«Әкімнің басты миссиясы не?» Әйтеновтың экс-әріптестерінен айырмашылығы

Oinet.kz 26-01-2021 1428

OINET.KZ - Қазақ тойшыл халық қой. Ұл шаңырақ көтеріп, қыз құтты ұясына қонса, олардан туған бала іңгәлап тәй-тәй басып, мұсылман атанса құтты болсын айтып, көңіл көтереді. Қазір бұл үрдіс саясатқа келіп жетті. Бір адам таққа отырса, қырық адам улап-шулап атқа қонатын болды. Бұған кешегі праймериз, Мәжіліс, мәслихаттағы орындар үшін партия үміткерлерінің арасындағы науқандық іс-әрекеттері куә. Мандат бұйырғандарды көпшілік әлеуметтік желіде жаппай құттықтап, жамырай қолдап-қолпаштады. Бұл біздің тойшылдығымызды білдіретіндей. 

Шымкенттің әкімдері.jpg

Фотода солдан оңға қарай Ғабидолла Әбдірахымов, Ерлан Айтаханов, Мұрат Әйтенов

Биыл біз 21 қаңтар күні Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновты дәл осылай "1 жылдықпен" жаппай құттықтаймыз ба деп ойлағанбыз. Құттықтаудың басын әкімдік блогерлері ашып бере ме деп күттік. Бірақ үмітіміз ақталмады. Қала мэрінің қызметте жүргендігіне жыл толғандығы тым-тырыс өтті. Әлеуметтік желілерден әкім жайлы алаулатып-жалаулатқан посттарды байқай алмадық. Яғни әкімдік бұны ұйымдастырмады. 

Естеріңізде ме, арғы жылы шілденің шіліңгір күндерінің бірінде билікті ыстықтатып, сенімнен айрылған Ғабидолла Әбдірахымовтың орнына Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов келді. Сол кезде әлеуметтік желіде ерінбегеннің бәрі Айтахановпен түскен фотоларын жүктеп, жаңа қала басшысы құдды лотореядан джек-пот ұтып алғандай аста-төк тілектерін жаудырған еді. Жә, бұл заңды нәрсе. Қызметке жаңа келгенді құттықтауда тұрған еш айып жоқ. Бізді таңқалдырғаны - қызметке келгеніне 3 айдан сәл асқанды тағы құттықтау. Әкімдіктің ұйымдастыруымен "Айтаханов 100 күнде нендей тірліктер атқарды" деген сарында сала-құлаш ода материалдар БАҚ беттерінде жаппай жарияланып, жаппай таратылды, бөлісілді.

Screenshot_7.jpg

Ерлан Айтаханов

Әдетте балапанды күзде санаушы еді. Бірақ біздікілер күзге жеткізбеді. Тумаған сиырдан уыз дәметкендей әлі жұмысын бастап үлгермеген жаңа әкімді мақтау арқылы бауыздамай "өлтірді". Осылайша қызды-қыздымен руханият саласында жүргендердің көңілін тапқан Айтахановқа "Қазақ үні" басылымы "Жыл әкімі" деп атақ беріп жіберді. Расында бас-көз демей мақтай беру ер-азаматты "құлатады". Қызметке келгеніне жарты жыл толмай жатып Айтаханов ақыры тағынан түсті. Осының салдарынан "қайырымды қалада" атқарылған жылдық есепті не Ғабидолла Рахматоллаұлы емес, не "100 күннен" аса аянбай тер төккен Ерлан Қуанышұлы емес, мэр атанғанына тіпті 1 ай толмаған Мұрат Дүйсенбекұлы есімді азамат берді. Парадокс дерсіз. 

Міне содан бері 1 жыл өте шықты. Мұрат Дүйсенбекұлының әкімдік дәуірі коронавирус індетімен тұспа-тұс келіп қалды. Ол әу бастағы жоспары бойынша емес, эпидемиологиялық ахуалға байланысты жұмыс істеуге тура келді. Іскер көрінген әкім бастапқы кезде аздап кібіртіктеп, қадамынан жаңыла берді. Үкімет отырысында алғашқы кварталда Шымкент қаласы 17 облыс-қаланың арасынан 17-ші орыннан көрінді. Жығылғанға жұдырық демекші, қалдада індет өршіп кетіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан сөгіс алып қалды. Осы тұста саясаткерлер әкімдік тәжірибесі жоқ Әйтеновтің ұзаққа шаба алмай, алдыңғы әріптестері секілді омақаса құлайды деп болжам жасады. Ел ішінде "Шымкент қаласы - карьераның аяқталатын жері" деп әзіл-шыны аралас пікірлер айта бастады. 

Screenshot_6.jpg

Мұрат Әйтенов

Дегенмен мемлекет басшысының сөгісі ұйқылы-ояу жатқан адамды беттен салып қалған шапалақтай Әйтеновтың есін тез жидырды. Ол тез арада қаладағы індетті ауыздықтауды өз қолына мықтап алды. Ауыздықтауды көшедегі адамдарға маска таратудан бастаған ол ең ақыры қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі көрсеткішті 17 облыс-қаланың ішінде ортаңғы орындарға жеткізді. 

Тышқан жылын азды-көп жетістікпен аяқтаған Әйтенов сиыр жылын даумен қарсы алды. Ол өткен жылы алпауыт "BI Group" компаниясымен келісімге келіп 130 млрд теңгеден астам инвестицияға қол жеткізіп еді. Дегенмен аталған компанияның тұрғын-үй кешенін салуға таңдаған жері жұртқа ұнамады. Көпшілік тұрғын-үйді зообақ, дендросаябаққа жақын жердегі ипподром орнына емес, басқа жерге салуды талап етіп отыр. Енді бірі ипподром орнына кешен сала беруді қолдауда. Қысқасы пікірлер екіге жарылды.   

Міне осы жерден Мұрат Әйтенов арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін жол тапса, онда оның іскерлігі мен дипломаттығына шүбә болмас еді.

Әйтеновтың экс-әріптестерінен артықшылығы 

Біздіңше, соңғы 5 жылда әкім тұрақтамаған Шымкентте Әйтеновтің 1 жылдан аса нық отыруы - оның қаттылығында (орысша - жесткость, твердость - автор). Қаттылық - әкімге керек ең басты қасиет. Айналасындағы данышпандарды көп тыңдап, оларға еріп кетпеді. Әйтпесе жап-жақсы жұмыс істеймін деп келген Ғабидолла Әбдірахымовты төңірегіндегілер велосипедке бір отырғызып, одан соң автобусқа бір отырғызып, әбден әуре-сарсаңға салды. Тіпті ТМД-ның сымбатты әкімі қылды. Бұндай атақ әкімге керек пе? Әрине мүлдем керек емес. Оның "сымбатты әкім" номинациясын жеңіп алғаннан қала гүлденіп кете ме? Әрине жоқ.  

Жылы жүзді Ерлан Айтаханов экс-әріптесінің осы қателігінен сабақ ала ма деп ойлап едік. Бірақ ол да тізгінді айналасындағыларға беріп қойғандай әсер қалдырды. Бос ұсталған қамыс қолды кесетіні баршаға белгілі. Егер қаттылық танытқанда өзі туралы ода жазуға тыйым салып, қандай критерий бойынша жасалған белгісіз "жыл әкімі" атанбас еді. Дәл Тоқаевтай. Естеріңізде болса, Тоқаев бір облысқа барған сапарында көшеден өзінің фотосы ілінген баннерді көріп, наразылығын білдірген еді. Содан бері ешкім Тоқаевқа баннер ілмейтін болды. Тоқаев жағымпаздықты осылай тыйды. 

Әйтенов осының бәрін ой елегінен өткізіп, алдыңғы әкімдер жасаған қателіктерге әзірге жол бермеуде. Қызметке тып-тыныш келді. Халыққа ұнау үшін әрдеңенің басын бір шалып популизммен айналыспады. 100 күндік, 150 күндік, 275 күндік былай тұрсын, бір жылдығын тойламады. "Әдемі әкім", "Ғажап әкім" атанбады. Істемейтін нәрсесін істеймін деп түрлі уәделер бермеді. Данышпан көп болса әкім арам өлетінін түйсінді. Түйсінді де, өзіне басыбайлы ақыл айтуға ешкімге ерік бермеді.  

Айта берсек плюсі көп секілді. Әзірге көзге шыққан сүйелдей бадырайып тұрған жалғыз минусы ипподромға қатысты болып тұр. Бірақ әлі сызылып бітпеген минусты плюсқа айналдырып жіберуге мүмкіндігі бар деп сенім артамыз. 

P.S. Түптеп келгенде, әкім - халық қызметшісі. Халық қызметшісінің басты міндеті - халыққа өмір сүруге қолайлы жағдай жасау. Қоғамдағы жұмыссыздықты жойып, орта тап өкілдерінің санып арттыру. Орта тапты көбейту үшін жаңа жұмыс орындарын ашу, өзі басқаратын өлкеге сырттан қаржы (инвестиция) тарту һәм сыртқа бәсекеге қабілетті тауар шығару. Өңірде заңның қатаң сақталуын қадағалау. Орта тап өкілдері көп қоғамда ешқандай бүлік болмайды. 

(с) Абылай ЕСІМБАЙ,

Oinet.kz сайтының бас редакторы

Сайлаудан кейінгі сценарий...
«Қазақстан Лас-Вегасқа айнала ма?» Әбідрахымов туризмді қолға алады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу