Бақытжан Зиябеков: «Алар асулар әлі алда»
Бақытжан ЗИЯБЕКОВ, №8 қысқы спорт түрінен олимпиада резервінің мамандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры
Жазғы Олимпиада ойындарында спортшыларымыз тұрақты түрде жүлде алып, мерейді тасытып жатады. Биыл 200-дан астам мемлекет қатысқан Риодағы дүбірлі додада 22 орыннан көріне білдік. Дегенмен, Қазақстан қысқы Олимпиада ойындарында жоғары жетістіктерге жете алмай келеді. Мысалы, соңғы 15 жылда біздің құрама бар болғаны 1 күміс, 1 қола алыпты. Негізі, жазғы олимпиада ойындарында қола жүлде алғандар көзге онша түспей, көлеңкеде қалып қойып жатады. Ал, 2014 жылы Сочиде өткен қысқы олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан үшінші орынға іліккен Денис Тенді бүкіл Қазақстан төбеcіне көтерді. Оны еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін таниды десек болады. Себебі, ол ұлттық құрамадағы жалғыз жүлдегер. Одан басқа ешкім көк байрақты желбірете алмады. Түптеп келгенде, бұл салмағы ауыр мәселе. Енді бірер жылдан соң Кореяда қысқы олимпиада ойындары басталғалы жатыр. Бұған дайындық қалай жүруде? Онда біздің спортшылар қоржынға жүлде сала ала ма? Біз осы сауалдарға жауап іздеп, №8 қысқы спорт түрінен олимпиада резервінің мамандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бақытжан Зиябековпен сұхбаттасқан едік.
- Бақытжан Ордабекұлы, ең алдымен өзіңіз басқарып отырған мектеп жайлы ақпар бере кетсеңіз.
- Бұл мектеп Шымкент қаласы әкімінің бұйрығымен 2010 жылы қыркүйек айында ашылды. Ол кезде жай ғана балалар мен жасөспірімдерге арналған қысқы спорт мектебі еді. Кейіннен 2014 жылы «Олимпиада резервінің мамандырылған мектебі» деген мәртебеге ие болды.
Мектепте қысқы спорт түрлері бойынша 5 бөлім жұмыс істейді. Атап айтсам, фристайл, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей және әмбебап жекпе-жек. Қазіргі уақытта бізде 450 спортшы тегін жаттығады. Арасында Халықаралық спорт шеберлері де бар. Оларды 22 жаттықтырушы баптайды.
- Осы уақытқа дейін спорт мектебі қандай жетістіктерге жетті?
Жалпы, бір қуанарлық жайт, Оңтүстік өңірінде қысқы спорт түрлері қарқынды түрде дамып келеді. Біздің оқушылар облыс, республика көлеміндегі біріншіліктерде, түрлі халықаралық деңгейдегі жарыстарда көптеген жетістіктерге жетті. Оның бәрін санамалап отырсам, бұл сұхбат кілең сандарға толып кетеді. Ірі көрсеткіштер де аз емес. Мысалы, мектеп ашылған соң көп ұзамай Астана, Алматы қалаларында VII Қысқа Азия ойындары өтті. Сонда фристайлдан біздің шәкірттер Жібек Арапбаева II, Руслан Аблятифов III орын алды. Оларды Президент арнайы қабылдап, сәттілік тілеген. Осыдан кейін ауыз толтырып айтуға тұрарлық нәтижеге Сочи олимпиадасында қол жеткіздік. Оған біздің мектептен фристайлшы Жанбота Алдабергенова қатысып, 6 орынды иеленді. Бұл біз үшін зор мәртебе еді. Себебі, аталған спорт түрінен көбіне Канада, Швейцария, Норвегия секілді суық өлкелердегі спортшылар өзгелерге дес бермейтін. Жанбота «сен тұр, мен атайын» сынды сайыпқырандар арасынан көзге түсе білді. Міне, сол додадан бастап Жанбота бастаған мектеп оқушылары көптеген жарыстарда жүлделі орындар алып келеді. Ендігі меже – Пхенчхан олимпиадасы. Онда біз ел қоржынына жүлде салуға тиіспіз.
- Балалар мен жасөспірімдерге қандай кеңес айтасыз?
Спортқа ерте жастан бастап қатысқан жөн. Сонда биіктерден көрінуге мүмкіндік туады. Біз балаларды шорт-трекке, фристайлға, шайбалы хоккейге, әмбебап жекпе-жекке 8 жастан бастап қабылдаймыз. Ал, мәнерлеп сырғанауға 4 жастан бастап қатыса алады. Себебі, мәнерлеп сырғанауда спортшы көп бүгіледі, мың сан бұралады. Мәнерлеп сырғанау – тек спорт қана емес, бұл би, бұл өнер. Бұған біздің жаттықтырушылар зор жауапкершілікпен қарайды. Ата-аналар балаларын оқытып қана қоймай, бір сәт спортқа баулып өсірсе деймін. Себебі, спорт – денсаулық кепілі. Ал, бұл дүниеде денсаулықтан асқан байлық жоқ!
Мұрағаттан, 2016 ж