Бағлан Батыршаев Ордабасы ауданының әкімі болып тағайындалды
Жаңа әкімді аудан активіне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев таныстырып, алдағы мақсат - міндеттерін айқындап берді.
"Бұған дейін Ордабасы ауданының әкімі болып келген Нұрбол Тұрашбековтың мол тәжірибесін ескере отырып, басқа жауапты қызметке ауысуына байланысты атқарып отырған қызметінен босаттым. Бүгінгі күнгі аудандық мәслихатының сессиясына Ордабасы ауданы әкімі қызметіне жаңа кандидатура ұсынылып, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тауып отыр. Бағлан Батыршаев - тәжірибесі мол, еңбекқор азамат. Аудан экономикасын көтеруге бар тәжірибесін, білімін, күш - жігерін жұмсайды деп сенемін",-деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Б.Батыршаев 1976 жылы Ордабасы ауданында туылған. Білімі жоғары. 1999 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін инженер - экономист, 2008 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін құқықтану, 2014 жылы Алматы Менеджмент университетін іскерлік әкімшілендіру магистрі мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1997 жылы Тұрғын үй құрылыс банкінде менеджер болып бастаған. 1998-2019 жылдар аралығында "Казагроойл" ЖШС-нің қаржы директоры, Астана қаласы әкімдігінің шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары, Астана қаласы әкімінің көмекшісі, ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары, "Қазтеміртранс" АҚ-ң басшысы, ҚР Премьер - Министрі Кеңесінің бас инспекторы, "ҚазМұнайГаз-Сервис NS" АҚ-ң бас директоры, "Оңтүстік" аймақтық инвестициялық орталығының басқарма төрағасы лауазымдарында еңбек еткен. 2011-2015 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болған. 2020-2021 жылдары "Түркістан облысы әкімдігінің іс басқармасы" мекемесінің басшысы қызметін атқарған.