Қойлыбай Асанов: «Шынайы сенімділік - бақытқа бастайды»

Oinet.kz 04-05-2019 1922

Screenshot_3.jpg

Қойлыбай АСАНОВ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР мәдениет қайраткері:

              Қазақтан тәуелсіздік алып, халық мәре-сәре болып жатқан жылы менің де өмірімде қуанышты оқиға орын алды. Ер жігіттің парызы бойынша 1991 жылы өмірлік жарымды кездестіріп, шаңырақ көтердім. Бүгінде үш перзентімнің аяулы анасы Қоңырды алғаш рет редакцияда көрдім. Ол кезде мен Қарағанды қаласындағы облыстық «Замандас» жастар газетінде журналист қызметін атқарып жүргенмін. Құдай айдап біздің ұжымға Қоңыр іс-тәжірибен өтуге келіпті. Қазақтың қарапайым, биязы, көркем мінезді қызына көзім түсіп, ұнатып қалдым. Жас маманға білген-көргенімді үйрете жүріп, таныстығымызды күшейте түстім. Келе-келе екеуміз ортақ тіл табысып, жүрегіміз үндесе кетті. Ол кезде жалындап тұрған жаспын. Айтыстың көркін қыздырып жүрген кезім. Шабытымды оятып, сүйгеніме өлең жаза бастадым. Ғашықтық жырларымның арқасында сүп-сүйкімді Қоңыр менің «торыма» түсті де қалды. Бір-бірімізді ұнатқан соң осылайша қалған ғұмырымызды бірге өткізейік деп шешіп, үйлендік. 

             Тойымыз Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы Ақтау ауылында, яғни туған жерімде өтті. Тоқсаныншы жылдарда өздеріңіз білетіндей тойхана деген атымен болған жоқ. Тойханалардың орнын мәдениет үйлері, ауыл клубтары сынды ғимараттар алмастырды. Көбінше қуаныш той егелерінің үйінде өтетін. Сол заманғы «мода» бойынша біздің де тойымыз ауылдың клубында дүркіреп өтті. Алтыбақан тігілді. Тойымызды барынша қазақы дәстүрге сай етіп өткізуге тырыстық. Қазіргідей видео, түрлі-түсті фотоаппараттар болмаса да тойымыз әлі күнге дейін қонақтардың жадында сақталып қалды. 

           Адам үш түрлі таңдау жасағанда қателеспеу керек дейді. Соның бірі жар таңдауда мен мүлт кеткен жоқпын. Қоңырдың бойындағы адалдығына, жалған сөйлей алмайтын қасиетіне басымды иіп келемін. Мүмкін арамыздағы тоғыз жас алшақтық бір-бірімізді сыйлауға итермелеген шығар. Отбасындағы береке, тыныштық көбінесе әйел затына байланысты. Жиырма төрт жыл уақыт ішінде екеуміз өмірдің қысын да, жазын да бірге көріп келеміз. Алдымыздан көлденең шыққан кедергілердің барлығын махаббатымыз, төзімділігіміз арқылы жеңіп келеміз. Ғылым, өнер жолы кім-кімге болса да оңай соқпасы анық. Сонау айтскер ақын Қойлыбайдан бастап бүгінгі доктор, профессор Қойлыбайға дейін жанымда демеу болып, қолдау көрсетіп, астыма көпшік қойып келген де осы жарым Қоңыр. Жас кезімде айтысқа додаға түсер алдында мені баптап, үкілеп жіберетін. Қазір ойлап қарасам сонда әйелім қызғаныш дегенді білмепті. Әйтпесе ел аралап, үйге екі-үш күндеп қонбайтын кезім ғой. Қазір де іс-сапарға жиі шығамын. Негізі қызғаныш азаматтың өсуіне кедергі жасайтын дүние. Өз басым қызғаныштың екі түрі бар деп есептеймін. Бірі сенімсіздіктен, жаман ойдан туындаған қызғаныш, екіншісі жақсы көруден туған қызғаныш. Ал мен осы күнге дейін әйелімнің жаман ойдан туған қызғанышын көрмеппін. 

         Қоңыр екеуміз бүгінде үш перзентті тәрбиелеп отырмыз. Үлкен қызымыз Ақерке Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдап, Санкт-Петербург университетінің магистратурасының бірінші курсын бітірді. Екінші ұлымыз Ақжол он бірінші сыныпқа өтсе, кенже қызымыз Ақзере биыл үшінші сыныптың табалдырығын аттамақ.

          Отбасындағы басты құндылық ол сыйластық, ерлі-зайыптылардың ұғыныса білуі емес пе?! Өкінішке қарай бүгінгі таңда жастар арасында ажырасулардың басты себебі де осы шығар. Бірге өмір сүруге бел байлағанымен көп уақыт өтпей бір-бірімізді түсінісе алмадық деген сылтаумен екі жаққа кетіп жатады. Мүмкін ұрыс-керіске материалдық жағдайлар да себеп болатын шығар. Дегенмен некелі жарлар өмірдің суығына да, ыстығына да бірге төзулері керек емес пе?! Мәселен біздің де маңдайымыздан тағдыр ылғи сипап отырған жоқ. Басымызға үйірілген қара бұлтты бір-біріміздің қолымыздан мықтап ұстап алып сейілтіп отырдық. Сондықтан жас отбасылар сабырлы, төзімді бола білсе шаңырақтары берік болмақ.    

Мұрағаттан, 2015 ж

Жан Ахмадиев, тележурналист: «Шындықты жақтырмағандар пышақпен жаралап кетті»
Тимур Бектұр, IT маман: «Интернетте еңбек туралы айту қиындау»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу