Шымкенттің кей экс-әкімдері ипподром дауына қатысты үндемей құтылды

Oinet.kz 22-01-2021 1488

Біз үшінші мегаполисте өршіп тұрған ипподром дауына қатысты мәселе бойынша Шымкентті басқарған барлық азаматтармен хабарласып шықтық. Қаланы тоқсаныншы жылдардың соңына қарай  басқарған Төретай Бекжігітов науқастанып, ем қабылдап жатқанын, кейінірек хабарласу қажеттігін айтты. «Қолдайсыз ба әлде қарсысыз ба дегенді бір ауыз сөзбен айта салсаңыз», дегенді айтқанымыз сол еді телефон байланысы үзіліп кетіп, сұрағымыз жауапсыз қалды.

Screenshot_2.jpg

Фотода солдан оңға қарай: Төратай Бекжігітов, Арман Жетпісбаев, Дархан Сатыбалды

Шымкенттің 2013-2015 жылдардағы әкімі, одан кейінгі аралықта Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Сенат депутаты, қазіргі кезде Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Дархан Сатыбалдымен тікелей байланыса алмадық. Экс-әкіммен жақын қарым-қатынастағы азаматтар арқылы да байланысып көрдік. Алайда Дархан Амангелдіұлы  бұл мәселеге қатысты пікір білдіргісі келмеді.

Шымкентке 2017-2018 жылдар аралығында әкім болған, бүгінде Президент Әкімшілігінде қызмет ететін  Нұрлан Сауранбаев ипподромға қатысты дау-дамайдан хабарсыз болып шықты. Бұған сенуге бола ма? «Бұл мәселеге қатысты  ештеңе айта  алмаймын», деп әңгімесін қысқа қайырды.

Screenshot_1.jpg

Фотода солдан оңға қарай: Ғабидолла Әбдірахымов, Нұрлан Сауранбаев, Ерлан Айтаханов

Өкінішке қарай, Шымкентті екі рет басқарған, әрбір сөзі хит әкім атанған Ғабидолла Әбдірахымовпен де тілдесу мүмкін болмады. Мегаполиске алты ай әкім болған Ерлан Айтаханов телефонды көтермеді. Шымкентті төрт жылдан астам уақыт басқарған, бүгінде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары, құрылыс саласынан хабары мол  маман  Арман Жетпісбаев та қоңырауымызды да, мессенджер арқылы жіберген сауалымызды да  жауапсыз қалдырды. Осылайша бірқатар экс-әкімдер пікір айтуға келгенде жалтақтап, үндемей қала салғанды дұрыс көретіндігін байқатты. Сонда олар бір кезде өзі басшылық жасаған қаланың тағдыры үшін алаңдамай ма? «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деп бүгін жауап беруден жалтарғандар үшін  ертең қай жақ жеңсе де олардың жеке бастарының  ұпайлары түгел екені түсінікті. Ал ар алдындағы, ел алдындағы ұпайлары түгел ме?

Жалпы қоғамдағы қандай да бір мәселеге  келгенде  мейлі қолдасын, мейлі қарсы шықсын олардың әрбірінің азаматтық көзқарасына дұрыс, бұрыстығына қарамай құрметпен қарауымыз қажет. Ақиқат қашанда қарама қайшы пікірталастан туады. Сақтансақ сын сағатта бұғып қалып тасада тығылып тамашалайтындардан сақ болайықшы.

Жалпы, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің осындай өзекті мәселені айналасындағы ат төбеліндей адамдармен шеше салмай, қоғамның талқысына салғаны өте құптарлық тірлік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «еститін мемлекет» бастамасын қолға алып жатқан кезде халықтың ұсыныс-пікіріне құлақ асу өте орынды шешім деп ойлаймыз. Жуырда  қалалық әкімдік зиялы қауым, қоғамдық ұйым өкілдерін, белсенділерін жинап, қоғамдық тыңдаудың алдында біраз мәселені ақылдасты. Жиынға қала әкімінің үш бірдей орынбасары қатысты. Жиналғандардың сауалдарына жоғарыда аталған «BІ Group» компаниясының өкілдері жауап берді. Ал қоғамдық тыңдаудың нақты қай уақытқа жоспарланып отырғаны әлі жария етілген жоқ.

Біз бұрынғы әкімдердің ипподромға қатысты айтқан пікірлерін өзгеріссіз беруге тырыстық. Бұдан шаһардың қазіргі басшысы Мұрат Әйтенов, өзара тартысып жатқан топтар нендей ақыл-кеңес алады, қандай қорытынды шығарады? Бәрін уақыттың төрелігіне тапсырдық.

ТОЛЫҒЫРАҚ:

Screenshot_3.jpg

Шымкенттегі ипподром дауына қатысты экс-әкімдердің пікірі де екіге жарылды

Сөзінде тұрмаған әкім халықтан кешірім сұрады
Сайлаудан кейінгі сценарий...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу