Мегаполисте «кетіп қалды» деген әңгіме өршіп тұр

Oinet.kz 19-08-2021 3945

Screenshot_22.jpg

Әбілсейіт Рабаев Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. 

Әбілсейіт Рабаев бір кездері Асқар Мырзахметовтың тұсында Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы лауызымын атқарған. Араға біраз жыл үзіліс салып, ол 2017 жылы Шымкент қалалық әкімдігіне қызметке орналасты. Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы, 2019 жылы  «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. Алайда Ә.Рабаев соңғы қызметінде көп тұрақтаған жоқ. Сол жылдың аяғында оның «кетіп қалғаны» айтылды. Міне, араға екі жыл салып, Рабаев Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы қызметіне қайта тағайындалды. Бұл Рабаеватың билікке осыменен үшінші мәрте оралуы. 

 Әбілсейіт Рабаев лауазымдық қызметке ерте келген, ерте  ысылған, тәжірибесі мол шенеуінктердің бірі саналады. Қызмет барысында көптеген басшылармен жұмыс істеген. Яғни, құрылыстың қазаны қыз-қыз қайнап жатқан Шымкенттің құрылыс саласын басқаруға лайықты азаматты тағайындауда  дұрыс таңдау жасалды деуге әбден болады. Ал Рабаевтың өзіне артылған сенімді  қаншалықты ақтайтынын уақыт көрсете жатар.  

Жалпы қалалық әкімдікте соңғы уақыта кадрлық сапырылыстар жүріп жатқан сияқты. Әкімдікке кадрлардың келген ізі бар да, кеткен ізі байқалмауға айналды. Басқарма басшыларының тағайындалғаны туралы ресми ақпарат жарияланады. Бірақ сол басшының қызметінен әлдеқашан кетіп қалғанын жаңа тағайындау жасалған кезде бірақ білеміз. Әлеуметтік желіде жазылған мәліметтерге қарағанда, қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Мәди Манатбек те жылы орнын суытқан көрінеді. Бірақ бұл ақпаратты не әкімдіктегілер, не Мәди Манатбектің өзі растаған жоқ.  

Мәди Манатбек бұл қызметке биыл ақпан айында тағайындалған болатын. Оның Шымкенттегі шенеунік дәуірі алты айға да жеткен жоқ. Алты ай дегеніңіз көп те, аз да уақыт емес. Бірақ осы азды-көпті кезеңде Мәди Манатбектің немен айналысқаны, нендей шаруалардың басын қайырғаны жұмбақ күйінде қалды.  Басқан ізі білінбей енді ол да кетті. Қаланың ішкі саясатының тізгіні енді кімге бұйырар екен?

Соңғы жаңалықтарға қарағанда, тіркелмеген Демпартияның белсендісімен соттасып, бірақ ақыр аяғында арызын қайтарып алған Шымкент қалалық мәдениет үйінің директоры Сәкен Майғазиев те «кетіп қалған» көрінеді. Өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасында лауазымды қызмектерлердің антикордың өкілдеріне 80 миллион теңге пара бермек болды деген айыппен қамауға алынғанын мәлімдегені белгілі. Рас, басқарманың өзі мұны жоққа шығарды. Дегенмен  құзырлы органның ешнәрсені ойдан қиыстырмағаны айдан анық қой. Бұл жолғы «кетіп қалудың» бір ұшы осы жәйтпен байланысты болуы әбден мүмкін. Есімдері елге белгілі, әжептәуір абырой-беделі бар, «Шымкентімді түлетсем» деген ниетпен келген азаматтардың ыңғайсыз жағдайларда «кетіп қалғандары» ұяттау болды. 

«Кетіп қалу» енді басқарма басшысынан да жоғары тұрған бір азаматпен жалғасады деген әңгіме бар.         

"Рейтинг" газеті, тамыз, 2021 ж

Тоқаев жалғыз жүр
Тәжібаевқа да тықыр таянды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу