Зеленский: Мәскеуден нақты жауап күтеміз
23-04-2025
Моңғолияда әйелдердің жартысынан астамы жұмыс істемейді. Бұл туралы елдің Еңбек министрлігіне сілтеме жасап, «Монцамэ» ұлттық агенттігі хабарлады.
Министрлік дерегінше, қазіргі кезде моңғол әйелдерінің 48,6%-ы ғана түрлі қызмет атқарады, ал қалғаны үй шаруашылығындағы немесе бала бағумен отыр. Тұрғындарының саны 3,5 миллионнан асатын елдің үкіметі бұл статистикаға алаңдаулы. Үкіметтегілердің байламынша, егер оларды еңбек нарығына тарта алса, мемлекет сырттан еңбек мигранттарын тартудан аулақтай алар еді. Сондықтан мемлекет үйбикелерді еңбекпен қамтуға ерекше мән бермек. Жұмыс күшіндегі әйелдердің үлесін арттыру Моңғолияның жалпы ішкі өнімін 26%-ға өсіруі мүмкін. Балабақшалар желісін арттыру, қарттарға көмек қызметін жетілдіру, бала бағушылар (няня) институтын дамыту және басқа шаралар қабылдау арқылы қолы босаған әйелдердің жұмыс істеуге ынта-ықыласы арттырылмақ. Әзірге, өткен жылдың қорытындысында елдің 15 аймағы мен астанасының 6 ауданын қоса алғанда, балалар ұйымында балалар күтімі жөніндегі жұмысшы болып, 315 әйелдің ғана қызмет ететіні айтылды.
Моңғолияда жұмыс істейтін жалпы саны 1 миллион 196 мың адамның 563 мыңын әйелдер құрайды. Әйелдердің теңдігін Азияда бірінші болып мойындаған Моңғолия гендерлік теңдікті осыдан 100 жыл бұрын қабылдаған тұңғыш Конституциясында бекіткен. Ол құжатта әйелдердің саяси құқықтары танылды, олардың дауыс беру және сайлану құқығына кепілдік берілді. Бүгінде Азиядағы демократиялық даму тұрғысынан ең озық елдердің бірі саналатын Моңғолия нәзік жандылардың Парламентке сайлану мүмкіндіктерін кеңейтуде. Соның нәтижесінде былтырғы маусымда өткен парламенттік додада Ұлы мемлекеттік құрылтайға (хурал) 32 әйел сайлана алды. Бұл – елдегі барлық депутаттардың жалпы санының 25 пайызы. Дүниежүзілік банк сарапшылардың бағалауынша, бұл жетістігі Моңғолияны Парламентте әйелдерге орын ұсыну жөнінен Азияның көшбасшы елінің біріне айналдырды.
Сондай-ақ Моңғолияда Ұлттық сауда-өнеркәсіптік палата жанынан ашылған Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығы банктермен бірлесе отырып, әйел басқаратын немесе қожайыны әйел болатын кәсіпорындар мен бизнес нысандарын жеңілдетілген несиемен, гранттармен қолдайды. Осы орайда аталған орталық «Women Owned» (Қожайыны – әйел!) атты бренд пен сертификацияны ендірді. Бұл бастама әйел кәсіпкерлерді бөле-жара қолдауға және олардың бизнесін ілгерілетуге бағдарланған. Тауарларына «Қожайыны – әйел!» (Women Owned) логотипін басатын компаниялардың саны 50-ден асты. Ондай таңбасы бар ұйымдарға бизнесінің масштабын ұлғайтуға көмек сыртында, біліктілікті арттыру, оқыту бағдарламалары, маркетингтік қызметтер ұсынылады.
Айта кету керек, Моңғолияда әйел басшылар басқаратын компаниялардың үлесі өте жоғары және 68%-ға жетті. Оның ішінде 87%-ы – ұжымы 10 адамнан аспайтын шағын бизнес саналады. Ресми статистика бойынша моңғол елінде 200 мыңнан аса жеке кәсіпкердің 42%-ын немесе 84 мыңын – нәзік болмыс иелері құрайды. Бұл ретте қоғамдық тамақтандыру, сауда, қызмет көрсету, қаржы, білім беру және денсаулық сақтау – Моңғолияда негізінен «әйел кәсібі» саналады. Оларда еңбек ететін барлық персоналдың 72%-дан астамы – әйелдер.