Нұртас Исабаев, ақын: «Адам болып несіне ғұмыр кешем, өмірімде бір ерлік жасамасам?»

Oinet.kz 06-05-2019 2464

Screenshot_3.jpg

Нұртас Исабаев, ақын, Мәдениет қайраткері, Құрмет орденінің иегері:

Есей Жеңісұлы: Нұртас аға, өмір сіздің жоспарларыңызға үлкен өзгеріс енгізгелі де ұзақ уақыт өтті. Жастық шақтағы жоспарларыңыздың қайсысының орындалмай қалғанына көбірек өкінесіз? 

Нұртас Исабаев: Мектепті бітірген соң армандап жүріп, Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына оқуға түстім. 26 жасымда бітіріп шықтым. Институтта поэзия бөлімінде оқысам да, дипломда жазылған мамандығым – әдеби қызметкер. Яғни мен газетте немесе баспада жұмыс істеуім керек болатын. Бірақ денсаулығыма байланысты жұмыс істей алмадым. Мүгедектігім үшін зейнетақы алып, осы күнге дейін шығармашылық жұмыспен айналысып келемін. Бес жыл оқып алған дипломым сол күйі чемоданымда жатыр. Соған кейде өкінемін. Рас, кезінде ақын Серікбай Оспанов ағамыз «Жалын» баспасында бас редактор болып жүргенде маған қолжазбалар беріп, рецензия жаздыратын, досым Ұлықбек Есдәулетов сын мақалалар жаз деп «Жас қазақ» газетіне жұмысқа алған, шамалы уақыт «Жаңа фильмде» аудармашы болдым. Алтыншаш Жағанова апайдың қамқорлығы ғой. Алматыға алғаш келген кезімде осындай жанашырлықтың арқасында жағдайымды жақсартып, отбасымды асырауға, алған білімімді іске асыруға мүмкіндік алған едім. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Жазған мақалаңа да қаламақы төлемейді. Сондықтан алтын уақытымды сарп етіп, сын мақала да жазғым келмейді. Одан да өлең, ән жазған оңай, әрі тиімді. Аз да болса қаламақысы бар. Жалпы, қазір де күнкөрісім жаман емес. Жыл сайын Мемлекеттік стипендия аламын, аздаған қаламақы бар, күнкөрісіме жетеді. Өмірге де, еліме де ризамын. Тек орындалмаған бір-ақ арманым – қанша тырыссам да жүріп кете алмағаным. Басыңа түскен тағдырдан құтылу қиын екен. Бірақ әлі де үмітім үзілген жоқ. Шамам келгенше емделіп, шынығып, күресіп келемін. «Бақытыма болмайын аса масаң, не болғаным жеңілді тасаласам? Адам болып несіне ғұмыр кешем, өмірімде бір ерлік жасамасам» деп өзімді-өзім жігерлендіріп қоямын. Ал шығармашылығыма келсек, оншақты кітабым шығыпты. Радионың алтын қорында отызға тарта әнім бар. Оның бесеуі – әнін де, сөзін де өзім жазған әндер. Әлі орындалмаған әндерім де баршылық. Үш рет шығармашылық кешімді өткіздім. Құдайға шүкір деуім керек шығар.Жеке өміріме келсек, Меруерт деген қызым бар, Мәриям, Әмина деген сүйкімді екі немерем бар – солармен бақыттымын!

Есей Жеңісұлы: Осы ұзақ жылдарда өзіңізді алға қалай жетеледіңіз? Кімнің көмегі көп болды?

Нұртас Исабаев: Жол апатынан кейін ауруханада бір жылдай жатып, арбаға отырып қозғалатын халге жеткен соң, шақыртумен Мәскеуге барып, институтта соңғы курсты аяқтап, диплом қорғадым. Қасымда сол институтта оқитын Тува қызы Елена болды. Мен үшін сырттай оқуға ауысып, қиын кезде дәрігерлермен бірге көмектесіп, өмірге қайта оралуыма ықпал еткен жақсы адам десем артық айтпаспын. Екеуміз жазда институт алып берген жолдамамен Қырымдағы Саки деген санаторийде бір жарым ай демалып қайтқанбыз. Институттағы ұстаздарым бізді қуана қарсы алып, барлық жағдайды жасады. Қатар оқыған ақын, рухани жақын достарым Ақылбек Шаяхметов, Бақытжан Қанапиянов, Омар Күйеубаев сағынған Мәскеуімді армансыз аралатып, достық пейілдерімен зор қуанышқа бөледі. Сол ертегідей қызық күндерді әлі де ұмыта алмай сағынамын. Сол кезде біраз жақсы өлеңдер жазылды. Ауылға келгеннен кейін әкем ауырып қайтыс болды. Сол қөңілсіз қиын күндерде кенеттен хабарласып, үйге Алматыдан «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінен тілші Нұрлытай Үркімбаева келіп, ақын Күләш Ахметованың маған сыйлаған кітаптарын тапсырып, сәлемін жеткізді. Бір айдан кейін газетке біз туралы «Махаббат жыры» атты бір бет мақала жазып жариялапты. Ол кезде Лена екеуміз Қырымда тағы да демалып жүргенбіз. Келінім газетті хатпен салып жіберіпті. Мақаланы оқып, қуаныштан толқып, тебіреніп, өз көзімізге өзіміз сенбедік. Ем аяқталған соң үйге келсек, бүкіл Жаңақорған шулап жатыр екен. Құттықтап сынып жетекшім мен кластастарым келіп кетіпті. Қызылорда облыстық комсомол комитетінен адамдар келіп іздеп жатыр екен. Біздің келгенімізді естіп, облыстан Жолтай Әлмашев бастаған жігіттер келіп, үй береміз деп Қызылордаға шақырды. Жолтай өлеңдерімді алып кетіп, облыстық радиодан оқытып, газетке жариялады. Кейінірек біз туралы «Тоғысқан тағдырлар» деген мақала жазып, газетке шығарды. Аудандық газетте де өлеңдерім басылды. Сосын институт берген жолдаманы, құжаттарды беріп, Жазушылар Одағына тапсыр деп Ленаны Алматыға жіберген болатынмын. Бірнеше күннен кейін Күләш Ахметовқа екеуі: «Республикалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Серік Әбдірахмановқа кірдік, саған екі бөлмелі пәтер беретін болды» , – деп телефон соғып.тұр. Қуанғаным сонша, орнымнан ұшып кете жаздадым, өз құлағыма өзім сенбедім. Құдды бір ертегі сияқты. Бәріміздің қуанышымызда шек болған жоқ. Ондай сәтті қалай ұмытарсың?.. Көп ұзамай күзде комсомол комитеті мені республикалық жас ақындардың кеңесіне шақырды. Жазушылар Одағында өткен жиналыста ақын-жазушылармен жүздесіп, кеште өлең оқыдым. Серік ағамен де таныстым.Әдеби ортаға әкелгені үшін рахмет айттым. Көп ұзамай қаланың қақ ортасынан армандаған пәтерімізді де берді. Содан бері әсем қалада, әдеби ортада алаңсыз тұрып өлеңім ді жазып келемін. Сол жақсы адамдарға жасаған жақсылықтары үшін әлі де алғысым шексіз!

Есей Жеңісұлы: Шығармашылық сіздің өміріңізді түрлі түске бояй алды ма? 

Нұртас Исабаев: Иә, шығармашылық өмірдегі басты мақсатым, миссиям болғандықтан, одан ешқашан қол үзген емеспін. Өміріме мән, мағына берген өлеңім, шығармашылығым қиын күндерде көңілімді аулап, жағдайымды жеңілдетті, көп уайымнан құтқарды. Ауруханада төсекке таңылып жатқан кезімде де өлең жазуды тоқтатқан жоқпын. Өлең менің сырласым, іштегі шерімді шығаратын, қуаныш пен мұңымды бөлісетін айнымас досым болды. Ешкімге айтпайтын сырымды, сезімімді соған айтамын. Еліммен сол арқылы тілдесемін. Ол алдыма үлкен мақсат қойып, соған ұмтылдырды, алға жетеледі, өмірге құштарлығымды лаулатты. Жақсы өлең жазған кезде өзіңді бақытты сезінесің. Ән де солай. Елдің ықыласына бөлеген де осы шығармашылығым емес пе? Өткен жылы кітабым шығып, шығармашылық концертімді өткізгеннен бері өзімді бақытты сезініп жүрген жайым бар. 

Есей Жеңісұлы: Қазақ қоғамына қандай баға бересіз? Қазір әлеуметтік желілерді де тұрақты пайдаланып жүрсіз, жалпы қазақ ортасының өскені мен кері кеткен тұсын айтып бере аласыз ба?

Нұртас Исабаев: Негізі мен әлеуметтік желіні сирек пайдаланамын. Өйткені ол адамды өзіне баурап, санаңды жаулап алады екен. Өрмекшінің торына түскен жәндіктей, бір кірсең шығуың қиын. Өзіне магниттей тартады да тұрады. Мен денешынықтырумен тұрақты түрде айналысамын, әндерге сөз жазамын, машина айдап қыдырамын. Сондықтан интернетке кіруге уақытымды қимаймын. Жұрт қызықтырған соң фейсбукқа да жақында кірдім.Сөйтсем, расында да қызық екен. Көптеген достарымды, оқырмандарымды сол желіден таптым. Бәрі қуана қарсы алып, достық жіберіп жатыр. Ол желіде бәрі бар. Жақсы да, жаман да айқын көрінеді екен. Аз уақытта бәрін біліп болдым деп айта алмаспын, бірақ бір байқағаным –адамдар ол жерде ойларын ашық айтып, пікірлерін еркін білдіре алады екен. Біреу ашынып артық сөйлеп жатса, басқалар оған басу айтып жатады. Пікірталастан ақиқат туады дейді.Адамдардың бәрі де достар секілді еркін сөйлеседі, жылы сөздерін айтып мақтап жатады. Әркім өз басының қамын күйттеп, араласпай кеткен заманда бұл жақындастыратын жақсы құрал екен. Ал қоғам жайлы айтар болсам, соңғы жиырма жылда қатты өзгердік қой. Бұрынғы жүйеде өмір сүріп, сана-сезімі қалыптасқан адамдарға жаңа заманды түсіну, қабылдау оңай емес, ал жаңа заманда туып өскендер оларды түсіне алмайды. Осы қарама-қайшылық әлі де жалғасып келеді. Жастар шетелге, батысқа еліктейді, біз бұрынғыны аңсаймыз. Өмірде де, өнерде де солай. Жемқорлық тыйылмай, бай мен кедейдің арасы алшақтап бара жатқаны тағы бар. Жаһандану, дағдарыс, терроризм дегендер де алқымнан алып, ма заңды қашырады. Осының бәрі қоғамға әсер етпей қоймайды. Адамдардың бәрі қазір күнкөрістің қамымен, «қайтсек байимыз?» деп армандап жүр. Сананы ақша билеген заман болды. Кезінде бұдан да қиын кезеңдерді бастан өткердік қой, сондықтан сабыр сақтап, қиналғандарға көмектесіп, бірлесіп өмір сүрсек жақсы болар еді. 

Есей Жеңісұлы: Жаңа ғасыр қазақ мінезіне қандай жағымды және жағымсыз қасиеттерді дарытты? Нені көбірек үйренуіміз керек? 

Нұртас Исабаев: Жаңа ғасыр бізге еңбекқорлықты, сауда-саттықты, кәсіпкерлікті, бәсекелестікті, біреулерге жемқорлықты, яғни жеңіл жолмен қалай баюды, қулықты, біреулерге ұрлықты, алаяқтықты үйретті.Адалдықты құрметтеуді ұмытып бара жатқандаймыз. Бұрын пысық адамды ел ұнатпайтын, қазір сол пысықтар жолын тауып, байып озып кетті де, біз жолда қалып қойдық. Дегенмен ұйқымыз тыныш, көңіліміз алаңсыз болғанына мәзбіз.Қазір қызғаншақтық, өзгені көре алмау деген көбейіп кетті ме деп қорқамын. Өзгенің жетістігіне қызығайық, бірақ қызғанбайық дегім келеді. Нарық кезеңінде өзімшілдік, қатыгездік көбейіп барады. Халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрін, қонақжайлылық, бауырмалдық мейірімділік, сыйластық, үлкенді құрметтеу, әдептілік сияқты асыл қасиеттерді сақтап, балаларға үйретуіміз керек деп ойлаймын.

Есей Жеңісұлы: Поэзиямен қатар, көркем прозаны да қолға алдыңыз. Бұл тарапқа қайдан жол салдыңыз? 

Нұртас Исабаев: Иә, өз өмірім туралы «Өмірге құштарлық» деген роман жаздым. Ол екі рет кітап болып жарық көрді. Оқырмандар жылы қабылдап, әр жерден хабарласып, жақсы пікірлерін айтып жатыр. «Екінші кітабын қашан жазасы?» деп жатқандар да бар. Мен біраз уақыт өтсін де деп қоям. Ол романды жазу бұрын да ойымда болатын. Кейін бір жанашыр ағамның ұсынысы, айтқан ақылы түрткі болды да, бірден жазып тастадым. Өзім туралы өзімнен артық ешкім білмес деп ойладым. Өлеңмен басыңнан өткен нәрсенің бәрін жеткізіп айта алмайсыз, сондықтан прозаның көмегіне жүгініп, қабілет-қарымымды байқап көргім келді.

Есей Жеңісұлы: Қазіргі заман әдебиетінің беталысы ұнай ма? Қазақ әдебиеті енді қандай бағытта дамуға тиіс деп білесіз? 

Нұртас Исабаев: Қазіргі әдебиетіміздің беталысы ұнайды, еркіндік, шынайылық байқалады. Тамаша талантты жас қыздар, жігіттер көктемдегі қызғалдақтай қаулап өсіп келеді. Енді солар білімдерін тереңдетіп, ұлттық рухты сақтай отырып, оқырмандарын адастырмай, өмірдің шындығын бейнелеп, отаншылдықпен адамзаттың асқақ армандарына жетелеп, биік идеялар,парасатты ойлар айтатын жалынды, жауһар туындылар жазып, жасампаз жаңа әдебиет жасайды деп сенгім келеді.

Есей Жеңісұлы: Қазір не жазып жүрсіз?

Нұртас Исабаев: Қазір өлең, ән жазумен айналысып жүрмін. Адам өзінің ұнатқан ісімен айналысқаны дұрыс қой, сонда жақсы жетістікке жетіп, рухани ләззат алады. Денсаулығымды жақсарту үшін күнде спортқа да көп көңіл бөлемін.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы, 

Мұрағаттан, 2015 ж

Тимур Бектұр, IT маман: «Интернетте еңбек туралы айту қиындау»
Меруерт Сүлейменова, журналист: «Төрттік баға үшін журналды жырттым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу