Жеңіс Айтжанов, сиқыршы, иллюзионист: Құпиямды ешкімге ашпаймын

Oinet.kz 17-04-2019 1839

Screenshot_5.jpg

- Жеңіс, сиқыршылық өнерді алғаш рет қалай, кімнен үйрендің?

- Алты, жеті жасымнан бастап осы бір тылсым, жұмбаққа толы өнерге қатты қызықтым. Бұған сиқыр, ғажайыптар жайлы фильмдер, кітаптар көп  әсер етті. Атақты сиқыршылардың шоуларын көріп, олардың фокустарын үйренуге, оның құпиясын білуге ынтықтым. Күн сайын көрген, оқыған сиқырды қайталап,  қол ептілігін артыратын жаттығуларды жасап, оңай деген фокустарды меңгере бастадым. Алғаш рет қолыма тиынды алып, кинодағыдай айналдыра бастағанда  иллюзияға кәдімгідей  шырмалып қалдым.  Әрине, қай істің бастамасы болсын, адамға оңай соқпайды.  Тиын қолымнан қайта-қайта түсіп, түк шықпаған сәттерде де  фокус жасауды қалай болса да үйренемін деп шештім. Әлемді аузына қаратқан әйгілі иллюзионист Дэвид Копперфильдтің өнері иллюзия жанрына деген ынтықтығымды одан сайын арттыра түсті. Оның шоуларын қайта-қайта көріп, нәтижесінде бір-екі сиқырын қайталау қолымнан келді. Копперфильдты бір көру, онымен жүздесу асқақ арманыма айналды. Адам алдына мақсат қойса бәріне де жетуге болады. 2011 жылы Лас Вегас қаласында оның шоуына қатысуға бардым. Шоудан кейін атақты сиқыршымен оңаша жүздескенімде өз-өзіме сене алмадым.     

- «Cиқыршының иығында шайтан отырады» деген қазақтың ескі  ұғымы әлі де бар екені рас. Бүгінгі таңда сенің өнеріңді халық қалай қабылдауда?

- Өнерімді жұрт алдында алғаш рет алты жасар баланың туған күн кешінде көрсеткен болатынмын. Фокустарымды көргенде балалар қатты таңырқап, мәз болды. Сол сәтте олардың жүздеріндегі күлкісін көріп, ерекше сезімге бөлендім. Сиқыр арқылы адамдарға қуаныш сыйлауға болатынын ұғындым. Әрине, балалар әлі де таңғажайыптарға сенеді ғой. Ал ересектерді сендіру қиын. Қазақ халқының менталитеті батыс елдерінен мүлдем басқа. Сондықтан  қарапайым адамдардың өзі діни тұрғыда қарап, ерсі көріп жататындары да кездеседі. Көбісі иллюзионистер адамдарды алдап, арбаушы деп түсінеді. Олай емес. Иллюзияның  көзарбаушылық екені рас. Алайда біз фокусты қоғамды алдау үшін емес, көңілдерін көтеру үшін көрсетеміз. Мен көрермендерге сиқыр көрсеткенде оларға эмоция, кішкентай сәбидің пәк күлкісін сыйлағым келеді. Өйткені ақыл тоқтатқан адамда күлкі пайда болғанда, ол миллисекундқа кішкентай сәбиге айналады. Сол кезде оның жан дүниесінен шынайы бір сезім шығады. Шетелде сиқыр, иллюзия жанры әлдеқайда дамып кеткен. Онда иллюзионистер цирк қойылымдарының бір бөлігі ретінде  емес жеке өздері театрларда өнер көрсетеді. Дегенмен қазір Қазақстанда сиқыршылардың өнеріне құрметпен қарап, бағалап жатқандар баршылық.    

- Шетелдік сахналарда өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп жүрсің. Жалпы шетелдіктердің еліміздегі сиқыр өнеріне деген көзқарастары қандай?

- Бірде Америкаға барғанымда әйгілі сиқыршы Джимми Браунмен танысқан едім. Талайды таңқалдырған адаммен кейіннен отбасымның бір мүшесі секілді араласып кеттім. Мен оны қалжыңдап атам деймін, ол мені немерем деп қояды. Джими маған сиқыршы ретінде емес, тұлға ретінде өте үлкен әсер етті. Сол кісі «қазақ жерінде осыдан бес алты жыл бұрын осы өнерді меңгергендер жоқтың қасы еді. Аз уақыттың ішінде Қазақстанда сиқыр өнерінің дамып кеткеніне таң қалып отырмын» деп таңданысын білдіргені бар еді.    Алматыда өздеріңіз білетіндей өзім жетекшілік жасайтын «Сиқыршылар клубы» жұмыс жасайды.  Биыл Астана күніне орай біз шетелдік иллюзионистердің қатысуымен үлкен шоу өткіздік. Шоуға ағайынды Сафроновтардан бастап Голландия, Америка тағы басқа көптеген мемлекеттерден  сиқыршылар келді. Сонда олардың да  «Қазақстанда сиқыршылық өнер жылдам дамып келеді. Егер осы қарқынмен алға жылжи берсеңдер әлемдік фестивальдерден жүлделі орындарды көптеп иеленуге мүмкіндіктерің мол. Өзге елдің өнерпаздарымен бәсекелес болуға қабілеттерің жетерлік» деген сөздерін естігенде қатты қуанып қалдым. Қазіргі таңда бұл өнерге қызығушылық танытып жүрген жастар баршылық. Сондықтан иллюзия жанры алдағы уақытта бұдан да жоғары деңгейде дамиды деген ойдамын.  

- Реквизиттермен жасалған сиқырды өзің ойлап табасың ба?

- Алғаш үйреніп жүргенімде өзге сиқыршылардың дүниелерін қайталап жүрдім. Кейіннен тәжірибе жинақтаған соң олардың сиқырларына өзімше өзгерістер енгізіп, элементтер қосып, түрлендірдім. Өйткені халық бір сиқырды көруден жалығып кетеді. Мықты иллюзионист болмасам да қазір сиқырды өзім ойлап табамын. Репертуарымдағы фокустардың жартысының авторы өзім.  

- Сиқыршылар әдетте сиқырының сырын ашпауға тырысады. Сен де оны құпия сақтайсың ба?

- Кез келген сиқыршы, иллюзионистің жазылмаған кодексі бар. Сол кодекстің ең бірінші қағидасы ол сиқырдың құпиясын ешқашан  ашпау. Сиқыр көрсеткен кезде көбісі құпиясын ашуымды сұрайды. Тіпті кейбірі ақша беремін деп жатады. Маған ақшаны үйіп-төгіп берсе де өз қағидамды бұза алмаймын. Өтінген жандардан «не үшін білгің келеді?» десем «жәй, әншейін» деп жауап береді. Егер шынымен сиқырдың құпиясын білгісі келген адам оны өзі ізденіп, оқып, біліп алуы қажет. Қазір бұл өнерді үйренемін деушілерге мүмкіндік мол. Интернетті ақтарып отырып, сиқыр, иллюзия жанры туралы сан түрлі кітаптарды оқуға, бейнелерді көруге болады. Өз басым сиқырды ізденіс, талпыныс арқылы меңгергенмін. Ешқандай сиқыршы құпиясын жайдан жай аша салмайды. Бірде анамның көзінше қасықты ой арқылы майыстырдым. Бұл фокусты көргенде ол қуанып, «сенің бойыңда ерекше тылсым күш бар, нағашы әжең сондай қасиетті адам болған. Сол кісіден саған дарыған ғой» деп ғажайыпқа сенді. Кейіннен оған фокустың ешқандай тылсым күштің әсерінен емес иллюзияның көмегімен жасадым деп құпиясын ашқан сәтте анамның жүзінен өкінішті көрдім. Сол сәтте менің түсінгенім адамдар құпияның сырын білген кезде оларда өкініш пайда болады екен. Ал мен көрермендерімнің жүздерінен өкінішті көргім келмейді.  

- Бір сөзіңде Қазақстандағы иллюзия жанрының тарихына байланысты ақпараттарды жинап жүргеніңді айтыпсың. Тың мәліметтерді жинақтай алдың ба?

- Шыны керек осы саланы ақтарған кезде қазақ тілінде мәліметтерді кездестіру қиын әрі қазақ сиқыршылары туралы ақпараттар сирек екен. Содан еліміздегі осы жанрдың тарихын зерттеуге кірістім.  Иллюзия жанры Қазақстанда егемендіктен бұрын қанат жайған. Оған дәлел 70-ші жылдары иллюзия жанры бойынша әлемдік чемпионатта алматылық ерлі-зайыпты жұп Сұлтанғали Шүкіров пен Сара Қабиғожинаның жеңіске жетуі. Қазақ сиқыршыларының атын әлемге паш еткен  ерлі-зайыптылар туралы шетелдік достарымнан да көп естідім. Мен оларды қайда жүрсем де  мақтан тұтамын. Осы секілді біраз мәліметтерді жинақтап, кітап жазу ойымда бар. Алайда мектепті, жоғары оқу орнын орыс тілінде оқығандықтан, ана тілімде жазу аздап қиындау болып тұр. Бірақ бұл маған кедергі емес. Қазір қазақ тілін тереңдетіп ізденіп, яғни әдеби тілде сөйлеуді, жазуды үйреніп жүрмін. Содан кейін кітап жазуға кірісетін шығармын. Осы ретте жағымды жаңалықпен бөлісе кетейін, үстіміздегі жылы Италияда иллюзионистердің үлкен жарысы өткелі жатыр. Біз де әлемнің мықтылары бақ сынасатын сайыста өз өнерімізді көрсету үшін үйірме аштық. Қазір онда республиканың түкпір-түкпірінен жиналған жастар, иллюзия жанрына қызығатын және  айналысатындар бас қосқан. Солардың ішінен бес өнерпаз Қазақстанның атынан жарысқа қатыса алады.   Алла сәтін салса алдағы уақытта біз де 70-ші жылдардағы отандастарымыз Шүкіровтер жұбының жеңісін қайталаймыз деген сенімдемін.

- Бонистикамен әуестенетін көрінесің. Коллекцияңда қанша елдің валютасы бар?

- 60 шақты елдің валютасын жинап қойыппын.  Бонистика өте қызық сала. Әр елдің ақшасы арқылы олардың тарихын, мәдениетін аңғаруға болады. 

Сұхбатыңа рахмет!

Мұрағаттан: 20.11.2014


Ардақ Исатаева, дәстүрлі әнші: «Ақшамен атақ алғым келмейді»
Меруерт Сүлейменова: Ақ бұлттарымнан түскім келмейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу