Қасым Аманжолұлы: Олар отан қорғауды сәнге айналдырған

Oinet.kz 15-04-2019 1187

Screenshot_9.jpg

Әріптесіміз Қасым Аманжол жақында Украинаға, Ресей қанатының астын паналаған Қырымға, соғыс жүріп жатқан Донбассқа барып қайтты. «Таң» телеарнасы эфирінен Қасым дайындаған «Майданнан майданға дейін...» деректі фильмі қазақ ақпарат кеңістігінде дүмпу туғызып жатыр. Журналистика әдебін сақтай отырып, осы фильм жарыққа шыққан соң ғана әріптес досымызды шағын әңгімеге тарттық.

Рейтинг: Қасым, ақпаратты алыстан алу бір бөлек те, барып қанығу бөлек екенін жақсы білесің. Бұл сапарға қалай бекіндің?

Қасым Аманжолұлы: Біраз жылдан бері қоғам өміріндегі қым-қуыт оқиғалар ортасында жүргендіктен, менде әлемдегі барлық оқиғаларды, әсіресе диктаторларға қарсы қозғалыстар мен көтерілістердің тарихын, барысын зерттеп отыратын әдет пайда болды. Араб елдеріндегі осындай оқиғаларды түгел қадағаладым, уайымдап отырдым. ТМД елдеріндегі «түрлі-түсті төңкерістерді» де қас қақпай бақыладым. Қырғызстандағы оқиғалардың шет жағасын барып көріп келген кезім болды. Сол сияқты, Украинадағы қазіргі оқиғаларды, еуромайданды алғашқы күндерінен бастап жіті бақыладым. Күнде ғаламтор қарап отырасың, әлеуметтік желілерде оқиғаға көзқарасыңды жазасың, айтасың. Бірақ мұның бәрі күндердің күнінде адамды жалықтырады. Украинада тілшілері бар отандық телеарналарға өкпемді де білдірдім. «Тілшілері бар, бірақ неге олар Еуромайдан туралы сюжеттер жасамайды, қақтығыстарды неге көрсетпейді?» деп кінә арттым. Екінші жағынан қарағанда, олардың маған «сен де журналиссің, неге өзің барып сюжет жасамайсың?» деп қарсы сұрақ қоюға толық құқы бар еді. Осы сұрақты мен өзіме де қойдым. Неге мен сол жерге өзім барып, көзіммен көріп, хабар жасамаймын? Қашанғы тек қана бақылаушы бола беремін? Сол кезде мен қызмет істеп жүрген «Таң» телеарнасында басшылық ауысты. «Таң» телеарнасының жаңа басшысы Жұлдыз Кәден жаңа бағдарламалар жасауды қолға алды. Жаңалықтар жолға қойыла бастады, яғни, саяси телеарнаға ауысу процесі жүріп жатыр. Осы команданың ішінде мен де бармын, қазір сараптамалық бағдарламаға жетекшілік жасап отырмын. Жұлдыз ханым келген бетте, Украинаға барып хабар түсіргім келетіні жайлы ұсыныс жасадым. «Бару керек, көру керек және журналистік өнім әкелу керек» деп шештім. 

Рейтинг: Бардың, көрдің. Бізге оқиға орнынан жетіп жатқан ақпарат қаншалықты шынайы я өтірік екеніне көз жеткізе алдың ба?

Қасым Аманжолұлы: Менің ойымша, қазір біз толықтай ақпараттық экспансияда отырмыз. Украинаға аттанар алдында көлігім сынып қалды да,  оншақты күн қоғамдық көлікпен, таксимен жүрдім. Жеке көлікпен жүргесін, адамдармен көп араласпайтының, ашылып сөйлеспейтінің белгілі. Ал қоғамдық көлікте сөйлесетін уақыт болады. Мен бұған дейін «орыстілділер ғана ресейлік ақпараттың ықпалында шығар» деп ойлайтынмын. Сөйтсем, қазақша ойлайтын, орысша нашар білетін адамдардың өзі нағыз ақпараттық құрсауда жүр екен. Олар Украинаның билігін, тұрақты әскерін жамандап ала жөнеледі. «Өз халқын өзі қалай атады? Неғылған оңбаған әскер?!» деп таза ресейлік көзқарастағы әңгіме айтып отырады. Қысқаша айтқанда, орта деңгейлі көрермен, ол орыстілді болсын, қазақтілді болсын, ресейлік ақпараттың ықпалында отыр. Зомбиге айналған деуге болады. Мен ғаламтордан украиналық, ресейлік, бейтарап ақпарат көздерін түгел қарап отырамын. Ал біздің көрерменнің басым бөлігінде мұндай мүмкіндік жоқ қой. 

Рейтинг: Қанша дегенмен, қызыл қырғын болып жатқан аймақ туралы есту бір бөлек те, барып көру мүлде басқа. Украина топырағын баса отырып, журналист ретінде өзіңе қандай жаңалық аша алдың?

Қасым Аманжолұлы: Ең бірінші, әрине, әсер басқаша болды. Интернеттен қарап отырғанда, ол басқа елде, басқа кеңістікте болып жатқан қатігездік, тартыстар сияқты көрінеді. Яғни, сен сырткөз ғанасың. Ал барған кезде сен оның белгілі дәрежеде қатысушысына айналасың. Украинаға, Киевке барғандағы бірінші жұмыс күніміз ерікті батальон командирін тағы бірнеше марқұм сарбаздармен бірге ақтық сапарға шығарып салу жиынынан басталды. Бұл – ерікті батальон командирінің бірінші қазасы еді. Бұған дейін де, бұдан кейін де батальон командирі қазаға ұшыраған жоқ. Рас, полковник, подполковниктердің оққа ұшқандары аз емес. Біз «Киевская русь» батальонының командирі Александр Гуменюктің ақтық сапарына тап келіппіз. Сол жерде сапарымызды үйлестіруші украин достар дәл сол батальонның тыныс-тіршілігін көріп қайтуға ұсыныс жасады. Біз бұл ұсынысты қабыл алдық. Әсер тұрғысынан алғанда – осы. Мен әуелі ерікті батальон ретінде құрылған, қазір Қорғаныс министрлігінің қарамағына өткен жасаққа бардым. Қазір ол 11-батальон деп аталады.

Рейтинг: Тұрғылықты халықтың психологиясында қандай ерекшеліктер аңғарылды?

Қасым Аманжолұлы: Мен бұл сапарда өте көп адамдармен сөйлестім. Екі апта ішінде көп уақытымыз жолға кетті. Оның бір жақсы жері – адамдармен көп араласасың. Көлік жүргізуші, жолсерік, өзің сияқты жолаушы – бәрі сенің әңгімелесушіңе айналады. Байқағаным, украин халқының патриоттық сезімі күрт күшейген. Бұрынғы украиндерді білмеймін, бірақ қазіргілер айтады: «Бұрын біз бір-бірімізге көмектеспейтін халық едік. Қазір қатты бауырмалмыз. Бұрын оқу мен білімнен гөрі гламурға көбірек көңіл бөлетін едік, қазір шынайы білім жинауға бұрыла бастадық», – дейді. Адам таң қалатын жағдай. Біз керісінше, сәнқойлыққа, желпілдеген нәрселерге ұмтылып бара жатсақ, оларда Отан қорғау сәнге айнала бастаған. Бізде, байқайсың ба, патриоттар – кәрі адамдар. Ел туралы, халық туралы бізде көбінесе қарт адамдар жиі айтады, жастардың айтатыны басқа тақырып. Оларда жастар Отан туралы көп айтады. 23-25 жылда оларға мүлде жаңа ұрпақ – Украинаны сүйетін және Украинаға көмектескісі келетін ұрпақ келген.  Олар «Отанды мен қорғамасам, кім қорғайды?» дегенді еш пафоссыз, шынайы айтады. Соғысқа аттанып бара жатқан жас жауынгер дәл осы сәтте өз Украинасына өзі көмектеспесе, басқа ешкім қол созбайтынын анық түсінеді. Оларда біреуді кінәлаудан гөрі, «неге Үкімет жасамайды, неге мемлекет көмек бермейді?» деп жыламсыраудан гөрі, «мен барып көмектесуге тиіспін» деген көзқарас өте басым. Бір таксист соғысқа бара алмай қалғаны үшін өзін қатты кінәлі сезінді. «Баруға жиналып едім, балам жылады, соның көз жасын қия алмадым» деген сияқты сылтаулар айтты. Осы жайтты соғысқа бара жатқан жігіттерге айттым. Сарбаздар күлді. «Мен өзінің әлсіздігін баламен бүркеген адамды жек көремін» деді біреуі. «Керісінше, балаңды қорғау үшін сенің баруың керек» – түйіндері, міне, осы. Және бір адам отставкадағы полковник екен, ол майдан даласына қатардағы солдат болып баруға да дайын. Ерікті батальонға сол үшін барған. Алайда жергілікті заң бойынша, әскери адам отставкада болса да, оның шеніне сай қызмет тауып бермесе, алдыңғы шепке жіберілмейді.Сондықтан да ол кері қайтарылды. Полковник осыған қатты ренжіді. «Мен күні-түні қарауылға тұруға, алдыңғы шепте қарапайым жауынгер ретінде соғысуға, картоп аршып, тамақ пісіріп беруге де дайынмын. Маған тек соғысуға мүмкіндік берсін. Әскери білігім жеткілікті, медициналық анықтамам да қалтамда» деді ол. Мына бір сөзі есімнен кетпейді: «Мен қазір үйге барамын, сол кезде ұлымның көзіне қалай қараймын? Мен үйден «соғысқа кеттім, Отанымды қорғауға» деп аттандым ғой», – деді де, орта жолда қалып қойды. Құжаттары сәл дұрыс болмаған бес-алты солдат та орта жолда қалды. «Үйге бармаймыз, Отанды қорғаймыз. «Анықтамаң дұрыс емес» деп қайтарып жіберді деп үйге қалай барамыз?» дейді олар. «Құжаттарымызды үйге бармай реттеп қайта ораламыз алғы шепке» дейді. Осылай ойлайтын нақты адамдарды көп көрдім. Ең бастысы, олар өздерін қаһарман ғып көрсетпейді. Көп сөзге әуес те емес. 

Рейтинг: Оқ пен оттың ортасынан шыққан жауынгерлердің өзі қандай сезімде? Олар ертеңгі күндеріне сене ме?

Қасым Аманжолұлы: Шайқастан шыққан, адам өлімін көрген, өзі де адам өлтірген адамдардың психологиясы өзгеретін шығар деп ойлаймын. Оңай емес қой... Ондай жандарды «Майданнан майданға дейін...» фильмінен байқаған да боларсыздар. Оларда бөтен иллюзия жоқ. «Мен Украина халқына ант бердім, сол антқа адал болуым керек» дейді олар. Ішкі дүниелері өте берік, мығым адамдар олар. «Бәрін қырып саламыз» деген фанаттық көзқарастары және жоқ. Батальон жігіттеріне медициналық тұрғыда дәріс оқыған Юлия Палевская сөзін: «Бәріміз де түбінде өлеміз», – деп бастады. «Ол түк те қорқынышты емес. Өлім – биологиялық құбылыс. Соғыс өтіне барған кезде адамда бірнеше сезім ғана қалады. Байлық, атақ, дәреже, қызмет сияқты жалған құндылықтардың бәрі сыпырылып жолда түсіп қалады. Өмір мен өлімнің егесі ғана қалады» деді ол. Шынында да, «бүкіл әлемді тізерлетеміз» деп жүрген, адамның миына сыймайтын ұрандар айтатын діни фанаттар бар ғой. Украина әскерлерінде ондай жалғандық жоқ. Олар Отанын қорғап жүр. Олар антына адал. Нақтырақ айтсақ, ол жігіттерден нағыз еркектік, азаматтық мінез ғана байқалады. 

Рейтинг: Біз осының бәрінен қандай сабақ алуымыз керек?

Қасым Аманжолұлы: Екі мәселені айтуға болады. Мемлекеттік тұрғыдан алған кезде, мемлекет өзінің қорғаныс күштерін дамытуға тиіс. Біз «қазіргі әлемде соғыс болмауы керек» деп ойлап келдік. Бірақ Ресей сияқты көршіміз отырған кезде, міндетті түрде мықты, мобильді әскеріміз болуы керек. Грузиядағы, Украинадағы оқиғалар осыны қатты дәлелдеп отыр. Мемлекеттің әскері өте қауқарлы, жылдам, кез келген соққыға жауап бере алатындай мықты болса, кез келген басқыншы аяғын ойланып басады. Қазіргі соғыс – гибридті соғыс. Екінші мәселе – ақпараттық соғыс. Біз ақпараттық соғысқа да кез келген уақытта дайын болуымыз керек. Қазақ журналистері алға түсіп, бұл мәселеде өз зерттеулерін көбейтпей болмайды. Еліміздің ақпараттық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін күшті өзіміз ғана қалыптастыра аламыз. 

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Мұрағаттан: 18.09.2014


Дәурен Қуат: Біздің қоғам – сырқаттардың қоғамы
Абай Әбішев: «Жалғыз концерт әншілерді асырамайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу