Антикор Келестің әкімінің отставкісіне қатысты түсініктеме берді
Қол астындағы қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысқа тартылса, басшыға отставкіге арыз жазуды міндеттейтін заң нормасы қолданысқа енгізілгелі Қазақстанда 6 саяси қызметкер отставкіге арыз беріп, әртүрлі деңгейдегі 28 қызметкер тәртіптік жауапкершіліктерге тартылған. Мұндай мәліметтерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі таратқан деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
2 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Федяев пен осы облыстың Ақжар ауданының әкімі Мадияров қызметтерінен кетті. Қазіргі уақытта Текелі қаласының әкімі Өнербаевтың отставкісі қаралып жатыр. Бұдан бөлек Атырау облысы Құрманғазы ауданының әкімі Нұртаев отставкіге арыз беруі тиіс.
Сонымен бірге Түркістан облысы Келес ауданының әкімі А.Есбаев та алдағы уақытта отставкіге арыз жазуы мүмкін. Себебі жуырда жерге қатысты мәселені оң шешіп беру үшін 400 мың теңге пара алу үстінде ұсталған аталған аудандағы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Құрманәлиевке қатысты үкім шығарылды. Аудандық соттың шығарған үкіміне прокуратура шағым берген көрінеді. Сондықтан іс енді облыстық соттың апелляциялық алқасында қаралуы тиіс. Егер алқа үкімді өзгеріссіз қалдырса, Келесі ауданының әкімі Ақментай Есбаев отставкіге арыз беруге міндетті.
Бірі қызығы, тергеу барысында ауыл әкімі кінәсін мойындап, процестік келісімге келген. Осы себепті оған айыппұл түріндегі жаза (12 миллион теңге) тағайындалған еді. Сонда процестік мәмілені бұзып отырған кім? Прокуратура әкімнің отставкіге арыз беру мерзімін ұзартуға ықпал етіп отырған жоқ па?