Нұрқанат Жақыпбай: «Біздің ақсап жатқан тұсымыз - ұлттық драматургия мен режиссура»

Oinet.kz 01-08-2019 1165

Screenshot_11.jpg

Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Астана қаласы Жастар театры Шымкентте гастрольдік сапарын өткізуде. Өнерін оңтүстік жұртшылығының назарына ұсынуды мақсат еткен театр ұжымы өткен жылы наурызда жаңа ғимаратқа ие болып, маусым шымылдығын төл шаңырағында түрген болатын. Репертуарында көпшіліктің қошеметіне ие болған 30-ға жуық спектаклі бар театрдың көркемдік жетекшісі және бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайға жолығып, сұхбаттасудың сәті түскен еді.

    - Кезінде бір сұхбатыңызда Астана ресми қала екенін айтып,  театрға шенеуніктер келмейді дегенсіз. Негізгі көрермендеріңіз ретінде студенттер мен жоғары сынып оқушыларын атап едіңіз. Бүгін жағдай өзгерді ме?

    - Иә негізгі көрермендеріміз жастар, студенттер. Солай болуы тиіс те сияқты. Өйткені, бағытымыз да қойған спектакльдеріміз де, жалпы театрда жасаған тірліктеріміздің барлығыжастарға арналған. Қандай туындыны қойсақ та, ол 200 жылнемесе 300 жыл бұрын жазылса да сол  шығармаларды біз бүгінгі жастардың түсінігіне, солардың қабылдауына сай етіп сахнаға шығаруға тырысамыз. Сол жағынан ұтып та жүргеніміз рас. Ал, енді үлкендер анда-санда бір келсе соның өзі жеткілікті. Астанада солай. Айта кетерлік жәйт, біздің жастар театрының футболдағы сияқты өз фанаттары бар. Негізінен Астанадағы жоғарғы, орта оқу орындары студенттерінен құралған. Олар тұрақты көрермендеріміз, қуанышымызды бірге бөліседі, премьерамызға қатысты қандай да пікір-ұсыныстарын бірінші болып жеткізеді. Соған риза боласың. Содан кейін басқа өңірлерге гастрольге шығып бара жатқанымызда әлеуметтік желілер арқылы таратады. Мысалы, біздің театр Шымкентке бара жатыр сәт сапар тілейміз,  деп. Бұрын жарнама жетіспей жатыр деп алаңдаушы едік қой. Қазіргі жарнамамыз күшті. Күнделікті спектакльден соң көптеген пікірлердің  айтылып жатуы да көрерменіміздің көп екенін білдіреді.

    - Жастар театры басқа өнер ұжымдарынан қандай қасиеттерімен ерекшеленіп тұруы тиіс? Актерлардың әлеуметтік ахуалына тоқталып өтсеңіз?

    - Жастар театры болғанымыз басты ерекшелігіміз, барлық тұрғыда, қай қырынан алсаңыз да. Көрермендеріміз көптеген ерекшеліктерімізге куә болуда. Ілгеріде армандайтынмын, осындай театр болса екен деп. Алла тағала қабыл етті ме, алдымен Астанада жастар театры ашылады соған келіңіз деген ұсыныс түсті. Өмірімде бір жаққа шығып, жұмыс істеймін деген ойымда болған жоқ. Ұсыныс айтушылар өз шәкірттеріммен келуім қажеттігін де білдірді. Шәкірттерім өзім ұстаздық еткен Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын енді бітіріп жатқан еді. Келісім беріп, жұмысқа кірісіп кеттік.  Бір жағынан Гогольдің «Ревизор» спектаклі де жастар театрын ашуға түрткі болды. «Ревизор» дипломдық спектакліміз болатын. Қазір ол біздің брендтік спектаклімізге айналды. Қайда барсақ та осы «Ревизор» туралы оң пікірлер  айтылады.

Біздің жұмыс істеу тәсіліміз де өзгешелеу. Қазір академияны бітірген төрт курс түлектері  жұмыс істейді.  Сол төрт курстан 40-тан аса актер жиналды. Бәрі өзімнің шәкірттерім. Өз класымнан. Екі –үшеуі ғана бар , Астананың университетінен қалғандары Жүргенов атындағы өнер академиясының түлектері.  Олардың сыры маған жақсы мәлім. Академияға қандай болып келді, қалай өсті, қайсысы қай жағынан ақсап тұр.  Оның бәрін жақсы білемін.  Мұны зертханалық жұмыс десе де болады. Қойылымдарға қатысты барлық жұмысты ақылдаса отырып шешеміз. Таңғы сегіз жарымда жиналамыз да  түннің бір уағына дейін  жұмыс істейміз. Өнердің бәрі таңқалдырудан тұрады. Ешкім таң қалмаса өнер болмайды ол. Бір-бірімізге сенеміз, көмектесеміз.  Қазір міне 9 жыл болды, бірге келе жатқанымызға. Бір үйдің баласындаймыз.Үйсіз-күйсіз жүрген күндеріміз болды бәріміздің. 17 мың теңге еңбекақымен. Оған да көндік.  Қиындыққа қарамай жастарды өнерде ұстап қалу керек болды маған. Жастар ғой бір рет көңілі қалса қайтару қиын болады.  Менің де мойнымда үлкен жүк тұрды.  Олар маған сенеді, әкесіндей көреді. Қиналған сәттерінде «сендер әлі киноға да түсесіңдер, машина да мінесіңдер, үй де болады, бала-шағаларың да болады деп» жігерлендіретінмін.  Қазір барлық қиындықтар артта қалды. 40 әртістің жартысының үйі бар Астанада.  Әкімшілік бізге өте қамқор.  Сұранысымызды қанағаттандыруға тырысады. Қиналған сәтте барамыз, ешқашан жоқ деп айтпайды.  Өйткені жастардың еңбегін көріп отыр. Сол 9 жылда «Ең үздік спектакль» --Гран-При жүлдесіне 8 рет ие болдық. Осы қойып жүрген спектакльдердің барлығы Гран-При алды. Бұл әр театрдың маңдайына жазылмаған жетістік. Қазақстанда 54 театр бар болса, осындай көлемде жүлде алғаны жоқ. Жетістігіміздің барлығы еңбектің, бірлесе жұмыс істеген ынтымақтың, ізденістің нәтижесі.

- Театр сахнасында, кино саласында көптеген рөлдерді сомдадыңыз. Яғни, соңғы жылдары көрерменге ұсынылып жатқан кинотуындыларға зер салып жүрген боларсыз. Жасыратыны жоқ, әсіресе күлдіреміз деп «бүлдіріп» жүрген коммерциялық киноларға сын айтушылар көп. «Жыл режиссері» ретінде пікіріңіз қандай?

- Бүгінде телеарналарда көрсетіліп жатқан туындыларды кино деп айта алмаймын. Кино деп киностудиялардан шыққан дүниелерді айтуға болады. Қазіргі сериалдарды баяғыда социализм кезіндегі телеспектакль деуге болатын шығар. Кәдімгі бір театрдан 2-3 актер жиналады да түсіріп, азын-аулақ монтаж жасап жұртқа ұсынады. Ал киноны түсіріп алып келу ол өте үлкен процесс. Бір, бір жарым сағаттық киноны жылдап жасайды. Оған актерларды іріктейді, кәсіпқой актерларды. Қазір не  біреудің жақыны, біреудің туысы сериалға әйтеуір түсіре береді. Сөзінің мағынасы түсініксіз, не сценарийдің мағынасы жоқ.  Бәрі бір-біріне ұқсас. Оны мен кино, жақсы туынды деп айта алмаймын. Көбіне халыққа осы жеңіл-желпі сериалдар ұнайтын секілді. Бірақ оның түбі жақсылыққа апармайды. Халықты мүлдем басқа жаққа бұрып алып кетеді. Сериалдар да бір күні қалады ғой. Енді болашақта дарынсыздар киноға түсе бермейтін, талай өзгерістер болар деген үміттемін. Қазақфильмде Сатыбалды Нарымбетов бар, өте жақсы кино жасайтын. Елімізді бүкіл әлемге танытатын.

- Бүгінгі таңда жаңа, жас драматургтер бар ма? Кімдерді атар едіңіз? Режиссура мен драматургияның бүгінгі жағдайы туралы не айтасыз?

- Ілгеріде жақсы пьеса шықса бірден білетінбіз. Сол біздің театрға келсе екен деп армандап отыратын едік. Қазір жаздық дейді, бірақ көрінбейді, жазған ештеңе жоқ. Жарияланған байқауларға бір сондай мықты пьеса түсіп жатқанын көрмеппін. Олай дейтінім, мен  былтыр республикалық деңгейде жарияланған конкурстың бас-аяғында болдым.30-ға дейінгі жастар шығармаларына Тұңғыш Президент қоры байқау жариялады. Қомақты сыйлығы да бар. Драматургия, поэзия және проза жанрында. Драматургия бойынша секцияда конкурсқа түкен еңбектерді мен қабылдадым. Қаншама пьеса оқыдым. Солардың ішінде қазақша жазылған бір ғана пьеса келді. Көктемде жарияланып күзде қорытындыланған байқауға қазақ тілінде бір ғана пьесаның түскені көңілді құлазытады, әрине. Көпшілігі қазақтың туындысын орысшалап жазған. Сюжеті дұрыстау да болуы мүмкін. Бірақ ой басқа болып тұр ғой. Өз басым жас драматургтердің көп болғанын қалаймын. Өйткені жастар театры  жақсы дүниені елге көрсетсек дейміз. Жақсы дүние демекші, осы оңтүстікте бір пьеса қолыма түсіп қалды. Театрда жатыр екен. «Наурыз ару» деген. Оқыдым, шағын ғана пьеса. Қатты ұнады, жастарға мынаны қояйық, авторын танымаймын, бірақ кейін табылар, дедім. Одан кейін «Лифт» деген шығарманы оқысақ ол да осы автордікі екен. Сахнаға шығарамыз дедік. Қазір репетиция жасалуда. Мамырдың 25-інде премьерасы болады.

- Авторын таптыңыздар ма?

- Иә, осы оңтүстікте тұрады, өздеріңізге таныс Сая Қасымбекова. Онымен осы жерде кеше ғана таныстым. Ұнаған шығарманы қалай да қоюға тырысамыз. Жастардың өзі кейде алып келеді, мынаны қойсақ қалай болады, деп. Олар да іздейді. Бірақ, өкінішке қарай жасанды дүниелер көп. Мысалы, тәуелсіздік туралы, «ура, уралаған» өтірік туынды көп, сол сияқты дінге, нашақорлыққа байланысты да. Біреуі шындыққа жақын емес, өтірік жазады. Креслода отырып жазған болмайды. Оқиғаның ортасында жүру керек. Біздің классиктер туындыларын өзінің басынан өткен жағдайлардан өрбітеді емес пе. Жақсы пьесалар келіп жатқан жоқ.  Меніңше, ел театрларының қиналатын жері осы. Орыстар Ресейден алып келеді, қаншама драматургтер бар. Және де олар режиссура жағынан да қиналмайды. Өйткені Ресейден шақырады. Бір жыл болса да қызмет етіп кетеді. Бізде ондай жоқ. Ал енді кәсіпқой режиссерлар Алматыда Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы  мен Астанадағы ұлттық университетте даярланады.  Осы оқу орындарын дұрыс бітірмей ме, менің таң қалатыным, түлектері  Алматы мен Астанада бос жүреді.  Бұрын режиссураға актерлық мектептен өткендерді қабылдайтын. Екінші диплом алатын. Қазір ол жоқ. Қазір мектептен кейін қабылданады. Ал мектептен барған бала не біледі. Ол актерларды қалай басқарады.

- Әлемдік театрлармен салыстырсақ, бүгінгі қазақ театры қай деңгейде деп ойлайсыз?

- Әлемдік деңгеймен салыстырғанда бір ғана артықшылығымыз бар. Бәлкім бұл артықшылық та емес, ерекшелігіміз шығар. Бізде театрлар мемлекеттің қамқорлығында. Ал шетелдерде мемлекеттік деген жоқ. Барлық театр өздігінен өмір сүреді. Мемлекеттің ешқандай шаруасы жоқ.  Не қойса да еркі. Тек қана ел саясатына қарсы ештеңе айтпаса болды.  Сондықтан, олар ақша табудың түрлі жолын қолданады. Біздің көрерменіміз айтуы мүмкін неге ана шетелдікіндей болмаймыз деп. Неге болуымыз керек? Біз ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді, тарихымызды кейінгі ұрпаққа шынайы жеткізуіміз керек. Яғни, өз құндылықтарымызды сақтап қалуымыз керек.  Ал, ұлттық құндылықтар театрларда сақталады. Бұл саладағы бір өзекті мәселе режиссура жетіспейді. Жақсы ресжиссерсіз қанша талантты актерларды жинап алсаңыз да мықты дүние шығара алмайсыз.  Сенің талантыңды халыққа көрсететін, дәріптейтін сол режиссер. Драматургті алып келетін де режиссер. Біздің ақсап жатқанымыз осы ұлттық драматургия мен режиссура.  Ол рас, оны жасырудың қажеті жоқ. Кейде шеттен шақырады. Әйтеуір театр бір сілкініп қалсыншы деген оймен. Оған да қаржысы жете бермейді. Шеттен келген маман көп ақша сұрайды. Жақсы режиссерға жақсы актерлар келеді, міндетті түрде. Бірге жұмыс істесем деген оймен режиссер іздейтін актерлар көп.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Еркін ДОСЫМБАЙ

«Рейтинг» газеті

Нұрали Өткелбаев: «Назарбаев та Ленин, Сталин сияқты тұлға»
Жеңіс Кәкенұлы, суретші: «ЭКСПО қазақты ұятқа қалдырмаса игі еді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу