Назгүл Қарабалина: «Разборканың» ортасында жүрдім»

Oinet.kz 02-08-2016 1552

Screenshot_8.jpg

Назгүл Қарабалина, театр әртісі

Балалық шаққа қайта оралар мүмкіндік болса, барлығымыздың қолымызға «билет» алып, алаңсыз күндерге саяхат жасағымыз келетіні анық. Менің осындай тәтті жылдарым Орал қаласындағы Ақжайық ауданында өтті. Бала күнімде сызылған, нәзік қыз болдым деп айта алмаймын. Кішкене бұзықтау, еркекшора болып өстім. Көбінесе әпкем үй шаруаларын, асхана жұмыстарын өзі тындырып тастайтын. Ал мен асхана дегенге мүлдем жолаған емеспін. Тамақ пісіріп, үй сыпырып, ыдыс жуғанша даланың тірлігін істеу мен үшін әлдеқайда оңай болды. Сол себепті «барып кел, шауып келге» әке-шешем мені жұмсайтын.

Төртінші сынытпа гитарада ойнауды үйреніп алдым. Ол кезде ауылдағы құрдастар бір жерге жиналып гитарамен ән шырқап, әңгіме дүкен құрушы еді ғой. Осындай бейресми кездесулерде әдетте жігіттер жағы гитара тартса, қыздар қосылып ән шырқайды. Ал мен жігіттермен қосылып гитара тартатынмын. Менің балалақ шағым сексенінші, тоқсаныншы жылдарға тура келді. Бұл кезең өздеріңізге белгілі тоқырау жылдары болатын. Ел ішінде ұрлық, қылмыс көп еді. Әсіресе, ауылмен ауыл арасында төбелес  жиі орын алатын. Біздің елді мекен қылмысты аймақ болмаса да «разборкалар» өтіп тұратын. Мәселені шешіп, бірдемені қатырып тастайтындай әйтеуір қыз басыммен ылғи  сол «разборкалардың» ортасында жүрдім. Қазір ойлап қарасам сол кезде онда  не үшін, кім үшін жүргенімді әлі түсінбеймін. Осы әрекеттерім үшін анамнан жиі сөз естідім. Шынымды айтсам қыз болып қуыршақ ойнап көрмеппін. Бірақ асық, ләңгінің «түбін түсірдім». Ауыл балаларының ең керемет ойыны ақсерек-көксерек пен тығылмашақ болды.  Бұзық болғаныммен сабақты ұмыт қалдырған емеспін. Мұғалімнің қызы  емеспін бе, сабақты нашар оқығаным ұят болар еді. Барынша үлгілі оқушы болуға тырыстым.

Жас бала ержетіп, тұлымшағы желбіреген қыз бойжеткен кезде ғашықтық сезімдердің оянуы табиғаттың заңдылығы. Мектеп партасында отырып бір-біріне хат жазу да керемет естеліктердің бірі. Маған да көрші сыныптың жігіттері хат жазған кездері болған. Алайда мен үнемі ағам мен інімнің жанында жүріп, еркектің «тірлігіне» араласа бергесін махаббат тақырыбы мені мүлдем толғандырмапты. Оның үстіне әке-шешенің қатал тәрбиесі «қылтың-сылтыңға» жол бермейтін. Қазір сол бейнүнә, алаңсыз шағымды сағынамын. 

Болатбек Тілеубердиев: «Он-он бес жылдан кейін елімізде «жартыбас» адамдар пайда болады»
Ақниет Көрікбаев, сәулетші: «Қолдау таппаған талантты жастар кетіп жатыр»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу