Тимур Бектұр, IT маман: «Интернетте еңбек туралы айту қиындау»

Oinet.kz 06-05-2019 1273

Screenshot_8.jpg

Есей Жеңісұлы: Тимур, Қазақстан сияқты дамушы елдің азаматтары қазіргі техникалық прогресске қаншалықты ілесе алады? Бұл тұрғыда олар кім: тұтынушы ма, дүрмекке ілесуші ме, қызығушы ма, әлде осы прогресске үлес қосушы ма?

Тимур Бектұр: Қандай да бір техникалық прогреске ілесудің үлес салмағын есептеу үшін қандай параметрлерге сүйену керектігін білмейді екенмін. Алайда, «тұтынушы ма, дүрмекке ілесуші ме, қызығушы ма, әлде осы прогресске үлес қосушы ма?» деген кезде, қолданушыларды орын-орнымен қойған екенсіз. Әрине, кез келген елде техникалық прогресті тұтынушылар басым болады. Тек Қазақстанда ғана емес. Өйткені, қай жерде болсын, қоғам ең әуелі – тұтынушы. «Дүрмекке ілесуші ме?» дейтіндей, ол бір дүрбелең немесе түбі шикі қозғалыс емес қой, сондықтан бұл сөзге жауап беру қиындау. Ал енді қызығушылық танытып, сондай-ақ, осы бір прогрестің ішінен орын алып, аз-кем үлес қосып жатқанымыз анық. «Пәленше бағдарлама, түгенше құрылғы» деп қолмен ұстап, ауызбен айтуға әлі ерте, дейтұрғанмен елімізде жыл сайын болып жатқан түрлі стартап конкурстардың республика көлемінде емес, халықаралық деңгейде ұсынып жатқан өнімдерін қарасақ, жеткілікті. Мысалы, әлемнің 86 елінен стартап иелері қатысқан GIST TECH-I жарысына шыққан «Шыңғыс хан» стартапы болсын, әлемге танымал бизнес-инкубатор TechStars-қа аяқ басқан, балаларға бағдарламалауды үйрететін робот жасаумен айналысатын, бәріміз білетін The Walt Disney-дің назарына түскен IndyBo стартапы болсын, Whatsapp, Telegram және Viber арқылы тіл үйренуге болатын LinguaChat стартапы болсын, Echelon Asia Summit-ке жолдама алған, тұтынған электр энергияңызды есептеп шығаратын EcoSocket стартапы болсын, Кремний Алқабының мектебінен өтіп келген, Wooppay онлайн төлем жүйесі болсын, айта берсе, шыға беретін, техникалық прогреске қосып жатқан үлесіміз баршылық. Сосын анау әлемдік IDC репортын қарасақ та, еліміздің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жағынан қарыштап болмаса да ілгерілеп жатқанымызды көре аламыз.  

Есей Жеңісұлы: Соңғы 10-15 жылдың үдерісінде технология орасан зор жылдамдықпен дамыды. Бұл асығыстық адамзат баласын қайда апаруы мүмкін?

Тимур Бектұр: Әлі де даму үстінде ғой. Бұл асығыстық қайда апаратынын білмедім, алайда бұл сұрақтың жауабы маған да қызық болып тұр. Басқасын қойып, мәселеге арқау болып отырған ІТ саласы бойынша  айтатын болсақ, VR, яғни, виртуал реал технологиясына қатты көңіл бөлініп жатыр. Монитордағы бейнені үш өлшемді голограмма түрінде бола ма, көз алдымызға кейіп ретінде келтіру, тағы сол сияқты қызық дүниелер жасалуда. Смарт телефон мен теледидар өткен күннің еншісінде қалып, ендігі кезек смарт қолсағаттарға келіп жатыр. DIY, яғни, «Өзің жасап ал» деп аталатын технология төңірегінде адамдар өздері қолымен бағдарламалап, қолмен құрастырып, іске асыруға болатын Arduino, Raspberry Pi секілді платформалар біртіндеп трендке айналуда. 3D баспаға шығару да осы күні айтарлықтай жаңалық емес, дегенмен әлі де болса қолданылу аймағы зерттеуді, дамуды қажет ететін сала. «Жасыл технология» деген түсінікті осы күні екінің бірі қолданып жүргенімен, оның да басталуы алда деп есептеймін. Tesla осы күні электромобильдерді жұртшылыққа сатуды бастап кетсе, жалпы мұнай өнімдерін басқа экологиялық энергиямен ығыстыру белең алатыны белгілі болып отыр. Оның сыртында Internet of things, яғни, «Интернет заттар» деген атауы бар, күнделікті тұрмыстағы кез келген техникаларымыздың, кіржуғыш машинасы болсын, тоңазытқыш болсын, басқа да құрылғылардың интернетке қосылуы мен өзара қарым-қатынасы іске аспақ. Ал робот жасаудың сәнге айналғаны айтпаса да түсінікті болар. Оның да барар жері, адамдарды ауыстырар шегі мен үшін нақты белгісіз. Сондай-ақ, онлайн оқыту осы күні жақсы дамып келеді. Бара-бара, бакалавр, магистр атақтарын үйде отырып алатын болармыз. Оған алғышарттар толық қалыптасып болды. Анау Американың udacity секілді онлайн университтері нанодәреже деп аталатын білім «өлшемін» қолданысқа енгізіп үлгерді. Жалпы қызық болатын сияқты...

Есей Жеңісұлы: Қазақ қоғамы ғаламторға тез бейімделіп алған секілді. Алайда оның бар мүмкіндігін пайдалана алып отыр ма? 

Тимур Бектұр: Жоқ. Бар мүмкіндігін пайдаланбай отыр, сол үшін кейде ашынып аламын. Мысалы, әлеуметтік желілерден немесе маған телефон соғып, «Тимур, интернетте жазып отырған нәрсем өшіп кетті» немесе «Компьютерімдегі барлық маңызды ақпараттар жесткий дискімен бірге күйіп кетті» десе, өзімнен-өзім қатты ашуланамын. Өйткені, уатсап пен инстаграмды ешкім айтпай-ақ үйреніп алған қазақтар, онлайн құжат сақтау жүйесін неге үйрене алмайды, соған таң қаламын. Еш қиындығы жоқ, күнделікті интернетте отыр, күнделікті смартфон қолданып отыр. Мына Саудияда және басқа да бірқатар араб елдерінде көшедегі көліктер бір-біріне соқтығысып жүре береді. Кісі өлімі болып немесе қатты бірдеңе болып қалмаса, анау-мынау соқтығысқанға олар мән бермейді. Тоқтап, көлігінің майысқан жерін қарау, біз құсап зар еңіреп жылау деген жоқ. Мен соны қызық көріп сұрағам. «Бұ қалай?» деп. Сөйтсем, олар түйеге мініп жүрген жерінен бірден шетелдік көліктерге отырғандықтан, автомобиль жүргізуді толық меңгеріп болмаған екен. Яғни, газ бен тежегішті басуды ғана біледі. Бәлкім, қателесіп отырған болармын, алайда маған солай түсіндірілді. Сол сияқты, біздер анау Кеңес Одағының кезіндегі әрбір хатшының алдында тұрған машинкаға жаппай қолымыз жетпестен, бірден компьютерге отыра салдық. Нәтижесінде, уордта әріп теру мен ютуб қараудан басқа ештеңе біліп болмай жатыр. Пошта екінің бірінде болғанымен, оның қосымша мүмкіндіктерін айтса, «өй, біз білмейміз ғой» деп әлі күнге аузын ашатын, алайда 15 жылдан бері Құдайдың құтты күні жұмысы интернетпен байланысты болып келе жатқан адамдар бар. Қайбір жылдары елімізде «Компьютерлік сауаттылық» деген тамаша бағдарлама бойынша ауыл-елдегі барша халықты жаңа технологияны қолдануға үйретіп бақты. Бірақ оған адамдар бармай, осы күні кәсіпкерлерді қолдау орталығының «Бизнес-кеңесші» атты тегін курсы сияқты, жұртты аннан-мыннан қуып әкеліп тықты. Айталық, осы күні екінің бірінің қолында Андройд құрылғы бар. Ал ол смартфондар міндетті түрде гуглдың акаунтымен жұмыс жасайды. Онсыз дым да істей алмайсыз. Ол дегеніңіз, Андройд смартфон ұстаған жан міндетті түрде gmail электронды поштасын қолданып жүр деген сөз. Алайда, сіз қазір сұрап қараңыз, «gmail поштаңыз қандай?» деп. Білмейді. «Ол не?» дейді. 

Есей Жеңісұлы: Ғаламтордағы қазақша контенттің қанша бөлігі таза еңбектен, қаншасы көшірме? Осыны болжап болса да айтып бере аласың ба?

Тимур Бектұр: Жоқ, айта алмаймын. Қиын сұрақ. Сондай-ақ бұлыңғыр сұрақ. Өйткені, көшірме деп айту үшін біреу бізден бұрын қазақша жазған болу керек қой? Ал ол адам өзі жасап, не аудармаса, ол қайдан шығады? Себебі, қазақтардан басқа кім қазақша контент жасайды? Мүмкін, «қанша бөлігі аударма, қанша бөлігі тума контент?» деу керек шығар. Оның өзінде де жауап беру қиын. Дегенмен қазір жақсы ғой. Еліміздегі телеарналардың барлығы онлайн-форматқа өтіп болды. Интернет-сайттарында видео-мұрағаттары бар, ютубта каналдары бар. Газеттеріміздің басым бөлігі сайттарын ашып алды. Олар да қазыналарын электрондап жатыр. Оның сыртында, аз болса да қазақ сайттары аударып-төңкеріп болсын, контент ұсынуда. Жалпы интернетте еңбек туралы айту қиындау. Басқа тілдегі контенттердің қайта көшірілген, рерайт жасалған, микстелгендері көп қой.

Есей Жеңісұлы: Қазақ қоғамының дәл осы ақпараттық технология мәселесінде білімі тым таяз екенін айтып жүрсің. Бұл білім қалай тереңдейді? Бетін қалқып, әншейін тұтынушы болып жүргенде, «өнер, білім бар жұрттарға» клиент есебінде ғана қалып қоймаймыз ба?

Тимур Бектұр: Қазақ қоғамында өмір сүріп, қазақша сөйлеп отырған соң «қазақ қоғамының ақпараттық технология мәселесінде білімі таяз» деп айта берейік. Алайда біздің ел ала-құла дей алмаймын. Бұл білім жаңағы айтып кеткен «Компьютерлік сауаттылық» секілді мемлекеттік бағдарламалар арқылы артады. Мысалы, өзім білетін «Медианет» халықаралық журналистер орталығының ұйымдастыруымен, Алматы қаласында компьютерлік және интернет сауаттылықты арттыруға арналған «Ғаламтор Сіз үшін» жобасы жұмыс жасай бастады. Тегін. Орыс және қазақ тілдерінде. Сосын, ең бастысы, қолданушылардың өз бетімен оқуы арқылы артады. 

Ал енді «тұтынушы болып жүргенде, жұртқа клиент есебінде ғана қалып қоймаймыз ба?» деген уайымыңыз орынды. Біз ендігі құр тұтынушы деңгейінде қалыптасып болдық. Соның өзінде, біртіндеп өзіміздің ақпараттық-коммуникациялық технологияларымызды дамыта беруіміз қажет. Әйтпесе, соңғы кездері интернетті бақылау туралы әңгіме көп қозғалып кетті. Дегенмен бәрібір тұтынушы болып қаламыз ғой. Өйткені, осы уақытқа дейін, ақпараттық технологияны айтпағанның өзінде, басқа кез келген саланың барлығында тек қана тұтынушы болып келеміз ғой. Бұл салада да жақын уақытта алысқа ұзай қоймаспыз. 

Есей Жеңісұлы: Орталықтан шалғайда, Ақтауда жүріп-ақ IT маманы ретінде танылдың. Бұл білігіңнің қанша пайызы өзіңнің ізденуіңнің арқасы?

Тимур Бектұр: «Білімімнің 90 пайызы өз ізденуімнің арқасы» десем, күпірлік болар ма екен?.. Мысалы, мамандығым инженер-бағдарламашы, яғни, тікелей компьютерге қатысты болса да, университетте білім беріп жарытқаны шамалы. Оның үстіне, біз осы мамандықтың алғашқы түлектері болдық. Оқытатын маман болмады. Бағдарлама дұрыс бекітілмеді. Оқулық табылмады. Ол кезде интернет әлі дамымады. Осы, соңғы бес жылда ғой көзіміздің ашылғаны. «Ал өзің ізденгенде, қайдан оқыдың?» десеңіз, жауабым мынау. Бірінші ағылшын тілін меңгердім, сосын барып интернеттің ағылшын тілді ресурстарын тұтына бастадым. Бұл маған түпнұсқа білімге төте жол ашса, екіншіден орысша аудармаға тәуелділіктен арылтты. Нәтижесінде, осы күнгі үрдістің қандай екенін біліп отыратын болдық. Қазіргі іні-қарындастарға да айтарым сол. Міндетті түрде ағылшын тілін үйреніңіздер. Екіншіден, онлайн оқыту орталықтарын көптеп пайдаландым. Олар тегін, әрдайым қолдануға даяр, басы артық ешқандай шығын мен қолайсыздықты талап етпейді. Отырасыз да, оқи бересіз.

Есей Жеңісұлы: Сайт жасаумен айналысып, мұны да қазақ үйренуге тиіс жаңа кәсіп екенін үнемі айтып жүрсің. Қазіргі уақытта бұл кәсіптен пайда бар ма?

Тимур Бектұр: Бар ғой. Дәл қазір сонымен жан бағып, отбасы асырап отырмын. Тек, заман көшіне ілесіп, маркетингті жолға қою керек. Сонда тіпті қатып кетеді.

Есей Жеңісұлы: «IT-тірлік» журналын, epub.kz электронды кітапханасын, т.б. виртуалды кеңістіктегі жаңалықтарды жеке жасап, көп игілігіне айналдырдың. Мысалы, электронды кітапханада тіркелу мерзімі ақылы. Тұтынушылар бұл ұсынысты қалай қабылдады? «Жұмыртқадан жүн қырқып» дегендей наразылық білдірген жоқ па?

Тимур Бектұр: Үнемі қарап, қадағалап, жасап отыруды қажет ететін жобалар ерікті түрде жасалғанда өте ауыр тиеді. Оның үстіне, қолданушылар ол тегін дүниені дұрыс қолданып, арасында жылы лебіздерін білдіріп қоюдың орнына, «неге бүйтпегенсіздер? Неге сөйтпегенсіздер? Бұл не масқара?» деген сияқты негізсіз кінә артып кеткенде, адам қолын бір сілтегісі келіп кетеді. Сол себепті, қолданушыларға алдын ала электронды пошта арқылы хабарлама жіберіп, алдарынан өттім. Пошталарына келіп тұрған тегін хатты ерінбей ашып, тегін жауап беруге жалықпаған азаматтар бір ауыздан қолдап, демеді. Содан кейін эксперимент жүзінде ақылы тіркеуді қолға алдым. Бір апта бола қоймады. Көреміз не болатынын… «Жұмыртқадан жүн қырқып» десе, деп жатқан болар. Құдай біледі. Не демей жатыр?

Есей Жеңісұлы: Алдағы жоспарларың қандай? ІТ саласындағы қандай бағытты дамытқың келеді?

Тимур Бектұр: Жоспар көп екенін айтпасам да болатын шығар, ә? Менің дәл қазір құлшынып жүрген салам – онлайн оқыту жүйесін жасау, дамыту. Интернет университет жасасам деймін. Аударсам да, қолдан тудырсам да, әйтеуір, сауаттандыруды қолға алғым келеді. 

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Мұрағаттан, 2015 ж

Қойлыбай Асанов: «Шынайы сенімділік - бақытқа бастайды»
Нұртас Исабаев, ақын: «Адам болып несіне ғұмыр кешем, өмірімде бір ерлік жасамасам?»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу