​Берік Оспанов: Ипподромның орнына тұрғын үйлердің салынғаны дұрыс емес

Oinet.kz 29-01-2021 2725

OINET.KZ - Тұрғындар арасында үлкен резонанс тудырған үшінші мегаполистегі ипподромның «жыры» әлі бітпей тұр. Шаһардың тарихи әрі маңызды нысаны сүріліп, орнынан тұрғын үй орамының бой көтеруіне қарсылар да, қолдаушылар да ортақ келісімге келе алмауда. Осы мәселе төңірегінде Мәжіліс депутаты Берік Оспановтың пікірін білген едік.

Screenshot_7.jpg

Халыққа қолжетімді баспана  бұйырмайын деп тұр

– Бүгінгі ипподромның жай-күйі керемет емес екенін өздеріңіз де білесіздер. Оның айналасындағы демалыс аймақтарының барлығына жөндеу жұмыстары жасалынып, жаңа келбетке ие болды.  Қалаға көрік беріп тұрған «Наурыз» алаңы да жаңадан бой көтерді. Сондықтан атшабарды да заман талабына сай етіп, жаңартып, қалпына келтіруге болатын шығар. Дегенмен, байқағаным атшабардың айналасына қазірдің өзінде үйлер салынып кетіпті. Мен қызметте жүргенде қаланың жоспарында ипподромның маңайына тұрғын үйлер түседі және ипподром көшіріледі  деген жоспар болмаған. Жаңартуға айналадағы осы нысандар кедергі болып тұрған шығар бәлкім. Егер ипподром қалпына келтіруге жарамаса онда жаңа атшабардың керегі сөзсіз. Қаланың статусына сай заманауи, барлық нормативке сәйкес атшабардың құрылысы басталса тек қуанар едім. 

– Ипподромның территориясына тұрғын үй орамының салынуына қарсы емессіз ғой?

– Заман ағымына сай Шымкенттің көлемі де, халқы да өсіп келе жатыр. Осыған орай баспанаға қажеттілік те артуда. Қалада қазір пәтерге қол жеткізе алмай жүрген жандар қаншама. Бірақ менің білуімше ол жерге әлеуметтік баспана емес коммерциялық тұрғын үйлер түспек. Сондықтан бұл баспана тапшылығы мәселесін шешеді деп ойламаймын. Бәрібір қарапайым тұрғындарға ол пәтерлер қолжетімсіз болайын деп тұр.  Егер ол жерге тұрғын үйлер салынатын болса көлік те көбейеді емес пе?  Ал бұл экологияға зиян келтіретіні анық. Әсіресе, зообақтағы жан-жануарларға кесірін тигізе ме деп алаңдаймын. Шаһарда үй салуға басқа да жерлер бар емес пе? Дәл ипподромның орнына тұрғын үйлердің салынғаны дұрыс емес деп ойлаймын. Халық қазіргі ипподромға үйреніп қалған. Сондықтан ол жерді тым болмаса тарихи нысан ретінде қалдырса нұр үстіне нұр болар еді.  Қала басшылығы екі тараптың да пікірін ескеріп, дұрыс шешім қабылдайды деген ойдамын.  

ЕСКЕРТУ: Аталған материалдан үзінді алар болсаңыздар, OINET.KZ сайтына сілтеме берулеріңізді сұраймыз!

Досыбай Шерімқұлов: Қалада құрылысқа ыңғайлы басқа да жер телімдері бар емес пе?
Алик Шпекбаев жақын арада жемқорлықты түбегейлі жоюдың жолын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу