Қажымқан Мәсімов: «Премьер ұлымды бизнесіме араластырып пендешілікке бармаймын»
Қажымқан Мәсімов:
( «Рейтинг» газеті №28, 14.09.2009 ж.)
«Шымкент қаласында тәуелсіздік еншімізге тигелі бері жүзеге аспаған ғаламат жобалардың бірі қолға алынып, көп кешікпей ғажап көпір елдің игілігіне пайдалануға беріледі». Екі жыл бұрын елді елең еткізіп осындай ақпарат тараған болатын. Мұны бір деңіз. Екіншіден ғаламат жобаны жүзеге асыратын «HAS-ER.KZ» деп аталатын мердігер компанияның қожайыны анау-мынау емес Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімов екені де жұрттың әжептеуір қызғушылығын туғызып, атқарылатын жұмыс сапалы әрі күткен мерзімнен ерте аяқталатынына ешкім күмән келтірмеген еді. Өкінішке қарай тірлік мүлдем басқа бағытқа бұрылып, көпшілік айрықша көз тіккен көпірдің құрылысы басталғалы айтыс-тартыстан, дау-дамайдан арыла алмай алмай отыр. Әрқилы алыпқашпа сөз өрбуде. Таяуда осы мәселеге байланысты Қажымқан Мәсімовтің өзімен жолығып, көкейдегі сауалдарды көлденең тартқан едік.
- Көпірдің құрылысы неге тығырыққа тірелді?
- Көпірді салуға 2007 жылы күзде кіріскенбіз.Тендерге қатысып, атқаратын тірліктің ауқымдылығына байланысты шетелден тәжірибелі мамандарды да жинадық. Тендерден ұтқан қаржының бір бөлігі дәлірегі 278 миллион теңге «аванс» ретінде берілді. Бастапқыда жұмыс тәп-тәуір қарқынмен алға жылжыды. Біз құрылысты әркезде жоспарға сәйкес жүргізуге әбден дағдыланғанбыз. Өкінішке қарай Шымкент қалалық әкімдігімен арада түсінбестік туындап ілгері басқан қадамымызға тұсау салынып, әр алуан кедергілер ашық түрде жасала бастады. Қарапайым ғана мысал айтайын, әкімдіктегілер атқарылған жұмысты қабылдап алатын мамандарын жібермей құрылыстың әрі қарай жүруіне бөгет жасауға көшті. Техникалық қадағалау бойынша жауапты Омаров дейтін қызметкер бар. Оны шақырып келтіре алмадық, ұстатпайды. Көпір құрылысы – күрделі жоба. Жерді қазып, ұстын орнатқанда қатаң ережелерді сақтаудың, сапасын тексерудің маңызы өте зор. Әрбір атқарылған тірліктің қабылдау актісі түзіліп, сапасы жан-жақты тексерілмей келесі әрекетке көшуге болмайды. Қалалық әкімдіктегілер мұны біле тұра жұмысты қолдан тұралатқаны қынжылтады. Уақыт болса өтіп жатыр. Техника босқа тұр. Әлгі Омаровтың бірде ағынан жарылып «екі оттың ортасында күйгім келмейді. Маған «оларға жолама, жұмысын қабылдама» деген тапсырма түскен» деп ақталуының астарында не бары біраз жайтты аңғартпай ма? Қысқасы, өйтіп-бүйтіп жұмысымызға кедергі келтіру, айтыс-тартыс қысқа дейін созылды. Қыс айларында техникалық қауіпсіздіктің талабына сәйкес бетон құюға тиым салынған. Амал не, қыста тірлік тоқтап, келесі жылдың, яғни, 2008 жылдың жоспарын түздік. Олар түзілген жоспармен келіскен сыңай танытқан соң қауырт, қарбалас қимыл басталды. Жатақхана салдық, техника сатып әкелдік, қажетті құрылыс заттарын жеткіздік. Мамыр айында өз міндеттемемізді толық орындап шығуға жанталастық. Бұған мүмкіндігіміз де жетететін еді. Алайда әкімдік бізді наурыз айында сотқа берді.
- Не үшін?
- «Құрылыс орнында ешкім жоқ, бұлар жұмыс істемейді, өйтті, бүйтті..» деген негізсіз айыптар таққанда әкімдіктегілердің түпкі ойын, басқа себептің барлығын түсіндім. Әртүрлі қитұрқы әрекеттерге бару арқылы бізге тиесілі қаржының тағы бір бөлігін, яғни 600 миллион теңгені «игере алмайсыңдар» деген желеумен кері қайтарып алды. Сондағы сылтауларының түрі мынау: «сендер екі ай бойы түк істемей, тоқтап тұрдыңдар». Тірлігіміз тоқтап тұрмағанда қайтеміз? Әкімдіктегілердің өзі дайындықсыз. Көпір салынатын аумақтағы тұрғын үйлер бұзылмаған. Құбырлар жеткізілмеген. Мұның бәрі әкімдіктің міндетіне кіреді. Жұмысты тоқтатпау үшін құбырларды тіпті өзіміздің ақшамызға сатып алдық. Оны айтасыз көпір салынатын аумақтағы темір жолдың бойында орналасқан үйлердің бұзылатынын егелеріне әлі күнге дейін хабарламаған. Бұл да қала әкімінің жұмысы. Ол халыққа, сәулет-құрылыс бақылау басқармасына ескерту қағазын беруі тиіс. Бүгінде екі құзырлы мекеме біріне-бірі сілтеп отыр. Соңғы кезде сәулет-құрылыс бақылау басқармасы да шу шығарды. «Құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат қағаздарың жоқ» деп сотқа беруі, айыппұл төлетуі ақылға қона ма? Рұқсатымыз жоқ болса құрылысқа кірісіп неміз бар? Мейлі, не рұқсат керек десек, әкімге жібереді. Қала әкімі Жетпісбаевқа барсақ, қайтадан сәулет-құрылыс қадағалау басқармасына сілтейді. Ойын, жасап отырғандарының барлығы ойын. Қала әкімінің ойыны.
-Жеке өзіңіз Жетпісбаевқа жолықтыңыз ба?
-Жолықпақ түгілі ол мені тіпті қабылдамайтын болды. Қорыққанынан. «Екеуміз сөйлесейік», десем, қорықты білемін, қабылдамады. Үкіметтің тізгінін ұстап отырған ұлым Кәрім Мәсімовке екеуарада әңгімеден кейін туындайтын шындықты айтып барады дейтін шығар.
-Мәселен қандай шындықты?
-Мәселен, әуел баста бізбен бірігіп жұмысты бастаған түрік әріптестерімізді жеке-жеке азғырды. Оларға «HAS-ER.KZ» компаниясына қатысты шу шығармасаңдар елден қуып жіберемін» деуге дейін барғанын естідім. Біздің компаниямыз жайлы жайсыз мақала қатарынан бес газетке жариялануы осының айғағы. Түрік компаниясы өкілдерінің «Мәсімов бізден көліктерімізді, техникамызды алып қойды» деген шындыққа жанаспайтын шағымдарының баспасөз бетінде жарық көргеніне аң-таң қалдық. Прокуратура,арнайы комиссия тарапынан барлығы тексерілді, анық-қанығы зерттелді. Дау туғызған техниканы өз ақшамызға сатып алғанбыз. Қоймадағы техника біздікі екенін дәлелдедік. Қазір сол түріктер «алданып қалдық, қайтадан әріптестік қарым-қатынас орнатайық» деп жалынып жүр. Олардың орнына басқа фирма таптық.
- Қалалық әкімдікпен қанша рет соттастыңыздар?
- Кейде ойлаймын, олар сотқа беріп жатқан арыздарының мәтінін өздері оқымайтын сияқты. Себебі, оқыса өзіне өзі қарсы шығып отырғанын түсінер еді. Төрт рет соттасып, төртеуінде де біз жеңіп шықтық. «Жеңілген күреске тоймайды» демекші олар соттасуды әлі жалғастырып жатыр. Әділдікті жақтап келген тәуелсіз сот туралықтан таймайтынына үлкен үміт артамыз.
-Бұған сонда кім мүдделі? Демек, көпірдің құрылысына әлдекімдер қызығушылық танытып отыр ма?
- Белгілі-бір күштердің қызығушылығы бар шығар. Маған «бұл нысанға жолама, босқа шаршайсың» деп ескерткендер де табылды. Шаршасам да, көпірдің құрылысын соңына дейін жеткізуге бекіндім. Халық үшін жасалып отырған тірлік ғой. Тірліктің тәп-тәуір басталып соңы сиырқұйымшақтанып кеткені өкінішті-ақ. Тендерден ұтқан заңды қаржымызды бөлуді 2008 жылдың кестесіне енгізіп қойып артынша оп-оңай «естен шығара салатындары» неғылған еркелік, неғылған еріккендік екенін түсінбедік. Сонда біз осылайша сандалып жүре береміз бе? Ең сорақысы әкімдіктегілердің енді ойлап тапқаны мынау: «HAS-ER.KZ» фирмасы тендерді дұрыс ұтпаған». Бұған не күлерімді, не жыларымды білмедім. Жұмыс істеп жатқанымызға екі жылдан астам уақыт өтті. 278 миллион теңгесін аударып қойды. Енді келіп...
- Сонымен көпірдің тағдыры қалай шешілмекші?
- Біз көпірдің құрылысын қалай да бітіреміз. Тіпті, нысана құрылысын бюджетке кіргізбеген жағдайда өз ақшамызбен салуға әзірміз. Әкімқаралар оған да көнбей отыр. Техника тұр босқа. Оның да сұрауы, төлейтін қыруар қаражаты бар ғой. Оның үстіне, көпірдің жобасы әлі толық әзірленбеген. Сәулет-құрылыс бақылау басқармасы оны бізге беруі тиіс. Әлі жоқ. Меніңше, жобаның толық құны 5 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін.
- Көпшілікті қызықтыратын сұрақ. Әкесі Қажымқан Мәсімов құрған «HAS-ER.KZ» фирмасына анау-мынау емес Премьер-министр болып істейтін ұлы Кәрім Мәсімовтің ешбір ықпалы, ешқандай көмегі тимейтін болғаны ма?
- Шынымды айтайын. Үкімет басшысы болғандықтан қашанда қат-қабат шаруадан көз ашпайтын ұлым күні кешеге дейін «HAS-ER.KZ» туралы ештеңе білмейтін. Мән-жайды шу шыққанда барып білді. Премьер-министр ретінде ұлым менің бизнесіме ешқашан араласқан емес. Ол да жоламайды, өзім де жолатпаймын. Премьер ұлымды бизнесіме араластырып пендешілікке бармаймын. Елдің аманатын арқалаған, жауапкершілігі шексіз жоғары өзінің жұмысы бар. Дау-дамайды газеттен оқып, маған хабарласқанда «папа, қайда жұмыс істеп жүрсіз, өзі?» деп сұрады таңқалып. Ал, негізі менің йогамен шұғылданатынымды жақсы біледі. Негізгі бағытым осы. Екінші жағынан, материалдық жағынан әрекет жасамасаң тағы болмайды. Құр йогамен жүре берсең аштан өлесің ғой. Құрылыс саласында тәжірибем болғандықтан, фирма ашып, осы іске кірістім.
- Ұлыңыз өзінің билігі жүретін шенеуніктер тарапынан әкесіне жәбір жапа көрсетілгенін естігенде жәрдемін ұсынбады ма? Жағдайыңызды сұрастырып, мән-жайды білген шығар?
- Сұрады. Бірақ, сұрағанда өсек менен бұрын жетті ғой. «Шындық шырылдап жетем дегенше өсек талай жерді өртеп тынады» деп бекер айтылған дейсіз бе? Маған дейін Кәрімге мүлдем басқа ақпарат барған. Мен оны кімнің жасағанын айтпай-ақ қояйын. Мәселенің қандай екенін айтып, құжаттарымды көрсеттім. Сонда ғана түсінді. Ұлым мен жайлы басқа да жайсыз әңгіме естіген. «Не дейсің, базарды сатып жіберіп, папаң 5 миллион 200 мың долларды қалтасына салып алыпты» деген құлаққа кірмейтін әңгіме жетіпті. Ондай ақша бүкіл Шымкентте іздесең де табылушы ма еді? Бұл не әңгіме? Өсек. Осы ақпаратты жеткізіп отырғандардың мақсаты - мені қаралап, мені Шымкенттен қуу. Мәселе сонда. Мен көпірді бітіріп барып кетемін. Ұятқа қалатын жайым жоқ. Елбасының, елдің сенімін арқалаған ұлымның да, өзімнің де абырой-беделіме кір келтірмеуге бар күш-жігерімді жұмсаймын.