Бақытбек Нақыпбеков: «Шенеуніктердің теріс шешім шығаруы заңды білмейтіндіктен»

Oinet.kz 07-08-2009 1133

Screenshot_18.jpg

Биылғы алғашқы жарты жылдың ішінде атқарушы билік тарапынан жер заңдылықтарының талаптарын бұзған, заң нормасына қарама-қайшы келетін 55 шешім қабылданған. Жергілікті әкімдерге заңсыз қабылдаған 25 шешімін бұзу жөнінде нұсқама беріліп, 39 шешімнің күші жойылды. Шенеуніктердің теріс шешім шығаруының себеп-салдарын сұрап, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық жер инспекциясының бастығы Бақытбек Нақыпбековпен ой-пікір бөліскен едік.

- Бақытбек Әуенұлы, жер мен жесір дауы  таусылған ба? Сол жер дауы соңғы жылдары өрши түсіп, қайда барсаң да арызданушылар көп. Арызданушылар артпаса азаймайтыны неліктен? 

- Жер дауы жерге орналастыру жобасын жасау,нақты орналастыру мен пайдалануға, иеленуге құқық беретін тиісті құжаттарды дайындауда өрескел қателіктер мен кемшіліктерге жол берілетіндіктен туындап жатады. Тиісті қызметкерлер жауапкершілікті терең түсінбей,міндетті ісіне атүсті қарағандықтан  жер даулары көбейіп отыр. Жеке тұлғаларға қатысты айтатын болсам, қабаттастырып жер бөлінген адамдар арызданып келеді. Бұл электронды және кезекші картаны бірыңғай жүргізбегендіктен болады. Оған қоса, мүлікке рахымшылық жасау мерзімінен кейін осындай заң бұзушылықтар көбейіп кетті. Өкінішке қарай,тұрғын үй үшін және жеке қосалқы шаруашылықтарға жер бөлу кезінде үкіметтің қаулылары орындала бермейді. Мұны бір деңіз. Аудандарда елді-мекендердің бас жоспары уақтылы бекітілмейді,тиісті инфрақұрылым жасалмайды. Ауылдың іргесіндегі бұрын ауылшаруашылығына пайдаланылған жер елді мекеннің шегіне енгізіліп,ол азаматтарға стихиялы түрде үлестіріледі.Сөйтіп,жауыр болған кемшіліктер тағы да сан мәрте қайталанады. Егер маман сауатты,басшы іскер,қатаң қадағалаушы болса,мұндай әрекеттердің өрісі тарылар еді. Біз өз тарапымыздан тексерулеріміздің нәтижесінде мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталық пен арнайы лицензиясы бар заңды тұлғалардың 3 қызметкері жұмыстан босатылып, 12-сіне ескерту берілді. Бірақ,мәселе тек шара көруде емес екенін айтқым келеді. Одан да дұрыс жұмыс істеу керек қой.

- Нарық заманында жауапкершілікті түсіну үшін кемшілік жіберген қызметкерге қаржылай төлейтін айыппұл салғанның тиімділігі көбірек болса керек. Бұған не дейсіз?

- Сізбен келісемін,бірақ,сауатты жұмыс істегеннен артық нәрсе жоқ. Мынаған қараңыз,өткен 6 айда жер заңдылықтарына қатысты 406 субьектіде тексеру жүргіздік. 277 заң бұзу фактісі анықталып отыр. Соның 69 пайызы тіптен жіберуге болмайтын, көзге көрініп тұрған кемшілік. Әрине, біз айыппұл салмағанда қайтеміз? Осындай заң бұзушылықтарға жол берген жер иелері мен жерді пайдаланушыларға,олардың орын алуына жағдай тудырған немесе көзжұмбайлық жасаған лауазымды тұлғаларға 23 миллион 50 мың теңге айыппұл белгіленді. Бүгінде осы қаржының 72 пайызы өндіріліп отыр.

- Егер жерді дұрыс пайдаланбай немесе заң бұзушылыққа жол берілсе, сол жер телімін қайтарып алуға болады ма?

 -Әрине, біздің де басты назар аударып отырған бағытымыз осы. Жерді  пайдаланбай  бос тастау және заңды аттап,жерді рұқсатсыз пайдалану жағдайларын болдырмау керек. Өңіраралық жер инспекциясының нұсқамалары мен талап-арыздарының негізінде мемлекет меншігіне 91,3 гектар жер қайтарылатын болды. Біздер жасаған ескертпелерден соң, 181 же р иелері мен оны пайдаланушылар 1139 гектар алқапты өз еріктерімен мемлекетке толығымен қайтарды. Бұл азаматтар саналылық танытты деп есептеймін. Дегенмен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдаланбаған иелердің қарамағындағы 22 508 гектар  жер теліміне жазбаша түрде ескертпе берілді. Дәл осындай ескертпе Жамбыл облысындағы 11 700 гектар жерді пайдаланушыларға, Қызылорда облысындағы 15 тұлғаға да берілді.

- Ал ескертпе алған азаматтар жерді мемлекет меншігіне қайтармаса ше?

-Тексеру қорытындысы бойынша ескерту алған соң пайдаланылмаған жерді мемлекетке қайтару мерзімі бір жылдан артыққа созылмайды. Егер жауапсыздыққа жол берілсе, жер сот арқылы қайтарылып алынады. Мына нәрсені естен шығармау керек. Ауылшаруашылығы мақсатында жерді пайдаланып жатқандардың 99 пайызы ол жерді ұзақ немесе қысқа мерзімге жалға алған. Оны ұмытуға болмайды. Жер мемлекеттің меншігінде. 

- Жерін сатып алған кәсіпкер заңсыздыққа барса қайтесіздер?

- Заң талабы бәрімізге ортақ. Біреуге артықшылық жасауға,мейлі ол заңды тұлға ма,мейлі,жеке тұлға ма,ешкімнің құқы жоқ. Әр нәрсенің өз шегі болады ғой. Өңіраралық жер инспекциясы жыл басынан бері заңға қайшы жағдайларға жол берген жеке және заңды тұлғалардың, жеке кәсіпкерлердің үстінен түскен 33 талап арызды сотқа тапсырды. Соның тоғызы қанағаттандырылды, ал сегізі тіптен қанағаттандырусыз қалдырылды. Бұл арадағы даулардың зайырлы жолмен шешіле бастағанын көрсетсе керек. Дегенмен, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көрсетілген мерзімде айыппұл төлемеген 41 нысанның іс-құжаттары сот органдарына мәжбүрлеп өндіру үшін жолданды.

- Жарайды,сіз айтып отырған жайттардың барлығы дерлік шағын шаруашылықтар мен жеке азаматтарға қатысты болар. Ал жер қойнауындағы табиғи байлықтарды пайдаланып жатқын ірі кен өндіруші мекемелердің заңды сақтау жағдайы нешік?

- Үш облыста  пайдалы қазба байлықтарын өндірумен айналысатын 413 тұлға бар.Біз солардың жұмыстарына сараптама жасап көрдік. Заңсыз әрекетке жол берген 21 тұлғаның үстінен әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде 20 миллион теңгеден аса айыппұл салынып, кемшіліктерді ретке келтіру мен жою жөнінде тиісті нұсқаулар берілді.

- Құқық қорғау органдарымен қаншалықты тығыз байланыста жұмыс істейсіздер?

- Қандай да бір заңның орындалуы үшін құқық қорғаушылармен жұмыла жұмыс істеу керекпіз ғой. Кейде дағдарып та қалатын жағдайлар болады. Мынаған қараңызшы, «Мүлікті жария етуге байланысты рахымшылық жасау туралы» заңға сәйкес жария етілген жер телімдерін рәсімдеу кезінде жіберілген заң бұзушылықтар бойынша инспекция тарапынан берілген талап-арыздарды кей ретте сот органдарының қанағаттандырмауы немесе арызды қараудан бас тартуы дауға айналып отыр. Олардың айтар уәжі – «Жер кодексінің» 148-ші бабында өңіраралық жер инспекциясының аталған заңның талаптары бұзылғаны бойынша талап-арыз беру құзіретіне жатпайды. Сонда оны кім қудалап,орындалуын талап етуі керек?

- Білуімізше, республикалық мекемелердің  өңірлердегі бөлімшелері  арасында түрлі жарыс ұйымдастырылып тұрады. Мейлі ол спорт жарыстары болсын, жұмыстарының нәтижелері болсын. Оңтүстіктегі сіз басқарып отырған мекеме қай деңгейден көрініп тұрады?

- Көп жағдайда қай өңірдің жұмысы жемісті, қай өңірдің қай тұсы ақсап жатыр деген қорытынды жасалып отырады. Бұл жақсы үрдіс деп білемін. Өйткені, дұрыс мағынасында айтылатын бәсеке адамды да, мекемені де алға ұмтылдырады. Бәріміздің де атымыз дұрыс аталып,биіктен көрінгіміз бар. Соңғы қорытындысына қарасақ, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық жер инспекциясы республика бойынша екінші орынды иелендік.Солай бола тұра жұмысты ширата түсу керек тұстарымыз бар.

"Рейтинг" газеті, 2009 ж

Қажымқан Мәсімов: «Премьер ұлымды бизнесіме араластырып пендешілікке бармаймын»
Заттыбек Көпбосынұлы: Жұрт мені "Ақмаржан" деп атайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу