Меруерт Сүлейменова: Ақ бұлттарымнан түскім келмейді
Меруерт әріптесімізбен әңгімелесе қалсақ, өмірге құштарлығымыз он еселеніп шыға келеді. Өзіміз көрдік деген қиындықтардың түкке тұрғысыз екенін сезініп, ұялып кетеміз. Меруерт – өмірге қайта келіп қана қоймай, өмірдің өзін қайта тізерлеткен жан.
Сондай бір қиындық болатынын бір-екі ай бұрын сездім, – деп еске алады Меруерт. – Алла Тағала біраз нәрседен белгі береді, бірақ біз оны ұқпай қаламыз. Түсіме аруақтар жиі еніп жүрді. Әжем: «Аруақ ұлдың ұлына, қыздың қызына барады. Сүрелерді оқып, дұға жасап жүр», – дейтін. Жастық шығар, оған да мән бермегендейміз. Қазір сүремен ұйықтап, сүремен оянамыз ғой. Қайтыс болып кететін сияқты сезімде жүрдім. Жақындап келе жатқан қиындықты ажал деп қабылдаған болармын мүмкін. 17-18 жасымда арбада отырған адам көрсем, өте үлкен қорқынышпен қарайтынмын. Сөйтіп жүргенде... биіктен құладым... Ауруханада ес жиып, көзімді ашқанымда, басыма «тірі екенмін ғой» деген ой бірінші келді. Денемді ұстап, шымшып көрдім. Бірақ аяғымды сезген жоқпын. «Кесіп алып тастаған болды ғой» деген ой сумаң ете қалды. Аяғым бар екеніне көзім жеткен соң, «жай ғана жарақат шығар» дедім тағы. Бірақ омыртқам ұсақталып сыныпты. Омыртқа мен жұлын жарақатының зардабы 15-20 жылға созылатынын қайдан білейін? Мүмкін, жағдайымның қаншалықты ауыр екенін, яғни, омыртқа жарақатының қиын екенін білмеуім де өмірге деген сеніміме селкеу салмаған болар. «Гипспен ары кетсе 1,5 жыл жатармын, сосын шапқылап кетемін ғой» деймін қиялға беріліп. Бірақ маған гипс кигізген жоқ, аспалы төсекке таңды. Дәрігерлер қатарға қосылып кететініме алғаш күмәнмен қарады. «Жүрмейді, тұрмайды, адам болмайды» деген сияқты болжамдар көп айтылды. Осындай жағдайға тап болған адамның қасында қолдау көрсететін жандардың көп болып кетуі, мүсіркей беретіні ауырлау тиеді. Сол уақытта күндердің күні жүріп кететініңе, елмен бірге жұмыс істейтініне күш беретін сенім мен сезім екен, оған көзім әбден жетті. Мұндай жағдайда адамды өз қиындығымен өзін жеке қалдыру керек. Сонда ол қиындыққа тез бейімделеді. Ауырып жатқан адамға біреуі шайын дайындап, екіншісі асты-үстіне түсіп қарап өбектей берсе, ауырған адам соған бой үйретіп алады, жағдай тілеп тұрады. Әр нәрсені көңіліне алғыш болады.
Рейтинг: Ол кезде 23 жаста ғана екенсіз. Осынша сенімді қайдан алып жүрсіз?
Меруерт Сүлейменова: Бала кезден үйдің үлкені болған соң, жауапкершілікті сезініп өстім. Өзімнен кейінгі бауырларымның жүріс-тұрысын, сабағын қадағалап жүретінмін. Күш дегеннің бәрі тектен, тәрбиеден, жаратылыстан. Әулет қана емес, бүкіл ауыл үміт күтіп отырған қыз едім. Осындай тағдырға тап болдым екен деп неге иін түсіруім керек?
Рейтинг: Ауруханада да сеніміңізді жоғалтпадыңыз ба?
Меруерт Сүлейменова: 7-8 үлкен операциядан өттім. Өмірлік қағидам сол – әйел адам қай жерде де әдемі болу керек. Аурухана төсегіне таңылып жатсам да, еңсе түсірген жоқпын. Өзімді барынша күттім. Жылап-сықтап, бәрінен баз кешіп мұңайған кездерім есімде жоқ. Тәуекелшіл, шешімді тез қабылдайтын адаммын. Әжемнің тілімен айтқанда, Алла өзі берген түйінді өзі шешеді. Ауруханада жатқанда бәрі бастық, зекіп сөйлейді. Денең жансыз болғанмен, кейдеңде жаның бар, тілің сөйлеп жатады. Әр нәрсені көресің. Әке-шешем есіктен әрең кіреді. «Ары тұрыңыз», «былай барыңыз» деп оларға да зекитіндер көп. Соны көріп жатып: «Шіркін, осы кісілерді баласы ретінде еңсесін көтеретін күнге жетсем екен», – деп армандайтынмын.
Рейтинг: Ең алғашқы қадамды қайта жасағаныңыз есіңізде ме?
Меруерт Сүлейменова: Қалқаман ауруханасында дәрігерлер 9 айдан кейін орнымнан тұрғызып көрді. Балдаққа сүйеніп, төсектің басынан аяғына дейінгі төрт-бес қадамды жасадым. Бұл дәрігерлер үшін де күтпеген жай болды. Мен ешқандай да ерекше методикамен дайындалған жоқпын, гимнастика жасамадым. Ішімде Аллаға деген шүкіршілік пен болашаққа сенім болды. Сол екі нәрсе мені алға жетеледі де отырды. Адам баласы өзінің мүмкіндігі қаншалықты шексіз екенін білмейді. Ауруханадан шыққаннан кейін туған ауылым – Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Мәтібұлақ ауылында 6 ай жаттым. Анам мектепте мұғалім, өзімнен 10 жас кіші сіңлім де мектепке кетеді. Түпкі бөлмеде жатамын, үйдегілер жақын арада келе қоймайды. Қарным ашады. Бір күні «осылай жата беремін бе, түсіп көрейінші» деп әрекет жасадым. Төсектің үстіне ары-бері қозғалу үшін қойылған ағаштан ұстап, бір аяғымды түсірдім. Жансыз болғасын, жерге тарс ете қалады екен. Екінші аяғымды көтеріп, жерге қоя бергенімше, кеудемді сүйрей кетіп, құлап түстім. Еңбектей алмаймын. Аунауға тура келді. Кәдімгі текеметті жинаған сияқты ақырындап аунап-аунап, ас үйге жеттім. Шкафқа сүйеніп, ақырын көтерілдім. Басым айналды, бірақ көтеріле алатыныма көзім жетті. Шынында да, сол кезде жата берсем, жата берер ме едім? Сыныптастарым іздеп келеді, оларды еңбектеп күтіп алып, еңбектеп шығарып салатын жағдайға жеттім. Сыныптастарым тұрмысқа шығып, балалы болып жатқан кезі ғой, біреуінің баласы «ат сияқты жүретін апайдың үйіне барайықшы» дейді екен. Өз қатарының алды болған адамға сыныптастарының алдынан еңбектеп шығу да оңай емес. Бірақ сол кезде өз жағдайымнан қорланған болсам, сол төргі бөлмеден шықпай қалар ма едім... «Ауылда қалмауым керек» деп шештім. Қол арбаға таңылған адамның ауылдағы тағдырын елестете аласыз ба? Әркімге бір көзтүрткі боласың, ешкімге жақпайсың, өз-өзіңнен қорланып, өз-өзіңді тауысып жіберуің мүмкін. Сосын Алматыға келіп, жатақханадан бір бөлме жалдадым. Адам болғасын, тамақ ішкің келеді, жыбырлап бірдеңе істегің келеді. Ас үйдегі кішкентай плиткаға тамақ дайындайтын жағдайға жеттім ақырындап. Легенге кір жуып, оны бөлмеге жеткізу үшін өзім қабырға жағалап, легенді ақырындап теуіп-теуіп жететінмін. «Әкеден алтау тусаң да, жанға жалғызсың» дейді ғой. Ол рас сөз.
Рейтинг: Сондай қиын кездерде көмек қолын созғандар көп болды ма?
Меруерт Сүлейменова: Өмірге өкпе артпайтын адаммын. Елдің, ел азаматтарының жақсылығын бір кісідей көрдім. Ол кезде оқу бітірмеген едім. ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіруіме бірден-бір ағалық, азаматтық қамқорлығын көрсеткен – ақын Бауыржан Жақып аға. Оқып жүргенде, Елбасының көмегімен шетелде 1,5 жыл ем алып келдім. Сол кезде «алаңдамай емделіп кел. Бұл жердегі сабағыңның мәселесі шешіледі» деді Бауыржан аға.
Рейтинг: Қазір, Аллаға шүкір, қоғамның белсенді мүшесісіз.
Меруерт Сүлейменова: Біздің өмір майданындағы қаруымыз қалам ғой. Хат жазып, өзімнің еңбек еткім келетінін айтып жүрдім. Сөйтіп, жұмысқа қабылдандым. Алғаш Алматы қалалық әкімшілігінің ішкі саясат бөліміне қарасты ақпараттық талдау бөлімінде жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. Сосын «Алматы» телеарнасында 1,5 жылдай еңбектендім. Осыдан 4 жыл бұрын «Нұр Отан» партиясы төрағасының сол кездегі орынбасары Н.З.Нығматуллиннің шақыруымен партияға ауыстым. Партияның сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру және бақылау бөлімінің консультанты болып қызмет істеп келемін.
Рейтинг: Бір кездері қайта жүруді армандадыңыз. Қазір ше? Нені армандайсыз?
Меруерт Сүлейменова: Қазір арманымның көлемі ұлғайды. «Ата-анамның еңсесін көтерсем, мен үшін мақтанса» деген күнге жеттім. Енді елге, халыққа қызмет еткім келеді. Оған қажыр-қайратым жететініне сенімдімін. Сосын... Әйел тағдырына қатысты жазып шыққан бір дүнием бар еді. Келешекте соны Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрының басшыларына ұсынып көргім келеді. Мүмкін болса, өзім жазып шыққан дүниенің басты ролінде өзім ойнасам деген арманым бар. Бұл шағын драманы жазуыма Е.Әбіқалықованың «Кешір» әні әсер етті. Екі ай бұрын «Таңшолпаннан» көріп қалдым. «Кешір мені тоғыспаған жолдарымыз үшін, кешір мені орындалмаған арманым үшін, кешір мені аңсап күткен таңдарым үшін, кешір мені жаныңа мұң болғаным үшін» деген төрт жолда әйел тағдыры, менің тағдырым жатыр. Азаматыммен аз уақыт болса да бірге өмір сүруім, сосын қыздың дүниеге келуі, сосын жарымның ақырын-ақырын алшақтап кетуі – бәрі-бәрі сонда жатыр. Мен мұны тағдырдың соққысы дегім келмейді. Сынағы шығар. Өзімді мұңға алдырғым келмейді. Бірге қызмет істейтін әріптестерім: «Меруерт апай, сіз ақ бұлттың үстіне мініп алдыңыз ғой», – дейді кейде. Сол ақ бұлттан түскім келмейді. Менің жағдайымда одан түсуге де болмайды. Өзіме-өзім жасап алған әлемім сол. Тағдырдың сатылы-сатылы қиындығынан өткен адам өмірді өзгелерге қарағанда басқаша бағалайды.
Рейтинг: Қызыңыз Саардананың өмірге келуі қандай өзгеріс жасады?
Меруерт Сүлейменова: Өмірге құштарлығым соңғы жылдары екі еселенді. Оның басты себебі – қызым Саардананың дүниеге келуі. Қызым келгелі қайта тұруды, қайта жүруді, қуануды жаңадан үйренген секілдімін. Саардана өмір сүруге күш берді. Адам баласы ала алмайтын асулар жоқ екеніне көзімді жеткізді. Сәл босаңсысам, қызыма қарап күш аламын. Қызымды театрларға көп апарамын. Жақында ғана Фариза апайды еске алу кешіне апардым. Бірінші қатарда отырып қас қақпай тыңдады. Қазір баланың сұрағы көп емес пе? Әр нәрсені сұрайды, білгісі келеді. «Қызыңызды алып жүру қиын емес пе?» деп сұрайтындар көп. Мен қоларбамен жүрем ғой. Қызым еш қиындық тудырған емес. Керісінше, қиындықтарды қызыммен бірге еңсеріп жеңетіндеймін. Саардана дүние есігін ашқаннан бергі екі жылда «келін болып түскен жұрт» деген өмір парағын ақырындап жауып келе жатырмын. Ешкімге өкпе артпаймын. Әйел тағдыры шынында да оңай емес. Қоларбадағы әйел тағдыры екі есе қиын. Қазір сол қиындықтар өмірімнің беттерінен өшіп бара жатқан сияқты. Баламның тәрбиесіне екі есе жауапкершілікпен қараймын. «Анасы арбада отырады, баласының тәрбиесі төмендеп кетіпті» деп айтқызғым келмейді. Қазіргі өмірім өте қатал графиктен тұрады. Әкем осыдан бес жыл бұрын о дүниелік болып кетті, қазір анаммен бірге тұрамын.
Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы
Мұрағаттан: 20.11.2014