Нұрали Өткелбаев: «Назарбаев та Ленин, Сталин сияқты тұлға»

Oinet.kz 31-07-2019 2050

Screenshot_8.jpg

Нұрали Өткелбаев, экономика ғы­лымдарының кан­дидаты, профессор

Бүгінде Шымкент университетiнде студенттерге дәрiс оқып жүрген, экономика ғы­лымдарының кан­дидаты, профессор Нұрали Өткелбаевты оқу орындарында “Назарбаевтану” пәнiн енгiзу туралы ұсынысы елге танымал етті. Әйтпесе, өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, шәкірт тәрбиелеп жүрген 85 жастағы қария әріптестерінің қатарынан ақсақалдығымен ерекшеленетін, тәжірибелі де қарпайым ғалым болатын. Ұзақ жылдар Ташкентте еңбек еткен, Қазақстанның азаматтығын 2004 жылы алған ұстаз алдымен шекарадағы  көршілес аудан орталығында, одан кейiн Шым­кенттегi жекеменшік универси­теттерде  оқытушы болған. Ғалыммен болған әңгімеміз де елді елең еткізген ұсынысынан басталды.

- “Назарбаевтану” пәнiн енгiзу туралы бастамаңыз қайта жаңғырып отыр. Жалпы, мұндай бастама көтеруіңізге не себеп болды?

- Н.Назарбаев тәуелсіз Қа­зақстанды құрған адам, ол – Ленин, Сталин сияқты тұлға. «Назарбаевтану» пәнiн енгiзу – менiң инновациялық ұсынысым. Негізі бұл бастама осыдан 3-4 жыл бұрын көтерілген-ді. Жергілікті облыстық газеттер Елбасының туған күні қарсаңында жариялаған болатын. Ал, 2014 жылы “На­зарбаев­тану” ғылымы туралы” деп аталатын кiтапша­ шығардым. Бүгінде Президенттің түрлі ортада айтқан, нақыл сөзге айналған ойларын, мақал-мәтелдерін топтастырып кітап етіп дайындадым. Жалпы 200-ге жуық мақалаларым, түрлі бағыттағы еңбектерім жарияланды. Назарбаев пәнiн тек мектепке емес, жалпы оқу орындарында, университет, институт, колледждерде оқы­туды ұсындым. Егер ол оқу бағдарламасына сыймаса, факультатив са­бақ ре­тiнде өтуге болады. Әрине, бәрi министрлiкпен келiсi­луi тиiс. Министрлiк­тiң жiбер­ген жауап хаттарында менің ұсынысым жүзеге асатыны, бұл мәселе  “Назарбаев орталығымен” бiрлесе отырып қаралатыны айтылған. Сондай-ақ, Бiлiм және ғылым минис­трлiгi ғылым комитетi төрағасының орынбасары А.Төле­шевтің жіберген жауабында, ұсыныстың тарихшы-ғалымдардың қатысуымен қаралғаны айтылған. “Назарбаев орталығының” ұйым­дас­тыруымен “Бi­рiншi Назарбаев оқулары” Халықаралық форумы өт­кiзiлетiнін, оның болашақта “Назарбаевтану” курсының iр­гетасын қалыптас­тыруға негiз болатынына сенiмде екендіктерін мәлімдепті. Мен тек ғылыми мәсе­ле­нi қойдым, басқа ой болған жоқ. Бұл ұсынысым қолдау табады деген ойдамын.

        Сырт көз кедей деп сынайтын Өзбекстанның өзі бізден озып жатыр 

- Студенттерге экономика пәнінен сабақ беріп жүрсіз. Осы орайда еліміздегі экономикалық ахуалға қысқаша сипаттама беріп өтсеңіз?

- Еліміздің экономикасы жайында ұзақ сөйлеуге болады. Десек те, мына бір мәселе көп жәйтті аңғартады. Бүгінгі таңда индустриалды-инновациялық бағдарламаның екінші бесжылдығы жүзеге асырылуда. Алғашқы бесжылдығында көптеген кәсіпорындар іске қосылды. Бірақ, ол әлі жеткілікті емес. Олай дейтінім, Қазақстан әлі күнге дейін шикізатты экспорттаумен айналысып келеді. Әсіресе, мұнай, металл, газ секілді басқа да табиғи ресурстарды. Енді оған астық қосылды, етті экспорттаймыз деп жатыр. Бәрі жақсы-ау, бірақ өнімді өңдейтін индустриалды өнеркәсіптің құрылымы тиісті деңгейде емес. Қараңыз, Австрия, Германия, Бельгия, Швейцария елдері дағдарыстың қиындығын онша сезініп отырған жоқ. Яғни, біздің еліміздегі сияқты түсіп жатқан табысы тоқтап немесе күрт кеміп кетпеді. Мұнай құнының құлдыруы себебінен табыс, әсіресе еліміздің бюджетіне құйылатын бөлігі өте азайып кетті. Әрине, Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы шаралар қабылдап, тиісті тапсырмалар беруде. Дегенмен, осыдан 5-6 жыл бұрынғы табысты қолдан шығарып алдық. Егер шикізатты өңдеп, дайын өнім ретінде экспорттасақ мұндай жағдай болмас еді. Мысалы, мұнайдан бензин, химиялық өнімдер шығара алмаймыз. Тіпті, иіссу, иісмайыңызды да мұнайдан шығаруға болады. Химиялық жолмен алатын өнімді ішкі нарықта сатып, экспортқа да шығаратын болсақ, экономикамыз мұнан да жақсы болар еді. Бұл мәселе бұған дейін де көтерілген. Алайда, завод-фабрикаларымыз тиісті деңгейге жеткен жоқ. Өндірісті дұрыс жолға қою, өнеркәсіпті жан-жақты дамыту бізде әлі қуатты емес. Онымен тұрмай, индустриалды-инновациялық бағдарламаның бірінші бесжылдығында ұрандатып ашылған кәсіпорындардың бірқатары шикізаттың болмауынан немесе шетелден келетін компоненттерінің жетіспеуінен тоқтап та қалды. Бұл да экономикамызға кері әсер етуде. 

Елбасы 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадамды» айқындап берді. Дегенмен, осы бағдарламаны жүзеге асыруда министрліктердің, өңірлердегі жергілікті әкімдіктердің жұмыстары ойдағыдай дей алмаймын. Өйткені, бағдарламаның ішіндегі үлкен бір бөлігі шағын кәсіпорындарды дамытуға бағытталған. Ірі өндіріс, завод-фабрикаларды қалыптастыру ол өз алдына бөлек дүние болса, соларды жан-жақты қолдап тұратын шағын бизнесті дамыту қажет. Шағын бизнес бізде қазір жылдық өнімнің жақсы деп айтқанда 20 пайызын беріп тұр. Мына қасымыздағы Өзбекстанда бұл көрсеткіш 55 пайыз. Оларда шағын кәсіпкерлік, фермерлік шаруашылықтар жақсы дамыған. Тағы бір айтарлық мәселе, бізде өнімді сапалы жеткізу тиісті деңгейде емес. Мысалы, Қытай көп астық алғысы келеді. Халқы 1,5 миллиардтан асатын елден біздің астығымызға сұраныс бар. Ал, оны жеткізу үшін теміржол баруы қажет. Терминал болуы тиіс, сақтайтын қойма керек. Сосын қытайлар келіп алып кете алады. Біз ондай дәрежеге жете қойған жоқпыз. Халықаралық саудада тауарды сататын ел сол жерде базасын құрады. Иран елінен де сұраныс бар. Еліміз жылына 20 миллион тонна астық өндіреді, шамамен 7-10 миллион тоннасы ішкі қажеттілікке жұмсалса қалғанын экспортқа шығаруда. Мына Өзбекстанда бас –аяғы 5-ақ миллион тонна астық жинайды. Халқы 32 миллион. Ішкі саудадан артылғанын сыртқа шығаруда. Сондай-ақ, біз жылына 80 миллион тонна мұнай өндірсек, өзбек елі 5-8 миллион тонна ғана алады. Оның бәрін бензинге, химиялық заттарға айналдырады. Шетке мұнай шығаратын қуаты жоқ, дегенмен көрші түрікмен еліне аз да болса бензин экспорттайды. Мен алыстағы дамыған мемлекеттерді емес, көрші елді мысалға алып отырмын. Осылайша сырт көз кедей ел деп сынайтын Өзбекстанның өзі бізден озып жатыр. Яғни, шикізатты дайын өнімге айналдырып пайдалану, экспортқа шығару аса маңызды.

        Студенттер сабақ оқымай дипломды ақшаға сатып алып жүр 

- Өзіңіз мысал келтіріп отырған Өзбекстанда, одан кейін тәуелсіздік жылдары Қазақстандағы білім саласында ұзақ жылдар еңбек етіп келесіз. Көрші елді қайдам, еліміздің білім саласында реформа көп. Оның орындалу сапасына, тіпті жүзеге асуына аса мән берілмейтін сияқты. Осы саладағы реформаларға көзқарасыңыз қандай? Жоғары оқу орындарындағы білім сапасына көңіліңіз тола ма? 

- Иә, ауысқан сайын әр министр әйтеуір бір жаңалық енгізгісі келеді. Реформаны жазып, жұртқа ұсыну соншалықты қиын нәрсе емес, ол жоспар ғана ғой. Ал оны жүзеге асыруды дұрыс жолға қою қажет. Мысалы, осы уақытқа дейін мектептерде 12 жылдық білімге өту айтылғанымен, орындалған жоқ. Ал, Өзбекстан 3-4 жылда 12 жылдыққа өтіп алды. Әрине, оқулықтарды жеткізуде қиындыққа ұшырады. Оған латын әрпіне көшулері де септігін тигізді. Латын әрпіне өзбек елі он жылда толық өтті. Біздің елде айтылғанымен атқарылып жатқан істерден бейхабармыз. Демек, біздегі білім саласында сөз басым, іс аз. Ал, жоғарғы оқу орындарына келейік. Өздеріңіз білесіздер оқу орнын ашу бойынша жекеменшікке рұқсат берілді. Жекеменшік жоғарғы оқу орындарын (ЖОО) көбейту дұрыс жол емес еді. Көрші өзбек елі басқа жолды таңдады. Кеңестік дәуірде қалыптасқан, барлық талапқа сай білім орындарын сақтай отыра, сол жерде ақылы бөлімдерді қосымша ашты. Бізде өзіңіз білесіз аудан орталықтарында, мысалы Сарыағашта барлық тұрғыда талапқа сай келмесе де жоғары оқу орындары ашылды. Қағаз жүзінде бәрі жақсы, ал шындығында ешқандай базалары жоқ. Бұл білімнің сапасын төмендетуге әкеліп соқты. Жекеменшік жоғары оқу орындары ашылып жатқан кезде мен Өзбекстанда жұмыс істеп жүрген едім. Осы Шымкенттен ректорлар келіп біздерді шақырды. Ол жақта зейнетке шыққанбыз, оның үстіне Өзбекстанда жұмыс күші көп те орын аз. Яғни, зейнетке шыққандарды демалысқа жіберуге тырысады немесе қажетті маман болса еңбекақысын жартылай қысқартады. Бұл жақтан келген ұсыныс біз үшін тиімді болды, зейнетақымыз бар әрі толық жалақы төлейді. Осы материалдық жағдай да Шымкентке келуге қамшылады. Бертініректе, өздеріңізге мәлім ЖОО-лардың қызметін сараптап санын қысқартты. Бірақ, қысқартты деген аты ғана. Жекеменшік иелігіндегі ЖОО-лардың екеуі-үшеуі біріктіріліп, соның біреуі министрліктегі тізімде қалды. Қысқартылды дегені соның филиалы болып есептеліп отыр. Бірақ олар қызметін сол бұрынғы қалпында жүргізіп келеді. Ғимараты, оқу базасы, оқытушылары бәрі өзінде, тіпті қаржылық қызметі де бұрынғыша жүргізіледі. Оқуға қабылдауды да өздері жасайды. Ал, дипломды қалай беріп жатқандарынан бейхабармын. Бұл нені білдіреді? Сол баяғы жекеменшік ЖОО-лардың көбі әлі жұмыс істеп келеді деген сөз. Былайша айтсақ көзбояушлық. Осыдан келіп білім сапасы төмендейді. 

Нақтырақ айтсақ, кафедрада 10-12 ұстаз бар. Мен 85 жасқа келіп отырмын. Маған «ағай, сіз демалысқа шықсаңыз да болар еді» деп айтпайды. Неге? Менің сабақ беруім, тәжірибем, балаларды білімге тартуымды жоғары бағалайды. Кейін келген дипломды жастардың біліміне күмәнім бар. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. 

Өзім бұған дейін  жұмыс істеп кеткен оқу орындарындарында не көріп-білгенімді айтайын. Жоғарғы оқу орнын,  сосын 1-2 жылдық магистратураны бітіргендердің білімі алған дипломдарына сай дей алмаймын. Мысалы, маған тиесілі бірнеше магистрант бар, олар сабаққа келмейді. Бірде таптырып алып тапсырма бердім. Алды. Бірақ содан кейін тағы «жоғалды». Оқымайды. Ал, магистранттың дипломын қорғауда барлық материалды интернеттен көшіріп алып келеді. Қазір бұл ғаламторыңыздан барлығын және дайынын тауып алуға болады. Іздену, кітапханаларда отырып терең зерделеу деген жастарда жоқ. «Дайын асқа тік қасық». Сондай-ақ, сабақ үдерісі кезінде аудиторияда 20 бала отыруы тиіс болса, келетіні 10 немесе 7-8 студент. Қалғаны қайда? Оқу ақысын төлеу үшін жұмыс істеп жатыр. Деканаттарымыз: «ағай, олардың бәрі жұмыс істейді, ертең ақша төлеуі керек қой», дейді. Ақша төлеген соң жолдама алып келеді, «сабақтан босатыңыз ақшасын төлеп қойдым» деп, ешбір қысылмастан. Сосын бір күн, екі күн ұстайсың, қайтесің жібересің. Деканаттың өзі де: «ағай ақшасын төледі, рейтингісін қойып, емтиханын алып жіберіңіз» деген райдағы әңгімені жұқалап жеткізеді. Диплом қорғаудың өзі формально өтіп жатыр. Қорғау кезінде студенттің жұмысы бастан-аяқ қадағалауда болуы тиіс. Бағдарламасы, қолданылатын әдебиеті, орындау үдерісі сияқты жәйттерден оқытушы толық хабардар болып, қажет болған жағдайда бағыт-бағдар беріп отыруы керек қой. Олар келмейді. Интернетке үйреніп алған, тіпті тақырыптың өзін сол ғаламтордан алады. Міне, сондықтан да ондай білім ордаларындағы білім сапасы төмен, дипломы бар, бірақ білімі таяз мамандар шығып жатыр. Яғни, ақылы оқу білім сапасына кері әсер етті. Шетелді көп айтамыз. Сол үлгі ететін шет елдерде ақылы оқытатын оқу орындарында білім сапасы өте жоғары. Неге? Ол жерде еңбекақысы жоғары ең білімді мұғалімдер сабақ береді. Оқытушыларға талап та жоғары. Мемлекеттік дейтін ЖОО-лар да бар. Дегенмен, ақылы оқытуды білім сапасын көтеру үшін енгізеді. Ал, бізде керісінше ақылы оқыту сапаны төмендетті. Сондай-ақ, жекеменшік жоғары оқу орындарын басқарып келген адам жасы келсе орнына баласын қойып кететіндері бар. Оның білім ордасын басқаруда ешқандай тәжірибесі, білімі болмаса да. Ол оқу орнындағы ректор ешқандай мәселені шеше алмайды.  Кейбірінің мұғаліммен жұмысы жоқ, аудиторияны білмейді, сабаққа кірмейді. Айлықтың аздығынан жас, білімді мұғалімдерді тарту қиын. Міне осындай жәйттердің барлығы ЖОО-лардың абыройын түсіріп тұр.

Ал, мектептерге енгізіледі деген үш тұғырлы тілге келсек, оны сөге жамандауға болмайды. Бірақ, менің ойымша бала бастауыш сыныптарда қазақ тілінде оқуы тиіс. Сосын өзге тілді біртіндеп қосу керек. Елбасы ұсыныс айтты, оны ел болып талқылау қажет. Көп тіл білген дұрыс, бірақ асықпайық. Қазақ тілінде сөйлеу ғана емес сауатты жаза білу де маңызды. 

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Еркін ДОСЫМБАЙ,

Мұрағаттан, 2016 ж

Құдайберген Бекіш, әнші: «Бала туып жарытпайды деп әйелімді жақтырған жоқ»
Нұрқанат Жақыпбай: «Біздің ақсап жатқан тұсымыз - ұлттық драматургия мен режиссура»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу