Сайлаудан кейінгі сценарий...

Oinet.kz 20-01-2021 732

Жалпы осы жолғы сайлаудан кейінгі болған ауыс-түйістер елдің алдағы саяси ахуалын, билік тармақтарының өзара қалай бірлесіп жұмыс істейтінін,  маңызды мәселелердің қалай шешілетінін анық көрсетті десек қателеспейміз. 

Screenshot_4.jpg

«Nur Otan» партиясында фракция жетекшісін сайлағаннан, Үкімет мүшелерін жасақтауға дейінгі өзгерістерді сараптап көрсек. 

Естеріңізде болса 2017 жылы Ата заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес президент өзінің қырыққа жуық өкілеттігін Парламент пен Үкіметке берді.  Конституцияға енгізілген өзгерістерге байланысты халыққа арнаған үндеуінде Елбасы:

-Парламенттің Үкімет жасақтаудағы рөлін күшейту, Министрлер Кабинетінің депутаттар корпусы алдындағы жауапкершілігін арттыру маңызды. Парламенттік сайлауларда жеңіске жеткен партия Үкіметті жасақтауға шешуші түрде ықпал ететін болады. Осыны басшылыққа ала отырып, Үкіметтің өкілеттігін бұрынғыдай Президенттің емес, жаңадан сайланған Мәжілістің алдында тоқтатуы заңды болмақ. Үкімет мүшелеріне Парламент палаталары тарапынан сенімсіздік білдіру тәртібін оңайлату қажет,-деген болатын. Қазір ойлап отырсаңыз, Елбасының сол кезде-ақ постназарбаевтық кезеңнің сценарийін жасап, оны жүзеге асырудың механизмдерінің негізін қалап кеткенін байқауға болады. 

Төменгі палатаның алғашқы отырысы өтерден бір күн бұрын Мәжілістегі «Nur Otan» фракциясының жиыны өтті. Оған төрағалық еткен Елбасы фракцияның тізгінін Нұрлан Нығматулинге тапсырды. Осы отырыста Н.Нығматулин Мәжіліс төрағалығына ұсынылды. Егер президенттің премьерлікке Асқар Мамин ұсынылса, оның кандидатурасын қолдау тапсырылды. Егер президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет жетекшілігіне басқа кандидатураны ұсынған жағдайда, оған келісімнің берілмейтінін айдан анық еді. Осылайша былтыр шілдеде коронавирус індеті өршіген кезде үкіметті отставкіге жіберемін деп қорқытқан Қасым-Жомарт Тоқаев Мамин үкіметін азын-аулақ өзгерістермен қайта бекітуге мәжбүр болды десек жаңылыспайтын сияқтымыз. Әдетте Н.Назарбаев президент кезінде жаңадан жасақталған үкіметтің құрамына қатысты түсініктер беріп қоятын еді. Тоқаев ешқандай коментарий жасаған жоқ.  

Енді президент пен жаңадан жасақталған Мәжіліс те бұрынғыдай қоян-қолтық, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмыс істемеуі мүмкін. Ол төменгі палатаның алғашқы отырысында депутаттардың ант беруінде байқалды. Бұған дейін Елбасы әр депутаттың антын тікелей өзі қабылдайтын. Өйткені Конституцияның 44-бабының 2-тармағында «Президент Парламенттің бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды» деп жазылған. Бұл бап әлі өзгерген жоқ. Тоқаевтың Ата Заңмен белгіленіп берілген осы міндетін орындамай, ант беру рәсіміне қатыспауы көп жайтты аңғартады. 

Осы жерде былтыр 1 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты Тұңғыш президент күнімен құттықтамағаны еске түседі. Мұның бәрі де елде көптен бері айтылып жүрген қос билік туралы мәселені тағы да қоздататыны айтпаса да түсінікті. 

Түс қайта президент Мәжіліске премьер-министрдің кандидатурасын ұсынды. Елбасының берген тапсырмасына сәйкес «Nur Otan» партиясының фракциясы оның бірауыздан қолдады. Халықтық партия өздерінің дауыс беруден қалыс қалатындығын мәлім етті. Назарбаев отставкіге кеткен кезде көзінен жас алған Азат Перуашев жетекшілік ететін «Ақ жол» партиясы да Маминнің кандидатурасын қолдаудан тыс қалды (мұны қарсылық деп қабылдауға әбден болады).  Осы арқылы олар елде демократиялық реформалар жасауға ұмтылып жатқан Ақорданың бастамаларын қолдайтындықтарын байқатты. Бұрынғы коммунистер мен ақжолдықтарға Тоқаевтың «парламенттік оппозиция» туралы сөздері майдай жаққан сыңайлы. 

Осылайша Мәжілісте партияның рөлі бұрынғыдан қарағанда арта түскен сияқты. Алайда азшылық бәрібір көпшілікке бағынады. Төменгі палатадағы мандаттардың 70 пайыздан астамын иеленіп отырған (бұған Елбасы төрағалық етіп отырған Ассамблеяның депутаттарын қосыңыз) «Nur Otan» бәрібір тізгінді бермейді.  Бұдан қандай нәтижелердің шығатыны алдағы уақытта белгілі болмақ. 

Шымкенттің кей экс-әкімдері ипподром дауына қатысты үндемей құтылды
«Әкімнің басты миссиясы не?» Әйтеновтың экс-әріптестерінен айырмашылығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу