Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
OINET.KZ - Украинадағы жағдайға қатысты Ақорданың ұстанып отырған саясаты әлі белгісіз десек қателеспейміз. Соғыс басталардың алдында Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресейлік әріптесі Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескені туралы ақпарат таратылды.
Ақорданың ресми сайты:
- Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Украина мәселесіне қатысты Ресей басшылығының ұстанымы туралы айтты, - деген хабар таратты. Ал бұған Қасым-Жомарт Кемелұлының қандай ұстаным білдіргені белгісіз күйде қалды.
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл кеңесі өтті. Жиында Украинадағы жағдайға байланысты Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Ақорда тағы да Қазақстанның Украинадағы жағдайға қатысты нендей саясат ұстанып отырғанын бүгіп қалды.
Жұртшылықтың көкейінде сауал көп. Айталық, Қазақстан Ресейдің Украинаға жасаған әскери операциясын қолдай ма, жоқ әлде айыптай ма? Луганск пен Донецк республикаларының тәуелсіздігін мойындай ма? Егер күні ертең Ресей Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдерден көмек сұраса, Қазақстан бұған не жауап қайырады?
Бұған дейін сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді:
– ҰҚШҰ жарғысы әскер мен бітімгершілік күштерді пайдалануды қатаң шектейді. Олар тек ҰҚШҰ аумағында ғана пайдаланыла алады. Өздеріңіз білесіздер, жуырда ҰҚШҰ бас хатшысы бітімгершілік контингентті "Донецк халық республикасы" мен "Луганск халық республикаларына" жіберу ықтималдығы туралы мәселеге түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл іс жүзінде мүмкін емес. Оны жіберу үшін арнайы резолюция бар, БҰҰ қауіпсіздігінің арнайы мандаты бар. Сол себепті бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ, – деп жауап берген болатын. Алайда күні ертең қауіп Ресейдің өз басына төнсе, қайтпек керек?
Айтпақшы, қайбір күні Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің Украинадағы жағдайға қатысты «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына арнайы сұхбат беретіні хабарланған. Бұған аздап таңырқағанымыз да рас. Себебі елдің сыртқы саясатына қатысты ұстанымды әдетте Президент пен Сыртқы істер министрі білдіруші еді. Ал Берік Уәли жай ғана баспасөз хатшысы емес пе? Шамасы Ақорда Берік Уәлиді президенттің ұстанымдары, басқа да маңызды мәселелер бойынша жауап беріп жүрген Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сияқты ашық тұлғаға айналдыруды көздеген сияқты. Несі бар, Песковтың біздің Беріктен не артықшылығы бар дейсің?! Артықшылығы, орыс тілінен бөлек ағылшын, түрік, араб тілдерін білетіндігі ма? Әлде Песковтың баспасөз хатшылығымен бірге Президент әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымын қоса атқаратындығы ма? Несі бар, Берік Уәли Оңтүстік Қазақстан оболысында қызмет еткен жылдары әкімнің баспасөз хатшысы қызметімен бірге облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары да болып істеген. Екі хатшының өзара ұқсастығы да бар. Екеуінің де қолдарына таққан сағаттары ақпарат құралдарында дау-дамайға айналды.
Алайда екі көзіміз төрт болып күткен Берік Уәли осы уақытқа дейін телеарнадан төбе көрсеткен жоқ. Не түсініктеме де берілмеді.
Берік Уәли қаңтар қасіретінен кейін «Хабар24» телеарнасынан сұхбат берген. Сұхбатта ол қиын-қыстау кезде Мемлекет басшысының ескертусіз оқу атуға бұйрық бергені туралы батыл мәлімдемесін жұртшылықтың бәрі бірден қолдап кеткенін айтқан еді.