Нұржамал Үсенбаева: «Ғабит Мүсіреповтың батасын алғанмын»

Oinet.kz 14-07-2019 1525

Screenshot_2.jpg

Нұржамал Үсенбаева, Халық әртісі

Апта басында Қазақстанның Халық әртісі, әлемдік сахналарды бағындырған белгілі опера жұлдызы Нұржамал Үсенбаева Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институттың шәкірттерімен кездесу өткізді. Іскер басшы Оңалбай Аяшев басқаратын мақтаулы оқу орны көңілге көркем күй тұндырып, әдемі әсер сыйлайтын мұндай керемет кездесулерді ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы көмейіне бұлбұл ұя салған әнші Шымқаланың аспанын әнімен тербеп, кейіннен жастармен ашық диалог құрды, әңгімелесті, сырласты, құпиясымен бөлісті. Сонымен қазақтың мақтанышы Нұржамал Пернебекқызының жан сырына үңіліп көрейік.

Сөзге шорқақпын

Мен сөзге шорқақтаумын. Баяғыда мен теледидардан ән салып жатсам әкем мақтанып «міне, менің қызым» деп кеудесін қағатын еді. Ал сұхбат беріп жатқан ойын қысқа қайыратын, сөзге сараң қызын көргенде «мынау сенің қызың» деп анама қолын сілтейтін көрінеді. Тұйықтау мінезімнің анама тартқаны рас. Бүгін міне, алғаш рет сіздермен тұп-тура екі сағатқа созылған кездесуде тапжылмай отырып сұрақтарыңызға жауап беріп, сырласып отырмын. Мойындаймын, екі сағат ашық әңгіме құрғаннан гөрі маған екі сағат ән салған оңайырақ. Дегенмен сіздердің көкейлеріңіздегі сұрақтарға барынша жауап бердім деп ойламын.  

Сахнадағы Төлегенім Әлібек болды

Бала күнімде Күләш Байсейітова апамызға пародия жасап, «гәккулетіп» жіберуді ұнатушы едім. Өнерге деген сол бала күнгі ынтызарлық мені кейіннен музыка әлеміне жетелеп әкелді. Вокал әншісі боламын  дегенде әкем «әнші, әртіс болу оңай емес, одан да  пианист болсаңшы» деген соң Шымкенттегі музыка училищесінің пианино бөліміне оқуға түстім. Жатақханадағы бөлмемізде қазақтың маңдайалды әншісі Әлібек Дінішовтың суреті ілініп тұратын. Суретке қарап «шіркін, мен де осындай керемет дауысты әнші болсам ғой» деп армандадым. Оқуды бітірген соң үйдегілердің қарсылығына қарамастан Алматы мемлекеттік консерваториясының вокалдық факультетіне құжат тапсырып оқуға қабылдандым. Бесінші курс оқып жүргенімде режиссер Байғали Досымжанов «Қыз Жібек» операсына Жібекті сомдайтын әншіге қазіргі тілмен айтқанда кастинг жариялады. Өзімді сынап көрейін деп кастингке келдім. Бағымның жанғаны болуы керек Байғали ағамыз қаншама таланттты қыздардың ішінен мені таңдап алды. Ең қызығы, сахнадағы Төлегенім Әлібек Дінішов болды. Сахнада  армандаған әншіммен операны сәтті орындап шықтым. Сөйтсем көрермендер залында қазақтың классик жазушысы, «Қыз Жібек» драмасының авторы  Ғабит Мүсіреповтің өзі отыр екен. Сонда Ғабекең сахнаға көтеріліп, «Міне, менің Жібегім осындай болуы керек» деп маңдайымнан сүйіп, батасын берді. Сол батаменен бүгінгідей дәрежеге жетіп отырмын. Ұлы тұлғаның сол кездегі батасын мен ешқашан ұмытпаймын.

Тыңдаушыларды бөле жармаймын 

Талай мемлекеттердің әйгілі сахналарында өнер көрсеттім. Қайда ән салсам да тыңдаушыларды бөле жарып, таңдаған емеспін. Бірде туған жерім Арыс қаласында жеке концертімді бердім. Кезек Виолеттаның ариясына келді. Мұндай күрделі арияны жерлестерім түсінер ме екен деп ойлап қоямын ішімнен. Арияның зор дауысты қажет ететін ең қиын тұсына келгенде көрермендер орындарынан тұрып, шапалақ ұрды. Сонда мен өнерді қарапайым халықтан артық ұғынатын жанның жоғын сезіндім.    

Мен бақытты адаммын

Өнер жолы әйел адам үшін оңай емес. Үнемі гастроль, концерт деп шапқылап жүресің. Осындайда жаныңда сені түсінетін, қолдау көрсететін жарың болса сенен асқан бақытты әйел жоқ. Сондықтан мен өзімді бақытты жар, ана, әнші деп есептеймін. Себебі мені жақсы көретін, жаныма қуат беріп, өнеріме қанат бітіретін отбасым бар. Нақтырақ айтқанда үш қыз, бір ұлым және тәп-тәтті немерелерім бар.   

Неге жас көрінемін? 

Маған жиі қойылатын сұрақтардың бірі жас көрінуімнің құпиясы. Егер өнер адамы сахнаны, тыңдармандарды сыйласа өз-өзіне күтім жасауға тиіс. Сахна адамы ретінде мен салауатты өмір салтын ұстануға міндеттімін деп есептеймін. Сол үшін фитнеспен айналысып, бассейнге барамын. Отбасыммен серуендеп, табиғат аясына жиі шығып тұрамыз. Бірақ бұл адамның өзін-өзі күтінуінің басты қағидасы емес. Бастысы адам жаман ой, жаман эмоция, жаман істен аулақ болуы қажет. Сонда оның бет-әлпеті, сыртқы пішіні ғана емес жан дүниесі де сұлу болмақ.  

Жеті тілде ән салдым

Біз әр арияны өз тілінде орындауға міндеттіміз. Сондықтан мамандармен арнайы жаттығамыз, дайындаламыз. Осы уақытқа дейін жеті тілде ән салыппын. Әрине, ана тілімнен бастап, орыс, ағылшын, итальян тілдерінде еркін сөйлесе аламын деуге болады. Итальян тілін консерваторияда үйренгенмін, ал ағылшын тілін өз бетімше үйреніп алдым. Неміс тілі өздеріңіз білетіндей мектеп қабырғасынан таныс. Әннің сөзін жаттап алғаннан гөрі мағынасын түсініп орындаған абзал. Себебі опера әншісі сахнада мимиканы көбірек пайдаланады.  

«Толдым» деу тоқырау 

Кезінде мен де сіздер секілді жас болдым, студент болдым. Сонда сахнаға шығып ән айтуды, қазақтың атын әлемге танытуды  армандайтынмын. Сол асқақ арманның жолында әлі де жүріп келемін. Егер адам өзіне «мен толдым, арманыма жеттім» десе, оның жан дүниесі сол мезетте тоқырайды. Сондықтан армандарыңызға жетуден шаршамаңыздар, талмаңыздар.      

Мұрағаттан, 2016 ж

Бағдат Сәмединова: «Ұлдармен төбелесіп өстім»
Бақытжан Зиябеков: «Алар асулар әлі алда»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу