Абай Әбішев: «Жалғыз концерт әншілерді асырамайды»

Oinet.kz 15-04-2019 1194

Screenshot_14.jpg

- Сізді ел әншілікпен қатар мультиаспапшы ретінде жақсы таниды. Музыкалық аспаптарға деген қызығушылығыңыз қалай оянды?

- Ең бірінші қолыма қазақтың қара домбырасын ұстадым. Алғашында балалықпен домбыраның болмысына қызығып, мойны, ішегі неден жасалады деп «ақтарып» тастаған кездерім болған. Кейін өз бетімше шертіп үйрендім.  Домбырадан кейін сырнайға көшіп,  Шәмшінің әндерін  нотасыз-ақ шерте бастадым. Одан бөлек баян, прима, сыбызғы аспаптарын меңгеріп алдым. Адамның өз бетімен үйренгені әрине, жақсы, бірақ маған арнайы ұстаздардың тәлімінен өту керек болды. Осындай мақсатпен  Жаркенттегі  педагогикалық колледждің фольклорлық ансамблінің құрамына қабылдандым. Одан әрі Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінде оқуымды жалғастырдым. Училищеде оқып жүргенде 1993 жылы халқымыздың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы» оркестріне жұмысқа орналасқаным өнер жолына қадам басуыма үлкен септігін тигізді.  Нұрғиса ағамыздың қолында  2 жылдай тәжірибе жинақтадым. Оркестер менің музыкаға деген сүйіспеншілігімді одан сайын арттырды десем болады. Оркестрде ойнай білу де үлкен қабілетті қажет етеді. Сен онда өзіңді ғана тыңдамайсың,  қасыңдағыларды тыңдай білесің. Бұл тәжірибе маған өмірде де көп көмегін тигізді.

- Нұрғиса ағамыздан бөлек қандай ұстаздардың тәрбиесін көрдіңіз?  

- Мен ұстазға «баймын» десем де болады. Осы күнге дейін Нұрдәулет Әлібаев, Рахымжан Тоқтақынов, Өтепберген Хамзин, Гульфайруз Далбағаева, Нұрахмет Жорабеков, Ермұрат Үсенов секілді ұстаздардың қолынан дәріс алып шықтым. Одан бөлек күйші Секен Тұрысбеков, Ескендір Хасанғалиев, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев сияқты қазақ өнерінің саңлақтарын өнердегі ұстаздарым деп есептеймін.

- Атақты оркестрде өнер көрсеткен екенсіз, ал әншілікке қалай бет бұрдыңыз?

- Негізінен училищеде оқыған кезімнен вокалдан сабақ алып жүретінмін. Көптеген күйлерді, шығармаларды сыбызғы, сырнай секілді аспаптарға салып, талай концерт, сахналарда ойнап жүрдім. Бірақ бәрібір іштей ән салуға құмартып тұрдым.  Іштегі өнердің сыртқа шықпаса тұншығатынын сездім де  бір күні  «Азия дауысы» фестивалінің бас режиссеры Александр Пономаревқа барып ән айтқым келетінін жеткіздім. Ол басында қарсылық көрсеткен сыңай танытты. Бірақ мен қоярда қоймай, репертурыммен таныстыра бастағанда Итальяның «О соле мио», «Ғашық сарбаз» атты  әндерін ұнатып қалды. Сөйтіп ойда жоқта фестивальге қатысушылардың қатарынан бір-ақ шықтым. Жеке шығармашылықпен түбегейлі 2003 жылдан бері айналысып келемін.

- Жеке шығармашылығыңызда бөлісер қандай жаңалықтарыңыз бар?

- Өткен жылы Абай атындағы опера және балет театрының әншісі Жанболат Жұмағазинмен бірге Италияның «Ғашық сарбаз» әніне бейнебаян түсірдік. Жеке орындауымдағы Е.Хасанғалиев ағамыздың «Айлы түн»  ән романсына  түсірілген бейнбаяным шықты. Одан бөлек Ақтау қаласында жеке шығармашылық кешімді өткіздім. Нақты уақытын айта алмаймын, бірақ алдағы уақытта Алматы, Астана қалаларында концертімді беруді жоспарлап жүрмін.

- Бүгінде той әншілердің қосымша табыс көзі екені жасырын емес. Сіздің тойдан бөлек бизнесіңіз бар ма?

- Шығармашылықтан бөлек алып жүрген бизнесім жоқ. Біздің де табыс көзіміз сол той ғой. Сырт көзге өнер адамдарының жағдайы «тамаша» болып көрінгенімен, жалғыз концерт бізді асырамайды. Тойдан түскен қаражатқа ән жаздырып, бейнабаян түсіріп, шығармашылығымызды дамытып отырамыз.

- Шетелдік сахналардың төрінен де көрініп жүрсіз. Болашақта тағы қай елдің сахнасын бағындырғыңыз келеді?  

- Әр елдің өз ерекшеліктері бар. Мүмкін болса Азия, Еуропаның барлық мемлекеттерінде қазақ өнерін паш еткім келеді. Білесіздер ме, шетелдіктердің қазақ мәдениетіне, ұлттық музыкасына деген ықыластары ерекше. Әсіресе, түрлі аспаптардың сүйемелдеуімен шырқалған халық әндерін жылы қабылдайды.

- Сырт көз--сыншы дегендей, көрермен сахнаның алдында тұрған өнерпаздың өнеріне ғана емес, сырт-келбеті, киіміне де назар аударатыны белгілі. Сіз стиліңізге қаншалықты көңіл бөлесіз, жеке дизайнеріңіз бар ма? 

- Әрине, сахнаға ерекше даярлықпен шығамын. Киім таңдар кезде міндетті түрде мамандармен ақылдасып, талғамыма да ерік беремін. Көбінше отандық дизайнерлерге жүгінемін. Мәселен гардеробымда  Берік Исмаилов, Құралай Нұрқаділова сынды белгілі сәнгерлердің қолынан шыққан костюмдерім бар.

- Дауысыңызды қалай күтесіз?

- Тамаққа, дауысқа зиянын тигізетін ол бірінші кезекте суық. Сондықтан салқын су ішпеймін,  шекілдеуікке мүлдем жоламаймын. Темекі мен ішімдікке де әуесім жоқ адаммын. 

Мұрағаттан: 18.09.2014

Қасым Аманжолұлы: Олар отан қорғауды сәнге айналдырған
Жалғас Толғанбай: «Тарихи тұлғаларды сомдағым келеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу