«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Болатбек Тілеубердиев, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті Филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор
- Болатбек Мақұлбекұлы, бүгінгі таңда техникалық мамандықтарға сұраныстың артып, педагогика саласының мамандары көлеңкеде қалып жатқан жайы бар. Қалай ойлайсыз, бұл мұғалімдердің мәртебесінің төмендеуіне себеп болып отырған жоқ па?
- Елімізде техникалық мамандықтарға көп басымдық беріліп отырғаны рас. Қарапайым ғана мысал келтірейін ОҚМУ көп салалы университет болғасын кейде филология факультетіне грант мүлдем берілмей қалады. Үш-төрт жыл қатарынан грант берілмегенін жасырып қайтеміз. Салыстырмалы түрде айта кетейік, ОҚМПИ-ге жылына 200-250 квота бөлінеді. Бүгінде педагог мамандарға мемлекет тарапынан ешқандай әлеуметтік жағдайлар жасалмай келеді. Әсіресе, Оңтүстік өңірінің ұстаздарына жаным ашиды. Себебі, біздің облыста жұмыс орны тапшы. Жас маман жұмыс тапқанына риза болып білім беру мекемелерінде арзымайтын жалақыға жұмыс істеп жүре береді. Мынадай қымбатшылық заманда елу, алпыс мың теңгеге жанбағу қиын ғой. Қазақта «күтушің көңілді болсын» деген сөз бар. Әлеуметтік жағдайы төмен болғасын оқытушының жұмысқа деген құлшынысы да азаяды. Аудиторияға кірген ұстаздың ойы басқа жақта болғасын шәкірттерден не сапа күтуге болады? Қай елдің, мемлекеттің болмасын болашағы - жастарға тәрбие беретін ұстаздарда. Педагогика дұрыс жолға қойылмай мемлекет еш уақытта алға жылжымайды. Педагогика саласы мамандарына сұраныстың артып, сапасы жоғарыласын десек, ең алдымен олардың материалдық жағдайын көтерген абзал. Кеңес үкіметі кезінде ғылым докторлары «обкомның» бірінші хатшысынан да көп жалақы алатын. Ғылым докторларының қолдарына 480 рубльдей қаражат тиетін, ал ғылым кандидаттарына 320-340 рубльдің төңірегінде айлық берілетін. Қазір ғылым докторларына 100-120 мың теңге жалақы беріледі, қарапайым оқытушыларды айтпай-ақ қоялық. Осы ретте айта кететін жәйт, біздің Білім және ғылым министрлігі шетелдік ғалымдарды шақыртуға құмар-ақ. Шетелден шақыртылған ортаңқол білімі бар ғалымдарға жалақы төлеуде министрлік тарапынан жомарттық жасалған. Ал сол қабілетті қазақ ғалымдарының еңбегін дұрыс бағаламайды.
- Қазіргі таңда қызу талқыланып жатқан үш тілде білім беру жүйесінен қазақтың ұтар - ұтылары қанша?
- Біз әсірешіл, «шаш ал десе бас алатын» халықпыз. Инновация, технология, шетелдің тәжірибесі деп білім жүйесіне үш тілді тықпалап жатырмыз. Бұл қазақтың болашағына балта шабатын қате жол. Жақында бір басылымнан мыңға жуық қазақстандық шенеунік миллиардтаған ақшаны қалтасына басып шетелде қашып жүргенін оқып қалдым. Зер сала қарағанда олардың үш-төртеуі ғана қазақ сыныбында оқыған екен. Мұны айтып отырған себебім ана тілінде білім алған азаматтардың отаны – Қазақстан. Тіл – сананы өзгертеді. Ана тілінде сусындап өспеген бала елінің қамқоршысы бола алмайды. «Үш тұғырлы тіл саясатының» арқасында 10-15 жылдан кейін елімізде «жартыбас» адамдар пайда болады. Қалай дейсіз ғой? Адамның бес саусағы әртүрлі болса, баланың деңгейі де әркелкі. Біреуі алғыр болса, енді біреуінің есте сақтау қабілеті төмен болады. Мейлі сабақ үш тілде өткізілсін делік. Бірақ, оны оқушылардың барлығы меңгеріп кете ала ма? Бұған бас қатырып жатқан бірде-бір адам жоқ. Үш тілде сөйлеймін деген балалардың психикасы бұзылады. Бір жағынан ата-ана қысым көрсетсе, екінші жағынан оқытушы оның құлақ етін жемей ме? Оның үстіне бала әке-шешеден көмек сұрай алмайды. Себебі, ағылшын тілін айтпағанда орыс тілін білмейтін ата аналар жетерлік. Кадр мәселесі де толық шешімін таппаған. Міне, осы сатыға келгенде бала тұйықталады. Болашағы бұлыңғыр реформаның нәтижесінде үш тілде шатып-бұтып сөйлейтін, қойыртпақталған мамандар шығады.
- Алайда кезінде қазақ зиялыларының ішінде бес, жеті тілді меңгергендер де болды ғой?
- Әрине болды. Алайда олар сол тілді ауызекі стилінде болмаса ғылыми түрде меңгере алмаған. Ал бұл жерде ғылымды үйрету керек қой. Мамандарды үш айлық курста оқытып дайындаймыз дейді. Үш айда мұғалім ағылшын тілін тек ауызекі сөйлеу дәрежесінде ғана меңгере алатын шығар. Мейлі математика, физика, химияны үйретуге болар. Себебі, бұл салалар сөздік қорды көп қажет етпейді. Ал гуманитарлық пәндер ше? Сондықтан балаға гумантиарлық пәнді орыс, ағылшын тілде үйрету үшін шетелде кем дегенде 3-5 жыл өмір сүріп, ғылыммен айналысу қажет шығар. Егер үш тұғырлы тіл саясаты білім жүйесінде толықтай қолданысқа еніп, жастарға ғылымды өзге тілде үйретер болсақ қазақ тілі тек тұрмыстық, ауызекі қолданыстағы тіл деңгейінде қала бермек. Кезінде Абай атамыз толық адам ғылымын қалыптастырды. Кейіннен Мекемтас Мырзахметұлы кемел адам теориясын зерттеуді жалғастырды. Осы тұлғалардың ілімдерін жастарға бере отырып, толыққанды адам болуға үйретуге талпынып жатсақ бағдарламаны жасаушылар кері сүйреп «жартыбас» адамдардың санын арттыруға тырысып отырғанын қалай түсінуге болады? Қазақ тілінде сауатын ашып, салтын, дәстүрін, тарихын, әлемді танымаған адамның рухы өзгереді. Қысқаша айтқанда үш тілділік жастарымыздың патриотизмін жоғалтады. Дайындықсыз жасалған дүниенің ақыры мемлекетімізді білімсіздендіреді. Әрине, мен тілден қашып отырғаным жоқ. Тек талабы бар, нағыз дарынды балаларды іріктеп Назарбаев зияткерлік мектептері секілді білім ошақтарында, лицейлерде оқытып, қолдау көрсетсін. Бүкіл баланы бір диірменге салуға болмайды. Егер осы бағдарлама шынымен де керемет болса неге өзге мемлекеттер қолданысқа енгізбейді? Сондықтан білім саласына жауапты мамандар бұл тақырып төңірегінде «жеті рет өлшеп, бір рет кессе» екен деймін. Мұның барлығын билікке қарсы шығып, қоғамнан бөлектеніп айтып отырғаным жоқ. Менің қалауым тек қана қазақтың түзелгені. Мәңгілік ел боламыз десек, қазақтың түп-тамыры, діңгегі мықты болған жөн. Егер жастар төл әдебиетімізге, салт-дәстүрімізге, шешендік өнер секілді бабалар аманатына қанығып өссе онда халқымыздың діңгегі мықты болады.
- Кейбір термин сөздердің қазақша аудармасын түсіну қиын. Жалпы қазақ терминологиясының бүгінгі ахуалы қандай?
- Қазіргі қазақ терминология саласында олқылықтар көп. Ғалымдарымыз халықаралық терминдердің барлығын қазақшалап тастады. Ол аударманы өзінен басқа ешкім түсінбейді. Қазақ жастары қазір қазақша оқулықтарды оқудан қашады. Себебі әсіресе, техникалық мамандықтағы оқулықтардағы өңшең аударма, шұбалаңғы сөйлемдерді түсіну, қабылдау студенттерге ауырлау. Ал орыс тілді оқулықтарды жастардың барлығы бірдей оқуға сауаттары жете бермейді. Осылайша шәкірттер не қазақша, не орысша кітаптарды пайдалана алмай, нәтижесінде олар сауатсызданып жатыр. Аудармашы ғалымдардың мұндағы басты қателіктері - баламасын таппаған халықаралық терминдерді аудармау керек еді. Мен әлі де осы мәселені айтып шырылдап келемін. Кейбір термин сөздердің баламасын табатын өз уақыты келеді. Ол бірнеше жыл, ғасырға созылуы мүмкін. Сол себепті «бояушы бояушы дегенге, сақалын бояпты» дегендей бәрін жаппай қазақшалау міндет емес.
- Қазір не зерттеп жүрсіз?
- Қазақ ономастика саласын зерттеуді кандидаттық және докторлық диссертациямды қорғау кезінде бастап едім. Аталған саланы зерттеуді әлі тоқтатқан жоқпын. Оңтүстік Қазақстан облыстық ономастикалық комиссиясының мүшесі ретінде жұмысымды жалғастырып жатырмын.
- Өзіңіз басқарып отырған филология факультетінде журналистика бөлімі ашылғалы жатыр екен. Қалай ойлайсыз, қазіргі «ыстығы көтерілген» қоғамдық саяси аурада журналистер өз ісіне адалдық таныта алып жүр ме?
- Болашақ тіл мамандарын, педагогтарды даярлап отырған факультетімізде 10 мамандық дайындалады. Олар педагогикалық және гуманитарлық бағыт болып екіге бөлінеді. Биылғы жағымды жаңалығымыз екінші шет тілі ретінде студенттерге қытай тілін оқытып жатырмыз. Яғни, бұрын ағылшын-неміс тілін оқытсақ енді сұраныстың артуына байланысты ағылшын-қытай тілінен дәріс берудеміз. Шәкірттерге Қытайдың жетекші оқу орындарынан келген мамандар сабақ беріп жатыр. Тағы бір игі бастамамыз журналистика мамандығын ашсақ деген жоспарымыз бар. Бұрындары аталған мамандықты оқытуға жүрексініп жүрген едік. Себебі, оған материалдық-базалық жағдай, лаборатория, БАҚ пен байланыс болу керек. Биыл тәуекел деп қажетті құжаттарды дайындап жатырмыз. Кадр мәселесін де басты назарда ұстап отырмыз. Егер министрлік рұқсат етсе осы оқу жылынан бастап болашақ журналистерді де дайындайтын боламыз. Педогог, журналист боламын деген жастарды сапалы білім алуға шақырамыз. Журналистика мамандығы елімізде үлкен сұранысқа ие мамандықтың бірі. Себебі халықтың жоғын жоқтап, мұңын айтатын қоғамда орын алып жатқан кемшіліктерді ретке келтіру жолында аянбай еңбек ететін жандар осы журналистер. Сол себепті Қазақстан демократиялы мемлекет болсын десек жалпы қоғамдағы азаматтарға, журналистерге қысым жасамай сөз бостандығын беру керек.
Мұрағаттан, 2016 ж