Қылмыс тіркелмейтін ауылдар...
26-01-2024
Берік Құлтасов, Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры:
Прокурорларға әр адамды қабылдағанда өзіңізді солардың орнына қойыңыз деп талап етемін.
- Берік Сайлауұлы, Сіз өзге облыстарда қызмет етіп келдіңіз, оңтүстіктің өзіне тән өзгешелігін байқай алдыңыз ба?
- Оңтүстік Қазақстан облысына прокурор болып былтырғы жылдың қыркүйек айында тағайындалдым. Осы кезге дейінгі 25 жылдық еңбек жолымда жеті облыста жұмыс істедім. Қаншама әріптестерімнің кәсіби деңгейін көрдім. Сондағы бір байқағаным әр облыстың өзіне тән менталитеті, халқының өзіне тән мінезі бар екен. Оларды өздігімше електен өткізіп, керегін алдым, керек емесін лақтырып тастап отырдым. Соның барлығы бүгінгі күнде өз пайдасын, кәсіби деңгейімнің жоғарылауына септігін тигізді.
Әркімнің тағдыры әр түрлі ғой. Мәселен, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бір ғана облыста еңбек етіп келе жатқандар да бар. Басқа ешқайда барғысы келмейді. Мен мұның себебін түсінбеймін. Өзге облыстарда тәжірибе жинақтаудың пайдасы болмаса зияны жоқ. Мұны өз өмірлік тәжірибемнен айтып отырмын. Маған қайда қызмет ұсынса да ойланайын деген емеспін, чемоданымды жинаймын-дағы жүре бердім. Бұл шешіміме ешқашан да өкінген емеспін, өкінбеймін де. Қайта қуанамын.
Жаңа айтқанымдай әр облыстың өзіне тән өзгешелігі болатынына таласым жоқ. Облысымыздың ерекшелігі ретінде ең алдымен халық санының көптігін айтар едім. Бұл атқарылатын жұмыс та көп деген сөз. Сол себепті қадағалау сапасы өте жоғары болуы тиіс. Жұмыс қорытындысын айма-ай шығарып, қай аудан, қаланың прокуроры қалай жұмыс жасап жатыр, қай салаға ерекше мән беру керектігін егжей-тегжейлі талқылап отырамын. Прокурорлар да қазір сол тапсырмаға орай бағыт-бағдар алады.
Сенбі, жексенбі демей жанталасып, таңертеңгі сағат 9-дан басталған жұмысым кешкі 9-да бітсе қуанамын. Әйтпесе көбінше үйге түнгі сағат 10-11-лерде қайтамын. Жұмыс кестем осылай қалыптасты. Өйткені, Бас прокуратурадан келген, өз тарапымнан берілген тапсырмаларды, тексеру қорытындыларын, барлық тергеліп жатқан істердің сапасын қатаң бақылауға аламын. Мұндағы мақсатым қарапайым халықтың конституциялық құқығы бұзылмаса екен деймін. «Айналайын балам, саған рахмет, өзіңе арызданғаннан кейін мәселем шешілді» деген алғыс арқалап жатсам, халықтың жанарынан жас көрмесем жұмысымдағы ең үлкен қуаныш, жетістік осы деп білемін. Әр күнімнен осындай қуаныш күтемін. Қарамағымдағы прокурорларды да осыған тәрбиелеп отырмын. Әр адамды қабылдағанда өзіңізді солардың орнына қойыңыз деймін және осы талабымнан таймаймын.
- Облыстағы қылмыстық ахуал өткен жылғымен салыстырғанда өскен бе, әлде кеміген бе? Өскен болса қай қылмыстардың түрі?
- Өкінішке орай үстіміздегі жылдың 4 айындағы көрсеткіш бойынша қылмыс саны былтырғыға қарағанда 698 қылмысқа немесе 22 пайызға өсіп отыр. Оның ішінде қасақана кісі өлтіру 5,9 пайызға, денсаулыққа қасақана ауыр дене жарақатын келтіру 75 пайызға дейін көтеріліп кетті. Осының салдарынан кісі өліміне соқтырғандар саны да 33,3, пайызға артты.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы өтпелі кезеңде қылмыс саны көтеріліп кеткен болатын. Одан бергі уақытта халықтың тұрмыстық жағдайы әлдеқайда жақсарды. Солай бола тұрса да қылмыстың көптеген түрлері, мәселен, қарақшылық, бөтеннің мүлкін ашық тонау, әйел зорлау, ұрлық, экономикалық қылмыс, автокөлікті заңсыз иелену секілді ауыр қылмыстар кему орнына үдей түсуде.
- Ал қоғамда маңызды рөлге ие жасөспірімдер мен әйелдер арасындағы қылмыстың деңгейі қандай?
- Үстіміздегі жылдың 4 айында тіркелген 3848 қылмыстың 107-і жасөспірімдер қолымен жасалса, 266-ы әйелдерге тиесілі. Салыстырмалы түрде алғанда кішкентай қылмыскерлердің саны былтырғыға қарағанда азайған. Дегенмен, ауыр және аса ауыр қылмыстар саны төмендемей отыр. Жасөспірімдер арасында қарақшылық, ал әйелдер арасында алаяқтық пен экономикалық саладағы қылмыстар белең алып барады. Бұл біздің қоғам үшін қауіпті құбылыс. Мұның негізгі себебі ата-аналардың өз балаларына деген қадағалаудың төмендігі, отбасындағы бірлік пен татулықтың, тұрмыстық ахуалдың төмендігі десек, қателесе қоймаймыз. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары, білім беру мекемелеріндегі жауапты қызметкерлер тарапынан алдын-алу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіле бермеуінің де кері әсері жоқ емес.
- Қырым қанды безгегіне байланысты былтырғы жылы да дәрілеу, залалсыздандыру жұмыстары жаппай жүргізілген еді. Сол аймақтардың қаншалықты сапалы залалсыздандырылғаны прокуратура тарапынан бақылауға алынған болар, қандай кемшіліктер анықталды? Биылғы залалсыздандыру сапасына бақылау жасалып жатыр ма? Осы қырым қанды безгегіне, ВИЧ дертіне қатысты прокуратураның айыптауларына дәрігерлер тарапынан үнемі келіспеушіліктер туындап жатады. Осының себебі неде деп ойлайсыз?
- Кенеден келетін қырым-қанды безгегінің қауіпті дерт болып отырғаны рас. Осы дерттің алдын-алу, болдырмау мақсатында жүргізілген дәрілеу, залалсыздандыру жұмыстарының сапасы прокуратура тарапынан жіті бақылауға алынған. Өткен жылғы атқарылған жұмыстарға жүргізілген тексеру барысында заң бұзушылықтар анықталмағанымен, биылғы жылы бірқатар кемшіліктерге жол берілген. Осыған орай қазіргі таңда қала, аудан әкімдерінің атына заң бұзушылықтарды жою туралы 6 ұсыныс енгізіліп, қаралу сатысында.
Қырым қанды безгегі, ВИЧ дертіне қатысты кінәлі дәрігерлердің үстерінен қозғалған қылмыстық істер бойынша олардың кінәсі сотта дәлелін тауып, айыптау үкімдері қабылдануда. Сондықтан олардың келіспеушіліктері негізсіз деп есептеймін.
- Кентау қаласы әкімінің парамен ұсталғанына біршама уақыт өтті, алайда бұл істің соңына әлі нүкте қойылмады. Неге тым ұзаққа созылып кетті?
- Иә, ол оқиғаның орын алғанына екі жылға жуықтап қалды. Алдымен оқиғаға аз-кем тоқталып өтейін. Шымкент қаласының тұрғыны А. облыстық қаржы полициясына Кентау қаласының әкімі өзіне жер телімін беруге пара ретінде 4000 АҚШ долларын талап еткені туралы арызданған. Қала әкімі 2008 жылдың 15-қыркүйегінде пара алу кезінде ұсталды деген негізбен ертеңіне-ақ қылмыстық іс қозғалған. Тергеу нәтижесімен қылмыстық іс айыптау қорытындысымен облыстық прокуратураға келіп түсіп, 2009 жылдың 6-ақпанында қосымша тергеуге қайтарылған. Оның нәтижесі бойынша араға бір ай салып іс Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотына жолданды. Соттан қосымша тергеуге қайтарылды. Қосымша тергеу нәтижесімен қылмыстық іс айыптау қорытындысымен облыстық прокуратураға түсіп, тағы бірқатар мән-жайлар анықталды. Толық тергеу амалдары жүргізілмегендіктен іс қайтадан қосымша тергеуге қайтарылған.
Үстіміздегі жылдың 15-мамыры күні қылмыстық іс бойынша жинақталған құжаттарға баға беріліп, алдын ала тергеу барысында қала әкімінің пара алғанын бекітетін дәлелдемелер жеткіліксіз болғандықтан қылмыстық іс өндірістен қысқартылды.
- Кезінде Мардан Сапарбаев, Сәулетбек Қалдыбаев секілді танымал адамдардың өлімі жұмбақ күйінде қалып қойды. Бұл оқиғалардан хабарыңыз бар шығар. Оның ашылмауының басты себебі неде деп ойлайсыз? Оқиға желісін қысқаша түрде оқырмандардың есіне салып өтсек. Қазір бұл істер әрекетсіз қалды ма?
- М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының сол кездегі ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мардан Сапарбаевтың өлімі 1996 жылдың 21-тамызында түнгі сағат 23.30-дар шамасында орын алған. Шымкенттегі Калашников көшесіндегі өз үйіне кіре беріс тұста белгісіз адамдар тобы қару қолдану арқылы атып өлтірген. Оқиға болған жерді қарау барысында үйге кіре беріс бөлменің сол жақ терезесінің әйнегінен сырттан ішке бағытталған мылтық оғының іздері, еденнен ұйып қалған қан дақтары айғақ ретінде алынған. Марқұм Сапарбаевтың денесінен алынған оқтың «ТОЗ-21-1» маркалы атыс қаруынан атылғаны анықталған.
Осы оқиға бойынша Мемлекеттік тергеу комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасы тарапынан қылмыстық іс қозғалып, алдын ала тергеу амалдары жүргізілген. Куә ретінде сұралған С. деген азамат өз жауабында И. деген азаматтың Сапарбаевқа күш қолданамын деп қорқытқанын көрсеткен. Осыған байланысты И. сезікті ретінде ұсталып, бас шарасы қамауға алынған. Алайда, алдын ала тергеу барысында оның кінәсі дәлелін таппауына байланысты қылмыстық қудалау өндірістен қысқартылған. Бұдан бөлек марқұмның қызмет жасаған ортасы мен жеке өміріне қатысты 530-дан астам куәлерден жауап алынып, түрлі болжамдар жасалғанымен, бір жылға жуық уақыт жүргізілген тергеу амалдары нәтиже бермеді. Осылайша қылмыстық іс тоқтамға алынды.
Ал белгілі дәрігер, облыстық өкпе құрт аурулары диспансерінің бас дәрігері Сәулетбек Қалдыбаевтың өлімі өзінің қызметтік бөлмесінде 2001 жылдың 23-қаңтарында орын алды. Оның өліміне басына қатты затпен соғылған соққы себеп болған. Тергеу нәтижесінде марқұмды өлтіруге тапсырыс берді деген күдікпен 1961 жылы туылған Қ. деген азамат пен оның туған қарындасы, 1965 жылы туылған Ә. деген азаматша анықталған. Сөйтіп, 2003 жылдың 6-маусымы күні Шымкент қаласының прокурорымен Қ-ның бас шарасын қамауға алуға санкция берілген. Алайда, дәлелдемелер жеткіліксіз болғандықтан, Қ-ның бас шарасын қамау ешқайда кетпеу және өзін-өзі дұрыс ұстау қолхатына ауыстырылған. Шұғыл іздестіру шараларының нәтижесінде тапсырыс беруші деген күдіктегі Ә-ның жүргізушісі болған 1970 жылы туылған Р. деген азаматқа күдік туған. Қазіргі уақытта осы қылмысты ашуға бағытталған іздестіру шаралары жүргізілуде. Бұл іс менің тікелей бақылауымда болады.
Өздері жол ережесін бұзатын полицейлер біздің бақылауымызда болады.
- Жол полицейлерінің заңсыз әрекеттеріне, өздерінің жол ережесін жиі бұзатыны жайында ғаламторға шыққан бейнетаспалар жиілей бастады. Олардың заңсыз әрекеттеріне кім тосқауыл бола алады?
- Жол полициясының қызметіне прокуратура органдары өз құзіреті шегінде прокурорлық қадағалау жүргізіп отырады. Үстіміздегі жылдың өзінде облыстық прокуратура органдарымен жол полиция қызметіндегі орын алған заң бұзушылықты жою туралы 17 ұсыныс қаралып, 149 заңсыз актілерінің күштері жойылған. 28 жол полиция қызметкері тәртіптік жазаға тартылса, 1 қызметкерге қарсы қылмыстық іс қозғалды. Мәселен, аға жол инспекторы М.П. қызмет өкілеттігін теріс пайдалану арқылы әкімшілік жазаға тартылуы тиіс 8 тұлғаны жазадан заңсыз босатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Ал жол полициясының өздері жол ережесін жиі бұзатыны жайында ғаламтор арқылы шыққан бейнетаспалардың жиілегені, сонымен қатар жол полиция инспекторларының заңсыз әрекеттері жайында азаматтардан бізге көптеген шағымдар түсуіне байланысты осы тоқсанда кешенді тексеру жұмыстары ұйымдастырылуда. Оның қорытындысы жайында облыс тұрғындары хабардар етілетін болады.
- Қазір парамен ұсталыпты деген хабарға құлақ та үйреніп қалған секілді. Соған қарағанда сыбайлас жемқорлық дерті өршіп бара жатқан жоқ па?
- Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, пара беру фактілері бойынша биылғы жылдың 4 айында 23 қылмыстық іс қозғалса, өткен жылдың осы мерзімінде 20 қылмыстық іс қозғалған болатын. Демек, пара беру оқиғасын күрт өсіп отыр деп айтуға болмайды.
- Сыбайлас жемқорлықпен сотты болғандардың араға біраз уақыт салып қайта мемлекеттік қызметке келуіне заң жүзінде құқы бар шығар, бірақ, моральдық тұрғыда қаншалықты қисынды деп ойлайсыз? Әлде кадр жетіспейді ме? Бұл мәселе «Нұр Отан» партиясының жиындарында да жиі сөз болып жүр.
- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған, мемлекеттік қызметке кіргенге дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған адамдарды мемлекеттік қызметке қабылдауға болмайды.
Есірткі притондарын анықтауда әлі де дәрменсіздік байқалады
- Есірткіге қатысты оқиғаларда сотталушылар есірткіні міндетті түрде жолдан тауып алады және оны кездейсоқ кісілер емес белгілі бір азаматтар ғана жолықтырады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды? Есірткі саудасын қыздырып жүргендерді учаскелік полиция инспекторларының өздері жақсы біледі, бірақ тиіспейді дегенді жергілікті тұрғындардың аузынан жиі еститін болдық. Ендеше неліктен есірткі тарату көзін жою мүмкін болмай отыр?
- Иә, шынында да есірткі заттарын көп жағдайда жолдан тауып алатыны жүйелі тәжірибеге айналған десек те болады. Бұл жағдай бізді де алаңдатып отыр.
Құқық қорғау органдарымен есірткі бизнесіне қарсы көптеген шаралар жүзеге асырылып, қаншама қылмыстардың жолы кесілуде. Дегенмен, есірткі притондарын анықтауда әлі де дәрменсіздік байқалатыны жасырын емес.
Үстіміздегі жылы менің төрағалығыммен өткен облыстық құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінде осы мәселе талқыланып, Кеңес шешімімен құқық қорғау органдары алдында есірткі заттарын тарату нүктелерін әшкерелеуге нақты шаралар қолдану туралы міндеттер мен тапсырмалар қойылды. Сондай-ақ, оның жүзеге асырылуы бақылауға алынды. Есірткі бизнесінің заңсыз айналымына қатысы бар ішкі істер органдарының қызметкерлері де құрықталып, қылмыстық жазаға тартылуда.
Жұмысын өз деңгейінде алып жүре алмаған прокурорларды алмастырдым.
- Прокуратура саласына қалай келдіңіз? Қазіргі жастар арасында прокурор, сот болғысы келетіндер өте көп. Оның себебі неде деп ойлайсыз? Бұл саланың жұмысы тым жеңіл ме, әлде басқа себебі бар ма?
- Мектептің жоғарғы сыныбында оқып жүргенде мұғалімдер «Кім болғың келеді?» деген тақырыпта шығарма жаздыртушы еді ғой, сонда мен заңгер болғым келетіндігін жазғанмын. Өйткені, маған сол кезден бастап теледидардан көрген тергеушілердің жұмысы, ізге түскені, қылмыскерлерді құрықтағаны қызықтыратын. Сондай-ақ, мен кез-келген сұрақтың жауабын айту үшін оның егжей-тегжейін біліп алуға тырысатынмын. Мұғалімнің сұрағына ешқашан да үстірт қарап немесе «иә», «жоқ» деген бір ауыз сөзбен жауап берген емеспін. Соның арқасында болар, мектепте үштік, төрттік деген баға алмағанмын. Кілең 5 болатын. Әкем де осы мінезімді, ерекшелігімді байқаса керек, «осы балам заңгер болады-ау» деп айтып отыратын.
8-сыныпты бітіргеннен кейін-ақ заңгер болуды армандадым. Періште аумин деді ме, мектеп бітірген жылы Қарағанды Мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түстім. Өзіме ұнаған мамандық болғандықтан, мектепте қалай оқысам, университетте де солай үздік оқыдым. Отбасымда маған дейін де, менен кейін де заңгер мамандығын ешкім таңдаған жоқ. Басқаша айтқанда менің заңгер болуыма әлдекімнің әсері тиген емес. Таза жүрек қалауы, өз мамандығым өзіме ұнайды. Әкем де ешкімге мамандық таңдап берген жоқ. Әркім өз қалауымен оқуға түсті. Ол кісі «бір жоғары оқу орнында танысы болса, ұл-қыздарының барлығын да сол университет немесе институтқа түсіретіндер бар, мен әркімді өз қалауынша оқытамын» деп айтатын. Соның нәтижесі болса керек, отбасымыздағы 9 ұл-қыздың әрқайсысы әр түрлі мамандық иесі болып шықты. Үлкен ағам «автодорожник», інім мал дәрігері, кіші інім су саласының маманы, әпкелерімнің біреуі дәрігер, біреуі педагог, тағы бірі кітапханашы, ағылшын тілінің, сауда саласының маманы.
Бұрын прокуратурада тергеу саласы болатын. Менің он жылдық еңбек жолым осы тергеуге арналды. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Қазіргі жас мамандар бірден қадағалау ісіне кіріседі. Жұмысқа кіруге үміткерлердің арасында, жасыратыны жоқ, «көкесіне» арқа сүйейтіндер де жоқ емес. Бір сұрақ қойсаң мұрнына иісі де бармайды. Сөйте тұра біздің органға жұмысқа тұрғысы келеді. Мен ондайлардың арамызға кіріп кетуіне жол бермеймін. Өздері заң білмей тұрып өзгенің құқын қалай қорғамақ? Бәлкім әлгі өзіңіз айтқан жас заңгерлердің бірден көбейіп кетуі осы секілді жанама себептерге байланысты болар. Оқу орындарында заңгер мамандығын даярлайтын факультеттердің тым көбейіп кетуі де бұл жайтқа өз әсерін тигізбей қоймайды. Әйтпесе, прокуратураның жұмысын ешкім жеңіл деп айта алмайды. Керісінше өте ауыр, жауапты жұмыс. Оның үстіне бүгінде прокуратура саласына жұмысқа тұру талабы әлдеқайда күшейтілген. Арнайы комиссияның алдында өзінің білімділігін дәлелдей алуы тиіс. Содан кейін ғана жұмысқа резервке қойылады. Жалпы алғанда кез-келген бедел де, жұмыстағы ілгерілеушілік те еткен еңбегіңнің, төккен тердің арқасында ғана келеді. Прокуратура саласында жеке уақытымен санаспай, сапалы жұмыс істейтін маман болса оның жұмысының көрінбей қалуы мүмкін емес. Мәселен, облыстың ішкі істер саласында 6 мыңға жуық қызметкер жұмыс жасайды. Оның ішінде білімі төмен бір-екеуі болса көпшіліктің арасында көрінбей қалуы да мүмкін. Ал облыс бойынша прокуратурада 200-ден сәл-ақ астам қызметкеріміз бар. 200-дің ішінде жұмыс істей алмайтыны бірден су бетіне шыққандай қалқып шықпайды ма?
- Облыс прокуроры болып келгелі бірқатар кадрлық ауыс-түйістер жасадыңыз. Бұл қадамға кадрларға көңіліңіз томағандықтан бардыңыз ба, әлде өзіңіз сенетін мамандардың жұмыс істеуіне жасаған мүмкіндігіңіз бе?
- Иә, облысқа прокурор болып келгелі бірқатар кадрлық ауыс-түйістер жасағаным рас. Жұмысты бастаған уақыттан бастап әр кадрдың еңбек жолына талдау жасадым. Бізде бір салада 10-15 жыл үзіліссіз отырып қалуға болмайды. Өйткені, оның білімі, мүмкіндігі, ойы мен көзқарасы да сол саламен шектеліп қалады. Осы мәселеге ерекше мән бердім. Бір орында ұзақ уақыт отырып қалған мамандар бар екен. Прокурор болу үшін барлық саланы қамти алу керек. Кадр ауыстырудағы бірінші ұстанғаным осы болды. Бұл прокурорлардың өздеріне де, болашағына да жақсы деп ойлаймын. Ертең кез-келгеніне бір жауапты қызмет ұсынылып жатса, қай жағынан болсын дайын болады.
Екіншіден, жыл қорытындысының көрсеткішіне қатты мән бердім. Жұмысын өз деңгейінде алып жүре алмаған аудан, қала прокурорларын алмастырдым. Әрине, оларды жұмыстан қуып жіберген жоқпын, оның бүгінгі күнге өзінің деңгейіне, кәсіби мүмкіндігіне байланысты қызмет бердім. Сол секілді шетелден де ешкімді әкелген жоқпын, барлығы да осы елге қызмет жасап жүрген, резервте тұрған жергілікті мамандар. Бұл шешімім бір тоқсанның өзінде-ақ өз жемісін бере бастады. Барлық көрсеткіштер бойынша нәтиже бар. Өйткені, жұмысын ауыстырған адам міндетті түрде талпыныс, өзгеріс жасайды. Қарамағындағы қызметкерлердің де көзқарасы өзгереді.
Әкем әлі күнге дейін адал қызмет ет деп отырады.
- Өз отбасыңыз, тыныс-тіршілігіңіз жайында айтып өтсеңіз. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында ата-анаңызға қандай сый-сияпат жасадыңыз?
- Жеңіс мерекесі қарсаңында 9 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген анама «Алтын алқа» табыс етілгеніне барлығымыз да қуандық. Құттықтап бардық. Әкемді де құттықтадым, ол тыл ардагері. Бүгінде олар бала секілді ғой, біздің жетістігімізді теледидардан көріп, халықтың аузынан естісе мәз болып, тілеуімізді тілеп отырады. Ұл-қыздарына әлі күнге шейін «адал қызмет ет, қолыңнан келсе жақсылық жаса» деп отырады. Әкемнің денсаулығы сыр беріп жүр. Шыны керек, олармен еркін отырып әңгімелесуге де уақыт тапшы. Оны әке-шешем жақсы түсінеді. Өзге ұл-қыздары жиі келіп тұрады.
Құдай қосқан қосағым Қызылорда облысының қызы, мамандығы заңгер. Бүгінде бала тәрбиесімен айналысады. Үш перзентім бар. Үлкенінің мамандығы экономист. Екінші қызым Зарина мектепте жүріп республикалық олимпиададан үшінші орын алып, грантқа оқуға түскен. Журналистика мамандығын таңдады, ҚазМҰУ-дың бірінші курс студенті. Айболат атты ұлым мектеп оқушысы. Оқу үздігі, кілең беспен оқиды.
- Ағайын-туыспен, жерлестеріңізбен, сыныптастарыңызбен араласып тұрасыз ба? Той-томалаққа барасыз ба?
- Мектепті 1979 жылы бітіргеннен кейін ауылдан шалғай жерде оқыдым, жұмыс істедім. Сыныптастарыммен көп кездесе алмадым, арнайы кездесулерге де бара алмадым. Олардың бірқатары облыс прокуроры ретінде қызметке кіріскен кезде құттықтап келді, одан кейін қайтып көрмедім. Құттықтаушылар қатары көбейетіні айтпаса да түсінікті, бірақ олардың бұл әрекеті жұмысқа кедергі келтіретіні сөзсіз. Оңтүстік Қазақстан өз алдына облыс болғалы маған дейін осы өңірдің тумасы прокурор болмапты, яғни мен бірінші прокурор екенмін. Бұл жайт та менің бар күшімді салып, білек сыбана жұмыс жасауыма себеп болуда. Барлық аудан-қала прокурорларын көлікпен қамтамасыз еттім, компьютерлер алдық. Отырған ғимаратымыз біраз жылдардан бері күрделі жөндеу көрмеген. Тозығы жете бастапты. Соны жөндетуге қол жеткізіп, бастап та жібердік. Қызметкерлерден нәтиже талап етпес бұрын жағдайларын жасау керек.
Аудандарға барып қабылдау өткізіп тұрамын. Туған жерім Бәйдібек ауданына барғанда жерлестерім, ақсақалдар тарапынан жылы сөздер айтылып, тілек білдіріп жатты. Осының өзі үлкен мәртебе.
Той-томалақтарға бара бермеймін. Бұл, әрине, менсінбегендіктен емес, тойға баруға, біріншіден, уақыт тапшы, екіншіден, қызмет барысы тура келмейді. Жақын ағайындардың тойы болып жатса жұбайым құттықтап қайтады.
- Соңғы сұрақ, спортпен айналысасыз ба?
- Жас кезімде волейбол, баскетбол ойнағанмын. Жасөспірімдер арасындағы спорттық дәрежем де болған. Уақыттың тапшылығы қазір бұл сүйікті ісіммен тыңғылықты айналысуға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, қолым қалт еткенде, таңертеңгі жұмысқа дейінгі уақытта ұлым екеуміздің мұз айдынында коньки тебетініміз бар.
Әңгімелескен Шадияр Молдабек, «Заң газеті», «Алаш айнасы» газеттерінің меншікті тілшісі