Кентауда кемшілік көп
12-04-2023
OINET.KZ - Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылдық округінің әкімі Бауыржан Жорабековтың ісі облыстық Әдеп кеңесінде қаралып, оған «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптің жазасы ұсынылды. Кеңесте мәлім болған деректерге қарап отырсаңыз, ауыл әкімінің тірлігінің әлде сауатсыздық, әлде шектен шыққандық екендігін түсіне алмай дал боласыз.
Биыл аталған ауылдық округтегі бас маман С.Атаханова Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаментіне арызданған. Осы арыздың негізінде Хантағы ауылы әкімі аппаратында жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, ауыл әкімінің көптеген заңбұзушылықтарға жол бергені анықталады. Біз екі-үш фактілерге ғана тоқтала кетейік.
Б.Жорабеков өзінің өкімімен ауыл әкімі аппаратында еңбек өтілін анықтайтын комиссия құрады. Комиссияның хаттамасымен аппаратта ауыл әкімінің өзінен бастап 6 қызметкердің мемлекеттік қызметтегі өтілі бекітілген. Алайда тексеру барысында қызметкерлердің шынайы еңбек өтілдері көрсетілген мерзімдерге толмайтындығы анықталады.
Әкім тағы бір өкімімен аталған ауылдық округтің штаттық құрылымына өзгерістер енгізген. Алайда заң бойынша штатық кестеге өзгерісте енгізу аудан, қала әкімдігінің құзырына жатады. Сонда білдей ауыл әкімі Б.Жорабеков өзінің өкілеттігін білмегені ме?
Әкім қарамағында қызметкерлеріне өкімдерімен тәртіптік жазалар береді. Бірақ кейін өз өкімімен тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып атстаған. Бұл үшін тәртіпке сәйкес тиісті орындардың келісімін алмаған. Ол, ол ма, әкім тәртіптік жазасы әлі алынбаған қызметкерлерге сыйақы бергізген. Қаласа жазалайды, қаласа кешіреді, қаласа сыйақыны да заңсыз бере салады. Хантағының әкімі өзін хан сезіне ме?
Жалпы, тексеру барысында ауыл әкімнің 10 өкімінің және тиісті комиссияның хаттамасының күші жойылып, арызданушының құқығы қалпына келтірілді. Бауыржан Жорабековтың еңбек жолына қарасаңыз, шенеуніктердің командасына кеше келген кадр емес. Уақтысында Кентау қаласы әкімінің кеңесшісі, қалалық әкімдікте бөлім басшысы қызметтерін атқарған. Оның бұл әрекетін не сауатсыздыққа, не шектен шыққандыққа жатқыза алмай отырған себебіміз осы еді.
Кеңес барысында сондай-ақ, тәртіптік жазаның шешімдерін дайындау мен қабылдау кезінде заңды тұлғаға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсеткені үшін Созақ ауданының Жартытөбе ауылдық округінің әкіміне де «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту», мердігерге қаражатты заңсыз аудартқызған Жетісай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы «қатаң сөгіс», азаматтармен қарым-қатынаста іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтамағаны үшін Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысына «қатаң сөгіс» жазалары ұсынылды.