Атқамінерлер алдап соқты. Сайлаушысы – ауылда, депутаты – қалада

Oinet.kz 30-04-2021 2423

Түркістан облысында Сауран ауданын құру жұмыстары өте қызу жүріп жатыр. Алдымен мәслихат жасақталды, одан кейін су жаңа депутаттардың мақұлдауымен ауданның әкімі тағайындалды. Бұл қызметке уақтысында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары, одан кейін Кентау қаласының әкімі қызметтерін атқарған, жергілікті жағдайды өте жақсы білетін Ғани Рысбеков тағайындалды. Ал енді Сауран аудандық мәслихатының құрамындағы депутаттарды өкінішке қарай, жергілікті жағдайды бес саусағындай біледі деуге келіңкіремей тұр. Бес саусақтың Сауранға қарай илікпей тұрғаны рас. Сайлаушысы ауылда, ал депутаты қалада. 

Screenshot_1.jpg

Сауран аудандық мәслихатының алғашқы сессиясы

Жұртшылықтың есіне сала кетсек, жалпы Кентау қаласының құрамындағы 12 ауылдық округтің аумағынан   Сауран ауданының құрылатынын Жаңа жылдың алдында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жария етті. Бұл ауылдар 2018 жылға дейін Түркістан қаласының аумағында болған.

Сауран ауданын құру туралы  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы  Ұлыстың ұлы күнінде шықты. Оған дейін 10 қаңтарда мәслихат сайлауының өткені белгілі. Яғни Сауран ауданы ресми түрде құрылмағандықтан сайлау кезінде аудандық мәслихат жасақталған жоқ. Бірақ атқамінерлердің қолында жаңа ауданның мәслихатын жасақтаудың жоба-жоспары болған сияқты. Осы жоспарға сәйкес сайлаудан кейін Кентау қалалық мәслихатының депутаттары тек кентаулық азаматтардан іріктеледі. «Nur Otan» партиясының басшылары сол кезде 12 ауылдық округтегі праймеризде жақсы нәтиже көрсеткен азаматтарға: «Сіздер әзірге резервте боласыздар, ертең Сауран аудандық мәслихатына депутат етіп бірінші кезекте сіздерді жібереміз»,– дегенді айтқанға ұқсайды. Алайда жеме-жемге келгенде жағдай күрт өзгерген. Жақында «Nur Otan-ның» басшылары депутат болудан үміті бар азаматтарды шұғыл шақырып алып: «Жағдай өзгерді. Орталық сайлау комиссиясы Сауран аудандық мәслихатын  Сарыағаш пен Мақтааралдағы тәжірибе бойынша құрылсын деген тапсырма берді»,– дегенді айтады. Бірақ сол жиында саурандық біраз азаматтар сөз алып, мұның әділетсіз болғандығын алға тартқан.

Мұндай шешімнің әділетсіз екендігі бес жастағы балаға да белгілі.

2018 жылы іріленген Сарыағаш пен Мақтаарал аудандары  бөлінген кезде жаңа ауданның мәслихаттары депкорпусты екіге бөлу арқылы құрылды.  

Бұған ешкім дау айтқан жоқ. Себебі ол  кезде депутаттар жеке мандат бойынша сайланған. Әр халық қалаулысы өзі сайланған округ қай ауданның құрамына енсе, сол аудандық мәслихаттың депутаты болды. Ал Саурандағы жағдай мүлдем басқаша. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, Кентау қалалық мәслихаты тек кентаулық азаматтардан іріктелген. Жағдайдың әу бастағы жоспар бойынша емес, күрт өзгергені мүлдем түсініксіз. Бұл  кімге тиімді болды екен, ә?

Биліктегілердің шикі тірлігіне реніш білдіргендердің бірі Сауран ауданындағы “Азат ел болашағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахматжан Абдусаттаров «Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап ашық хат жариялады.

– «Nur Otan» партиясы және Орталық сайлау комиссиясының не ойлағаны бар?! Түркістан облысында Сауран ауданы құрылып, елдің қуанып жатқанын көріп отырмыз. Екі жылдан бері не ауыл шаруашылығы, не қаржысы, не халық үні тыңдалмай қойған 12 ауыл халқы тағы қызықтың ішінде қалайын деп отыр, – деп басталған ашық хатта қоғам белсендісі  Сауран аудандық мәслихатының құрамында Шорнақ, Ескі Иқан, Оранғай, Сауран, Қарашық, Жүйнек, Үшқайық, Жаңа Иқан, Шаға сияқты 12 ауылдық округтен бірде-бір өкілдің жоқтығын алға тартқан. Біз Рахматжан Абдусаттаровтың өзімен де телефон арқылы тілдестік.

Ол Сауран аудандық мәслихатындағы 9 депутаттың бәрі Кентауда тұратындығын, сол жақта жұмыс істейтіндігін мәлім етті.

– Біз өзіміз қолдап-қуаттаған 10 саурандық азаматқа сенім білдіргенбіз. Мәслихатқа елдің жағдайын жақсы білетін өз азаматтарымыз барады дегенбіз. Ендігі үмітіміз партия басшыларында,– деген Абдусаттаров «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің атына  да телеграмма салғанын тілге тиек етті. Алайда ертеңіне Абдусаттаровтың «фейсбуктегі» жеке парақшасында тұрған ашық хат өшірілді. Мұның арғы жағында нендей гәптің бары белгісіз.

Праймеризде жоғары нәтиже көрсетіп, Сауран аудандық мәслихатының депутаты боламыз деп үміттенген, алайда үміттері ақталмаған біраз азаматтармен де байланыстық. Солардың бірі  Нұрлан Байкенжеев:

– Сайлау кезінде ары-бері жұмсап, «анаған көмек беріңдер, мынаған жәрдемдесіңдер» деп, пайдаланып еді. Мен жоғарыдағылардың қабылдаған шешіміне, депутат бола алмағаныма аса қатты ренжіп отырғаным жоқ.  Тек сол ақыр аяғында ақымақ қылып кеткені батып отыр.  «Сауран ауданына өтесіңдер» деген еді. Бірақ жеме-жемге келгенде бос сөздер көбейіп кетті,– деді. 

– «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» деген. Бәрі жұмбақ болып қалды. Кейін «осылай болды» деген хабар келді. 18 депутатты екіге бөле салды. Ешкім қарсы болған жоқ. Қазір өкпе-реніштер  «фейсбукте» жарияланып жатыр,– дейді Сержан Байысбаев. 

2018 жылы Түркістан облысы құрылып, Шымкентке республикалық мәртебе берілген кезде облыстық мәслихатта «сайлаушысы жоқ депутаттарға» қатысты мәселе шыққаны белгілі.

Бұл туралы «Рейтинг» газетінде біраз материалдар жарияланды. Сол жолы Шымкенттен сайланған 14 депутаттың 7-еуі өз еріктерімен мандаттарын тапсырды. Жетеуі мерзімдерінің соңына дейін отырған болатын. Ол кезде мандат жекелеген адамға берілетін. Ал қазіргі иесі –  партия. Партияға  Сауранға баратын депутаттарды  резервтегі 12 ауылдық округтің үміткерлерімен алмастыруға болмас па еді? Біз осыған қатысты «Nur Otan-ның» Кентау қалалық филиалы басшыларының пікірін білмек болғанбыз. Алайда олармен байланысу мүмкін болмады.

Енді саурандық депутаттардың «пропискасына» тоқталсақ. «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» туралы заңның 21-бабы бойынша депутат өзі сайланған тиісті әкімшілік аумақтық бөліністе тұруға міндетті. Ал жоғарыда айтылғандай, Сауран аудандық мәслихаты депутаттарының барлығы Кентау қаласының тұрғындары. Бірі Кентаудағы Мәдениет сарайының директоры, бірі мектеп директоры, бірі «завуч», бірі колледж директоры, бірі кәсіподақ жетекшісі, тіпті араларында басқа қалада тұратын кәсіпкерлер де бар. Бұл заңға қайшы емес пе? Біз осы сауалды Сауран аудандық мәслихатының хатшылығына сайланған Мейрамбек Күнпейісовке қойып көрген болатынбыз. Ол ә дегеннен бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден тартыншақтады.

– Депутаттар Кентауда тұра ма, ауылда тұра ма, олардың бәрін халық сайлаған. Олар Сауранда тұрса да тұрады, тұрмаса да тұрады, – деген хатшының жауабын неге жорырымызды білмедік.

Сонда Күнпейісов үшін заңдылық, тәртіп дегеніңіз  баланың қолындағы  ойыншық болғаны ма?

Онсыз да алба-жұлбасы шыққан заңды былай қоя тұрып, мәселенің мәнісіне жай қарапайым адамның көзімен үңіліп көрейік. Жергілікті жағдайды жақсы білмейтін кентаулық депутаттар саурандықтардың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды дегенге сенуге бола ма? Әлде мәслихатқа  тек сессия кезінде төбе көрсетіп кетететін депутаттар  керек пе?

"Рейтинг" газеті, 29 сәуір, 2021 ж

Хантағының әкімі өзін хан сезіне ме?
Владимир Ким жерлестерін алдап кетті ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу