күні қиналмасын деп мені орыс сыныбына берген. Екі ағам, екі әпкем қазақша оқыса, менен үлкен бір әпкем екеуміз орыс сыныбын бітірдік. Гуманитарлық сабақтарды жаным сүйетін. Сурет салуға әжептәуір ебім болды. Қылқаламның арқасында ауыл, аудан, облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрдім. Әсіресе, ұрыс алаңында қаза болған белгісіз жауынгерлердің құрметіне ағаштан жасаған құлыптасым жоғары бағаланды. «Юный техник» журналын қалдырмай оқып, сондағы дүниелерді жасап жүретінмін. Кім білсін әнші болмасам суретші болар ма едім.
Бала кезімде өте қиялшыл болдым. Қырман басындағы гаражға тығылып алып, сағаттап қиялдап отыра беретінмін. Ертегі, әңгіме оқығанда сол оқиғаның ішіне кіріп, кейіпкерлердің жанында жүрдім. Ең алғашқы оқыған кітабым «Алиса в стране чудес» кітабы болатын. Шынымды айтсам әр түрлі қызықты оқиғаларды бастан кешіретін сол сүйкімді қызға ғашық болдым. Кейіннен өзбек фильміндегі кейіпкер Камиланы да ұнаттым. Бір сөзбен айтқанда, өңшең кейіпкерлерге ынтық болыппын ғой. Сыныптағы сабақты үздік оқитын, белсенді қыздарға да қырындап қоятынымды мойындаймын.
Үйдің кенжесі болсам да өте ұяң жігіт болдым. Гитара, домбыраны өз бетімше үйреніп, оңашада анда-санда ыңылдап, ән салып жүретінім бар еді. Мектеп бітірер жылы сол замандағы тәртіп бойынша ер жігіттерді алғашқы әскери дайындық сабағынан бір аптаға лагерге жіберді. Лагерде 9 мамыр - Жеңіс күніне орай ардагерлерге арнайы концерт бердік. Сонда ұялсам да ақ тер, көк терге түсіп алғаш рет көпшіліктің көзінше қолыма гитара ұстап ән шырқадым. Қиялшыл, ұяң жігіт ән салғанда сыныптастарымының бәрі «Құрмаш, сенің де осындай өнерің бар еді?» деп таңқалған. Тәп-тәуір өлең айтқаныма олар түгілі өзім де аң-таң болдым. «Жетінші өнерімнің» барын естігенде тіпті, үй ішім сенбеген ғой.
Шіркін, сол күндер қайтып келмесе де, сағынышпен еске алғанның өзі бір бақыт екен. Он екі жасымда әкемнен айырылсам да анам, бауырларым маған жетімдікті сездірген жоқ. Бақытты балалық шақ сыйлаған сол жақындарыма айтар алғысым шексіз. Өкінішке қарай, мына тас бауыр заманда тастанды балалар көбейіп кетті. Күнәсіз періштелердің жайын толғанып жүректен «Ана деген ат қайда?», «Ұйықтасын тыныш сәбилер» деген әндер туындап еді. 20 қараша Астана қаласында өтетін авторлық кешімде осы секілді балаларға арналған әндер көптеп орындалмақ. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар да ән салатын болады. Мен үшін әрбір сәбидің, әрбір баланың жарқын күлкісінен артық ештеңе жоқ.
Дайындаған: Айнұр Оңғарбай,
«Рейтинг» газеті №41, 27 қазан 2016 жыл