Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Рейтинг:Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына 1 жыл уақыт қалды. Зерттеуші ретінде Ә.Нұрмұхамедұлының мұрасын толық жинақтап, монографияларын жеке-жеке кітап етіп те шығарып жүрсіз. Бұл мерейтойға жалпы қандай дайындық керек, ең әуелі нені ескеруге тиіспіз?
Сұлтан Хан Аққұлы:150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Алаш» ғылыми-зерттеу институты Ә.Бөкейханның осы күнге дейін жиналған мұрасын жинақтап, 16 томдығын жыл соңына дейін баспаға әзірлеуге жұмыс істеп жатыр. Қазір белгілі еңбектерінің 99 пайызы жинастырылды десем артық емес. Сондай-ақ, «Әлихан Бөкейхан» тұлғалық энциклопедиясын әзірлеп жатырмыз. 2011 жылы Астанада Ә.Бөкейханның 145 жылдығына байланысты ғылыми-теориялық конференция өткен. Сонда «Әлиханның 150 жылдық мерейтойына дейін және мерейтой кезінде қандай шаралар іске асырылуы керек?» деген мәселе көтеріліп, ұсыныстар жасалды. Сол ұсыныстар бекітіліп, Үкіметке ұсынылды. Бірақ қазір оған қарап жатқан Үкімет жоқ. Бірақ бәрібір тоқтап қалуға болмайды. Әлекең және оның үзеңгілестері туралы деректі фильм, Әлиханның өсу жолдары, саяси күреске толы ғұмыры, қазақ мемлекеттілігін жаңғырту жолында атқарған шаруалары туралы көркем фильм түсіру идеясы да бар. Алаштанушы ғалымдардың осындай ойлары көп, бірақ бұл ұсыныстардың біреуі де жүзеге асатын түрі жоқ. Өйткені билік тарапынан ешқандай іс-қимыл байқалмайды.
Рейтинг:Мұрасының зерттелуі, халыққа қайта таныстырылуы бағытында Әлихан қазіргі заманда қаншалықты «бақытты»? Ол қазір қандай биікте тұрғаны дұрыс?
Сұлтан Хан Аққұлы: Бүгінгі қытай үшін Ден Сяопинь қандай тұлға? Бүгінгі Түркия Мұстафа Кемал Ататүрікті қалай ардақтайды? Үндістан үшін Махатма Ганди кім? Қазіргі Қазақстан үшін Әлихан Бөкейхан дәл сондай тұлға. Әлихан өмірін зерттеп қарасақ, туғаннан атылғанға дейін бірде-бір рет пендешілік қылығын, іс-әрекетін көрмейсіз. Мен оны тек әлихантанушы ретінде ғана айтып отырғаным жоқ. Бірақ Әлиханның ұлы идеялары елімізде кең насихатталып жатыр дей алмаймыз. Тіпті соны айтуға, насихаттауға шектеу қойылып отырғанын ашық айтуымыз керек. Қазақ мемлекетінің дамуы үшін қай ұлт алдымен жауапты? Мемлекетті дамыту үшін ұлттық идея керек. Сол идея осыдан бір ғасыр бұрын ұлт үшін үлкен күреске түскен алаш ардақтыларында бар. Халықтың басын біріктірген, қазақтың ұлттық бірегейлігіне қол жеткізген солардың идеясы еді. Соларды кім бастады? Әлихан Бөкейхан! Біз осыны айта алып жүрміз бе? Жоқ! 2013 жылдың күзінен бері «Алаш тақырыбын қопсыта бермеңдер» деген бейресми шектеу бар. Содан бері қазақ басылымдары Алаш, Әлихан тақырыптарын көп жаза бермейді. Біздің елде ғылым бостандығы да өз дәрежесінде емес.
Рейтинг:Ә.Нұрмұхамедұлының ұлт көсемі дәрежесіне көтерілу эволюциясы қандай болды? Сол дәуірдегі тарихи оқиғалар фонында алып қарасақ, Әлихан қазақты артынан ертетін дәрежеге кездейсоқ жеткен жоқ дей аламыз ғой?
Сұлтан Хан Аққұлы: Әлихан 1890-94 жылдар аралығында Санкт-Петербордағы орман институтында оқыды, сонымен қатар, Санкт-Петербор университетінің заң факультетін жедел бітірді. Сол кезде ол Ресейдегі төңкеріс идеясымен, марксизммен қатты айналысты. Санкт-Петербордан Омбыға оралған бойда өз мамандығы бойынша Төменгі орман училищесінде сабақ бере жүріп, «Степной край» газетінде саяси шолушы қызметін де атқарды. Орыс ғалымы С.Швецовтың айтуынша, Әлихан сол газетте бірден-бір марксизм насихаттаушысына айналған. Бұл 1895-87 жылдар. Қазақстан мен Батыс Сібірде жұмысшылар санасының оянуына түрткі болған Әлихан еді. 1905 жылға қарай Әлихан жай марксизммен айналысушы немесе төңкерісшіл ғана болған жоқ, кез келген ұлтты өз арман-мақсатына ұлттық идея жеткізе алатынын түсінген тұлға еді. Сол кездің өзінде оны ұлт көсемі ретінде патшалық Ресей де мойындай бастады. 1905-07 жылдардағы Қарқаралы, Ырғыз петицияларының жазылуына, патша кеңсесіне тапсырылуына ұйытқы болған да – Ә.Бөкейхан. 1909 жылы Әлихан қазақ даласынан Самарға жер аударылады. Самар губерниясында саяси айдауда жүрсе де, қазақтың мұң-мүддесін қорғаудан бас тартқан жоқ. Санкт-Петерборда шығатын «Сибирские вопросы» басылымында орыс келімсектерінің қазақтың қай жерінде қанша десятина аумақты тартып алғанын нақтылап жазып, Дума депутаттарының назарына ұсынып отырды. 1916 жылғы көтерілістерді алайық. Әлихан сол кездің өзінде күндердің күні, тіпті таяу болашақта қазақтың өзін-өзі басқаратын сәті туындайтынын сезіп жүрді. Әлихан 1905 жылдан бастап қазақты әскер қатарына шақыру идеясын ұсына бастайды. Ондағы көздегені – өзімізді-өзіміз басқаратын күн туса, ұлттық әскер құру қажеттілігі туындайтыны рас болатын. «Қазақтар жаяу әскер емес, кавалерия құрамында казактармен тең құқықты әскер болуы керек» деп ұсыныс жасады. 1914 жылы І дүниежүзілік соғыс басталғанда, «Қазақ» газетінің бетінде «Қазақты әскеруге алу мәселесі» тақырыбын нөмір сайын болмаса да көтеріп отырды. Оның астарында «ертең өз-өзімізді қорғайтын армия болуы қажет» деген ой жатыр еді. Әлихан осы идеясын таратып жүрген кезде, қазақ жерінде көтерілістер бұрқ ете қалады. Әлихан осыған қарсы болады. «Патша жарлығына мойынұсынайық. Қазақ баласы әскерге барғанда алдыңғы шепке шықпайды, тыл жұмыстарымен айналысады. Сендер 19-35 жас аралығындағы жігіттерді жіберсеңдер, өзім еріп барамын, оларға қамқор боламын» деп уәде береді. Шынында да, Әлихан өзі барып, Батыс майданда жүріп, бұратана бөлімін ашады. Қазақ жігіттеріне дәріс оқиды. «Топырлап бір жерге жиналмаңдар, жезөкше қыздарға жоламаңдар, карта ойнамаңдар» деп әкелік қамқорлығын жасайды. Әлихан – қазақтың тұңғыш гуманист-либерал-демократы. ІІ жалпықазақ съезінде Алашорда басшысын сайлауға кемі үш адам түсуі керек деген талапты да Әлихан айтқан. «Халық өз басшысын екі-үш адамның арасынан сайласын» деп нағыз демократиялық жолды дәстүр етуге тырысқан. Қараңыз, осыдан 100 жыл бұрын қазақ жерінде демократиялық дәстүр мықты болып қалыптаса бастаған. Ол кезде мемлекет басшысы ғана емес, жергілікті жердегі басқарушылар да нағыз демократиялық жолмен сайланды. Демек, қазіргі қазақ мемлекеті сол кездерде-ақ нағыз демократиялық негізде қалыптаса бастаған. 1917 жылдың қазан айында Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутат сайлауға қазақ жерінен үш партия қатысты. Сонда қазақ халқы «Үш жүз» партиясын да, Әліби Жангелдин бастаған социал-демократтарды да қолдамай, Әлихан бастаған «Алаш» партиясын бір кісідей қолдап шықты. «Үш жүз» партиясы мен социал-демократтар бір де бір депутат өткізе алмаса, «Алаш» партиясы 43 депутат өткізді. Осы сайлау қазақтың ұлттық бірегейлігін қалыптастырды. Соның негізінде, қайнар көзінде Әлихан тұрды. Бірақ сол ұлтты қалыптастыру үдерісінің нүктесі қойылмады, большевиктер талан-таражға салып жіберді. Сол процесс әлі біткен жоқ. Біз тәуелсіздіктің 24 жылында Қазақстан ұлтын емес, қазақ ұлтын қалыптастырып үлгеретін едік.
Рейтинг:1917 жылы ақпанда Патша тағынан кеткенде Әлиханда қазаққа автономия алу туралы ой болмаған сияқты. Сол жылдың жазына қарай ғана осындай ойлары көрініс береді. Бұл ойға ол қалай бекіді деп ойлайсыз?
Сұлтан Хан Аққұлы: Әлихан – қазақ хандығының патшалық Ресейге қосылуын бүге-шігесіне дейін зерттеген ғалым. Сол кездердегі келісім-шарттардың бәрін түбегейлі зерттеген. 1899-1905 жылдар аралығында ол қазақтың би, сұлтандарының патша шенеуніктерімен алмасқан хаттарын түгел жариялайды. Қазақты өз алдына ел ету идеясы Әлихандардың ойында І орыс төңкерісінен кейін-ақ пайда болған. Ә.Бөкейхан мемлекетті іргетасынан бастап қалауды толық ойластырды. Ол 1906 жылдан бастап Ресейдегі прогрессивті саяси партиялардың басын біріктірген орыс масондарының құпия ұйымына мүше болды. Сол ұйымның шешімі бойынша, Әлихан 1917 жылдың ақпанынан кейін «қазақ міндетті түрде автономиялық құқыққа ие болады» деген уәде алған. Бүкілресейлік құрылтай жиналысына дейін Әлихан бұл мәселені көтерген жоқ. І жалпықазақ съезінде автономия мәселесін басқа емес, Әлихан көтерді. ІІ съезде автономияны бірден жариялауға ол қарсы болды. Осы арада қандай жұмбақ жатқанын байқайсыз ба? Өйткені, Әлекең масондардың құпия ұйымына берген уәдесін бұзған жоқ. Сосын «автономия жариялаған соң, оны ұстап тұра аламыз ба? Күш-қуатамыз да, бюджетіміз де, әскеріміз де, үкіметіміз де, жергілікті басқару жүйеміз де жоқ. Ертең Бүкілресейлік құрылтай жиналысында автономия алсақ, осының бәрін әп-сәтте құра аламыз» деп ойлаған. 1917 жылдың қазан айында Әлихан Томск қаласында өткен жиналысқа барып келеді. Соған орай жазған «Сібір сиезі» мақаласында: «Біз Сібір автономиясына қосылайық. Қосыламыз деп, ұлы империяның құрсауынан босанып алайық», – дейді. Бұл – үлкен саясаткерлік. Бұл кезде оған Халел мен Жанша Досмұхамедовтер, Бақтыгерей Құлманов қарсы шықты. Олар автономияны дереу жариялау керек десті. Бірақ дауысқа салған кезде Әлиханның ұсынысы өтіп кетті. Оппоненттері «біз онда жеке автономия жариялаймыз» деген соң, қазақтың тұтастығын ойлап қана Әлихан шегінуге мәжбүр болды. Желтоқсанда Алаш автономиясы жарияланды. Бірақ Әлиханның көздегені басқа болатын.
Рейтинг:Бүгінгі күні Қазақстанға Әлиханның қандай идеясы қатты қызмет етіп жатыр? Қандай ойын ұстын етіп алғанымыз дұрыс?
Сұлтан Хан Аққұлы: Бір өкініштісі, қазір Қазақстанға Әлиханның қайсыбір идеясы жақсы көмектесіп жатыр дей алмаймын. Қазір бізге ұлттық идея жетіспейді. Ұлтаралық келісім туралы айтудан танбай келеміз. Бірақ Қазақстанда қашан ұлтаралық жанжал болып еді? Қазақ елінде тұратын ұлыстардың шектеу көріп жатқаны бар ма? Қазақстанда қаңғырып, баспанасыз, жұмыссыз жүрген кім – қазақ. Шетел инвесторының босағасында қара жұмыс істеп жүрген кім – қазақ. Біздегі миллиардерлер кім – басқа ұлыстардың өкілдері. Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына мемлекет құраушы ұлт – қазақ қана қоса алады. Кез келген идеяның астарында ұлттық сарын болмаса, ол идея ешқашан жүзеге аспайды. Менің бір ауыр күдігім бойынша, ұлт көсемі Әлихан атамыздың 150жылдық мерейтойы да Қазақ хандығының 550жылдығы сияқты аяқастынан және атүсті дайындықпен өтетін түрі бар. Біздің үкімет Президент Қазақ хандығының 550жылдығын тойлаймыз деп өткен жылдағыдай тікелей нұсқау бермесе, не Әлиханның 150жылдығын, не ол құрып басқарған және қазіргі Қазақстанның негізін қалап кеткен Алаш мемлекетінің 100жылдығын тойлау ешкімнің ойына кіріп-шығатын түрі байқалмайды.
Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы
Мұрағаттан: 12.03.2015