Парманов пәрменсіз, Жұмаханбетов жауапсыз ба?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен халықтың талап-тілегіне, мұң-мұқтажына құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының іске асырылып жатқаны белгілі. Алайда Президент айтқан бастаманы шымкенттіктер жуық арада қолға ала қоймайды-ау. Жергілікті шенеуніктер мен құзырлы органның қызметкерлері халықтың мұң-мұқтажына құлақ асудың орнына, қайта керісінше, халықтан теріс айналып қашып жүргендей көрінеді.
Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов пен Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың пәрменсіздігінен кейін Президент айтқан тұжырымдама мен Шымкенттегі шынайы жағдайдың арасы әзірге жер мен көктей болып тұрған сияқты.
Созбақтамай, сөздің турасына көшер болсақ, осы аптада Шымкент қаласының Абай ауданына қарасты Жаңаталап ауылының халқы шу шығарды. Аталған ауылдың биі, белгілі дінтанушы Абдулла Бахадырдың айтуынша, тұрғындардың құзырлы органдардан да, жергілікті атқарушы биліктен де көңілдері қалған. Халық өкіметтен нан немесе жәрдемақы сұрап отырған жоқ. Өздерінің қарапайым құқықтарын талап етіп отыр.
– Жаңаталап ауылының іргесінен ағып өтетін Бадам өзенінің арнасынан заңсыз тас, құм алып, содан пайдаға кенелушілерге тоқтам болмай тұр. Тасты қызғанып отырған ешкім жоқ. Бақылаушы органдардың рұқсатынсыз алынған тастан кейін өзеннің арнасы бұзылған. Енді соның зардабын қара халық тартып жатыр, – деді ауыл биі.
Арнасы бұзылған өзеннің суы күрт төмен түсіп кеткен. Осының салдарынан ауылдағы құдықтардың суы да тартыла бастаған. Мегаполиске қарайды демесеңіз, Жаңаталапқа осы уақытқа дейін өкіметтің ауызсуы келмеген екен. Халықтың күні құдықтарға қарап отырғанын тіпті айтуға да ұят жағдай.
– Кейінгі жылдары арнасы бұзылған өзен тұрғын үй орналасқан аумақтарға қарай жақындай түскен. Егер шұғыл түрде шара қолданылмаса, келесі жылы баспаналарды шайып кетуі әбден мүмкін. Тас пен құмды заңсыз өндіріп, саудалау бірнеше жылдан бері жүріп жатыр. Экскаватормен қазады, КамАЗ-ға артады. Естуімізше әр көлігін 17-25 мың теңгеден сатады. Қып-қызыл бизнес. Кейбіреулер тіпті балық өсіретін питомникке дейін салып алған. Прокуратура, полиция, әкімдік осының бәріне көз жұмып отыр. Тәртіп сақшылары тіпті шақыртуға да келмейді. «Олар тас өндіруші «бизнесмендермен» ауыз жаласып алған ба?» деген күдігімізді де жасырмаймыз, – деді ауыл биі.
А.Бахадыр бізге тіпті тас пен құмды тапа-тал түсте қазып жатқан техника мен ауыр жүк көліктерінің фотосуреттерін де көрсетті. Жалпы, соңғы жылдары өз беттерінше карьер ашып, тас, құмды заңсыз өндірушілерге қарсы күрес барлық өңірлерде жүргізілуде. Елді мекенге жақын жерден карьер ашуға мүлдем болмайды. Бұл өзен арналарының бұзылуына, жер асты суларына кері әсер етеді. Тіпті шалғайдағы ауылдарда да құзырлы органдар мен әкімдіктен құрылған арнайы топ рейдттер ұйымдастырып, тәртіпке бағынбағандарды жауапкершілікке тартып жатыр. Ал миллион тұрғыны бар Шымкенттің дәл іргесінде осындай заңсыздықтың орын алып жатқанына не айтуға болады? Бұл заңсыздықтан бұрын жабайылық емес пе? Ал осының бәріне көз жұма қарап, шақыртуға келмейтін шымкенттік полицейлердің әрекеті мүлдем түсініксіз. Кез-келген заңсыздықтың жолын кесу тәртіп сақшыларының тікелей міндетіне жатады. Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетовке осыдан екі ай бұрын генерал-майор шені қарамағындағы қызметкерлерінің осындай жауапсыздығы үшін берілді ме? Турасын айтқанда бұл генералдың жауапсыздығы емес пе?
– Биыл көктемде су тасқыны қатты болды. Халық бұрын-соңды Бадамның дәл мұншалықты тасығанын көрген емес. Бірнеше жыл бұрын бюджеттің 300 миллион теңгесіне салынды деген өзеннің екі жағындағы бетон бөгеттерді қиратып кетті. Қазір бөгеттің бәрі қарс айырылып, жайрап жатыр. Тіпті адам шошиды. Осының бәрі де тас алып, өзен арнасын өзгертудің нәтижесі. Ал оны ойлап жатқан не құзырлы органдар, не әкімдік жоқ. Мен осыдан бірнеше ай бұрын Абай ауданы әкімдігінің қызметкерлерін шақырып, мектепте жиналыс өткізгенбіз. Содан бері әкімдіктің мамандары төбе көрсеткен емес. Карантинге байланысты әкімдіктің өзіне бара алмай жүрміз. Осы аптада тұрғындар республикалық телеарнаның тілшісін шақырып, жанайқайын биліктегілерге жеткізген еді. Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановқа хабарласқанымызда «орынбасарымды жіберемін» деген. Алайда орынбасары емес, осы Жаңаталап ауылына жауапты маманын жіберді, – деді ауыл биі.
Жаңаталапқа жауапты маман Әбілхайыр Оңғардың тілшілерге берген түсініктемесіне қарағанда, бұған дейін әкімдік заңсыз тас алушыларды талай мәрте ұстап, тиісті органдарға тапсырған екен. Алайда мұның бәрі «қол қусырып отырғанымыз жоқ» деу үшін, көз қылып көрсету үшін жасалған шара сияқты. Тегеурінді тосқауыл болмаған соң заңсыз тас алу «бизнесінің» жолы кесілмей тұр. Мұндайда қазакем, «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демеуші ме еді?!
Қайбір жылдары халыққа берген есебінде Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың атқарған жұмысына «плинтустан төмен» деген баға берілгені есте. Одан бергі аралықта ол қала әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалып, биыл Абай ауданының тізгінін екінші қайтара ұстады. Пармановтың жұмысы әлі де сол плинтустан жоғарыламағаны ма?
Айтпақшы, жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың мәселесімен қалалық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы да айналысуы тиіс. Аталған басқарманың басшысы Ахмет Татыбаев бұрын Абай ауданының әкімі қызметін атқарған. Яғни, бұл мәселені бес саусағындай біледі десек қателеспеуіміз мүмкін. Алайда аталған басқарманың ресми сайтындағы жаңалықтарға қарағанда, Татыбаевтың қолы әзірге Дендросаябақтағы көшеттерге күтім жасаудан әріге аспай тұрған сияқты.
Бір сөзбен айтқанда Жұмаханбетов жауапсыз, Парманов пәрменсіз, Татыбаевтың да қолынан түк келмей тұрған сияқты. Халықтың ендігі үміті қаланың әкімі Мұрат Әйтеновте.
"Рейтинг" газеті, 23 шілде, 2020 ж