Ролан Ибрагимов обал-сауапты ойлайтын басшы ма?
Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовке қатысты шатақ істер көбейіп тұр. Естеріңізде болса, біз бұған дейін басқарма басшысына қатысты дау-дамайларды бірнеше мақалаға арқау еткенбіз. Ибрагимов жетекшілік ететін тендерлік комиссия біраз жөнсіздіктерге барып, мұның соңы мердігерлердің соттасуына ұласқаны, ақыр аяғында басшының ісі облыстық Әдеп кеңесінде қаралып, қызметіне толық сәйкес емес түріндегі тәртіптік жазаға ұсынылғаны, алайда ол кейінірек мұны даулап сотқа бергені, соттың талап арызды қанағаттандырусыз қалдырғаны... тағысын тағылар. Қайбір жолы басқарма басшысының тендер дауына қатысты сотқа облыстық мәслихаттың депутаттарын араластырмақ болған әрекетін де сынағанбыз. Міне, тағы да Ибрагимов. Бұл жолы ол Қазығұрт ауданының тұрғындарын шулатты.
Қазір жол жөндеуге бөлініп жатқан ақша көп, атқарылып жатқан жұмыс та аз емес, бірақ өкінішке қарай, сапа жоқ. Салынған жолдың бір жылға жетпей тоз-тозы шығып, шұрқ тесіліп, төселген асфальттің шашылып қалуы әдетке айналды. Әрине, барлық жерде емес. Бәрі де мердігердің өзіне жүктелген міндетті тиянақты орындағанына байланысты. Бәрі де сол мердігерлердің жұмысын бақылайтын шенеуніктердің жауапкершілігіне барып тіреледі.
Жуырда «фейсбукте» Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылына салынып жатқан асфальттің сапасыздығы туралы видео жарияланды. Видеоны ауыл тұрғындарының өздері түсіргені байқалады. Бейнежазбадан көрініп тұрғандай, жолға төселген асфальтті тұрғындар сіріңкенің қорабымен салыстырып өлшеп, бар-жоғы 2 сантиметр екендігін айтып отыр. Асфальт жұқа болғандықтан қазірдің өзінде жарылып жатыр. Оның астына төселген тас та талапқа сай емес, топырағы көп шағал таспен жабыспай, көтеріліп тұр. Яғни асфальт бірер күннің өзінде шашылып қалады деген сөз.
Жазбаны Қазығұрт аудандық әкімдігі елеусіз қалдырмай, жауап берді. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің берген жауабына қарағанда, «КХ-29 Сарапхана - Жаңабазар - 1-Мамыр» облыстық маңызы бар автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстарына тапсырыс беруші – Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.
Мердігер “ХМСУ- Шымкентмелиорация” ЖШС болып табылады. «Аталған кемшіліктер бойынша басқармаға ұсыныс берілетін болады», – делінген жауапта.
Ұзамай «Қазығұрт ауданы» деп аталатын аккаунтпен тағы бір жауап жазылды. Жауап берушінің аудан әкімі Арман Абдулаев екендігін аңғардық.
– Жол Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарайды және күрделі жөндеуге осы басқарма тарапынан тапсырыс берілген. Мен кеше ғана осы жолдың сапасын бақылауға алып, мерзімінде аяқтау жөнінде басқарма басшысы Р.Ибрагимовпен телефон арқылы сөйлестім. Бұл жол аудан аумағынан өтуіне байланысты оның сапасы мен мерзімінде пайдалануға тапсырылуы біздің де бақылауымызда екенін мәлімдеймін. Мердігер тарапынан барлық кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады,– делінген жауапта.
Ал осы жолға тапсырыс беруші облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов үнсіз. Басқарма басшысы бәрінен үндемей құтылғысы келген сияқты. Сонда бұл «жауырды жаба тоқу» ма?
Жуырда Президент Қасым - Жомарт Тоқаев жолдың сапасына жауапты бірқатар шенеуніктерді қызметтерінен босатқаны белгілі. Оның ішінде үш облыс әкімнің орынбасары бар. Сол жолы Ақорда: «Үкімет, әкімдер, құқық қорғау органдары бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуының алдын алу, жол құрылысы саласындағы келеңсіздіктерді жою үшін шаралар қабылдап жатыр»,– деген хабар таратқан еді.
Өзінің қызметтік міндетін, Ақорданың тапсырмасын былай қойғанда Ролан Ибрагимов халықтың есіл қаржысынан құралған қазынаның, тұрғындардың обал-сауабын ойласа қайтеді?
"Рейтинг" газеті, №17
29 сәуір, 2021 ж