2030 жылға қарай елімізде су тапшылығы болуы мүмкін
2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы 23,2 текше шақырымды құрауы мүмкін. Бұл туралы министрліктің алқа мәжілісінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов айтты, деп хабарлайды Oinet.kz.
«Елдегі су шаруашылығы жағдайын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралармен қатар, шекаралас елдердің аумағынан келетін су ағынының қысқаруы болжануда. Ел ішінде де, одан тыс жерлерде де антропогендік әсерді ескере отырып, 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы шамамен 23,2 текше шақырымды құрауы мүмкін», - деді ол .
Оның атап өтуінше, оған трансшекаралық ағындарға үлкен тәуелділік, төмен су тиімділігі, су шаруашылығы инфрақұрылымының қатты тозуы, уәкілетті органның жетілмеген құрылымы және төмен жасақталуы, әлсіз ғылыми сүйемелдеу негізгі себеп болмақ.
«Осы проблемалардың бірқатары қазірдің өзінде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында іске асырылуда. Оған сәйкес 2025 жылға қарай суару кезіндегі шығынды 4 текше шақырымға қысқарту, ал өнеркәсіпте таза су алу көлемін 1,3 текше шақырымға азайту жоспарланған», - дейді Серік Қожаниязов.