Жан Ахмадиев, тележурналист: «Шындықты жақтырмағандар пышақпен жаралап кетті»

Oinet.kz 04-05-2019 1159

0_main.jpg

-          Жан, бейнебаяндарыңның көбісі  қазақ қоғамының жағымсыз тұстарын бейнелейді. Соған қарағанда қазіргі қоғамға көңілің толмайтын тұстарың көп секілді?

-          Ия, дұрыс айтасыз. Аллаға шүкір, тәуелсіз қазақ елінің ешкімге алақан жаймай, қарыштап дамып келе жатқандығы қуантады. Бірақ ел ішінде әділетсіздік, қатыгездік, мейірімсіздікті көргенде жаным шұрқырап кетеді. Өз басым талай әділетсіздік, адамгершілікке жат қылықтарға куә болдым. Мен әр қазаққа жалғызым ретінде қараймын. Сондықтан халқымның кері кеткенін қаламаймын. «Қазақпыз ғой» атты бейнебаяндарымда шындықты ащырақ айтып, өткір кадрларды көрсеткенім рас. Мені оппозиционер екен деп ойлап қалмаңыздар. Тек қазаққа жақсы жағымызды ғана көрсете берсең көзі ашылмайды, керісінше жағымсыз әрекеттерін беттеріне басып көрсетсең өз қылықтарынан өздері ұялатындай дәрежеге жетеді. Менің мақсатым қазақты масқаралау емес, ұялта отырып, әділдікке, адамгершілікке шақыру.

-          «Қазақпыз ғой» бейнебаяны ғаламторда қызу талқыға түсіп, қолданушылардың көбісі әсіресе, Әлібидің «альфонстығын» бетіне басқаныңды жақтады. Алайда көп ұзамай Әлібиден кешірім сұрағаныңды халық ұқпай қалды. Шынымен де өзіңді артық кеттім деп есептейсің бе?

-          «Қазақпыз ғой» әні жанайғайдан туған дүние. Туындыны жазып отырған кезде бойдағы ашу, ыза да, күйініш те әнмен  қоса шықты. Мәтіндегі әрбір сөзімнің шындық екенін менде, халық та біліп отыр. Алайда соған қарамастан мен Әлібиден интернет арқылы көпшілік алдында кешірім сұрадым. Мұның себебін әркім әрқилы жорыды. Біреулер  Жанға Әлібидің әкесі  қоқан  лоққы көрсетті десе, екінші бірі Жамалиев оған сұмдық ақша беріпті деген әңіме де тарады. Шынымды айтсам ән асығыс жазылып, бейнебаян бір күннің ішінде түсірілді және ютубқа жылдам таралып кетті. Көрілім соншалықты көп болып, қызу талқыға түсіп кетеді деп ойламаппын. Әлбетте бейнебаянды Әліби және оның жақындары да тамашалады. Ғаламторға салынғаннан кейін Әлібидің жақтастарының маған қоңырау шалғаны рас. Олар маған қоқан лоққы көрсетті деп айта алмаймын, тек қазақтың баласын күллі жұртқа масқара  еткенім қазаққа тән қылық еместігін жәймен түсіндірді. Оған қоса олардың бейнебаяннан кейін Әлібидің көшеде еркін жүре алмай қалғандығын, көрген жұрттың оған саусағын шошайтып көрсететін болғанын, мұның барлығын көтере алмаған ол суицидке де оқталғанын айтқаннан кейін ойланып қалдым. Шынымен де жығылғанға жұдырық жасадым ау деп ойладым. Сөйтіп ойлана келе одан кешірім сұрадым. Оның басқадай себептері жоқ.

-          Өзіңді заманауи жыраумын деп атап жүрсің. Жалпы заманауи жырау дегеніміз кімдер?

-          Жастайымнан рэп айтуға құмар болып өстім. Көпшілік ортада, достарымның арасында отырған кезде адамдар рэп орындауымды сұрап жатады. Өнерімді тамашалағандардан «сен заманауи жыраусың ғой» деген сөздерді жиі естимін. Содан жеке стилімді қалыптастыру мақсатында өзімді неге осылай атамасқа деген ой келді. Қазақта халықтың мұңын айтып, жоғын жоқтаған, ханын сыйлай отырып, әділетсіздігін бетіне басып отырған Бұқар, Ақтамберді, Шалкиіз секілді жыраулар өткен. Олар өз заманының шындығын жырауларында арқау етті. Сол секілді бүгінгі қазақ қоғамына да Бұқар жыраулар секілді шындықты айтудан тайсалмайтын ақын, жазушы, керек болса өнер иелері қажет. Олардың қатарына рэп орындаушыларын да қосуға болады. «Заманың түлкі болса тазы боп шал» дейді ғой. Шындықты халыққа жеткізу үшін  мен рэпті таңдадым. Себебі рэпті жастар қауымы жақсы қабылдайды. Егер мен термелетіп айтумен шектелсем  жасы егде кісілер болмаса әнім халыққа соншалықты тарамас еді.

-          Қалай ойлайсың журналистің жауапкершілігі көп пе, әлде сахнада жүрген өнер иесінің  жүгі ауыр ма?

-          Мен біріншіден саяси журналист емеспін. Шоу-бизнес жаңалықтарының төңірегінде ғана жүремін. Әрине журналистке ең керегі жауапкершілік. Алайда осы уақытқа дейін оның ауырлығын сезініп көрмедім. Өнер иелерінің де жүгі жеңіл деп айта алмаймын. Менің түсінгенім қай салада жүрсеңде шындықты айтсаң соның жүгі ауыр болмақ. Ақиқатын айтатын адам әдетте айналасына жаға бермейді, соңында біреудің шамына тиіп кетуің мүмкін. Бұл жағдайды мен қазір өз басымнан өткеріп жатырмын. Сөздерім әлдебіреулердің көңіліне жақпаса керек жақында ғана маған өз үйімнің алдында қастандық жасалды. Аяғымның екі жерінен пышақпен жаралап кетті. Қазір емделіп шықтым, жағдайым тәуір. Айтайын дегенім ақиқатттың жолында жүрсең осы секілді алдыңнан кедергілер көптеп шыға береді екен. Сондықтан шыншыл адамның арқалаған жүгі бәрінен де ауыр екен.

-          Қажылыққа баруды жоспарлап жүрген көрінесің...

-          Ия, Алла қаласа қасиетті Мекке жеріне баруды жоспарлап қойдым. Кедергілерге қарамастан шығармашылығымды да тоқтатпақ емеспін. Жақында қазақ қыздарына арналған жаңа ән жазып жатырмын. Мені әсіресе ауылдан қалаға оқуға келген қазақтың өрімдей жас қыздарының кейінгі тағдырлары алаңдатады. Қаланың қатал заңдарын біле бермейтін ақкөңіл қыздар көбінесе айлакер жігіттердің торына түсіп алданып қалып жатады. Айналып келгенде жаман жолды таңдайды. Осылайша қаншама аруларымыздың қызғалдақ ғұмырлары солып жатыр. Жаңа әнімде осы секілді проблемаларды қозғай келе оларды жамандықтан қорғауға шақырамын. Сондай-ақ  әнші Нұрлан Еспанов ағамызбен дуэт орындамақпын. 

Мұрағаттан, 2015 ж

Роза Әлқожа: «Қазақтың топырағы барда, ұлтымыздың кеудесіндегі цензура бұзылмайды»
Қойлыбай Асанов: «Шынайы сенімділік - бақытқа бастайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу